9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (15)

УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (15)

15) Екі жүз елу тоғызыншы бетінде: «Пайғамбар мешітіне намаз оқу үшін кірген адамның сәлем беруге қабірге баруына тыйым салынады. Әр мешітке кірген сайын пайғамбарымыздың қабіріне баруды Имам Малик мәкрух деді. Сахабалар мен табииндер мешітке келіп, намаз оқып, шығып кететін еді. Сәлем беруге қабірге бармайтын еді. Өйткені Ислам дінінде ондай ештеңе әмір етілмеген. Мәйіттің рухының өз күйінде көрінуі өтірік. Олай көріну тек қана Миғраж түнінде болған. Сахабалар істемегенді кейіннен келгендер істеді. Сахабалардың бірнешеуі тек алыстан келгенде ғана тек қана сәлем беру үшін қабірге кіретін еді. Абдуллаһ ибн Омар жолдан келгенде қабірге кіріп сәлем беретін еді. Одан басқаларының олай істегені байқалмады. Ахмед Рифаидің пайғамбардың қолын сүйгендігі өтірік, бұл ойдан шығарылған. Хужрә-и саадат алдында дұға етіп жатқанда қабірге қарамай, құбылаға бұрылып тұру керектігі бірауыздан айтылған. Хужрә-и саадатты зиярат ету үшін алыс жерлерден келуге хадиспен тыйым салынған» дейді.

«Мират-и Мәдина» кітабында былай жазылған:

Хадис шәрифте «Қабірімді зиярат еткен адамға шапағатым уәжіп болды» делінген. Бұл хадис шәрифті Ибн Хузәма, Бәззар, Әли Дара Қутни және Сулейман Табарани (рахимә-һумуллаһ) хабар берген. Бәззар хазреттері жеткізген басқа бір хадис шәрифте «Қабірімді зиярат еткен адамға шапағатым халал болды» делінген. Мүслимдегі және Әбу Бәкір бин Мәккаридің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мужәмә» атты кітабында өткен хадис шәрифте «Кімде-кім мені зиярат етуге келсе және басқа ештеңеге ниеті болмаса, қиямет күні оған шапағат етуіме өзін лайықты еткен болады» делінген. Бұл хадис шәриф Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зиярат етуге Мәдинаға келгендерге шапағат ететінін хабар беруде.

Имам Табарани, Дара Қутни және басқа хадис имамдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) жеткізген хадис шәрифте «Қажылық жасап, қабірімді зиярат еткен адам мені тірі кезімде зиярат еткендей болады» делінген. Ибн Жәузи (рахимә-һуллаһу та'ала) де бұл хадис шәрифті хабар берген. Дара Қутни хабар берген басқа бір хадис шәрифте «Қажылық жасап, бірақ мені зиярат етпеген адам мені ренжіткен болады» делінген. Бұл хадис шәрифті Имам Малик (рахимә-һуллаһу та'ала) жеткізді.

[Дара Қутни 385 [м.995] жылы қайтыс болды.]

[Табарани 360 [м.971] жылы қайтыс болды.]

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) зиярат етілуін қалауы үмбетінің осы жолдан да сауап алуы үшін. Имам Бәйһақи хабар берген хадис шәрифте «Бір адам маған сәлем бергенде Аллаһу та'ала рухымды кері береді. Оның сәлеміне жауап беремін» делінген. Имам Бәйһақи осы хадис шәрифке сүйеніп, «пайғамбарлар қабірлерінде тірі» деді. «Мүбәрәк рухының кері берілуі» дегені  «жоғары дәрежесінде сәлем берушіге жауап береді» деген сөз.

Пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) қабірлерінде тірі екендігін хабар берген хадис шәрифтердің көптігі соншалық, олар бір-бірін қуаттауда. Мысалы «Қабірімнің қасында мен үшін оқылған салауатты естимін. Алыс жерлерде оқылғандар маған жеткізіледі» делінген. Бұл хадис шәрифті Әбу Бәкір бин Әби Шәйба (рахметуллаһи алейһима) жеткізген және бұл хадис шәриф алты үлкен хадис имамының кітаптарында бар.

Абдуллаһ бин Аббастан (радиаллаһу та'ала анһума) Ибн Әбиддуния хабар берген хадис шәрифте «Кімде-кім бір танысының қабіріне барып сәлем берсе, мәйіт оны танып, жауап береді. Танымайтын мәйітке сәлем берсе, мәйіт қуанады және жауап береді» делінген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әлемнің барлық жерінде бір уақытта дұға мен сәлем етушілердің әрқайсысына қалай жауап береді деген сұрақ туындаса, «күннің бір сәтте мыңдаған қалаға сәулесін шашуы сияқты» деген жауап беріледі. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сәлем бергенде оны танығаны, жауап бергені мәлім болса, мұсылманға бұдан асқан абырой мен бақыт болуы мүмкін бе? Ибраһим бин Бишар (рахметуллаһи алейһ) «Қажылық жасағаннан кейін қабри саадатты зиярат етуге Мәдинаға бардым. Хужрә-и саадаттың алдында тұрып сәлем бердім. Уа алейкәссалам жауабын есітідім» деген.

Хадис шәрифте: «Мен өлгеннен кейін тірі кезімдегідей түсінемін» делінген. Басқа бір хадис шәрифте: «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі болып намаз оқиды» делінген. Бұл хадис шәрифтер пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірде біз білмейтін бір өмірмен тірі екенін көрсетуде. Әулиелердің ұлыларынан Сайид Ахмед Рифаидың және көптеген әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) берген сәлемге жауап бергенін естігендері және Ахмед Рифаидың Расулуллаһтың мүбәрәк қолын сүюмен абыройланғандығы өте сенімді кітаптарда жазылған.

