8 - Шәууал, 1445 жыл.
     17 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Қажылық / Қарызы бар кісінің қажылыққа баруы

Қарызы бар кісінің қажылыққа баруы

Сұрақ: Біз қарызы көп жанұямыз. Қарыздарымызды өтеместен умраға немесе қажылыққа баруымыз дұрыс па?

Жауап: Қарыздарыңызды өтеместен қажылыққа, умраға және басқа жерлерге баруыңыз дұрыс болмайды. Бірақ сонда да барғандар, пайда көрудің орнына зиян көреді, яғни шаш аламын деп бас алады, өзінің бұдан хабары да болмайды. Өйткені дініміздің бұйырғанын емес, өз қалауын ойлаған, нәпсі мен шайтанның жасырын айласына түскен болып саналады. Құл (кісі) ақысы Аллаһ ақысынан бұрын тұрады. Аллаһу та'ала осылай қалаған. Құл (кісі) ақыларын, қарыздарды иесіне өтемегенше жәннатқа кіру мүмкін емес. Сырат көпіріндегі жетінші және соңғы сұрақ – құл (кісі) ақысы. Бүкіл пайғамбарлар бәрі күнәсіз болса да, осыдан қорқады. Пайғамбарлардың күнәсіз бола тұра қорққан жерінде біздің батылдығымыздың себебі не? Сондықтан қажылық және т.б. нәрселерге жиналған, дайындалған ақша әуелі қарыздардан құтылуға жұмсалуы қажет. Қамқорлыққа, фәйзге қауышқысы келген, пайдаланғысы келген кісі діннің бұйрықтарына бағынуы керек.

Хадис шәрифте: «Ең жақсыларың – қарызын бір сәтке болса да ертерек өтегендерің» делінген. Кімде-кім мал-мүлкі бола тұра қарызын қайтаруды бір сағатқа кешіктірсе, залым болады. Намаз оқығанда да, ораза ұстағанда да, ұйқыда да, яғни әр сәтте лағнет астында болады. Қарызды қайтармау сондай бір күнә, тіпті ұйықтап жатқанда да тоқтамай жазыла береді. Мал-мүлкінің бар болуы ақшасының бар болуы деген сөз емес. Сата алатын бір нәрсесі бар болып, соны сатпаса, күнә істеген болады. Ғалымдар да «Қарызы бар адам қарызын қайтармағанша майлы және сірке су қосылған тағамдар жемеуі керек» деген. Яғни қарыздың жауапкершілігі, ауыртпалығы себебінен тіпті тамақ жеуді ойламау, ішіп-жеудің өзінде үнемдеп, бір сәтке болса да қарызынан құтылуы керек. Анда-мұнда ақшасын шашуы қайда қалды! (С.Әбәдия)

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра қарызын қайтармай кешіктірсе, (қарызын қайтарғанға дейін) күнде амал дәптеріне зұлымдық жасау күнәсі жазылады.» (Табарани)

«Байдың (қайтаруға мүмкіндігі бола тұра) қарызын қайтармай, алдап уақыт созуы – зұлымдық.» (Бұхари)

«Қарызы бар кезде берілген садақа қабыл болмайды.» (Бұхари)

«Қиналып тұрған адамның қиыншылығын шешіп берген немесе сондай адамның қарызын өтеп берген кісіні Аллаһу та'ала қиямет күнінің қорқынышы, үрейі және қиыншылықтарынан құтқарады.» (Мүслим)

«Аллаһ дәргейінде ең құнды амал – мүминнің қиыншылығына көмектесу, қарызын өтеп беру жолымен оны қуанту.» (Табарани, Бәйһақи)