7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Мәулана Халид Бағдади

Мәулана Халид Бағдади хазреттері Ирак пен Шамда жетіліп шыққан үлкен әулие. Силсилә-и алийаның жиырма тоғызыншысы. Өз ғасырының мүжәддиді (жаңартушысы) еді. Әкесі хазреті Османның, ал анасы хазреті Әлидің ұрпағынан. Қабірі Шамның солтүстігінде Қасиюн тауы (Жәбәл Қасиюн) етегіндегі мазардағы кесенесінде.

Өте зерек, есте сақтау қабілеті қуатты, ерік-жігері мықты және өте еңбекқор еді. Өз заманының үлкен ғалымдарынан білім алып, ижазат алды. Үйренген білімдерінің барлығында дін мен ғылым адамдарына ұстаз болатындай дәрежеде үстем білімге ие болды. Дін мен ғылымда үстемдігі және білімі себебімен заманының барлық ғалымдары мен әулиелерінің мақтауына қолжеткізді. Қай білімнен және қай ғылымнан не сұралса да, дереу жауап беретін. Зеректігі мен біліміне бәрі таңқалатын. 21 жасында ғұламаларға ұстаз болып, 7 жыл дәріс оқытты. Ғалымдар арасында сөзі дәлел еді.

Хижазға барып, Мәдинаға жеткенде пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) деген ғашықтығын парсы тілінде жеткізген Қасида-и Мухаммадиясын жазды. Мәдинада Йемендік бір үстем кісіні кезіктірді. Одан насихат сұрады. Ол кісі: «Ей, Халид, Меккеге барғанда әдепке қайшы бір нәрсе көрсең, дереу қарсы шықпа» деді. Ол Меккеде бір жұма күні қағбаға қарсы отырып, Дәлаил-и Хайратты оқып отырғанында біреудің қағбаға теріс отырып, оған қарап отырғанын байқады. «Қарашы мынаған, қағбаға артымен теріс отырып, әдепті ұстанбайды екен» деп ойлағанында, ол адам: «Мүминге құрмет қағбаға құрметтен бұрын тұрады. Осы себептен саған бет бұрып отырмын. Саған айтылған насихатты қалай тез ұмыттың» деді. Одан кешірім сұрап: «Мені шәкірт ретінде қабыл етіңізші» деп жалбарынды. Сонда әлгі адам: «Сен бұл жерде жетіле алмайсың, сенің жұмысың Үндістанда бітеді» деді. Осы айтылған кісінің ұстазы Абдуллаһ Деһлеуи екендігі риуаят етілген.

Бір күні Үндістаннан Абдуллаһ Деһлеуи хазреттерінің шәкірттерінен Мырза Абдуррахим алдынан шыға келді. Ұстазының «Мәулана Халидке сәлемімізді айт, осында келсін!» деп бұйырғанын айтты. Екеуі бірге Үндістанға барды. Абдуллаһ Деһлеуи хазреттері тұратын қалаға келудің қуанышымен қолындағы заттардың бәрін кедейлерге таратты. Үндістанның ең үлкен әулиесі және үлкен Ислам ғалымы Шах Абдуллаһ Деһлеуиге қауышты.

Абдуллаһ Деһлеуи оған нәпсін тәрбиелеу үшін медресені тазалау жұмысын тапсырды. Ол ғалым болуына қарамастан мүлдем қарсылық білдірмеді. Біраз уақыт осы міндетін атқарып жүргенде ұстазымен кездесті. Оның иықтарынан Аршқа қарай үлкен нұрдың көтерілгеніне және періштелердің оған таңырқап қарап тұрғанына куә болды. Ұстазы оның тасаууфта үлкен дәрежеге жеткенін көргеннен кейін үнемі қасында жүруін бұйырды. Ол Абдуллаһ Деһлеуидің көңіліндегі барлық сырларға және рухани үстемдіктерге қауышты.

Абдуллаһ Деһлеуи хазреттері «Ей, Халид, енді өз еліңе және Бағдатқа бар! Сол жақтағы адамдарды Аллаһу та'алаға қауыштыр» деді. Ол барып адам жетілдіруді бастады. Бағдат әкімі Саид Паша оны зиярат етіп барды. Көптеген ғалымдардың үнсіз, бастарын иіп, қызметші сияқты әдеппен алдында отырғанын көрді. Оның айбаттылығын көргенде өзі де тізе бүгіп отырып дірілдей бастады. Жәлал халі кеткенде Саид Пашаның дірілдеуі де басылды. Кейіннен әкімді шәкірт қылып қабылдады.