Бұларды өтірік деу күнді балшықпен сылауға ұқсайды. Сайид Ахмед Рифаи [512] жылы Басрада туылып, 578 [м.1183] жылы Мысырда қайтыс болды. Екінші Абдулхамид хан (рахимә-һуллаһу та'ала) оның кесенесі мен мешітін жөндеу жұмыстарынан өткізіп әсемдеді. Ислам ғалымдарының ұлыларынан Жалаледдин Абдуррахман Суюти (рахимә-һуллаһу та'ала) «Шәрәф-ул Мухкәм» атты кітабында қарсы шығушыларға дәлелдермен жауап беруде, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірінде тірі болып, сәлем бергендерді естігенін дәлелдеуде. Бұл кітабында келтірген хадис шәрифтердің бірі: «Миғраж түнінде Мұса пайғамбарды қабірінде намаз оқып тұрғанын көрдім». Бұл хадис шәрифті «Хилия» кітабының авторы Әбу Нуайм (рахимә-һуллаһу та'ала) да келтірген. Абдуррахман Суюти 911 [м.1505] жылы Мысырда қайтыс болды.

Әбу Яланың (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мүснәд» кітабындағы бір хадис шәрифте «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі болып намаз оқиды» делінген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) соңғы ауруында «Хайбарда жеген тамағымның ауыртпалығын әрдайым сезіп жүретінмін. Сол күні мен жеген у қазір қолқа тамырымды қопаруда» деді. Бұл хадис шәриф Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шәһид болып қайтыс болғанын көрсетуде. Аллаһу та'ала «Али Имран» сүресінің жүз алпыс тоғызыншы аятында: «Аллаһ жолында шәһид болғандарды өлі санамаңдар! Олар тірі» деді. Расулуллаһтың да (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барлық шәһидтер сияқты қабірінде тірі екендігі осыдан да аңғарылуда.

Имам Суюти (рахметуллаһи алейһ) кітабында «Жоғары дәрежелі әулиелер (рахимә-һумуллаһу та'ала) пайғамбарларды олар өлмегендей көре алады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мұса алейһиссаламды қабірінде тірі күйінде көруі [Мұғжиза] еді. Әулиелердің де осылай көруі [Керемет] саналады. Кереметке сенбеу сауатсыздықтан туындайды» деген.

Ибн Хаббан, Ибн Мажа және Әбу Дауд (рахимә-һумуллаһу та'ала) жеткізген хадис шәрифте «Жұма күндері маған көп салауат оқыңдар! Олар маған көрсетіледі» делінген. «Өлгеннен кейін де көрсетіледі ме?» деген сұраққа «Топырақ пайғамбарлардың денесін шірітпейді. Бір мүмин маған салауат оқығанда бір періште маған хабар беріп, үмбетіңнен пәленше ұлы түгенше саған сәлем айтты және дұға етті дейді» деп жауаптады.

Бұл хадис шәрифтер пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірінде дүниедегілер білмейтін бір өмірмен тірі екенін көрсетіп тұр. Зәйд бин Сәһл (радиаллаһу анһ) айтып берген. «Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған едім. Мүбәрәк жүзі күлімдеп тұрды. Неліктен күлімдегенін сұрап едім, «Қалайша қуанбаймын? Бағана Жәбрейіл алейһиссалам сүйінші әкеліп, Аллаһу та'ала: "Үмбетіңнен біреу саған бір салауат айтса, Аллаһу та'ала оған он салауат етеді" деп айтты» деп жауап берді.»

[Ахмед Әбу Яла 307 [м.920] жылы Мусулда қайтыс болды.]

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тірі кезінде сахабаларына Аллаһу та'аланың рақымдылығы болғанындай, өлгеннен кейін де бүкіл үмбетіне үлкен ниғмет, жақсылықтарға себепші.

Махал бин Амр айтып берген. «Бір күні Саид бин Мусәйибпен бірге (рахимә-һумуллаһу та'ала) Үмми Сәләмә (радиаллаһу анһа) анамыздың бөлмесінің қасында отырған едім. Көп адам зиярат етіп хужрә-и саадат алдына келді. Саид бұған таңқалып, «Не деген ақымақ адамдар! Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірде жатыр деп санайды. Пайғамбарлар қабірлерінде қырық күннен артық қалады ма?» деді. Алайда Саид Мәдинадағы Харра деп аталатын пәлекет күнінде қабри саадаттан азан дауысын естігенін хабар берген. Хазреті Осман (радиаллаһу та'ала анһ) үйі қоршалған кезде «Мен Мәдинадан және Расулуллаһтың қасынан айрылып, басқа жаққа кетпеймін» деген. Махал бин Амрдың Саидтен естідім деген сөзі рас болғанда еді, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірін зиярат етуге шақырмас еді. Билал Хабеши (радиаллаһу та'ала анһ) Құдыс жаулап алынғаннан кейін түсінде Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алған бұйрығымен Мәдинаға келіп, қабри саадатты зиярат етті. Мұсылмандардың халифасы болған Омар бин Абдулазиз (радиаллаһу та'ала анһ) Шамнан Мәдинаға арнайы міндеттелген қызметкерлер арқылы дұға мен сәлем жолдайтын еді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) Құдысты алғаннан кейін Мәдинаға қайтқанда әуелі хужрә-и саадатқа барып, Расулуллаһты зиярат етіп, дұға мен сәлем берді. [Саид бин Мусәйиб Мәдинадағы жеті атақты ғалымның бірі болып, 91 [м.710] жылы Мәдинада қайтыс болды.]

