10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (9)

УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (9)

9) Кітабының жүз жетпіс тоғызыншы және жүз тоқсан бірінші бетінде: «Йа, Фатима, менен қалаған затыңды сұра! Бірақ сені Аллаһу та'аланың азабынан құтқара алмаймын! – деген хадис шәрифті жазып, адамнан оның дүниеде жасай алатын нәрсесін сұрауға болады. Күнәлардың кешірілуін, жәннатқа кіруін, тозақтан, азаптан құтылуын және осы сияқты тек Аллаһ қана жасай алатын нәрселерді тек Аллаһтан сұрау ғана жаиз (рұқсат). Истиғаса, яғни қиыншылықтан құтылу үшін тек Аллаһу та'алаға ғана жалбарыну керек. Алыстағылардан және өлілерден истиғаса жасалмайды. Ол естімейді, жауап бере алмайды, ештеңе істей алмайды. Хазреті Хусейн және әкесі қабірлерінде ниғметтерге бөленіп жатыр. Ал Ахмед Тижани мүшрикі және Ибн Араби, Ибн Фарид сияқты құдай атанғандар азапталуда.

Ештеңе естімейді. Пайғамбарға да истиғаса жасалмайды. Бусайри және Бәри қасидаларында Расулуллаһты мақтауда асыра сілтеп, күпірге, ширкке түскен» деп жазылған.

Кітабының көптеген жерінде, мысалы үш жүз жиырма үшінші бетінде «Өлінің немесе алыстағы адамның дұғасының пайда беретініне және зиянды кетіретініне сену немесе оған дұға етушілерге шапағат ететініне сену – ширк. Аллаһу та'ала пайғамбарын осы ширкті жою үшін және осындай мүшриктермен соғысу үшін жіберді» деген.

Фәтх-ул мәжид кітабы өз сөзін өзі өтірікке шығаруда. Екі жүз бірінші бетінде «Аллаһу та'ала аспанда сезім мен марифет жаратады. Олар Аллаһтан қорқады. Әрбір түйір Аллаһты зікір етуде, Одан қорқуда» деген. Бұл сөзге қайшы «пайғамбарлар мен әулиелер қабірлерінде ештеңе сезбейді, естімейді» дейді.

«Мират-и Мәдина» кітабын жазған Әйюб Сабри Паша (рахимәһуллаһу та’ала» 1308 [м.1890] жылы қайтыс болды. Ол айтқан:

«Ислам ғалымдары әр уақытта Расулуллаһты арашы қылып, Аллаһу та'аладан мейірім мен қамқорлық сұраған. Адамдардың әкесі жер бетіне түсірілген кезде «Йа, Раббым! Мені Мұхаммед алейһиссалам құрметіне кешіре гөр!» деген еді. Аллаһу та'ала бұл дұғаны қабыл етті және «Сен сүйікті пайғамбарым Мұхаммед алейһиссаламды қайдан білесің? Мен Оны әлі жаратпадым!» дегенде ««Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадун расулуллаһ» деп жазылғанын көріп, Мұхаммед алейһиссаламның жаратылыстардың ең үстемі екенін түсіндім. Мұхаммед алейһиссаламды бәрінен де қатты жақсы көрмегеніңде, Оның есімін өз атыңның қасына жазбас едің» деді. Аллаһу та'ала «Ей, Адам! Дұрыс айттың. Мұхаммед алейһиссаламды қатты жақсы көремін. Одан сүйікті басқа ешкімді жаратпадым. Оны жаратуды қаламағанымда сені де жаратпас едім. Оның құрметіне кешірілуді сұрағаныңда дұғаңды қабыл етіп, сені кешірдім» деп жауаптады.

Екі көзі көрмейтін соқыр кісі көздерінің ашылуын тілеп, Расулуллаһтан дұға сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қаласаң дұға етейін. Бірақ егер сабыр етіп, шыдайтын болсаң, саған сол жақсырақ болады» деп еді, ол «Сабыр етуге шамам қалмады, дұға етуіңізді сұрап жалынамын» деп жауаптады. «Олай болса, дәрет алып, мына дұғаны оқы!» деді. Бұл дұға араб тіліндегі «Әд-дүрәр-уссәния» мен «Әл-Фәжр-ус-садық» кітаптарында және «Мәрақил фәлах» және оның «Тахтауи» шәрһінде және осы екеуінің түрік тіліндегі аудармасы болған «Нимет-и ислам» кітабында «Қажет намазы» бөлімінің соңында жазулы. Ол адам осы дұғаны оқығанда Аллаһу та'ала қабыл етіп, көздері көріп кеткенін хадис ғалымдарынан Имам Нәсаи (рахимә-һуллаһу та’ала» хабар берген.

