23 - Жамазиәл-әууәл, 1441 жыл.
     18 - Қаңтар, 2020 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын

Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын

Барлық адамдар сүйіспеншілікке, қарым-қатынасқа және қамқорлыққа мұқтаж. Бәрінен көп мұқтаж болғандары сәбилер және кішкентай балалар. Адам – туылғанынан бастап өлгенге дейін тәрбиеге мұқтаж болған жаратылыс. Ол қандай ортада өсетін болса, соған қарай тәрбие алып, ұстанымы қалыптасады. Жанұя, мектеп, жора-жолдастар және бұқаралық ақпарат құралдары адамды, әсіресе жастарды қалыптастыратын орталар. Адамдар әр уақытта айналасындағы жақсы үлгілерді көріп, оларға ынталандырылуға, ал жаман үлгілерден аулақ ұсталып, қорғануға мұқтаж. Айналасында қаншалықты жақсы үлгі көрсе, адамгершілігі соншалықты дұрыс қалыптасады. Жаман адамдарға еліктеп, олар сияқты болу құштарлығы адамдарға барлық жамандықты оңай жасата алады. Жаман дос тұзағына түскен адам зиянды және қауіпті нәрселермен танысады. Оларды көре бергеннен кейін қалыпты болып көрінеді де, еркін істей бастайды. Ластыққа батқан адамның одан құтылуы өте қиын болады.

Адамның діні досының діні сияқты. Жақсы мақал бар: «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын.» Бұл мақал бізге достың қаншалықты маңызды екендігін жақсы көрсетіп тұр.

Дүниенің ең құнды нәрсесі – жақсы дос. Ең пәлекет болған нәрсесі – жаман дос. Жаман дос жыланнан да қауіпті. Жылан шағып алса, адамды бірнеше күн қинап, азаптайды. Өте улы болса, өлтіреді. Бұл екеуі де дүниедегі өмірге қатысты. Біз онсыз да өлу үшін дүниеге жіберілгенбіз.

Жаман дос адамды әрі дүниеде, әрі ахиретте үлкен пәлекеттерге, қиыншылықтарға және азапталуға жетелейді.

Адамдарды жаман достармен бірге қылатын себептер – жалғыздық, сауатсыздық, жаман үлгілер. Өзімізді, әсіресе балаларымызды осы «микробтардан» қорғауға тырысуымыз керек. Қауіп өте үлкен. Дос таңдағанда мыналарға мән беруіміз қажет:

Ақылды болуы керек. Ақымақ дос саған жақсылық жасаймын деп, жамандық жасайды.

Діндар болуы керек. Діни міндеттерін орындамайтын, харамдардан сақтанбайтын адам ең үлкен жамандықты өзіне істеген болады. Өзіне жамандық істеген адамның басқаларға қандай пайдасы тисін?

Жақсы мінезді болуы керек. Жақсы мінез – қиямет күні амалдар тартылатын таразының сауап табағында салмағы ең ауыр болатын қасиет. Жақсы мінезді бола алу үшін жақсы мінезді кісілермен бірге болу керек. Ешкім адамға өз досы сияқты әсер ете алмайды. Әкесі де, анасы да, ұстазы да досы сияқты әсер бере алмайды.

Дүниелікке шамадан тыс берілмеуі керек. Ондай адамдар жеке пайдасы үшін кезкелген сәтте адамды сатуы мүмкін. Оларға сенім жоқ. Дүниелікке берілу қазіргі таңда шектен шықты. Бұл адамдардың мақсатына айналып кетті, оған қолжеткізуден басқа ештеңе ойламайды. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Дүниені жақсы көру – бүкіл жамандықтардың басы.»