Язид бин Мәһри айтқан: «Шамнан Мәдинаға бара жатқан едім. Мысыр әкімі Омар бин Абдулазизге (радиаллаһу та'ала анһ) кірдім. Маған «Ей, Язид! Расулуллаһты зиярат ету бақытына қауышқан кезіңде менен дұға мен сәлем айтуыңды өтінемін!» деді.»

[Омар бин Абдулазиз 101 [м.720] жылы шәһид етілді.]

Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу анһума) әр сапардан қайтқан сайын хужрә-и саадатқа кіріп, әуелі Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), кейін хазреті Әбу Бәкірді, одан кейін әкесі хазреті Омарды (радиаллаһу та'ала анһума) зиярат етіп, әрқайсысына сәлем беретін еді. Мұны Имам Нафи (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар беруде. Дұрыс (рас) екенін «Фәтх-ул Мәжид» уаһһаби кітабы да жазуда. Әрі пайғамбардың қабірін зиярат ету Ислам дінінде көрсетілген дейді. Әрі тек қана Абдуллаһ бин Омар зиярат ететін еді дейді. Басқа ешкім зиярат етпеді дейді. Алайда Асхаби кирамның көбінің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) зиярат еткенін құнды кітаптар хабар берген. [Нафи Абдуллаһ бин Омардың (радиаллаһу та'ала анһума) азат еткен құлы еді. 120 [м.737] жылы Мәдинада қайтыс болды.] Абдуллаһ ибн Омардың Ислам дінінде рұқсат етілмеген бір нәрсені істегенін айту өте жаман жалаға жатады. Кітаптың авторы өзіне керек кезде Асхаби кирамды аса мақтауда, өзіне керек кезде еш қысылмай осылай жаман жала жабуда. Қабри саадатты зиярат етіп, дұға мен сәлем оқуға тыйым салынғанда еді, Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһума) бұлай жасамас еді және оны көрген сахабалар (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) тыйым салынғанын оған айтар еді. Оның істеуі және көргендердің үндемеуі рұқсат және сауап екендігін көрсетіп тұр. Имам Нафи (рахметуллаһи алейһ): «Абдуллаһ ибн Омардың Расулуллаһтың қабірі басына келіп «Әссәламу алейка йа Расулаллаһ!» дегеннен кейін «Әссәламу алейка йа Әба Бәкір!» дегенін, кейін «Әссәламу алейка йа әби» деп сәлем бергенін, бәлкім, жүзден артық көрдім» деген.

Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір күні мешітке кіріп, Фатиманың (радиаллаһу анһа) бөлмесінің алдында қатты жылады. Кейін хужрә-и саадатқа кіріп «Әссәламу алейка йа Расулаллаһ» деді де, тағы жылады. Содан соң «Алейкумассалам йа ахауайя уә рахметуллаһ» деп хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарға (радиаллаһу анһума) сәлем беріп, кейін шығып кетті.

Сондықтан фиқһ ғалымдарымыз (рахимә-һумуллаһу та'ала) қажылық міндетін атқарғаннан кейін Мәдинаға барып, мешітте намаз оқыды. Кейін «Рауда-и мутаххара» мен минбәр-и мунири және Арштан абзал болған қабри шәрифті, кейін отырған, жүрген, сүйенген жерлерді, уахи келген кезде сүйенген тіректі және мешіт соғылып жатқанда, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда жұмыс істеген, ақша беру абыройын иеленген Асхаби кирамның, табииннің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) өткен жерлерін зиярат етіп, көріп берекеттенетін еді. Олардан кейін келген ғалымдар, салихтар да қажылықтан кейін Мәдинаға келіп, фиқһ ғалымдарымыз сияқты жасайтын еді.

Осы күнге дейін қажылар да осы себептен Мәдинада зияраттар жасауда.

Ғалымдар «Алдымен Мәдинаға бару керек пе, әлде қабри саадатты қажылықтан кейін зиярат ету керек пе?» деген сұраққа әртүрлі жауап берді. Табииннің ұлыларынан Алқама, Әсуад, Амр бин Мәймун (рахимә-һумуллаһу та'ала) «Әуелі Мәдинаға бару керек» деді. Ислам ғалымдарының күні болған Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әуелі қажылық жасау, одан кейін Меккеден Мәдинаға бару жақсырақ болады» деді. Әбулләйс Самарқандидің (рахимә-һуллаһу та'ала) фәтуасында да осылай жазылған. [Әбулләйс Наср Самарқанди 373 [м.983] жылы қайтыс болды.]

Сұлтан екінші Абдулхамид хан (рахметуллаһи алейһ) заманында осы себептен Османлы қажыларының екі айт арасында Мәдинаға барып, қажылық уақыты келгенде Мәдинадан Меккеге баруы әдетке айналған. Қажылардың бір бөлігі әуелі Меккеге барады. Арафаттан кейін Мәдинаға барып, зияраттарын жасайды. Бұл жерден Йәнбу жағажайына барып, кемеге мінеді де, Суэц каналы арқылы үйлеріне қайтатын еді.

«Шифа-и шәриф» кітабының авторы қазы Аяз (Ияд), Шафии ғалымдарынан Имам Нәуәуи және Ханафи ғалымдарынан Ибн Хумам (рахимә-һумуллаһу та'ала) айтқан: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қабірін зиярат ету үлкен сауап екені ижма-и уммет арқылы белгілі болған. Уәжіп деген ғалымдар да бар. Қабір зияраты сүннет. Қабірлердің ең құрметтісі болған «Хужрә-и саадат»-ты зиярат ету сүннеттердің ең құндысы болады.» [Қазы Аяз 544 [м.1150] жылы Мараккиште, Яхия Нәуәуи 676 [м.1277] жылы Шамда, Ибн Хумам Мұхаммед Сиуаси 861 [м.1456] жылы қайтыс болған.]

