8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Берген емес, бергеніне қуанған адам – жомарт

Берген емес, бергеніне қуанған адам – жомарт

Құнды кітаптарда жомарттық былай сипатталған: ақшаны, мал-мүлікті қайырлы, жақсы жерлерге таратудан ләззат алу. Ислам діні әмір еткен жерлерге қуана-қуана беру.

Аллаһу та'ала көркемдіктің барлық түрін жомарт кісіге берген. Адам өзі нашар болуы мүмкін, бірақ бәрі оны «Жомарт» деп мақтайды. Адам тақуа, бірақ сараң кісі, ешкім оны жақсы көрмейді. Бұл жайында Ислам ғұламалары айтқан кәлам-и кибар (жақсы сөз) бар. «Әссахиу Хабибуллаһ, уәләукәнә фасиқан. Әл-бахилу Адувуллаһ, уәләукәна арифан.» Яғни, жомарт кісі күнәхар болса да, Аллаһу та'аланың сүйікті құлы. Сараң кісі әулие болса да, Аллаһу та'аланың дұшпаны...

Ислам ғалымдары айтқан: «Жәннатта бір ағаш бар. Бұл ағаштың аты «Жомарт». Ол ағаштың бұтақтары дүниеге түсіп тұр. Жомарт адамдар ол ағаштың бұтақтарына жабысқан. Қайтыс болған кездерінде ол бұтақ оны өзіне қарай, яғни жәннатқа тартып алады...»

Хадис шәрифте айтылған: «Мұсылман бауырына сый-сияпат көрсеткен кісі Аллаһу та'алаға сый-сияпат көрсеткен болады.» (Исфәхани)

Дін ғұламалары айтқанындай, «Жомарт деп берген адамға емес, бергеніне қуанған адамға айтылады».

Мәулана хазреттері бұл туралы былай деген: «Жомарттықта және көмектесуде ағып тұрған судай бол. Мейірім мен рақымдылықта күн сияқты бол. Өзгелердің кемшілігін жасыруда түн сияқты бол. Ашушаңдық пен қызбалықта өлі сияқты бол. Қарапайымдылық пен кішіпейілділікте топырақ сияқты бол. Жұмсақтықта теңіз сияқты бол. Я қандай болсаң солай көрін, я қалай көрінсең, сондай бол.»

Жомарттығы дастанға айналған Хатим Таиден достары «Өзіңізден де жомарт біреуді көргенсіз бе?» деп сұрайды. Сонда ол: «Иә, көрдім» деп, мына оқиғаны айтып береді:

Бір жетім жас жігітке қонақ болған едім. Маған қой сойып, дастарханын жайды, сый-сияпат көрсетті. Қой етінен бір жері маған қатты ұнады. Ант етіп, «Мына жері өте дәмді екен» дедім. Жігіт бірден сыртқа шығып кетті. Он қойы бар екен. Біреуін сойып қойған, қалған тоғызын да бірден сойып жіберді. Маған ұнаған жерлерін пісіріп, алдыма алып келді. Мен болған жайдан хабарым жоқ. Қайтарда есіктің алдындағы қанды көріп, мән-жайды түсіндім де, ұрсып:

«Он қойдың бәрін сойғансың ба? Мұның не?» дедім.

Жігіт «Субханаллаһ, онда тұрған не бар? Сізге бір нәрсе ұнап қалған екен. Ол нәрсе менің қолымда, сізден аяп қалғаным дұрыс бола ма?» деді.

Бұл оқиғаны тыңдап отырған достары:

«Жетім жігіттің сый-сияпатына сіз де оған бір нәрсе берген шығарсыз?» деп сұрады. Сонда Хатим Таи жауап беріп:

- Иә, бердім, бірақ аса маңызды саналмайды, – деді.

- Не бердіңіз?

- Үш жүз түйе мен бес жүз қой.

- Олай болса, сіз одан да жомарт екенсіз.

- Жоқ, ол жігіт менен де жомарт. Өйткені ол малының бәрін берді. Ал мен малымның тек азын ғана бердім. Кедей адамның жарты нанын толықтай қонаққа бергені маңызды ма, әлде бай кісінің үлкен табынынан бір түйесін қонағына сойып бергені ме?