2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Сәйид Таха Хаққари

Сәйид Таха Хаққари хазреттері Анадолыда өмір сүрген үлкен әулиелерден. Силсилә-и алийаның отыз біріншісі. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұрпағынан болып, Сәйид Абдулқадир Гейлани хазреттерінің он бірінші ұрпағы. Мәулана Халид Бағдади хазреттерінің халифасы. 1853 жылы Шәмдинли маңындағы Нехриде қайтыс болды. Қабірі сол жерде болып, адамдар зиярат етуде, фәйз бен берекеттерінен пайдалануда.

Асыл және таза отбасыдан шыққан Сәйид Таха Хаққарида кіші жасында кәмелеттік және жетілгендік белгілері байқалып, зеректігі, дарыны, салмақтылығы және айбаттылығымен бәрінің назарын тартатын. Оны көргендердің бәрі келешекте үлкен әулие болатындығын айтатын. Кіші жасында Құран кәрімді хатым етті және жаттап алды. Кейін білім алуды бастады. Сүлеймания, Кәркүк, Ирак, Әрбил, Бағдат сияқты білім орталықтарына барып, атақты ғалымдардан, тәфсир, хадис, фиқһ сияқты ғылымдарды, заманының жаратылыстану ғылымын және әдебиетті үйренді.

Сәйид Таха әлі шәкірт кезінде бір күні Бағдатқа жақын бір жерде тым кішкентай арықтан дәрет алған еді. Достары «Бұл су өте аз, онымен дәрет алуға болмайды» деді, сонда ол: «Бұл су ма-и жәри. Яғни ағып тұрған су. Дінімізде онымен дәрет алуға рұқсат бар. Сендер білім шәкіртісіңдер, мұны білесіңдер. Әрі бұл суда тіпті балық та бар» деді де, қолын сол жерде жиналған су шалшығына батырып балық шығарды. Достарына қарап «Қараңдар, бұл суда үлкен балықтар бар» деп қолындағы балықты көрсетті. Бұл үлкен кереметті көрген достары «Бұдан кейін сен не істесең де, өзің біл, біз ендігәрі саған қарсы шықпаймыз» десті.

Хижри он үшінші ғасырдың құтбы болған Мәулана Халид Үндістанға барып, Ғұлам Әли Абдуллаһ Деһлеуидің қарамағында жетіліп, лайық болған құндылық пен кәмілдігін алды. Кейін Аллаһу та'аланың құлдарына тура жолды көрсетіп, Хаққа қауыштыру үшін отанына қайтты. Барлық жақ Мәулананың жүрегінен шашылған нұрлармен жарқырай бастады. Сол кезде досы Сәйид Абдуллаһ та Сүлейманияда болған Мәулананы зиярат етіп барды. Сұхбатына қатысып, кәмілдікке жетті және ең жетілген халифасы (орынбасары) болды. Мәулана Халид Бағдадиға бауырының баласы Сәйид Таханың өте жоғары дарынын айтып берді. Мәулана Халид Бағдади хазреттері келесі келгенде оны да өзімен бірге алып келуін айтты. Сәйид Абдуллаһ екінші зияратында інісі Сәйид Таханы да алып барды. Мәулана хазреттері Бағдатта Сәйид Таханы көрген сәтінде дереу Абдулқадир Гейлани хазреттерінің қабіріне барып, истихара етуін бұйырды. Сәйид Таха қабір басына барып истихара етті. Атасы Абдулқадир Гейлани хазреттері «Мәулана Халид өз заманының ғалымы, ең үлкен әулиесі. Дереу оған барып, бағын, бұйрығына кір» деді.

Сәйид Таха үлкен атасы Сәйид Абдулқадир Гейлани хазреттерінің рухани бұйрығы және рұқсатымен Мәуланаға келді. Мұндай келу өте аз адамдарға нәсіп болған, қалай және не нәрсеге қолжеткізіп кететіндігі осы бастамасы және келуінен-ақ белгілі еді. Мәулана Сәйид Таханың жетілуіне көздер көрмеген, құлақ естімеген, жүректер ойламаған дәрежелерге жетуіне көмектесті. Келешекте заманның ең үлкен ғалымы мен әулиесі болатындай түрде, бар зейінін салып, ынтамен оны тәрбиеледі. Риязат және мужаһадасында еш кемшілік жібермеді.