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бақи мазарын және Ухуд шәһидтерін зиярат ететін еді. Үндістанның үлкен ғалымдарынан Абдулхақ Дәһләуи (рахимә-һуллаһу та'ала) 1052 [м.1642] жылы қайтыс болды. Парсы тіліндегі «Мәдариж-ун-нубуввә» атты кітабында Ухуд соғысын баяндаған жерінде былай деген: «Әбу Фәрда (радиаллаһу анһ) айтып берген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні Ухуд шәһидтерін зиярат етті. «Ей, ғибадатқа лайық болған Раббым! Сенің бұл құлың және Расулың менің куәм, олар сенің разылығыңды алу үшін шәһид болды!» дегеннен кейін бізге бұрылып «Кімде-кім оларды зиярат етіп, сәлем берсе, олар сәлем берушіге жауап қайтарады. Қияметке дейін осылай жауап береді» деді.»

Пайғамбарымыз Ухуд шәһидтерін зиярат етуге барып, «Сабыр еттіңдер. Сендерге сәлем болсын!» дейтін еді. Хазреті Әбу Бәкір және хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһума) да халифа кездерінде Ухуд шәһидтерін зиярат етіп, осылай айтатын еді. Фатима Хузаия (рахимә-һуллаһу та'ала) айтып берген. Ухуд алаңынан өтіп бара жатқан едім. «Ей, Расулдың көкесі Хамза (радиаллаһу та'ала анһ), саған сәлем болсын!» дедім. «Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекеті саған болсын!» деген жауап естідім. Утаф бин Халид Махзуми (рахимә-һуллаһу та'ала) тәтесінен хабар берді. Ухуд шәһидтерін зиярат етуге барған еді. Шәһидтерге сәлем берді. Сәлеміне жауап қайтарды және «Біз сені танимыз» деді.

[Абдулхамид хан 1336 [м.1918] жылы қайтыс болды.]

«Ниса» сүресінің алпыс үшінші аятында «Олар өздеріне зұлымдық жасағаннан кейін келіп, Аллаһу та'аладан кешірім сұрайды. Егер Расулым да олар үшін кешірім сұраса, Аллаһу та'аланы әлбетте тәубелерді қабыл етуші және мейірім танытушы қылып көреді» делінген. Бұл аяти карима қабри саадатты зиярат етуді бұйыруда. Бұл аяти карима әрі ер кісілерге, әрі әйелдерге қатысты. Қабри саадатты зиярат еткенде бұл аяти карманы оқудың мүстаһаб екендігі айтылған.

Имам Әли (радиаллаһу анһ) хабар берген. «Мұхаммед бин Харб Хилалиден (радиаллаһу та'ала анһ) естідім. Ол айтып берген: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жерленгеннен үш күннен кейін хужрә-и саадатты зиярат етіп бір шетте отырған едім. Біреу келіп өзін қабри саадат үстіне тастады. Қабри шәриф үстінен топырақ алып, беті-аузына шашты. «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Аллаһу та'ала сіз туралы айтты» деп жоғарыдағы аяти кариманы оқыды. «Мен өзіме зұлымдық жасадым. Кешірілуім үшін сізді арашы қыламын» деді. Қабри саадаттан бір дауыс шығып «Саған сүйінші болсын! Күнәларың кешірілді» дегені естілді.»

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Ухуд шәһидтерін зиярат етуге Мәдинадан Ухудқа келген. Осы себептен қабри саадатты зиярат етуге Мәдинаға бару әлбетте ғибадат болады. Мұның үлкен сауап екендігін Ислам ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) бір ауыздан айтқан.

«Тек үш мешітке ғана зиярат етуге баруға болады» деген хадис шәриф қабри саадатты зиярат етуге Мәдинаға барудың үлкен сауап екендігін көрсетіп тұр. Бұл зияратты жасамағандар бұл үлкен сауаптан мақрұм қалады. Бәлкім, уәжіпті тәрк еткен болады. Бұл үш мешіттен басқаларын зиярат етуге алыс жолға шығу Аллаһ разылығы үшін болса рұқсат болады. Басқа ниеттермен болса, онда харам болады. [Бұл үш мешіт: Мәсжид-и харам, Мәсжид-и Нәбәуи және Мәсжид-и Ақса.]

 

Сұрақ: Имам Хасан бин Әли (радиаллаһу та'ала анһ) қабри саадаттың қасында зияратшылардың қабірге жақындауына рұқсат бермейтін еді. Имам Зәйнәл Абидин де (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қабірімді мейрам орны қылмаңдар! Үйлеріңді мазар қылмаңдар! Жүрген жерлеріңде маған дұға мен сәлем айтып жүріңдер! Айтқандарың маған хабар беріледі» дегенін айтып, қабри саадатқа жақындауға рұқсат бермейтін. Бұған не дейсіз?

Жауап: Бұл сөздер «Тек үш мешітке ғана зиярат етіп баруға болады» деген хадис шәрифке тура келмейді. Бірақ бұл екі имамның сөзі зияратта әдепсіздік жасайтындарға айтылған болса керек. Тіпті Имам Малик (рахметуллаһи алейһ) қабри саадаттың қасында ұзақ отыруға рұқсат бермеген. Имам Зәйнәл Абидин (рахимә-һуллаһу та'ала) хужрә-и саадатты зиярат ететін еді. «Рауда-и мутаһһара» тарапындағы тіректің қасында тұрып, сәлем беретін. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басы хужрәнің осы тарапында екені осыдан аңғарылатын. Расулуллаһтың мүбәрәк жұбайларының (радиаллаһу та'ала анһунна) бөлмелері «Мәсжиди саадат» ішіне қосылмай тұрып бұл жер зиярат орны еді. Хужрә-и саадаттың есігінің алдында сәлем беретін еді.