Мұны Имам Хасан да растаған. Уаһһабилердің сенбеуіне ешқандай себеп жоқ. Мұны хабар берген Осман бин Ханиф одан бөлек былай айтып берген: «Осман бин Аффан (радиаллаһу анһума) халифа кезінде үлкен қиыншылыққа тап болған бір адам халифаның алдына баруға ұялғандықтан, дертін маған төкті. Мен дереу дәрет алып, Мәсжиди саадатқа баруын, әлгі дұғаны оқуын айтып, жоғарыда жазылған адам оқып көздерінің ашылуына себеп болған дұғаны оқуын айттым. Ол адам дұғаны оқығаннан кейін халифаның қасына барып, оның алдына шығарылды. Халифа оны қабылдап, дертін тыңдап қабыл алды. Адам жұмысының әп-сәтте біткенін көріп қуанды да, Осман бин Ханифті тауып алды, оған «Аллаһу та'ала сенен разы болсын! Халифаға сен айтпасаң, дертімнен құтыла алмас едім» деді. Сонда Осман бин Ханиф (радиаллаһу анһ) «Мен халифаны көрмедім, жұмысыңның тез бітуінің себебі – саған үйреткен дұғам. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол дұғаны соқыр кісіге үйретіп жатқанда естіген едім. Уаллаһи соқырдың Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасынан кетпей тұрып-ақ көздері ашылған еді» деді.»

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) халифа кезінде ашаршылық болды. Асхаби кирамнан Билал бин Харс (радиаллаһу та’ала анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кесенесіне барып, «Йа, Расулаллаһ! Үмбетің аштықтан өлейін деп жатыр. Жаңбырдың жаууына арашы болуыңызды сұрап жалбарынамын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол түні оның түсіне кіріп, «Халифаға бар! Менен сәлем айт! Жаңбыр дұғасына шықсын!» деп бұйырды. Хазреті Омар жаңбыр дұғасына шығып, жаңбыр жауа бастады.

Аллаһу та'ала сүйіктілерінің құрметіне деп жасалған дұғаларды қабыл етуде. Аллаһу та'ала Мұхаммед алейһиссаламды қатты жақсы көретінін айтқан. Сондықтан, кімде-кім «Аллаһумма инни әсәлука би-жаһ-и Нәбийикәл-Мұстафа» деп дұға етсе, дұғасы зая кетпейді. Сондай-ақ, дүниелік болмашы істерге Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арашы қылу әдепке қайшы болады.

Бурханеддин Ибраһим Малики (рахимә-һуллаһу та’ала) 799 [м.1397] жылы қайтыс болған. Оның айтып бергені бойынша, өте аш болған бір кедей кісі хужрә-и саадатқа барып, «Йа, Расулаллаһ! Қарным аш» деді. Біраздан кейін біреу келіп, кедейді үйіне алып кетіп, қарнын тойдырды.

Кедей жасаған дұғасының қабыл болғанын айтқанында «Бауырым! Бала-шағаңды қалдырып, алыс жерден ұзақ жол жүріп, қиналып Расулуллаһты зиярат етуге келдің. Бір үзім нанға бола Расулуллаһтың алдына шығу дұрыс па? Ол киелі жерде сен жәннатты және шексіз ниғметтерді сұрауың керек еді! Ол жерде тілектерді Аллаһу та'ала қайтармайды» деді. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зиярат ету абыройына жеткендер қиямет күнінде шапағат етуін сұрап дұға етуі керек.

[Ахмед Нәсаи 303 [м.915] жылы Рәмләһте қайтыс болды.]

Имам Әбу Бәкір Маккари (рахимә-һуллаһу та’ала) бір күні Имам Табаранимен және Әбу Шәйһпен (рахимә-һумуллаһу та’ала) бірге мәсжид-и саадатта отырған еді. Бірнеше күннен бері қарындары ашқан еді. Құптан намазынан кейн Имам Әбу Бәкір шыдай алмай «Қарным аш, йа, Расулаллаһ!» деп, кейін бір бұрышқа отырды. Екі досы кітап оқып отырған еді. Сәйидтерден бір кісі екі қызметшісімен бірге келіп «Бауырларым! Атам Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ашпын деп көмек сұрапсыздар. Ұйықтап жатқан едім, сіздерді тойдыруымды әмір етті» деді. Алып келген асын отырып бәрі бірге жеді. Артылғандарын оларға қалдырып кетті. [Әбул-Қасым Сүлейман Табарани (рахметуллаһи алейһ) хадис имамы. 260 жылы Табарияда туылып, 360 [м.971] жылы Исфәханда қайтыс болды.]

Әбул Аббас бин Нәфис (рахимә-һуллаһу та’ала) соқыр еді. Үш күн бойы аш қалды. Хужрә-и саадатқа барып «Йа, Расулаллаһ! Қарным аш!» деп бір шетке отырды. Аз уақыттан кейін біреу келіп, оны үйіне алып кетті. Қарнын тойдырып «Ей, Әбул Аббас! Расулуллаһ алейһиссаламды түсімде көрдім. Сізді тойдыруымды әмір етті. Аш қалсаңыз, бізге келіңіз!» деді.

Ислам ғалымдарынан Имам Мұхаммед Мұса бин Нуман Мәрақиши Малики (рахимә-һуллаһу та’ала) 683 [м.1284] жылы Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арашы қылып, тілектері орындалғандарды жазған. Олардың бірі Мұхаммед бин Мүнкәдир (рахимә-һуллаһу та’ала). Мұхаммед айтып берген: «Бір адам әкеме сексен алтынды аманатқа қалдырып, өзі соғысқа кетті. Ол «Алтындарды сақтап қой. Өте мұқтаж адам бар болса, көмектессең болады» деген болатын. Мәдинада ашаршылық болды. Әкем алтындардың бәрін аштықтан өлейін деп жатқандарға таратты. Бір күні алтындардың егесі келіп аманатын сұрады. Әкем оған бір күннен кейін келуін айтты. Хужрә-и саадатқа барып, таңға дейін Расулуллаһқа жалбарынды. Түннің ортасында бір адам келіп «Қолыңды соз!» деп, бір қалта алтын беріп, кейін ғайып болып кетті. Әкем үйде алтындарды санап, сексен дана екенін көріп, қуанып дереу егесіне қайтарды.»