Мәулана Халид хазреттері жетілдіру және тәрбиелеу барысында Сәйид Тахаға таудан тас әкелгізетін. Бұл жағдай шәкірттері арасында таңданыс тудыратын, «Ұстазымыз Мәулана Расулуллаһтың әһли бәйтіне ерекше қарайтын болғанымен, Сәйид хазреттерін тауға жіберуінің хикметі не екен?» десетін. Ал хазреті Мәулана бұл туралы ештеңе айтпайтын еді.

Сәйид Таха хазреттері Мәулана Халид Бағдадидің қарамағында сексен күн қалғаннан кейін әулиелікте өте жоғары дәрежелерге жетті. Кәшф және керемет иесі болып, хилафат-и мутлақамен абыройланды.

Сәйид Таха хазреттері халифалықпен абыройланып, Бәрдәсурге аттанбақшы болғанында Мәулана оны үлкен жамағатпен шығарып салды. Қоштасқаннан кейін Сәйид Таха Мәулананың кеткенін ойлап, атына мінбекші болғанында үзеңгіні біреудің ұстап тұрғанын байқады. Қарағанында, үзеңгіні ұстап тұрған ұстазы Мәулана екенін көрді. «Астағфируллаһ» деп кері шегінді. Мәулана Сәйид Таха хазреттеріне қарап: «Бір кездері нәпісті тәрбиелеу үшін сізге таудан тас әкелгізген едім. Қазір Расулуллаһтың әһли бәйтіне (ұрпағына) деген сүйіспеншілігім себебімен үзеңгіні менен басқа ешкім ұстай алмайды. Сіз де бұдан қаша алмайсыз» деді. Ол қысылып, «Әмір әдептен үстем» деп атқа мінді. Біраз уақыт мыңдаған ғалым, салих, шәкірт және халық қатысқан шығарып салу рәсімімен жүрді. Кейін Мәулана тоқтады. Қолындағы тізгінді Сәйид Тахаға беріп: «Бұдан кейін тізгіндерің сенің қолыңда. Тәрбие мен жетілдіруде кемшілік жібермедім. Аллаһу та'ала жәрдемшің, әулиелердің рухтары панаң болсын» деді. Таха Хаққари хазреттері Мәулана Халид Бағдадидің халифасы ретінде Бәрдәсурге келді.

Көкесі Сәйид Абдуллаһ Нехриде шәкірт жетілдірумен айналысып жүргенде, сол жерге жақын болған Бәрдәсурге Сәйид Таханың жіберілуінің хикметін түсінбеген көбісі «Осындай үлкен екі халифаның бір жерге жіберілуінің себебі не екен?» десті. Бірақ мұны қысқа мерзімнен кейін Сәйид Абдуллаһ қайтыс болғанында түсінді. Осыған орай, сол жердің халқы тарапынан Сәйид Бузурк (Үлкен мырза) деп танылған Сәйид Таха хазреттері Нехри ауылына келіп, білім беруді бастады. Бұл жерде қырық екі жыл білім талапкерлеріне, Аллаһ ғашықтарына және Хақты іздеушілерге білім, фәйз және нұр шашты. Ғашықтар алыстан, жақыннан осы иршад және нұр қайнарының айналасына жиналды.

Сәйид Таханың сұхбаттары берекетімен өте көп адам Аллаһу та'аланың разылығына қолжеткізді. Оны көрген мұсылман болсын, кәпір болсын, сол сәтте Аллаһу та'аланы есіне алатын.

Қарсы шығушылардан және бидғатшылардан сақтану тұрғысында былай деген:

«Мүнкирден (қарсы шығушыдан) және бидғатшыдан арыстаннан қашқандай қашыңдар! Мүнкирдің нанын жеген адамның жүрегі зікірге қарсы қырық күн өледі. Бұл мүнкирлер Расулуллаһтың дәуірінде болғанда, Оған иман келтірмес еді.»

Сәйид Таха хазреттері жанкештік пен адалдықта хазреті Әбу Бәкір Сыддыққа, батылдық пен әділеттікте хазреті Омарға, ар-ұяттылық пен жұмсақтықта хазреті Османға, уилаяти кубрада хазреті Әлиге (радиаллаһу анһум) ұқсайтын еді. Расулуллаһқа жақын сахабалардың бірі сияқты еді.