Харун бин Мұса Хирауи атасы Алқамадан «Пайғамбарымыздың мүбәрәк жұбайларының (радиаллаһу та'ала анһунна) бөлмелері Мәсжиди саадатқа қосылмай тұрып қабри саадатқа қай тараптан зиярат жасалатын еді?» деп сұрады. Алқама «Хазреті Айшаның қайтыс болуынан бұрын хужрә-и саадат есігі әлі жабылмағандықтан, осы есіктен зиярат жасалатын еді» деп жауаптады.

Хадис ғалымдарынан хафыз Абдулазим Мүнзири (рахимә-һуллаһу та'ала) «Қабірімді мейрам орнына айналдырмаңдар!» хадис шәрифі туралы «Қолдарыңнан келгенше жиі зиярат етіңдер» деген сөз деді. Яғни «Менің қабірімді жылына бір-екі рет зиярат етумен шектелмеңдер! Әр уақытта зиярат етіп тұрыңдар!» деген сөз деді. «Үйлеріңді мазарға айналдырмаңдар!» хадис шәрифі «Үйлеріңді намаз оқымау арқылы мазарға ұқсатпаңдар» деген сөз деді. Мазарда намаз оқу рұқсат болмағандықтан, Абдулазим Мүнзиридің сөзі дұрыс болуда. Ғалымдардың көбінің айтуынша, «қабри саадатты зиярат етуге мейрам күндеріндегідей белгілі бір уақыт ажыратпаңдар» деген сөз деді. Яһудилер мен христиандар пайғамбарларының қабірін зиярат еткенде сазды аспаптар шалып, билеп жиын өткізетін еді. Абдулазим Мүнзири 656 [м.1257] жылы Мысырда қайтыс болды.

[Зәйнәл Абидин Әли 94 [м.713] жылы шәһид етілді.]

Осы жазылғандардан аңғарылғаны, қабри саадатты зиярат етіп келушілер сәлем беріп, дұға еткеннен кейін тұрып қалмай кетуі керек. Мұсылмандар қабри саадатты зиярат етуді ғибадат және үлкен сауап деп білуі тиіс. Қаншалықты алыс болса да, зиярат етуге Мәдинаға бару керек. Жиі-жиі зиярат етуге тырысқаны жөн. Яғни қажылық міндеті өмірінде бір рет болғанындай, Мәдинаға баруды да өмірінде бір рет қылып шектемеу керек. Шамасы келгенше барып зиярат ету керек. Бірақ «Хужрә-и саадат» алдында ұзақ тұрмаған жөн.

Ислам ғалымдарының күні Әбу Ханифа (рахимә-һуллаһу та'ала) мүстаһабтардың ең үстемдерінен болған қабри саадатты зиярат етуді уәжіп дәрежесіне жақын ғибадат деді.

Қабри саадатты зиярат етуді атағандардың (нәзір еткендердің) Шафии мазһабы бойынша осы атағанын орындауы керек болады. Басқа мазарларды зиярат етуді нәзір еткендердің бұл атағандарын орындауында бірауыздылық жоқ, дегенмен нәзірді орындау жақсырақ болады.

Мәсжиди харамды жүріп зиярат етуді нәзір еткендердің бұл нәзірін орындауы керек. Өйткені «Мәсжиди харам» ішінде қажылық міндеттері орындалады. Ал «Мәсжиди саадат»-та Қағбадан және Құдыстағы «Мәсжиди Ақса»-дан әлдеқайда құндырақ болған «Қабри саадат» бар. Бұл мүбәрәк мешітке жаяу баруды нәзір ету қабри шәрифті зиярат етуді де ниет ету болғандықтан, бұл нәзірді орындау әлбетте қажет болады.

«Қағба-и муаззама»-ны зиярат етуді атағанда бұл нәзірді орындау төрт мазһабта да қажет. Мәсжиди саадат пен Мәсжиди Ақсаны зиярат етуді атағанда бұл нәзірді орындаудың керектігінде бірауыздылық болмады. Бұл айырмашылық Мәсжиди саадатқа қатысты. Қабри саадатты зиярат етуді атағандардың бұл нәзірін орындауы қажет.

 

Сұрақ: Әбу Мұхаммед бин Әбу Зәйдтен (рахимә-һуллаһу та'ала): «Уәкіл ретінде қажылыққа жіберілген және қабри саадатты зиярат етуі бұйырылған кісі қажылық жасап, қабри саадатты зиярат етпестен қайтса, зиярат үшін берілген ақшаны қайтарып беруі керек болады ма?» деп сұралды.

Жауап: Ибн Зәйд (рахметуллаһи алейһ) жауап ретінде: «Бұл ақшаны қайтарып беруі қажет болады» деді. [Абдуллаһ Әбу Мұхаммед бин Зәйд малики ғалымдарының ұлыларынан. 389 [м.999] жылы қайтыс болды.]

Қабри саадатты зиярат ету туралы Имам Малик (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқанындай, мешітке кіргенде құбыланы артында қалдырып, хужрә-и саадатқа қарап тұру керек. Әдеппен және құрметпен сәлем беріп, салауат оқу қажет.