[Әбушшайх бин Хаййан Абдуллаһ Исфәхани 369 [м.979] жылы қайтыс болды.]

Ибн Жәлах (рахимә-һуллаһу та’ала) Мәдинада кедей болып қалды. Хужрә-и саадатқа барып, «Йа, Расулаллаһ! Бүгін сізге қонақ болып келдім. Қарным ашып тұр» деді де, бір шетке жатып ұйықтады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түсіне кіріп, үлкен нан берді. «Аш болғанымнан бірден жей бастадым. Жартысын жегенде ояндым, қалған жартысын қолымда көрдім» деп өзі айтып берген.

Әбул-Хайр Ақта (рахимә-һуллаһу та’ала) Мәдинада бес күн бойы аш қалған еді. Хужрә-и саадаттың қасына келіп, Расулуллаһқа сәлем берді. Аш екенін айтты да, бір шетке жатып ұйықтады. Түсінде Расулуллаһтың келгенін көрді. Оң жағында Әбу Бәкір Сыддық, сол жағында Омар Фаруқ және алдында Әлий-ул Мұртаза (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) бар еді. Хазреті Әли келіп «Йа, Әбәл Хайр! Тұр, неге жатырсың? Расулуллаһ келе жатыр» деді. Ол дереу тұрды, Расулуллаһ келіп, оған үлкен нан берді. Әбул-Хайр айтады: «Өте аш болғанымнан дереу жей бастадым. Жартысына келгенде ояндым, қалған жартысы қолымда тұрды.»

Әбу Абдуллаһ Мұхаммед бин Бәра (рахимә-һуллаһу та’ала) айтып берген: «Әкем екеуіміз Мәдинада ақшасыз қалдық. Әбу Абдуллаһ бин Хафиф (рахимә-һуллаһу та'ала) та бізбен бірге еді. Біз Мәдинаға келдік, мен ол кезде әлі бала едім. Қарным ашты деп жылайтынмын. Әкем шыдай алмай, хужрә-и саадатқа барып «Йа, Расулаллаһ! Бұл түні сіздің қонағыңызбыз» деді де, бір шетке отырды. Көздерін жұмды. Біраздан соң басын көтеріп күлді, кейін қатты жылады. Көзін ашып «Расулуллаһ қолыма ақша ұстатты» деп қолын ашып көрсетті, ақшаларды көрдім. Осы ақшаны әрі өзіміз қолдандық, әрі садақа қылып та бердік. Шираздағы үйімізге рахат жетіп алдық.» [Әбу Абдуллаһ Мұхаммед бин Хафиф (рахметуллаһи алейһ) 371 [м.981] жылы қайтыс болды.]

Ахмед бин Мұхаммед Софи (рахимә-һуллаһу та'ала) айтып берген: «Хижаз шөлдерінде қаражатым қалмады. Мәдинаға келдім, хужрә-и саадаттың қасында Расулуллаһқа сәлем бердім де, бір шетке отырып ұйықтадым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрініп «Ахмед, келдің бе? Колыңды аш!» деді де, уысымды алтынға толтырды. Оянып кеттім, қолым алтынға толы еді.» [Әбул-Аббас Ахмед бин Мұхаммед Уаиз Әндүлүси (рахметуллаһи алейһ) 671 [м.1284] жылы Мысырда қайтыс болды.]

Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғашық болғандардың таза жүректерінен шыққан сөздер әдепке, құрметке қайшы көрінсе, оларға ештеңе айтпай, үндемеу керек. Бұл жердегі әдептердің, құрметтердің бірі – үндемеу. Осындай ғашықтардың бірі қабри саадаттың қасында күнде таңертең азан айтып, «Намаз ұйқыдан жақсырақ» дейтін еді. Мәсжиди Нәби қызметшілерінің бірі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында тәрбиесіздік жасадың деп оны ұрды. Сонда ол «Йа, Расулаллаһ! Сіздің алдыңызда адамды ұру, балағаттау әдепсіздік саналмайды ма?» деді. Біраздан соң ұрған адамның аяқ-қолы істемей сал болғаны байқалды. Үш күннен кейін өлді. Мұны хафыз Әбул-Қасым (рахимә-һуллаһу та'ала) кітабында жазған. Сәбит бин Ахмед Бағдади (рахимә-һуллаһу та'ала) осыны көрген деп те жазған. [Әбул-Қасым Әли ибн Асакир 571 [м.1176] жылы Шамда қайтыс болды.]

Ибнун-Нуман (рахметуллаһи алейһ) кітабында жазған: «Ибнус-Саид (рахимә-һуллаһу та'ала) және достары Мәдинада ақшасыз қалған еді. Хужрә-и саадатты зиярат еткеннен кейін «Йа, Расулаллаһ! Ақшамыз бітті, жейтін азығымыз қалмады!» деп шетке отырды. Мешіт есігінен шығарда біреу оны үйіне алып кетіп, мол құрма мен ақша берді.»

