12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ахирет сұлтандығын таңдаған ханзада

Ахирет сұлтандығын таңдаған ханзада

Ибраһим бин Әдхамның әкесі Бәлх қаласының патшасы еді. Ал өзі ханзада болып, зәулім сарайда тұратын еді. Аң аулауды жақсы көретін. Билікке ие, қалағанын жейтін, қалаған киімін киетін, барлық бұйрықтары орындалатын еді.

Бір түні тағында отырып ұйықтап қалды. Бір дауыс естіп оянып кетті. Төбе шайқалып тұрды, шатырда біреу бар еді. «Шатырда кім бар?» деп сұрады. «Мен пәленшемін, түйемді жоғалтып алдым, іздеп жүрмін» деген жауап келді. «Ей, еріккен, түйені шатырда іздейсің бе?» дегенінде, әлгі адам «Ей алаңғасар! Сен де Аллаһу та'аланы алтын таққа отырып, сәнді киімдеріңді киіп іздеп жүрсің ғой! Бұл шатырда түйені іздеуден де оғаш емес пе?» деді.

Бір күні таңертең аң аулауға үйінен шықты, жолда бір нәрсе ұмытқанын есіне түсіріп, кері қайтты. Қызметші әйел оның жатын бөлмесінде төсегін жинаудан бұрын «Құс қауырсынынан жасалған мамық төсекте жату қалай болады екен?» деп қызығып, «Жатып көрейін, кейін жинаймын» деп ойлайды. Төсекке жатқан кезінде Ибраһим бин Әдхам ішке кіріп қалады. Қызметшісінің төсегінде жатқанын көріп қатты ашуланады. «Қалайша сен менің төсегіме жатасың, тәрбиесіз әйел!» деп ұрсып, ұра бастайды. Қызметші әйел таяқ жеген сайын күле береді. «Не күлесің?» деп сұрап еді, «Мен бір-екі минут мына төсекке жатып едім, осыншама таяқ жедім. Ал сіз әр түні осы төсекте ұйықтайсыз, сіздің басыңызға не келетінін кім білсін!» деп жауаптайды.

Ханзада осы екі оқиғаға және басқа да кейбір ескертпелерге қатты әсерленді. Жүрегі Аллаһу та'алаға деген ынтамен жана бастады. Сол сәтке дейін біліп-білмей істеген барлық күнәларына тәубе етті.

Сұлтандықты, ханзадалықты және барлық мал-мүлкін, билігін тастап, ахирет сұлтандығын көздеді. Бұл оңай іс емес. Бұған қызыққандар Ибраһим бин Әдхам хазреттерінен: «Нәпсіңізді қалай көндірдіңіз, қалайша осындай жанқиярлыққа бара алдыңыз?» деп сұрады. Оның берген жауабы:

«Үш нәрсенің себебімен осы жолды таңдадым.

Біріншісі, қаншалықты достарым, жора-жолдастарым көп болса да, қабірге жалғыз өзім кіремін. Қабірде жалғыздығымды кетіретін, маған қабірде дос болатын біреу керек еді, ал қабірде салих амалдан басқа ешкім дос бола алмайды!

Екіншісі, байқасам, жол өте ұзақ, бұл ұзақ сапарда азық керек. Оған осы дүниеде қолжеткізу мүмкін. Дүниені жақсы көру және дүниелікпен әуре болу бұл азықты адамға ұмыттырады, дүниеден бос қолмен шығуына себеп болады. Фәни, өткінші болғанды тастап, бақи, мәңгі болғанды алдым.

Үшіншісі, қиямет күні бізді есепке тартатын – тікелей Раббымыздың өзі. Ал Одан жасырын ештеңеміз бола алмайды. Осындай күнге және осындай есепке дайындалу әр адамға ең маңызды мәселе болып табылады.»