Мешітке кіргенде алдымен екі рәкат «Тахиятул мәсжид» намазын оқу керек. Мұны «Рауда-и мутаһһара» ішінде оқығаннан кейін «Мууажәһә-и саадат» алдына тұрып, әуелі Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), кейін хазреті Әбу Бәкірге және хазреті Омарға (радиаллаһу анһума) сәлем беріп, кейін белгілі дұғаларды оқу қажет. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және әр мүмин зиярат етіп келгендерді және олардың сәлемдерін, дұғаларын естиді. Қалағанындай және ойына келгенін айтып дұға ету рұқсат болса да, ғалымдар көрсеткен белгілі дұғаларды оқу пайдалырақ болады.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Мен Мәдинада болғанымда салихтардан Әйюб Сахтияни (рахимә-һуллаһу та'ала) келіп, мешітке кірді. Қабри нәбәуиге бұрылып тұрды, құбыла артында қалды. Тұрған күйінде жылады.» [Әйюб Сахтияни 131 [м.748] жылы Басрада қайтыс болды.]

Әбулләйс Самарқандидің Имам Ағзам Әбу Ханифадан (рахимә-һумуллаһу та'ала) хабар бергені бойынша, құбылаға қарай бұрылу керек, хужрә-и саадат артта қалады. Шайх Камаладдин ибн Хумам «Имам Ағзам Әбу Ханифаның (рахимә-һумуллаһу та'ала) Муснәд кітабында айтқан үкіміне қаралса, Әбулләйс пен оған бағынғандардың айтқандары Имам Ағзамның әуелгі ижтиһады екені аңғарылады. Ол кейіннен хужрә-и саадатқа қарап зиярат етілетінін айтқан. Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу та'ала анһума) хужрә-и саадатқа бұрылып қарап сәлем беру керек» деді.

Ибн Жәмаа (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мәнасик» кітабында «Қабри саадатты зиярат еткен адам Расулуллаһтың мүбәрәк басы тұрған бұрышты сол жағына және құбыланы оң жағына алып, бұрыштан екі метр қашықтықта тұруы керек. Кейін құбыла бұрышын ақырындап артына алып, «Мууажәһә-и саадат» терезесіне қарағанға дейін бұрылуы қажет. Қабри саадатқа толық бұрылғанда сәлем беру керек» деген. [Мұхаммед ибн Жәмаа шафии ғалымдарынан болып, 733 [м.1333] жылы Шамда қайтыс болды.]

Көрініп тұрғанындай, хужрә-и саадаттың рауда-и мутаһһара бұрышы мен құбыла бұрышы арасына келіп, мүбәрәк басын сол жағына алу керек. Екі метр қашықтықта тұру қажет. Кейін ақырындап хужрә-и саадатқа қарай бұрылып, құбыланы артта қалдыру керек. Кейін салауат пен сәлем беріп, дұға ету қажет. Имам Шафии және басқа имамдар (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин) осылай ижтиһад еткен. Қазір де осылай зиярат етілуде.

[Әбулләйс Наср Самарқанди 373 [м.983] жылы қайтыс болды.]

Расулуллаһтың мүбәрәк жұбайларының (радиаллаһу та'ала анһунна) бөлмелері Мәсжиди саадатқа қосылмай тұрғанда хужрә-и саадаттың құбыла жағында жер өте аз еді. Мууажәһә-и саадатқа қарап тұру қиын еді. Зияратшылар хужрә-и саадаттың рауда-и мутаһһара қабырғасындағы есігінің алдында құбылаға қарап тұрып, сәлем беретін еді. Кейіннен Имам Зәйнәл Абидин (рахимә-һуллаһу та'ала) рауда-и мутаһһараны артына алып сәлем беретін еді. Мүбәрәк жұбайларының бөлмелері мешітке қосылғаннан кейін «Мууажәһә-и шәрифа» терезесінің алдында тұрып зиярат етіле бастады.

Дін имамдары Мәдинада қалып, зияратшыларға көптеген әдеп пен шарттар үйреткен. Бұл шарттар мен әдептер фиқһ және мәнасик кітаптарында жазулы. «Мират-ул-Харамайн» кітабының авторы Әйюб Сабри пашаның (рахимә-һуллаһу та'ала) «Тәкмилә-тул-мәнасик» кітабында бәрі жазылған.

Ислам дінінде ең алғаш жасалған кесене – Расулуллаһ жерленген «Хужрә-и муаттара». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өте қатты жақсы көрген жұбайы Айша (радиаллаһу анһа) анамыздың бөлмесінде хижреттің он бірінші 11 [м.632] жылы Рабиул әууәл айының он екінші дүйсенбі күні, түстен кейін қайтыс болды. Сәрсенбі түні осы бөлмеге жерленді.

Айша (радиаллаһу анһа) хазреттерінің бөлмесі үш метр биіктікте кірпіш пен құрма бұтақтарынан жасалған еді. Бірі батыс, бірі солтүстік тараптарында екі есігі бар еді. Батыстағы есігі рауда-и мутаһһара тарапында. Хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) халифа кезінде он жетінші жылы мәсжиди саадатты кеңейткенінде хужрә-и саадаттың айналасын тастан аласа қабырғамен қоршады. Абдуллаһ бин Зубәйр (радиаллаһу та'ала анһ) халифа кезінде бұл қабырғаны құлатып, қара таспен жаңадан берік қылып жасатты. Бұл қабырғаның үсті ашық болып, солтүстік жағында есігі бар еді. Абдуллаһ бин Зубәйр 73 [м.692] жылы шәһид етілді. Хазреті Хасан (радиаллаһу та'ала анһ) қырық тоғызыншы жылы қайтыс болғанда өсиеті бойынша хазреті Хусейн бауырының (радиаллаһу анһума) мәйітін хужрә-и саадаттың алдына әкеліп, дұға және истиғаса ететін кезде оның осында жерленетінін ойлап ішке кіргізуді қаламайтындар шықты. Жанжалдың алдын алу үшін ішке кіргізбей, Бақи мазарына жерленді. Келешекте осындай жағдайлар орын алмасын деп қабырғаның және бөлменің есігі қабырғамен жабылды.

