23 - Рабиул-әууәл, 1441 жыл.
     20 - Қараша, 2019 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сүлейман пайғамбардың жәннаттағы досы

Сүлейман пайғамбардың жәннаттағы досы

Өз жағдайына, тұрмысына шүкір етіп, сол жағдайымен Аллаһу та'аланың бұйрықтарын орындауға тырысатын, оған қарсы шықпайтын қаншама кедейлер бар. Міне осындай кедейлер ахиретте пайғамбарлармен, шәһидтермен бірге болады.

Бір күні Сүлейман пайғамбар (алейһиссалам) Аллаһу та'алаға дұға етіп былай сұрады:

- Йа, Раббым! Кедейлердің салих болғандарын жақсы көресің. Ахиретте оларға қандай марапат бересің?

- Ей, Сүлейман! Кедей және салих болған құлдарыма қандай сый-сияпат көрсететінімді мен білемін. Олардың кейбірлерін жәннатта пайғамбарларға дос қыламын. Әр кедей кісі бір пайғамбармен бір тақта отырады. Онымен бірге ішіп-жейді.

Мұны естіген Сүлейман алейһиссалам сұрақ қойды:

- Йа, Раббым! Жәннатта менің досым болатын кедейді маған білдіре гөр!

- Ей, Сүлейман! Егер жәннаттық досыңды білгің келсе, екінді уақытында қаланың солтүстік жағына бар, сол жақта кездестіретін адамың – сенің жәннаттағы досың болатын кісі.

Хазреті Сүлейман айтылған уақытта сол тарапқа барды. Ол жақта кәрі кедей кісіні көрді. Арқасында отын жүгі бар еді. Демалып алуға біраз отырған екен. Хазреті Сүлейман қарттың қасына барып сәлем берді.

Қарт кісі:

- Уа алейкум ассалам, йа Нәбийаллаһ! – деп сәлеміне жауап берді.

Кейін хазреті Сүлейман сұрады:

- Ей, қарт кісі, арқаңыздағы отынды не істемекшісіз?

- Мен кедей адаммын. Күнде тауға шығып, отынды арқама жүктеп алып келемін де, сатамын, сол ақшамен бала-шағамның напақасын қамтамасыз етемін.

- Ей, қарт кісі, күнде осылай жұмыс істеп шаршаған боларсыз. Бұдан кейін отын сатуды тоқтатыңз. Менімен жүріңіз, зәулім сарайымда менімен бірге боласыз, сол жақта тұрасыз, ішіп-жейсіз. Сізбен бір тақта отырайық, сіз менімен бірге патша болыңыз! Осы қартайған шағыңызда қиыншылық пен ауыр жұмыстан құтылыңыз!

- Йа, Сүлейман! Мына өткінші өмірде мен патшалыққа көз тіккім келмейді. Мен өз тұрмысыма разымын. Аллаһу та'ала сізге патшалық берген екен, ал маған кедейлікті нәсіп етті. Патшалығыңыз сізге берекетті болсын, маған кедейлігім жетеді.

- Мейлі, патшалығымды бөлісуімді қаламайды екенсіз, онда сізге ай сайын айлық төлеп тұрайық!

- Йа, Сүлейман, менің кедей болғаныма ешқандай шағымым, наразылығым жоқ. Мен өз жағдайыма разымын, бұған шүкір етуге тырысып жүрмін. Сіз патшалығыңызды жалғастыра беріңіз, мен де өз кедейлігімді жалғастыра берейін. Мен осы жағдайымда рахат жүрмін, бақыттымын!

Қарттың бұл жауабын естіген Сүлейман пайғамбар (алейһиссалам) салих кедейге сүйіншісін айтты:

- Ей, қадірлі адам! Бұл жерде ұсынысымды қабылдамадыңыз, бірақ жәннатта досым боласыз, менімен бірге боласыз! Мұны маған Аллаһу та'ала хабарлады...

Өз жағдайына, тұрмысына шағымданбайтын кедейлерге бұл қандай бақыт...