12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Айт күндері мүминдердің бірігуіне себепші

Айт күндері мүминдердің бірігуіне себепші

Ата-бабаларымыз «Санаулы күндер тез өтер» деген екен... Әлхамдулиллаһ, оразамызды ұстадық, енді айт күндерін өткізіп жатырмыз.

Дінімізде айт күндерінің маңызы өте жоғары. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ораза айттың және Құрбан айттың түндерін ғибадатпен өткізген адамдардың жүректері жүректер өлетін күні өлмейді.» (Ибн Мажа, Табарани)

«Мейірім есіктері төрт түні ашылады. Ол түндерде жасалған дұға, тәубе зая кетпейді. Ораза айттың және Құрбан айттың бірінші түндері, Бәрат түні және Арапа түні.» (Исфәхани)

«Мына бес түнде жасалған дұға зая болмайды: Рағаиб түні, Бәрат түні, Жұма түні, Ораза айты мен Құрбан айт түндері.» (Ибн Асакир)

Айт күндері мұсылмандардыің бірігуі, араласуы, достықтарының жаңаруы, реніштердің кетуі, бірлік пен ынтымақтың күшеюі үшін тамаша себепші. Сондықтан, айт күндерінде ата-ананы, туған-туысқандарды, дос-жаранды зиярат етіп, айттарымен құттықтау керек.

Қайтыс болған жақындарымыздың қабірлерін де зиярат етіп, оларды да қуанту қажет. Әсіресе ата-анамыздың разылығын, дұғасын алуға аса мән берген жөн. Олар қайтыс болса, артынан дұға етуді үзбеу керек. Олардың достарын, туыстарын зиярат етіп, міндетті атқару қажет.

Балаларды қуанту өте маңызды. Жетім, ешкімі жоқ балаларды іздеп тауып, айттың қуанышынан мақрұм қалдырмау керек.

 

Әділеттілігімен аты шыққан хазреті Омардың халифалық дәуірі еді. Айт күні келді. Бәрі бала-шағасына жаңа киімдер алған, ал хазреті Омардың баласының киімі ескі еді. Айт күні балалар киімі ескі болған халифаның баласын мазақтай бастады. Бала жылап әкесіне жүгіріп келді.

Халифа баласына жаны ашып қарады. Бәйт-ул-малдың (қазынаның) меңгерушісін шақырды. Баласының жылауының себебін айтып беріп, келесі айлықтан біраз ақша беруін сұрады. Қазына меңгерушісі:

- Йа, Әмир-ул-мүминин (мүминдердің әмірі), келесі айдың айлығынан менен ақша сұрайтындай ол айда өмір сүретініңізге сенімдісіз бе? – деп сұрады. Хазреті Омар:

- Мұны Аллаһу та'аладан басқа ешкім біле алмайды.

- Ей, халифа! Тірі қалатыныңызды, келесі айда өмір сүретініңізді білмегеннен кейін қарыз алуыңыз сізге жараспайды, біздің де беруіміз орынсыз болады. Солай емес пе? – деді.

Хазреті Омар ойланып, тәфәккур етіп, айтқан сөзіне өкініп қалды. Осындай қызметкерінің барына Аллаһу та'алаға шүкір етті. Оған қайыр дұға етті.

Аллаһу та'ала сол сәтте баласының жүрегіне жұмсақтық берді. Әкесінің түскен қиын жағдайын түсініп, еш мұңаймастан қуанышпен достарына жүгіріп ойнап кетті.

Айтыңыз мүбәрәк болсын!