Шәриф Әбу Мұхаммед Абдуссалам Фаси (рахимә-һуллаһу та'ала) айтып берген: «Мәдинада үш күн қалдым. Минбердің алдында екі рәкат намаз оқып «Ей, ұлы атам! Аштыққа шыдай алмайтындай жағдайға түстім!» дедім. Біраздан кейін біреу келіп бір табақ ас алып келді. Піскен ет, сары май және нан бар еді. «Маған біреуі жеткілікті» деген болсам да, «Бәрін жеңіз, бұларды Расулуллаһтың бұйрығымен алып келдім. Бала-шағама дайындаған едім, түсімде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім, маған «Бір бөлігін алып мешіттегі дін бауырыңа алып бар, ол да жесін!» деп бұйырды» деді.»

Шәриф Муһәссир Қасыми (рахимә-һуллаһу та'ала) хужрә-и саадаттың Шам тарапындағы тәһәжжуд михрабының алдында ұйықтаған еді. Дереу атып тұрып хужрә-и саадаттың алдына келді. Күлімдеп кері қайтты. Мәсжиди Нәби қызметшілерінің басшысы болған Шәмсәддин Сауаб михрабтың қасында еді. Оның не себептен күлімдегенін сұрады. Ол «Бірнеше күннен бері үйімде тамақ жоқ еді. Хазреті Фатиманың алдында «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Қарным аш» деп осында келіп ұйықтаған едім. Түсімде ұлы атам бір кесе сүт берді, іштім. Оянып қарасам, кесе қолымда екен. Рахмет айту үшін хужрә-и тахира алдына бардым, сол жердегі рахаттықтан, ләззаттан күлімдедім. Кесе мынау!» деді. «Мисбах-уз-зулам» кітабы мұны ұзақ жазған.

Әли бин Ибраһим Бұсри (рахметуллаһи алейһ) айтып берген: «Абдуссалам бин Әби Қасым Сахаби (радиаллаһу та'ала анһ) хужрә-и саадат алдына тұрып «Йа, Расулаллаһ! Мысырдан келдім. Бес ай бойы сізге қонақ болдым. Қанша күннен бері аш қалдым. Аллаһу та'аладан тамақ сұраймын» деді де, бір шетке отырды. Бір адам келіп, хужрә-и саадатқа сәлем бергеннен кейін Абдуссаламның қолынан ұстап, үйіне алып барды, ас беріп қонақ қылды. Ол біраз жеді.  Мәдинада жүрген кезінде осы кісі оны үнемі үйіне алып кетіп қарнын тойдырып тұрды.»

[Әбу Нуайм Ахмед Исфәхани шафии 430 [м.1039] жылы қайтыс болды.]

Имам Сәмхуди (рахимә-һуллаһу та'ала) есігінің кілтін жоғалтып алып, еш таба алмады. Хужрә-и саадаттың алдына барып, «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Кілтімді жоғалтып алдым, үйіме кіре алмай жүрмін» деді. Сол кезде қолында кілті бар бір бала келді. «Мынаны тауып алдым, сіздің кілтіңіз емес пе?» деді. Мұны «Мәдина тарихы» атты өз кітабында жазған. [Нуреддин Әли бин Ахмед Сәмхуди 911 [м.1505] жылы қайтыс болды. «Әл-уәфа» және «Хуласат-ул-уәфа» кітаптарында Мәдина қаласы туралы баяндаған.]

Шайх Салих Абдулқадир (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Мәдина қаласында бірнеше күн аш қалдым. Хужрә-и саадатты зиярат еткеннен кейін Расулуллаһтан нан, ет, құрма сұрауға дейін бардым. Кейін «Рауда-и мутаххара»-да екі рәкат намаз оқып, бір шетке отырдым. Біраздан кейін бір сыпайы кісі келіп, мені үйіне алып барды. Қуырдақ, нан және құрма берді. Ол «Түсте «Қайлулә» сүннетін орындау үшін ұйықтаған едім. Түсіме Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кірді. Мына тағамдарды сізге беруімді бұйырды» деді.»

Сәйид Ахмед Мәдәни «Дәлаил-ул-хайрат» кітабының авторы Сүлейман Жәзулидің (рахимә-һуллаһу та'ала) тегінен. «Мират-и Мәдина» кітабы жазылған 1301 [м.1883] жылдары тірі еді. Әкесі кедей болған екен. Баласы алма, алмұрт, құрма сияқты нәрселерді сұрағанда сатып алып бере алмаған. Көңілін бөлу үшін «Бар, Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұра» дейтін. Бала хужрә-и саадат есігіне барып, қалағанын сұрайтын. Шәбәкә-и саадаттың ішкі жағынан сұрағандары беріліп, ол алып жейтін еді.

Мұстафа Ышқи (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мәуарид-и Мәжидия» тарих кітабында жазған: «Меккеде жиырма жыл тұрдым. 1247 [м.1831] жылы алпыс алтын жинап, бала-шағамызбен Мәдинаға келдік. Ақша жолда бітіп қалды. Бір танысымның үйіне қонып, хужрә-и саадатқа келдім. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көмек сұрадым. Үш күннен кейін қонақ болған үйіме бір мырза келіп, маған бір үйді жалдағанын айтты. Заттарымды сол үйге тасытқызды. Бір жылдық жалақысын төледі. Бірнеше айдан кейін бір ай ауырып жаттым. Үйде жейтін және сататын ештеңе қалмады.