Ғұламалардан Шайх Әли Сувәйди – хадис ғалымы еді. Хадис шәриф дәлелдерінде білімі өте жоғары еді. Сынап көру мақсатымен Мәулана Халид хазреттеріне барды. Кутуб-и Ситтада жазылған хадистерден үшеуін дәлелдерін әдейі қате оқып, сынап көрмекші болды. Сонда ол бұл хадистердің шын дәлелдерін сахих қылып оқығанда дереу қолдарына жабысып, ойына келген сынап көру пиғылына тәубе етіп кешірім сұрады. Барлық жерде «Мәулана Халид захир және батын білімдерінде шексіз теңіз, ал біз бір тамшымыз» деп айтып жүретін.

Мәулана Халид Бағдади хазреттерінің көптеген кереметтері байқалған. Бағдатта тұрған кезінде Қажы Махмұд есімді шәкірті бар еді. Бұл кісі қарызға кіріп кетті. Бір күні: «Ұстазым, қарызымның көптігінен көшеге шығуға бетім жоқ» деді. Сонда Мәулана Халид хазреттері: «Бір ай сабыр ет» деді. Мұны естіген шәкірті: «Ұстазым, бір ай шыдауға сабырым қалмады» деп екі рет қайталады. Мәулана Халид хазреттері: «Олай болса, мына алашаны көтер, астынан қалағаныңша ал» деді. Махмұд алашаны көтеріп, астында бір алтын көрді. Алтынды алып еді, басқа бір алтын көрді және осылайша әр алғанында орнында басқа алтын шыққанын көрді. Қарызын өтегенге дейін осылай алып жалғастырды.

Сүлейманияның кейбір атақты ғалымдары Мәулана Халид хазреттерін ақли және нақли білімдердің ең қиын және ең нәзік мәселелерімен сынады. Шамалары жетпей шарасыз қалып, Ирактың барлық тұрғыдан ең үлкен ғалымы және хужжәт-ул-ислам атанған Шайх Яхия Мазури Имадиге хат жазып: «Сүлеймания ғалымдары тарапынан дін және дүние білімдерінің ғұламасы, мұсылмандардың құжаты, мырзамыз, ұстазымыз Яхия Мазури Имади хазреттерінен өтінеміз. Қаламызда Халид есімді бір кісі шықты. Үндістанға барып қайтқаннан кейін уилаят-кубра және адамдарды жетілдіру ұстанымында. Бұл кісі діни білімдерді үйренгеннен кейін тәрк етті. Қате жолға түсті. Біз оны білімде жеңе алмадық. Біздің үлкеніміз сізсіз! Осы жаққа келіп, қателігін көрсетіп және зиянын тоқтатып, оны жеңуіңіз сізге уәжіп. Егер сіз келмесеңіз, сол пікірлері барлық адамдарға және басқа қалаларға таралады» деді.

Бұл хат Шайх Яхияға жеткенде бірнеше шәкірттерімен бірге Сүлеймания тарапына жолға шықты. Қалаға жақындағанда барлық ғалымдар қарсы алуға шығып, әрқайсысы оны өз үйіне шақырды, дегенмен ол қабылдамай: «Дәл қазір сол кісімен көрісуім керек» деп Халид Бағдади хазреттерінің үйіне барды.

Шайх үйге кіргенде Мәулана Халид хазреттері оны есік алдынан қарсы алды да, қасына отырғызды. Шайх Яхияның ойында бірнеше нәзік және қиын мәселелер бар еді. Соларды сұрап сынамақшы еді. Халид Бағдади хазреттері шайхқа қарап: «Діни білімдерде өте қиын мәселелер бар. Мысалы, бірі мынадай, оның жауабы мынадай, екіншісі мынадай, жауабы мынадай» деп шайхтың ойындағы барлық сұрақтарды жауаптарымен айтып берді. Шайх Яхия мән-жайды түсінді. Тәубе етіп, оның шәкірті болды.

Шәкірттерінен Ибн Абидин хазреттері: «Кеше түсімде хазреті Османның қайтыс болғанын көрдім. Адам өте көп болды. Жаназа намазын мен оқыдым» деп түсін айтып берді. Сонда Мәулана Халид хазреттері: «Жақында мен қайтыс боламын. Сен көп халықпен жаназамды оқисың, өйткені мен хазреті Османның ұрпағымын» деді. Ибн Абидин мұны естіп қайғырып қалды. Көп ұзамай Мәулана Халид хазреттері қайтыс болды. Жаназа намазын Ханафи мазһабының үлкен фиқһ ғалымы Сәйид Ибн Абидин хазреттері оқыды.

Шәкірті және халифасы (орынбасары) Сәйид Таха Хаққари хазреттерін қатты жақсы көретін және оған көп дұға ететін еді.

Мәулана Халид хазреттерінің даналық сөздерінен:

«Нәфси аммарадан құтылудың белгісі – адамдардың мақтауы мен айыптауын тең көру. Адамдардың сыйлағанына қуанып, мән бермеуіне мұңаю – аңқаулық және ақылсыздық саналады.»