2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Дәрет алуды сендерден үйрендім

Дәрет алуды сендерден үйрендім

Сауатсыз, ақымақ, діни білімі болмағандар қажетсіз ашулануды, ерегісуді, шу көтеруді «ерлік», «намысшылдық» дейді. Ашушаңдық деген жаман мінездерін жақсы қылып көрсетуге тырысады. Ашуланудың, жынданудың жақсы екендігін айтады. Бұлай ойлау сауатсыздыққа жатады. Бұл дінді білмеу деген сөз. Ашуланумен, айқай-шу көтерумен, дөрекілікпен ешкім нәтиже көре алмайды.

Ашулану, жындану рухты қинауымен қатар, денеге де зиянын тигізеді. Сондықтан дініміз ашуланбауды, жынданбауды әмір еткен. Хадис шәрифте:

«Ашуланған адам тұрған болса, отырсын. Ашуы басылмаса, онда жатсын!» делінген. Тұрған адамның өшін алуы оңай. Отырғанда бұл мүмкіндік азаяды. Жатқан кезде тағы азаяды. Ашушаңдық тәкәппарлықтан туындайды. Жату тәкәппарлықтың азаюына себеп болады. Ашуланған кезде «Аллаһуммағфирли зәнби уә әзһиб ғайза қалби уә әжирни минәшшайтан» дұғасын оқу хадис шәрифте әмір етілген, мағынасы: «Йа, Раббым! Күнәмді кешір. Мені бойымдағы ашушаңдықтан және шайтанның уәсуәсасынан құтқар!»

Ашушаң адаммен жылы мәміледе бола алмайтын кісі оның қасынан кетіп қалуы, онымен кездеспеуі керек.

Хазреті Хасан мен хазреті Хусейн бір күні шөл далада кетіп бара жатқан еді. Бір қарт кісіге кезігіп, оның дәрет алып жатқанын көрді. Бірақ ол кісі дәретін дұрыс алмай, шарттарын орындамаған еді. Жасы үлкен, қария болғандықтан «Дәретіңіз дұрыс емес» деп те айта алмады. Сөйтіп қасына барып, сәлемдескеннен кейін:

- Құрметті ақсақал! Біз дәретті жақсылап алуда бір-бірімізбен жарысып қалдық. Біз дәрет алайық, ал сіз бізге қайбіріміздің дәреті дұрыс екенін айтасыз ба? – деді.

Алдымен хазреті Хасан, кейін хазреті Хусейн жақсылап дәрет алды. Қария мұқият қарап тұрды. Кейін оларға:

- Балаларым! Дұрыстап дәрет алуды қазір сендерден үйрендім, – деді.

Ибраһим алейһиссалам екі жүз мәжусиге (отқа табынушыларға) дастархан жайып ас берді. Астан кейін мәжусилер разы болып «Бізден не сұрасаңыз да, істейік» деді. Сонда Ибраһим алейһиссалам:

- Сендерден бір ғана тілегім бар, менің Раббыма бір рет сәжде етулеріңді сұраймын, – деді.

Қонақтар өзара ақылдасып:

- Бұл кісінің жомарттығын, сый-сияпатын бәріміз білеміз. Олардан мақрұм қалмайық. Оны ренжітпей, өтінішін орындап, бір сәжде жасайық, кейін қайтадан өз сенімізді жалғастыра береміз. Еш зияны тимес, – десті. Сөйтіп бәрі сәждеге жығылды. Олар сәждеде жатқанда Ибраһим алейһиссалам:

«Йа, Раббым! Шамам жеткені осы! Оларға бұдан артығын жасату қолымнан келмейді. Оларды хидаятқа, бақыт жолына түсіру тек қана сенің құдіретіңде. Оларға иман нәсіп ете гөр!» – деп дұға етті.

Дұғасы қабыл болып, бәрі иман келтірді.

Иә, адамдарға пайдалы болу тек қана дөрекіліктен, ашушаңдықтан ұзақ болып, жұмсақтықпен, жылы сөзбен, күлімдеумен жүзеге асады.