Әйелімнің көмегімен үйдің шатырына шығып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кесенесіне қарап, қиын жағдайымды айтып, көмек сұрамақшы болдым. Қол жайып бастамақшы болғанымда дүниелік сұрауға ұялдым. Ештеңе айта алмадым. Сөйтіп бөлмеме түстім. Ертеңіне бір адам келіп, «пәленше мырза мына алтындарды сізге сыйлық ретінде жіберді» деді. Алтындарды алып, тұрмысымыз жақсарып қалды. Дегенмен аурудан құтыла алмадым. Хужрә-и саадаттың алдына біреудің көмегімен барып, Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шипа сұрадым. Мешіттен шығып, ешкімнің көмегінсіз үйіме өзім жүріп бардым. Үйге кіргенде ауруым мүлдем қалмады. Көз тимесін деп көшеге бірнеше күн асаға сүйеніп шығып жүрдім. Бірақ ақша тағы таусылды. Бала-шағаны қараңғыда қалдырып, Мәсжид-и Нәбәуиге келдім. Құптан намазынан кейін қиын жағдайымды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айттым. Жолда бейтаныс бір адам қасыма жақындап, қолыма бір қалта берді. Ішінде әрбірі тоғыз тиындық қырық тоғыз алтын бар еді. Шырақ және басқа да қажетті заттарды сатып алып, үйге келдім.»

[Сүлейман Жәзули Мұхаммед шазили малики 870 [м.1465] жылы шәһид болды.]

Мұстафа Ышқи айтып берген: «Балам Мұхаммед Салих жөргекте жатқан кезінде анасы ауырып, сүті болмай қалды. Қатты қиналдық. Баланы хужрә-и саадатқа алып бардым. Перденің астына қалдырдым. «Аллаһумма инни әсәлука уә әтәуәжжәһу илайка би-Нәбийина уә сәйидина Мухаммадин (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Нәбийиррахма, йа сәйидина, йа Мухаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Инни әтәуәжжәһу ила Раббика әрсил мурдиатә ли-һазәл-масум» деп дұға еттім. Таңертең ерте бір әскери адам келіп «Үш айлық қызым қайтыс болды. Анасының сүтін тоқтата алмай жатырмыз. Сүт ана іздеп жүргендер жоқ па?» деп сұрады. Баламды көрсеттім, «Баланы бізге берсеңіздер, Аллаһу та'аланың разылығы үшін оған сүт беріп, жақсылап тәрбиелейміз. Әйелім қатты қуанады» деді де, баланы алып кетті.»

Тағы былай баяндайды: «1257 жылы қатты қиналдым. Стамбұлға баруды ойладым. «Рағаиб» түнінде Рауда-и мутаххараның бір бұрышында отырдым. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) рұқсат сұрау үшін көңілімді хужрә-и саадатқа байладым. Ұйықтап қалыппын. Түсімде бір дауыс үш рет «Стамбұлға бар. Мұстафа пашаға қонақ бол!» деді. Үйіме барып, бала-шағаммен қоштасып, жолға шықтым. Искандария қаласына дейін жүрдім. Кемеге төлейтін ақшам жоқ еді. Қатты қиналдым. «Не істеуді білмей, қиналған кездеріңде қабірдегілерден көмек сұраңдар» деген хадис шәриф есіме түсті. «Қасида-и бурда» авторы Имам Бусайридің (рахимә-һуллаһу та'ала) қабіріне барып, зиярат еттім. Аллаһу та'аланың сүйікті құлы болған осы тұлғаның мүбәрәк рухын арашы қылып, Аллаһу та'аладан көмек сұрадым. [Имам Мұхаммед Бусайри 695 [м.1295] жылы қайтыс болды.]

Сыртқа шыққанда Ахмед Бек есімді біреумен кездестім. Ол мені іздеп жүрген екен. Маған «Осман Империясының үкімет адамдарының бірі Саид Мухиб мырза (рахимә-һуллаһу та'ала) сіздің жолға шыққаныңызды естіп, сізбен көріскісі келіп тұр. Шақыруына барсаңыз, қуанып қалады» деді. Сөйтіп біз оның кеңсесіне бардық. Мухиб мырза мені аса сыпайылық және құрметпен қарсы алды. «Қарсы болмасаңыз, Стамбұлға кемемен бірге барайық» деді. Ертеңіне Мысыр әкімі Мұхаммед Әли пашадан (рахимә-һуллаһу та'ала) үш қалта ақша келді. Біз кемемен Стамбұлға келдік. Жиырма бір күн кемеде карантинда қалдық. Жұма күні кемеден түскеннен кейін тікелей Әйюб сұлтанға бардым. Халид бин Зәйд хазреттерін (радиаллаһу та'ала анһ) зиярат етіп, оған ғаріп жолаушы екенімді көңілімнен өткізіп, көмектесуін сұрап жалбарындым. Әйюб мешітінде жұма намазын оқығаннан кейін жамағатпен бірге кесенеге бардық. Бір шетте отырған едім. Мен танымайтын біреу «Қайда барамыз мырзам? Бұйырыңыз!» деді. Артымда тұрған бір адам арқамнан жұдырықпен ұрып, «Әмір етілген жерге» деді. Жолда кетіп бара жатқанда:

- Арқамнан жұдырықпен ұрған адам кім еді? – деп сұрадым.

- Оның есімі Махмұд. Әйюб халқы оған жынды дейді.

- Мені қайда алып барасыңдар?

