14 - Рабиул-ахир, 1441 жыл.
     11 - Желтоқсан, 2019 жыл.   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Сыр сақтау

Сыр сақтау

Сұрақ: Сыр сақтаудың маңызы қандай?

Жауап: Сыр – жасырын қалуы және әркімге айтылмауы керек болған нәрсе. Басқалар естісе, не ұятқа қаламыз, не ол жұмысымыз жүрмейді. Осы тұрғыдан сыр сақтау жетістікке жетудің маңызды себептерінің бірі. Сыр саналатын істер жасырын сақталуы қажет.

Көптеген үкімет адамдары жетістіктің ең маңызды себебінің сыр сақтау екендігін айтқан.

Патшалар әрдайым сондай жол ұстанған және сондай өмір сүрген, сырларын ешкім, тіпті жұбайлары да білмейтін еді. Осман империясының патшасы Сұлтан Мехмет Ханның «Жасамақшы болған істерімді сақалымның бір қылы білетін болса, сол қылымды жұлып тастаймын» дегендігі мәшһүр.

Сырын айтқандар көбінесе өкініп қалады. Адам айтпаған сөзінің егесі, ал айтқан сөзінің тұтқыны. Сырды бәрі оңай сақтай алмайды.

Әһли хикмет ғұламалар айтқан:

Сыр – адамның тұтқыны. Жария қылған кезде адам оның тұтқыны болады.

Сырыңды ешкімге айтпа! Ақылдыға айтсаң, сені қор көреді. Ақымаққа айтсаң, басқаларға айтып, саған қиянат жасайды.

Сырыңды айтсаң, сенің ішіңе сыймады деген сөз. Онда өзгенің ішіне сыюын қалайша күтесің? Өз сырың ішіңе сыймаған болса, басқаның ішіне сыяды деп мүлдем ойлама. Өзіңді кінәла!

Ақылды адам – сыр-сандық.

Ақымақ шынын айтамын деп сырын айтар.

Сырыңды білгісі келген адамға сырыңды айтпа, сырыңды жария қылады.

Ақымақтың жүрегі аузында, ақылдының тілі жүрегінде. (Яғни ақымақ сыр сақтай алмайды, ақылды сырды жарияламайды.)

Сыр бір адамға айтылған болса, ол сыр болмай қалады.

Сырыңды досыңа айтпа, (досыңның да досы бар), ол да айтар досына.

Тақыр жерге су төксең, жүруге тайғақ болар. Жаманға сырыңды айтсаң, тар жерде айғақ болар.

Игі адаммен араздассаң да, жақсылығыңды айтып, жамандығыңды жасырады. Ал жаман адамдар достық біткенде жақсылығыңды жасырып, жамандығыңды айтады.

Сырды сақтай алатын адам өте аз кездескендіктен, сырымызды өзгелерге айтуымыз дұрыс болмайды. Ал өзгелердің бізге айтқан нәрселерін ұмытып, ешкімге айтпауымыз керек! Аллаһу та'аланың көркем есімдерінің бірі – Саттар. Ол кемшіліктерді, жаман істерді жасырады. Адамдардың кемшіліктерін жасыратын пенделерін де жақсы көреді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Досының кемшілігін жасырған адам өліні тірілткендей сауап алады. Аллаһу та'ала ондай адамның дүние мен ахиретте кемшіліктерін жасырады.» (Хаким)

Бір әңгіменің басқалардың естуі ол адамға зиянын тигізсе, ол адам «Ешкімге айтпа» демесе де, ол әңгімені жасыру керек! Хадис шәрифте былай делінеді:

«Біреу жан-жағына қарап (ешкім естіп қоймасын дегендей) бір сөз айтса, ол сөз тыңдаушыға аманат.» (Тирмизи)

«Екі кісінің арасында өткен әңгімені екеуінің бірі өзгенің естуін қаламаса, онда ол әңгімені өзгеге айту халал болмайды.» (Хаким)

«Аллаһ алдында адамдардың ең жаманы – бір-бірінің сырын өзгеге айтқан ерлі-зайыптылар.» (Мүслим)