14 - Рабиул-ахир, 1441 жыл.
     11 - Желтоқсан, 2019 жыл.   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Хазреті Сүлейман пайғамбар және Бәлқис

Хазреті Сүлейман пайғамбар және Бәлқис

Сұрақ: Бәлқис деген кім?

Жауап: Сүлейман алейһиссалам қажылықтан кейін Санаға барды. Сол жердегі бәбісек құсы Сүлейман алейһиссаламның бәбісек құсына Бәлқистің сарайы туралы айтып берді. Бәбісек қызығып, Бәлқистің сарайын көріп келді. Сөйтіп көргендерін айтып берді.

Сүлейман алейһиссалам Бәлқиске Бисмиллаһпен басталған «Мұсылман бол, қарсы шықпай маған кел!» деген хат жазды. Бәбісек барлық жер жабық болғандықтан, терезеден кіріп, хатты Бәлқистің төсегіне қойды. Бәлқис оянғанда мөрленген хатты көріп, қорқып кетті. Қызметкерлерін жинап, ақылдасты. Сүлейман алейһиссаламның пайғамбар екенін анықтағысы келді. «Егер пайғамбар болса, онда соғыса алмаймыз, бағынамыз. Егер болмаса, онда соғысамыз» деді.

Тексеру үшін қыз киімінде бес жүз жас жігіт, ер киімінде бес жүз қыз, қисық тесігі бар бір інжу, бір стақан, бір тас және сыйлық ретінде жақұттан жасалған тәж бен екі кесек алтын жіберді. «Егер бұл адам пайғамбар болса, еркектер мен қыздарды бір-бірінен ажыратады. Адам мен жыннан басқа махлұққа мына тасты тестіреді. Стақанды жер мен көкте болмаған сумен толтырады. Ал мына інжуге жіп өткізеді» деді.

Бәбісек келіп, бұлардың бәрін Сүлейман алейһиссаламға хабар берді. Ол Бәлқис жіберген кесектердің көлеміндей алтын кесектермен кең алаңды төседі. Сөйтіп оның үстіне малдарды жіберді.

Бәлқистің елшілері барлық жердің алтын кесекпен төселгенін, малдардың алтынның үстін ластап жүргенін көріп, алтынның бұл жақта еш құны жоқ екенін көріп, алып келген екі алтын кесектерін сыйлауға ұялды. Алтынмен төселген алаңда екі кесектің орны бос еді. Елшілер «Мына екі кесекті осы жерден ұрлап алдыңдар деп кінәлайды» деген оймен кесекті бос жерге қойып, ішке кірді.

Бәлқис «Ол адам сендерді дөрекі қарсы алса, ол пайғамбар емес» деген еді. Бірақ Сүлейман алейһиссалам күлімдеп, жылы жүзбен, жылы сөздермен қарсы алды. «Інжулерің қайда? Алып келіңдер, оған жіп өткізейік» деді. Інжуді ағаш құртына берді. Құрт жіпті аузына алып, бір жағынан кіріп, арғы жағынан шықты. Сүлейман алейһиссалам «Тесу керек болған тасты әкеліңдер» деді. Оны тоқылдақ құсы тесті. Қыздар мен жігіттерге беттерін жуғызды. Қыздар құмғанды сол қолмен, ал жігіттер оң қолмен ұстағандықтан, бір-бірінен ажыратты. Стақанды тез шабатын аттардың терімен толтырды. Алып келген сыйлықтарын қабылдамады.

Елшілер жағдайды Бәлқиске хабар бергенде, ол «Бұл кісі пайғамбар. Бағынудан басқа шарамыз жоқ» деді. Бағыну үшін адамдарымен бірге жолға шықты.

Сүлейман алейһиссалам Бәлқис келмей тұрып оның тағын исми ағзам дұғасын білетін Асаф бин Бәрхияға алдыртты. Бәлқистің әкесі жын, анасы адам еді. Бәлқистің келетіндігін естіген жындар уайымдай бастады. «Бәлқис келсе, Сүлейман алейһиссаламмен үйленеді, ұл балалары туылса, басымыз бәле-жаладан құтылмайды. Біз бұған жол бермейік» десті. Бәлқистің ақылынан алжысқанын, аяқтарының есектің аяғына ұқсайтындығын айтты. Сүлейман алейһиссалам бұл хабардың дұрыстығын тексеру үшін үсті хрустальмен жабылған су хауызын жасатты. Бәлқис хрустальді білмегендіктен, суды кешемін деп ойлап, аяқ киімін шешті. Сүлейман алейһиссалам оның аяқтарында кемшілік жоқ екенін көрді. Ақылын тексеру үшін оның тағын біраз өзгертіп, өзіне көрсетті. Ол «Тура менің тағым сияқты» деді. Сүлейман алейһиссалам оны дінге шақырды. Бәлқис қабылдады. Сөйтіп екеуі үйленді.

Аллаһу та'ала өзіне бағынған салих құлдарына дүние мен ахиретте әртүрлі ниғметтер береді. (Ә.Ашиқин, Ғуния)