- Мен бұрын бас бітікші болған, ал қазір бас қолбасшы (қорғаныс министрі) Мұстафа Нури пашаның (рахимә-һуллаһу та'ала) адамымын. Сізді тауып келуімді бұйырды.

- Мен Мұстафа пашаны танымаймын. Не себептен ондай бұйрық берді екен?

- Онысын білмедім. Есіміңізді құрметпен атап, сізді күтіп отырғанын айтты.

- Сен мені танымайсың. Әйюбте де танитындар жоқ. Қателік болып жүрмесін.

- Жоқ, мырзам! Паша мені жібергенде «Бүгін Әйюбте жұма намазынан кейін пәлендей мүбәрәк кісіні табасың. Құрметпен, әдеппен осында алып кел» деді. Сыртқы көрінісіңізді сүреттеп берді.

Бұл сөздерді естігенде Мұстафа пашаның шабытпен белгі алғанын ойладым. Оның алдына шыққанда аса сыпайылықпен және әдеппен қарсы алды. «Менің қонағымсың, қалағаныңша қаласың. Қалаған жеріңе барып қыдырып, тағы осында келесің» деді де, бір бөлмеге орналастырды. Қол астыма бірнеше қызметші берді. Ертеңіне шайх Абдулқадир Мәуләуи мешітінің зиярат күні екен. Сонда барып, бір шетте отырдым. Біреу келіп әдеппен «Құрметті мырза! Есіміңіз кім? Қашан келдіңіз? Кімнің қонағысыз?» деп сұрады. Берген жауаптарымды тыңдап, кетіп қалды. Кешке қайтқаннан кейін Мұстафа пашаға осы сұрақтарды айтып бердім. Ол «Ұлы патшамыз (рахимә-һуллаһу та'ала) бүгін сол жаққа барды. Ол Мекке мен Мәдинадағы мұсылмандарды қатты жақсы көреді және құрметтейді. Сұрастырған кісіні патшамыз тарапынан жіберілген адам деп ойлаймын» деді. «Патшамыздың мүбәрәк жүзін көре аламын ба?» деп сұрап едім, «Иә, жұма намазын оқитын кездегі сәлемдесу шеруіне барсаңыз, көре аласыз» деп жауаптады. Сөйтіп, мені жұмалық сәлемдесу шеруіне жіберді. Сәлемдесу шеруі Бейлербейі мешітінде болатын еді. Бір шетте тұрып, сұлтанның мүбәрәк жүзін көруді күттім. Патшамыздың хақты көретін мүбәрәк көздері мына ғашық пақырға түскенде қарғып келе жатқан атын тоқтатты. Бас қолбасшы пашаны жіберді, ол паша келіп «Ышқи мырза! Патшамыз сізге сәлем айтты! Сізге үш жүз құрыш айлық беруді бұйырды. Бала-шағасын ойлап уайымдамасын! Стамбұлдың барлық жерін көрсін, қыдырсын» деді. Сұлтан Абдулмәжид хан (рахимә-һуллаһу та'ала) патшамыздың осы бұйрығын мен бұрыннан үнемі естіп жүретін шабыты мен кереметінің бірі екенін аңғарып, бала-шаға уайымынан құтылдым. Бірнеше айдан кейін Мәдинаға қайттым. Келгенде бала-шағамның қуанышты және қайғысыз екенін көрдім. Патшамыз Абдулмәжид хан (рахимә-һуллаһу та'ала) менің атымнан бала-шағама үш мың құрыш жіберген екен. Артымнан жеті мың құрыш тағы жіберіп, бәрімізді қуантты. Бүкіл мұсылмандар сияқты, біз де әр намазда осы мүбәрәк патшамызға дұға еттік. Абдулмәжид хан (рахметуллаһи алейһ) патшамыздың сый-сияпаты мен кереметтерін жеткізу үшін мына өлеңді жүрген жерімде оқитын болдым:

Шахтардың шахы қадірменді хазреті Абдулмәжид ханға,

Жағдайымды айтып, қалай өтінсем деп түстім уайымға,

Кереметі көп, сияпаты мол, әлемнің патшасы,

Көңілімді түсінді, бейшара пақыр келгенін аңғарды.

Оның кереметі – көтерді мені түскен жерімнен,

Қадірлі қылды пақырды, көре алмаушыларға мән берместен.

[Халид бин Зәйд Ансари 50 [м. 670] жылы Стамбұлда қайтыс болды.]

[Абдулмәжид хан 1277 [м.1861] жылы қайтыс болды.]

Ышқи мырзаның барғаны Бешикташ Мәуләуи-хана мешіті еді. Кейіннен Әйюбте Бахария көшесіндегі мешітке көшкен. Ол кезде мешіт шайхы Абдулқадир ата болған екен.

Ышқи мырза әулие кісі болуы керек. Өйткені хужрә-и саадат алдында не тілесе де, бәрі қабыл болған. Бахрия кеңесінің хатшыларының бірі қажы Тәуфиқ бей (рахимә-һуллаһу та'ала) Мәдинада тұрған кезінде көздері қатты ауырған еді. Хужрә-и саадаты зиярат етіп, аурудан құтылуын немесе Стамбұлға қайтуын тілеп дұға етіп, үйіне қайтқан еді. Артынан үйіне Ышқи мырза келіп, көздеріне оқыған, үрлеген, ауруы жазылып кеткен.

