2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Нәпіл намаздар / Истихара намазы

Истихара намазы

Сұрақ: Истихара деген не? Истихара намазы қалай оқылады?

Жауап: Истихара дегеніміз бір істің қайырлы (дұрыс) болатынын немесе қайырлы болмайтынын түсіну үшін дәрет алып екі ракат намаз оқығаннан кейін дұғасын оқып осы іске байланысты түс көру үшін ұйқыға жату дегенді білдіреді.

Имам Ғазали хазреттері былай бұйырған:

Төрт нәрсені жасаған адам төрт нәрседен махрұм болмайды:

1- Шүкір еткен адам ниғметінің көбеюінен,

2- Тәубе еткен адам тәубесінің қабыл болуынан,

3- Истихара еткен адам жақсылықтан,

4- Истишара еткен (бір істе кеңесіп істеген) дұрысты табудан, ақиқатқа қауышудан махрұм болмайды.

Қандай да бір істі бастарда мәселен үйленерде, уй сатып аларда истихара жасау керек. Шарттарына сай жасалған болса истихараға мойынсұну керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Бақыттылық истихара намазын оқуменен жүзеге асады» (Хаким)

«Истихара жасау және тағдырына разылық ету адамның бақытты болатынының белгісі. Ал мұның терісі бақытсыз болатынының белгісі.» (Тирмизи)

«Истихара еткен адам махрұм қалмайды, истишара еткен адам өкінбейді. Үнемдеген адам тарлық көрмейді.» (Табарани)

Үйленуден бұрын бірнеше рет Истихара жасау керек, Хақ та’алаға сиыну керек. Нәпсінің және жаман адамдардың араға кірмеуі үшін жалбарыну керек. Салих сенімді адамдармен истишара еткеннен кейін (кеңескеннен кейін) истихара жасау керек.

Бір істі бастар кезде немесе бір нәрседен құтылғың келген кезде, екі ракат нәпіл намаз оқып, (төмендегі арапша дұғаны оқып) егер осы ісім (немесе мына адаммен үйленуім немесе мына үйді алуым) дүние және ақыретім үшін қайырлы болса мұны маған құтты ете гөр. Егер мен үшін қайырлы емес болса, оны менен ұзақ ет және қайырлы болғанын маған нәсіп ет. Мені тағдырыңа разы болғандардың қатарынан ете гөр. Йа Әрхамарахимин” деу керек.

Алдымен күнәларға тәубе ету керек. Тәубе үшін қысқаша “Йа Раббым, балиғат жасымнан қазірге дейінгі жасаған күнәларыма өкіндім. Бұдан кейін Иншаллаһ мүлдем күнә жасамауға ант етемін” деу керек. Кейін ғұсыл алу керек. Ғұсылдан кейін сол түні истихараға ниет еттім деп екі ракат нәпіл намаз оқып, бірінші рәкатта Субханака және Фатихадан кейін Кәфирун сүресін, екінші рәкатта Фатихадан кейін Ихлас сүресін оқу керек. Истихара намазын оқып біткен соң мына дұғаны оқу керек:

«Аллаһүммә инни әстәхирукә би-ъилмикә уә әстақдирукә би-қудратикә уә әс-әлукә мин фадликәл азыйм фә иннәкә тақдиру уә лә ақдиру уә та’ләму уә лә ә'ләму уә әнтә алләмул-ғуйуб»

Осылай 7 түн бойы истихара оқылады. (Күндіз де истихара етіп жатуға болады). Ғұсыл тек алғашқы түні алынады, қалған күндері ғұсыл алудың керегі жоқ.

Истихара намазын басқаға жасатуға болмайды. Истихара намазды әркім өзі оқуы керек. Истихара жасауды үйренуі керек, бұл сүннетті әркім өзі орындауы керек. Денемен жасалатын ғибадаттарды басқаға жасату жаиз емес.

Истихара намазын оқып дұғасын айтқаннан кейін еш сөйлемей жату керек. Қажеттілік болса сөйлеуге болады. Негізінде құптан намазын оқығаннан кейін сөйлемеу мүстаһаб, жақсы болады.

Истихарадан кейін дәретті күйде қыблаға қарап жату керек. Түс көрсе де көрмесе де 7 күн бойы истихараны жалғастыру керек. Түсте ақ немес жасыл түс көру жақсылықтың, қара немесе қызыл түс көру жамандықтың белгісі. Егер түсте ешнәрсе көрінбесе жүрекке (көңілге) қарау керек. Ол істі жасауға қалауы бар болса, көңілі сол жаққа бейім болса ол істі жасауға шешім қабылдайды. Шешім қабылдай алмаған адам бірнеше рет тағы да истихара жасауы керек.