8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өзін жақсы көретін адам басқаны жақсы көре алмайды

Өзін жақсы көретін адам басқаны жақсы көре алмайды

Дәрігерлер былай дейді: «Ауру адамның диета сақтауы қажет. Жазылмай тұрып оған майлы, тәтті тағамдар пайда бермейді. Мұндай тағамдар оның ауруын одан сайын қоздыруы мүмкін. Сондықтан тамақтан бұрын адамды аурудан айықтыруды ойлау керек. Одан кейін барып жеңіл азық беру арқылы бұрынғы күшін қалпына келтіру көзделеді.» Сол секілді «Көңілдерде (жүректерде) ауру бар» деген аяти кәримада білдірілген көңіл ауруына шалдыққан адамдардың да ешбір ғибадатынан пайда келмейді, керісінше зиян келеді.

 

«Көп Құран кәрім оқитындар бар, Құран кәрім бұларға лағынет айтады.» деген хадис шәриф мәшһүр.

 

«Көп ораза тұтатындар бар, олардың оразадан алатын пайдасы тек қана аштықпен сусыздық.» деген хадис шәриф те сахих.  

Көңіл ауруларының маманы болған тасаууф ғалымдары алдымен аурудан жазылу үшін жасалатын нәрселерді әмір еткен. Көңіл ауруы дегеніміз көңілдің Аллаһтан басқаға байлануы, берілуі. Бәлкім өз-өзіне ғашық болуы. Өйткені адамдар барлық нәрсені жеке бастарының қамы үшін қалайды. Ата-ананың өз баласын жақсы көруінің негізінде өз-өздерін жақсы көрулері жатады. Әр адам мал-мүлікке, атақ-мансапқа өз нәпсінің армандарына жету үшін ұмтылады. Ондайлардың табынатын құдайлары – өзідерінің нәпсілері. Олар нәпсінің қалауларының артынан жүгіруде, өмір өткізуде.

 

Көңіл осы байланыстардан арылмайынша адамның құтылуы өте қиын. Демек өзін ақылды, зиялы, мәдениетті, білімді деп есептейтін кісілер барлық нәрседен бұрын дәл осы аурудан құтылуды ойлауы керек.  

Құлдың тілектерімен қалаулары тек иесі және иесінің қалаулары болуға тиіс. Құлдың басқа ешқандай қалауы болмауы керек. Әйтпесе ол Аллаһқа деген құлдық бауын үзіп, құлдықтан қашқан болады. Назиат сүресінің 40-шы аятында «Кімде-кім Раббының ұлылығынан қорқып, өзін нәпсінің қалауларын орындаудан қайтаратын болса, барар жері шүбһәсіз жаннат.» делінген.  

Үнемі жеке басының ләззаттарына, талаптарына, армандарына жетуді көздейтін құл өз-өзінің, өз рахатының және өз нәпсінің құлына айналады. Ол енді үнемі лағынет атқан шайтанның бұйрықтарын орындайды.     

Нәпсінің арам-ойларына, зауқтарына қауышу үшін жұмыс істеп ақша табу жолында халал-харамға мән бермеу, жұрттардың ақысын жеу, алған қарыздарын қайтармау дүниеге көңіл берудің белгісі. Дүниеге көңіл беру бүкіл діндерде үлкен күнә болып табылады.  

Аллаһу та’аланы тану және Оған қауышу жолында бөгет болатын адамның ең үлкен дұшпаны өз нәпсінің қалаулары. Нәпсінің мұндай жеркенішті армандары ешқаншан бітпейді. Тәрбие көрмеген нәпсінің әрбір қалаған нәрсесі адамға тек қана жамандық алып келеді. «Құмарың құдайың» деген ғибратты сөз бар. Жасийа сүресінің 23-ші аятында «Нәпсінің қалауларын құдай етіп алған адамды көрдің бе?» деп осы жағдайдан хабар берілген.  

Егер адамның мақсаты – оған қол жеткізу үшін кез келген қорлыққа төмендікке де баруына себеп болса, онда бұл мақсат адамның құдайына айналды деген сөз. Сол жолда әр түрлі қорлықтарға разы болуы оның ғибадаты деген сөз. Өйткені ғибадат қорлықпен төмендіктің ең соңғы дәрежесі болып табылады.   

 

Аллаһу та’аладан басқа құдай танымау үшін адамның Одан басқа мақсаты болмауы, Одан басқа мұраты болмауы керек. Ол үшін «Лә илаһә иллаллаһ» дегенде Одан басқа мақсатының жоқ екенін білуі керек.  

Бір адам мақсатына қауышу үшін (Аллаһ сақтасын) діннің шектеуінен шықса, парыздардың бірін тәрк етсе, харам істесе, мәселен намазын, оразасын тәрк етсе немесе спиртті ішімдік ішсе, бұл мақсаты оның құдайына, тәңірісіне, пұтына айналған болады. Ал егер мақсаты үшін діннің шекарасынан шықпаса оған жету үшін харам істемесе дініміз ол мақсатына тыйым салмайды және оны мақсат деп те көрмейді. Оның мақсаты тек Аллаһу та’ала және оның дініне мойынсұну дейді. Ол адамда осы мақсатқа деген бір қалау пайда болған болса да бұл қалауы дінімізге деген қалауының мөлшеріне жетпеген.

 

Мақсаты дүниелік болған адамның кесірі зияны бүкіл әлемге тиеді.Өзі де бар нәрседен шағымдана береді. Адамдарға зиян келтіретін адам тәккаппар және мақтаншақ болады. Ешнәрседен көңілі толмайды, шағымдана беруі де сол тәкаппарлығынан туындайды. Адамның өз-өзіне деген махаббаты, құштарлығы өзін ұнатып мен-мендік етуі де тағы сол тәкаппарлығының кесірінен. Өзін ұнатып жер-көкке сидыра алмай мақтаншақтық етуі адамның өз-өзіне көңіл қойғанын көрсетеді. Ондай өзін жақсы көретін адамдар басқаларды жақсы көре алмайды, құрметтей алмайды, көңіл бере алмайды.

 

Адамдарды жақсы көре алу үшін кісі өзін жақсы көрмеуі керек. Ол да тек қарапайым адамдарда болады. Қарапайым адамның бойындағы бұл қасиет өзін ұнатпағандықтан, мақтаншақ-тәкаппар болмағандықтан жұрттарға жоғарыдан қарамағандықтан туындайды. Сол себепті мұндай қарапайым, сыпайы адамдар басқаларды жақсы көреді, адамдар да оларды жақсы көреді. Қарапайым дегеніміз өлген дегенді білдіреді. Өлген адам ешкімнің үстінен шағымданбайды, өлгеннің үстінен  шағымданатын да адам болмайды.

 

Олай болса топырақтай қарапайым болғандар көп ниғметке қауышады. Шамалы көтерілсе топырақта су тұрмағанындай адам баласы да көкіректенсе ол жерде адамилық тұрмайды. Дін ғұламаларының әулиелердің файз және берекелеріне қауышу үшін топырақтай қарапайым болу керек. Рахметке, ниғметке қауышу үшін топырақ болу керек.  

            Пайғамбарымыз (алейһиссалам) бір хадис шәрифте былай деген: «Ақылды адам нәпсін езгілеп, ақыретте керек болатын нәрселер үшін еңбек етеді. Ал ақымақ болса нәпсінің бұйрықтарын орындаумен айналысып, жаннатқа кіргізуі үшін Аллаһқа дұға етеді.»