Стамбұлдық бір кісі жеті жыл Мәдинада тұрып, күнде «Рауда-и мутаххара» деп аталатын жерде «Дәлаил-и хайрат» кітабын оқып жүрген еді. Бірақ Дәлаил кітабын қай кезде оқуды бастаса, қасында үсті таза, хош иісті, сақалы мен мұрты сүннетке сай қырқылған бір қарт кісіні көреді екен. Стамбұлға қайтатын кезінде хужрә-и саадаттың алдында дұға етіп тұрғанда «Йа, Расулаллаһ! Өзіңіз де білесіз, бұл киелі жерде күнде Дәлаил кітабын оқып бітірдім. Қабыл болғанын аңғара алмадым. Ол мүбәрәк кітапты оқығанда қажетті құрметін көрсете алмадым ба екен?» деді. Кейін бір шетке отырып, ұйықтап қалды. Түсінде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Муважәһә-и саадат» терезесінен бір тостаған сүт бергенін көріп, дереу алып ішті, оянған кезінде қасында әлгі хош иісті қарт кісі көрініп «Ас болсын бауырым» деп кетіп қалды.

Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арашы қылып жасалған дұғалардың қабыл болатынын көрсеткен және мысал келтірген түрлі кітаптар жазылған. Әбу Сүлейман Дауд Шазилидің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Баян-и интисар» кітабында таңқаларлық көп нәрселер жазылған. Әбу Сүлейман Дауд Шазили Искәндәри 732 [м.1332] жылы қайтыс болды. Малики еді.

Ибн Мұхаммед Әшбили (рахимә-һуллаһу та'ала) айтады: «Испанияда Гранада қаласында ескі досымның үйінде қонақ болған едім. Досым ауырып қалды. Өмір сүретініне үміт қалмады. Сол кезде уәзір болған Ибнул-Хисал (рахимә-һуллаһу та'ала) науқастың көңілін сұрап келді. Хужрә-и саадатқа алып бармақшы болып бір хат жазды. Науқастың жазылып кетуін тілеп Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көмек сұрады. Науқас бірнеше күннен кейін жазылып кетті.»

[Шақаиқ авторы Ташкөпру-зада Ахмед бин Мустафа 968 [м.1561] жылы Стамбұлда қайтыс болды.]

«Шақаиқ-и Нумания» кітабының аудармасында екінші томда былай жазылған: «Осман Империясының алғашқы шайх-ул-исламы және заманының мүжәддиді болған үлкен Ислам ғалымы Мәулана Шәмсәддин Мұхаммед бин Хамза Фәнаридің (рахимә-һуллаһу та'ала) көздерін перде қаптап, көрмей қалды. Бір түні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Таха сүресін тәфсирле!» дегенінде «Сіздің алдыңызда Құран кәрімді тәфсирлеуге күшім болмауымен қатар, көзім де көрмейді» деген екен. Пайғамбарлардың емшісі болған Расулуллаһ алейһиссалам мүбәрәк шапанынан біраз мақта шығарып, мүбәрәк сілекейімен сулап, көздеріне қойған. Молда Фәнари оянып, көзінде мақтаның тұрғанын байқап алған, көзі көре бастаған. Аллаһу та'алаға хамд пен шүкір еткен. Мақтаны сақтап, өлген кезде көздеріне қоюды өсиет етті. 834 [м.1431] жылы Бурсада қайтыс болғанда өсиеті орындалды.

Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арашы қылып Аллаһу та'алаға жасалған дұғалар қабыл болғандықтан, мұсылмандардың халифасы хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) Мәдинада ашаршылық болғанда Аббас бин Абдул Мутталибті (радиаллаһу та'ала анһ) арашы қылып, жаңбыр дұғасына шықты да «Йа, Раббым! Сүйікті пайғамбарыңды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арашы қылып дұға етеміз! Расулыңның құрметті көкесі құрметіне сенен жаңбыр сұраймыз! Дұғамызды қабыл ете гөр!» деген.

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) халифа кезінде тағы бір рет ашаршылық болған. Қаб-ул-Ахбар (рахимә-һуллаһу та'ала) хазреттері «Йа, Әмир-әл мүминин! Исраил ұлдары заманында ашаршылық болғанда пайғамбарларын арашы қылып дұға етілетін еді» деді. Мұны естіген хазреті Омар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) минберіне шығып, «Йа, Раббым! Пайғамбарыңның көкесін арашы қылып, саған жалбарынамыз және оның құрметіне сенен кешірім мен ихсан тілейміз» деген. Кейін жамағатқа қарап «Раббыларыңа дұға етіңдер! Ол дұғаларды қабыл етуші» деді. Халифаның осы әмірі бойынша хазреті Аббас ұзақ дұға жасады. Дұға бітпей тұрып жаңбырдан Мәдина көшелері жүру мүмкін болмайтындай суға толы болды. Ол күні хазреті Аббастың аты «Саки-и Харамәйн» болды. Расулуллаһтың ақыны болған Хассан бин Сабит (радиаллаһу анһума) ол күні хазреті Аббасты мақтап өлең оқыды.

