8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Балаға жасалатын ең үлкен жақсылық

Балаға жасалатын ең үлкен жақсылық

Перзенттеріміз – ата-ананың және халықтың қолындағы аманат. Біз ата-ана ретінде, халық ретінде балаларымызға ие болмасақ, аманатқа қиянат жасаған боламыз. Мұның жазасын дүниеде де, ахиретте де көреміз. Балаларға иман, Құран кәрім және Аллаһу та'аланың бұйрықтарын үйретіп, осыларды орындауға дағдыландырсақ, олар дін мен дүние бақытына жетеді. Әрқайсысы қоғамға пайдалы азамат болады. Бұл бақытта ата-аналары, ұстаздары да оларға ортақ болады. Ал егер бұл нәрселер үйретілмесе және дағдыландырылмаса, олар бейбақ болады. Өздеріне, ата-аналарына және қоғамға зиян тигізеді. Жасаған әр жамандығының, тигізген әр зиянының жауапкершілігі, күнәсі ата-анасына да беріледі.

«Тахрим» сүресінің алтыншы аятында:

«Өздеріңді, отбасы мүшелеріңді және қоластындағыларыңды оттан қорғаңдар!» делінген.

Әкенің баласын тозақ отынан қорғауы дүниедегі оттан, дүниелік қиыншылықтардан қорғауынан әлдеқайда маңызды. Ал тозақ отынан қорғау иманды, парыздар мен харамдарды үйрету арқылы және ғибадатқа дағдыландыру арқылы мүмкін.

Әкенің баласына жасайтын ең үлкен жақсылығы – оны дінсіз, әдепсіз және жаман достардан аулақ қылуы.

Барлық жамандықтардың басы – жаман дос. Адамның үш үлкен дұшпаны бар: Нәпіс, шайтан және жаман дос. Олардың арасында ең үлкен болғаны, күмәнсіз, жаман дос. Ең қауіпті болғаны да осы. Осы себептен ата-ана баласын қадағалап тұруы керек. Кімдермен достық құрып жүр, қайда барып-келіп жүр, жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттері қандай... Бұларға немқұрайлы қарауға болмайды.

Қараусыз, еркін қалған баланы көше тәрбиелейді. Бұрындары бала үйде де, көшеде де дұрыс тәрбие көретін еді. Ал қазір үйінде көрген тәрбиесін көшеде жоғалтуда.

Намазында, дәретінде дінге сай әрекет ету әрбір ақылы кірген және балиғатқа толған балаға шарт. Кейбір ата-аналар балаларын аяйды. Мысалы, оларды таң намазына оятуға қимайды. Бұл оларға жасалатын ең үлкен жамандық. Баласын өз қолымен отқа, тозаққа тастау деген сөз.

«Ағаш жас кезінде иіледі» деген мақал бар. Бала бұған жастайынан үйренсе, өскен кезде тұруы оңай болады. Бала кезінде үйренген нәрселері мәрмәрдің үстіне қашалып жазылғандай болады, ал өскен кезде үйренгендері мұздың үстіне жазылғандай, еріп өшіп кетеді.

Қайырлы нәрселерді үйретудің ең пайдалы уақыты – кіші жасында оларға жасалғандар. Әкенің баласына уақыт ажыратуы, онымен оңаша қалып, бір нәрсе үйретуі, жақсы үлгі көрсетуі қажет.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде көңіл бөлінген балалар өскен кезде өте қадірлі, құрметті азамат болған, өздеріне және елдеріне үлкен қызметтер жасаған. Баласын жақсы көрген адам әлбетте оған көңіл бөледі...