Әмәуи халифаларының алтыншысы Уәлид (рахимә-һуллаһу та'ала) Мәдина әкімі болған кезінде қабырғаны көтерді және үстін кішкентай күмбезбен жапты. Үш қабір сырттан көрінбейтін және ішке кіре алмайтындай болды.

Омар бин Абдулазиз (рахметуллаһи алейһ) Мәдина әкімі болған кезінде 88 [м.707] жылы халифа Уәлидтің бұйрығымен зәужат-и тахираттың (радиаллаһу та'ала анһунна) бөлмелерін құлатып, мәсжиди саадатты кеңейткенде айналасына екінші қабырға соқтырды. Бұл қабырға бес бұрышты еді, мүлдем есіктері жоқ еді.

Иракта Зенгилер (Зангидтар) басқарған Атабектер мемлекетінің уәзірі, яғни премьер-министрі және Салахуддин Әйюбидің көкесінің баласы Жамаладдин Исфахани (рахимә-һуллаһу та'ала) 584 [м.1189] жылы хужрә-и саадаттың сыртқы қабырғасының айналасына сандал және эбен ағаштарынан шарбақ жасатты. Шарбақ мешіттің төбесіне дейін биік еді. Бірақ бірінші өртте жанып кетті. Алты жүз сексен сегіз (688 [м.1289]) жылы темірден жасалып, жасылға боялды. Бұл шарбақ «Шәбәкә-и саадат» деп аталады. Шәбәкә-и саадаттың құбыла тарапы «Мууажәһә-и саадат», шығыс жағы «Қадем-и саадат», батыс жағы «Рауда-и мутаһһара» және солтүстік жағы «Хужрә-и Фатима» деп аталады. Мекке қаласы Мәдина қаласының оңтүстігінде орналасқандықтан, мәсжиди нәбидің ортасында, яғни рауда-и мутаһһарада құбылаға қараған адамның сол жағында хужрә-и саадат, оң жағында минбер-и шәриф болады.

232 [м.847] жылы шәбәкә-и саадат тұрған жер мен сыртқы қабырғаның арасына және осы жердің сыртына мәрмәр төселді. Мәрмәр уақыт өте ауысып тұрды. Соңғы рет сұлтан Абдулмәжид хан (рахимә-һуллаһу та'ала) төсетті.

Хужрә-и саадаттың бес бұрышты қабырғасы жасалған кезде үстіне кішкентай күмбез де жасалған болатын. Бұл күмбез «Қуббә-тун-нур» деп аталады. Османлы патшалары (рахимә-һумуллаһу та'ала) жіберген «Кисвә-и шәрифа» осы күмбездің үстіне жабылды. Қуббә-тун-нурдың үстіндегі мәсжиди саадаттың үлкен жасыл күмбезіне «Қуббә-тул-хадра» делінеді. Шәбәкә-и саадат деп аталатын шарбақтың сыртына жабылған кисвә (жапқыш) қуббә-и хадра астындағы белбеулермен асылатын еді. Осы ішкі және сыртқы перделер «Саттара» деп аталады. Шәбәкә-и саадаттың шығыс, батыс, солтүстік тараптарында бір-бірден есіктері бар. Шәбәкә-и саадат ішіне харам-и шәриф ағаларынан басқа ешкім кіре алмайды. Ал қабырғалардың ішіне мүлдем ешкім кіре алмайды. Өйткені есіктері мен терезелері жоқ. Тек күмбез ортасында кішкентай тесік бар, ол темір тормен жабылған. Осы тесіктің тұсында қуббә-и хадраға да бір тесік ашылған. Мәсжиди шәриф күмбезі 1253 [м.1837] жылға дейін сұр түсті болатын. Сұлтан Махмұд Адли ханның (рахметуллаһи алейһ) бұйрығымен жасылға боялды. 1289 [м.1872] жылы сұлтан Абдулазиз ханның (рахметуллаһи алейһ) бұйрығымен қайтадан боялды.

[Салахуддин Әйюби 589 [м.1193] жылы Шамда қайтыс болды.]

Мәсжиди саадатты жөндеу жұмыстарына сұлтан Абдулмәжид хан (рахимә-һуллаһу та'ала) сияқты көп ақша жұмсаған және көп күш салған ешкім болмады. Харамайнды жөндеу жұмыстарынан өткізуге жеті жүз мың алтын жұмсаған. Жөндеу жұмыстары 1277 [м.1861] жылы аяқталды. Күнде Расулуллаһқа қызмет ететін. Осы жолда кәшф пен кереметтері де байқалған. Сұлтан Абдулмәжид хан мәсжиди нәбәуидің ескі күйін Стамбұлда Хырқа-и шәриф мешітінде сақтауды бұйырған. Ол үшін 1267 жылы инженерия мектебінің ұстаздарынан мыңбасы (майор), сәулетші, қажы Иззет мырза (рахимә-һуллаһу та'ала) Мәдинаға жіберілді. Иззет мырза барлық жерді өлшеп, елу үш есе кішірейтілген үлгісін жасап Стамбұлға жолдады. Сұлтан Абдулмәжид хан соқтырған «Хырқа-и шәриф» мешітіне қойылды.

