24 - Зүл-хиджа, 1440 жыл.
     25 - Тамыз, 2019 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / «Сүйікті құлдарыңа қайырлы мал-мүлік бер, йа, Раббым!»

«Сүйікті құлдарыңа қайырлы мал-мүлік бер, йа, Раббым!»

Ислам діні басынан соңына дейін жақсылық жасау, дін бауырына пайдалы болу діні. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Адамдардың қайырлысы – адамдарға пайдалы болғаны. Адамдардың жаманы – одан бәрі қорқатын кісі.»

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағы былай деген: «Мен бұл дүниеде екі адамға әуестенемін, сүйсініп қараймын. Біріншісі, білім иесі. Сауатсыздықпен күреседі. Екіншісі, өте бай, кедейлікпен күреседі және көп пайдалы қызметтер жасайды.»

Дұға еткенде барлық нәрсенің қайырлысын сұрау керек. Бір нәрсені сұрағанда «міндетті түрде орындалсын» деп сұрау дұрыс емес. Бұл өте қауіпті және өте нашар қасиет. Пайғамбарымыз: «Йа, Раббым! Сүйікті құлдарыңа қайырлы мал-мүлік бер, ал жақсы көрмегендеріңе көп мал-мүлік бер» деп дұға еткен.

Адамның басына бәле-жала қолын ашпаудан, алғанын бермеуден келеді. Қолын ашып, садақа, зекет берсе, құтылады. Жомарт болу әрі маңызды, әрі өте қиын. Сондықтан да жомарттық өте құнды қасиет. Әһли хикмет ғұламаларының бірі сұхбатында мынадай ғибратты оқиға айтып берген:

Өте бай адам болған екен. Бір күні кешке өте кедей, ешкімі жоқ бір кісі байдың есік алдына келіп «Қанша күннен бері ештеңе жемедім, қарным аш, маған бір үзім нан беріңізші» деп сұрады. Байдың өте сараң болғаны соншалық, оған қатты ашуланып, ұрсып, қорлық сөздер айтты. Бұл да жетпегендей, есікті қатты жауып, итеріп жіберді. Кедей не болғанын түсінбей, сасып қалды. «Мен саған не істедім, бермесең берме, бірақ маған неге ұрстың, мені неге қорладың?!» деді.

Бұл жағдай кедейді қатты ренжітті. Бір шетке отырып, өкіріп жылай бастады. Дәл сол кезде бір соқыр кісі сол жолдан өтіп бара жатып, жылап отырған адамды естіп қалды. Қасына жақындап, «Неге жылап отырсың, не болып қалды?» деп сұрады. Кедей «Ішім күйіп жатыр, өте қатты ренжідім. Мына қарсыдағы үйге барып, қарным аш деп едім, ұрсып, қорлады, айтпаған сөзі қалмады, ештеңе берген де жоқ. Бермесе бермесін, бірақ айтқан сөздері қатты ренжітті...» деп жағдайды айтып берді.

Соқыр кісі «Менімен жүр, жақын жерде лашығым бар, сонда барайық, Аллаһ не берсе, бірге жейміз» деді. Екеуі үйге келіп, бірге тамақтанып, қарындарын тойдырды. Соқыр оған «Бұл жерде жататын жер де бар, сен менің қонағымсың» деп сый-сияпат көрсетті.

Кедей соқыр кісінің қонақжайлығына, кең пейілділігіне қатты әсерленді. Жүрегі елжіреп тұрған сол сәтте қолын жайып ішінен: «Йа, Раббым! Соқыр кедей құлың маған осы ниғметтерді берді, жақсылық жасады. Бұл құлың маған есігін ашып, дастарханын жайып қуантқанындай, сен де оның көзін ашып қуанта гөр!» деп дұға етті. Сол сәтте соқырдың көзі ашылды...

 Ғұламаларымыз қандай жақсы айтқан: «Сұрағанның қолын бос қайтарма. Қажеттілігі болмай сұраса, күнәсі өзіне. Оны сұраған адам ойласын!»