 Аббаси халифаларының екіншісі Әбу Жафар Мансур Мәсжиди Нәбәуи ішінде Имам Маликпен (рахимә-һуллаһу та'ала) сөйлесіп отырған еді. «Ей, Мансур! Бұл жер Мәсжиди саадат! Жай дауыспен сөйле! Хақ та'ала «Хужурат» сүресінде: «Дауыстарыңды Расулуллаһтың дауысынан жоғары шығармаңдар!» деп бір жамағатқа ұрысқан. «Расулуллаһтың қасында жай дауыспен сөйлегендер» аяти каримасы да жай дауыспен сөйлескендерді мақтаған. Расулуллаһқа қайтыс болғаннан кейін құрмет көрсету тірі кезінде құрмет көрсетумен тең» деді. Мансур мойнын иіп «Йа, Әба Абдуллаһ! Құбылға қарап тұру керек пе, әлде Қабри саадатқа қарап тұру керек пе?» деп сұрады. Имам Малик хазреттері «Расулуллаһтан бетіңді бұрма! Қиямет күнінің шапағатшысы болған ұлы пайғамбар (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қиямет күні сенің және атаң Адам алейһиссаламның құтылуына арашы болады. Қабри саадатқа қарап, Расулуллаһтың мүбәрәк рухына жүгініп шапағат сұрауың керек! «Ниса» сүресінде алпыс үшінші аятында «Нәпістеріне зұлымдық еткендер саған келіп, Аллаһу та'аладан кешірім сұраса, Расулым да олар үшін кешірім тілесе, Аллаһу та'аланы тәубелерді қабыл етуші және мейірім танытушы ретінде көреді» делінген. Бұл аяти карима Расулуллаһты арашы қылғандардың тәубелері қабыл болатынына сөз беруде» деді. Мұны естігеннен кейін Мансур отырған жерінен тұрып, хужрә-и саадат алдына тұрды. «Йа, Раббым! Бұл аяти каримада Расулыңды арашы еткендердің тәубесін қабыл ететіндігіне сөз бердің. Мен ұлы пайғамбарыңның (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, Сенен кешірім сұраймын. Ол тірі кезінде кешірім сұрап, Сен кешірген құлдарың сияқты, мені де кешіре гөр! Йа, Раббым! Набиур-рахмә болған ұлы пайғамбарыңды арашы қылып, саған жалбарынамын. Ей, пайғамбарлардың ең үстемі Мұхаммед алейһиссалам! Саған тәуәссул етіп, Раббыма жалбарындым. Йа, Раббым! Осы ұлы пайғамбарды маған шапағатшы ете гөр!» деп жалбарына бастады. Арқасы құбылаға, беті «Муважәһә-и саадат» терезесіне қарап тұрып дұға етті. Минбер-и нәбәуи сол жағында қалған еді.

[Әбу Жафар 158 [м.773] жылы Меккеде қайтыс болды.]

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ – Имам Маликтің Мансур халифаға (рахимә-һумуллаһу та'ала) берген насихаты «Хужрә-и саадат» алдында дұға етушілердің өте мұқият (көкірегі ояу) болуы керектігін көрсетуде. Ол дәргейге лайықты әдеп пен құрметті көрсете алмайтындардың Мәдинада ұзақ қалуы дұрыс болмайды. Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһ) «Біз Бағдатта, ал көңіліміз осында болуы, біз осында, ал көңіліміз Бағдатта болуынан жақсырақ» деген.

[Малик бин Әнас бин Малик бин Әби Амир Асбахи 179 [м.795] жылы Мәдинада қайтыс болды.]

Анадолыдан шыққан ауылдықтардың бірі Мәдинада жылдар бойы тұрып, осында үйленіп, хужрә-и саадатта белгілі бір уақыт қызмет жасап жүрген екен. Бір күні ауырып қалып, денесінің ыстығы көтерілді. Айран ішкісі келген екен. «Егер ауылымда болсам, айраннан шалап жасатып ішер едім» деп ішінен ойлаған екен. Сол түні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Шайх-ул-Харам» мырзаның түсіне кіріп, осы адамның жұмысын басқа біреуге берілуін бұйырды. Шайх-ул-Харам «Йа, Расулаллаһ! Бұл қызметті үмбетіңізден пәленше деген кісі атқарып жүр» дегенінде «Ол адамға айт! Ауылына барып, айран ішсін!» деді. Ертеңіне бұл бұйрық айтылғанда ауылдық «Құп болады» деп ауылына кетті.

Тек қана көңіліне келген бір ойдың өзі осыншалықты зиянын тигізсе, Аллаһ сақтасын, қалжың болса да, әдепсіз бір сөздің немесе әдепке қайшы бір әрекеттің қандай үлкен зиян тигізетінін осыдан аңғару керек.

Хужрә-и саадатты зиярат етушілердің өте мұқият (көкірегі ояу) болуы керек. Көңілінде дүниелік ойлар болмауы қажет. Мұхаммед алейһиссаламның нұрын және дәрежесінің жоғарылығын ойлау керек. Дүние істерін және үлкен адамдармен көрісіп, пайда көруді, сауда-саттықты ойлайтындардың дұғалары қабыл болмайды. Тілектері орындалмайды.

Хужрә-и саадатты зиярат ету өте қадірлі ғибадат. Бұған сенбейтіндердің мұсылмандықтан шығу қаупі бар. Өйткені олар Аллаһу та'алаға және Оның Расулына, әрі бүкіл мұсылмандарға қарсы шыққан болады. Малики ғалымдарының бірнешеуі Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зиярат ету уәжіп деген болса да, мүстаһаб екендігі бір ауыздан айтылған.