Абдулмәжид ханның жөндеу жұмыстарынан кейін құбыла қабырғасы мен шәбәкә-и саадат арасы жеті жарым метр, шығыс қабырғасынан қадем-и саадат шарбағына дейін алты метр, шәбәкә-и Шами ұзындығы он бір метр, мууажәһә-и шәрифа шарбағының ұзындығы он үш метр, мууәжәһә-и шәрифа шарбағы мен шәбәкә-и Шами арасындағы қашықтық он тоғыз метр болды. Мәсжид-и нәбәуидің құбыла жағында ұзындығы жетпіс жеті метр, құбыла қабырғасынан Шами қабырғасына дейін ұзындығы жүз он жеті метр. Хужрә-и саадат пен минбәр-и шәриф арасы болған «Рауда-и мутаһһара» ұзындығы он тоғыз метр. Бұл өлшемдер бір Мәдиналық зра – қырық екі сантиметр деген өлшем бойынша есептелген. Ал Ханафи фиқһ кітаптарындағы шариғи зра (өлшем бірлігі) қырық сегіз сантиметрге тең.

Сауд ұлдарынан Абдулазиз Османлылардың Харамайн-и шәрифайнға жасаған қызметтерін жасыру, Османлылардың әсем, құнды жұмыстарын жою үшін 1368 [м.1949] жылы бұйрық беріп, Мәсжид-и нәбәуиді жаңадан жөндеу жұмыстарынан өткізуді бастады. 1370 жылы бастап, 1375 жылы аяқтады. Толық алаңы 11678 шаршыметр болды. Бұдан бұрын 9000 шаршыметр болатын. Шығыс пен батыс қабырғаларының ұзындығы 128 метр, солтүстік қабырғасының ұзындығы 91 метр болды. Аркалар ішінде 232 тірек бар. Жаңадан жасалған екі мұнараның әрқайсысы 70 метр биіктікте. Меккедегі Мәсжид-ул-харам 1375 [м.1955] жылы кеңейтілді. 29127 шаршыметр бола тұра, 160168 шаршыметр болды. 7 мұнарасы 90 метр биіктікте. Сафа мен Мәруа төбешіктерінің үсті де жабылып, Мәсжид-ул-хараммен біріктірілді. Көптеген жерлердің атын ауыстырып, өз атауларын қойды.

[Абдулазиз хан 1293 [м.1876] жылы шәһид етілді.]

Мәдинадағы жалғыз «Бақи» мазарына алғаш рет Осман бин Мазун (радиаллаһу анһ) жерленді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы сүт бауырының қабіріне мүбәрәк қолымен үлкен тас қойды. Қабір тасын қою сүннет екендігі осыдан аңғарылуда.

Мәдинадағы кесенелерді мазһабсыздар құлатқан болатын. Екінші сұлтан Махмұд хан бәрін жаңадан жасатты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін британдықтар бұл жерді Османлылардан алып, Абдулазизге берді. Ол қайтадан бәрін құлатты. Мүбәрәк ғимараттарды, тіпті зәмзәм құдығының үстінде бірінші Абдулхамид хан (рахимә-һуллаһу та'ала) жасатқан өнер туындысы ғимаратты да құлатты. Расулуллаһ дүниеге келген мүбәрәк үйді де құлатты. Орнын базар қылды.

Хужрә-и саадаттан кейін алғаш жасалған кесенелер Бақи мазарында, Расулуллаһтың жұбайларының қабірлерінің үстіне жасалған күмбез. Зейнеп бинти Жахш (радиаллаһу анһа) анамыз өте ыстық күні қайтыс болған еді. Хазреті Омар қабір қазылып жатқанда жамағатты күннен қорғау үшін қабірдің үстіне шатыр құрғызды. Шатыр ұзақ уақыт бойы қабірдің үстінде қалды. Одан кейін қабірлердің үстіне шатыр, бастырма, уақыт өте кесенелер жасалды. Ислам дінінде алғашқы табыт Зейнеп анамызға жасалған. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) жаназаға махрамдарынан (жақын туыстарынан) басқаларына баруға рұқсат бермеді, сахабалар бұған мұңайды. Әсма бинти Умәйс «Хабашта табыт көрдім. Мәйітті жауып тұрады» деді. Оның айтқанындай табыт жасалып, барлық сахабалармен бірге барып жерледі.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әр жылы Ухуд шәһидтерін зиярат ететін еді. «Хуррә-и Уақум» деп аталатын жерде тұрып, шәһидтерге сәлем беретін. Хижреттің сегізінші жылы зияратқа барғанында әрқайсысына жеке-жеке сәлем берді. «Олар шәһидтер. Зиярат етушілерін таниды. Сәлем бергенде естиді де, жауап береді» деді. Фатима-туз-Зәхра (радиаллаһу анһа) анамыз да хазреті Хамзаның (радиаллаһу та'ала анһ) қабірін екі күн сайын зиярат етіп, орны жоғалып кетпесін деп белгі қоятын еді. Әр жұма түні барып, ұзақ намаз оқып, көп жылайтын.

Имам Бәйһақи (рахимә-һуллаһу та'ала) жеткізді. Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу та'ала анһума) айтып берген: «Жұма күні күн шықпай тұрып әкем хазреті Омармен бірге шәһидтерді зиярат етуге бардық. Әкем бәріне сәлем берді. Сәлеміне жауап бергендерін естідік. Менен «Сен жауап бердің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ, шәһидтер жауап берді» деп жауаптадым. Мені оң жағына өткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем берді. Әр қабірден үш реттен жауап естідік. Әкем дереу сәждеге жығылды. Аллаһу та'алаға шүкір етті.» Хазреті Хамза мен жиені (қыз бауырының ұлы) Абдуллаһ бин Жахш және Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһум әжмаин) бір қабірде. Жетпіс шәһидтің басқалары екі-үштен бір қабірде. Бірнешеуі Бақи мазарында. [Бұл шәһидтердің барлығының есімдері «Мират-и Мәдина» кітабында жазулы.]

[Махмұд хан 1255 [м.1839] жылы қайтыс болды.]

[Бәйһақи Ахмед 458 [м.1066] жылы Нишапурда қайтыс болды.]