Салмақтылық пен айбаттылығынан мүбәрәк жүзіне ешкім қарай алмайтын. Жүзіндегі айбаттылық нұры он төртінші түндегі ай сияқты жарқырайтын. Маңдайы кең, қастары қалың, екі қасының арасы ашық, мүбәрәк көздері қара, жүзі жұмырланған, сақалы жинақы, орта бойлы нұрлы тұлға еді. Көңіл иелері көргенде рухпен ғашық болатын. Сұхбаттарына қатысқандар ғашықтықтан есінен таңатын. Нехридің ішіне кіргеннен фәйз бен махаббат иістері ақылды адамдарды және көңіл иелерін жаулап алатын. Зияратшылар дәретсіз Нехриге кіре алмайтын.

Сәйид Таха хазреттері тәһәжжуд намазын көбінесе берекетті үйінде, кейде өз мешітінде оқитын. Құшлық (сәске) намазын үнемі мешітте оқитын. Күнде медреселерді қадағалап, мұғалім мен шәкірттердің білімін тексеретін. Мұғалімдердің қиын мәселелерін шешіп беретін. Нехри құмырсқа ұясы сияқты әрдайым салих кісілер мен шәкірттерге толы еді. Мыңдаған көңіл иелері фәйз алу үшін басын иіп, сол медресеге ағып келетін. Күндіз-түні ол жерде зікір, пікір, ғибадат және жақсы амалсыз бір сәт те өтпейтін. Сәйид Таха хазреттері медресеге келгенінде бәрі оны мұқият тыңдайтын еді.

Екінді намазынан кейін «Хатм-и хажәган-и кәбир», кейін Имам Раббани хазреттерінің Мәктубаты оқылатын. Сәйид Фәхим хазреттері Нехриде болса, оған, жоқ болса, құрметті күйеу баласы және халифасы Сәйид Абдулахад хазреттеріне оқытатын еді.

Осы кезде кейбір сөз немесе сөйлемдерді кеңінен түсіндіруі сұхбаттарының негізін құрайтын. Нехриде қонақтардан, тіпті патшаның уәзірі болса да, ақшам мен құптан арасында тамақтану әдеті жоқ еді. Бұл уақыт зікір, пікір және ғибадатпен өтетін. Кешкі ас ақшам намазынан бұрын желінетін. Өзін жақсы көретіндерді және шәкірттерінен ешкімді ұмытпай, бәрінің хал-жағдайын кеңінен сұрайтын еді. Кімнің қиыншылығы болса, дереу шешуге тырысатын. Сыла-и рахымға, яғни туған-туысқандарды зиярат етуге аса мән беріп, мұқтаж болғандардың қажеттіліктерін өтейтін. Ұстазының кеңесін ұстанып, үкімет адамдарымен қарым-қатынас құрмайтын, тек кейбір мұсылмандардың зиянын алдын алу үшін ғана хат жазатын еді. Алайда, Абдулмәжид Ханнан бастап барлық үкімет қызметкерлері оның әр бұйрығын орындауға әзір еді.

Сәйид Таха Хаққаридың өте көп кереметтері бар.

Бір түні ұры Сәйид Таха хазреттерінің қоймасына кіріп, бір қап ұн ұрламақшы болды. Қапшығын толтырды, бірақ көтере алмады. Жартысына дейін босатты, сонда да көтере алмады. Тағы біраз босатты, тағы көтере алмады. Сол кезде Сәйид Таха хазреттері қоймаға келді де «Не болды, қапшықты көтере алмай қалдың ба? Көмектесейін» деді, сонда ұры сасқанынан ештеңе айта алмай қалды. Сәйид хазреттері қапшықты көтеріп, ұрының арқасына жүктеп берді. Кейін «Мына қапты ал, біздің адамдарымыз көріп қоймасын, әйтпесе сені қинауы мүмкін. Ендігәрі қажеттілігін болса қоймаға емес, бізге кел!» деді. Ұры тәубе етіп, адал шәкірттерінен болды.

Ұстазы Мәулана Халид Бағдади хазреттері оған жазған бір хатында былай деді: «Аллаһу та'ала жүрегімнің сүйіктісі Сәйид Таханы фәна және бәқа дәрежелерінің соңына қауыштырып абыройландырсын! Бұл пақырға махаббат және ықыласпен байланғаныңызды баяндаған хатыңыз келді. Жоғары Нақшибәндия жолына қызмет үшін еңбектенгеніңіз және Құран кәрімді бір тәсілмен хатым еткеніңіз хабарын алып қуандық. Ықыласты болу шартымен адамдар сіз арқылы Аллаһу та'алаға ғибадат ету, пайғамбарымыздың сүннетін ұстану сияқты амалдардан не істесе де, олар тапқан сауап шамасында сіздің де амал дәптеріңізге жазылады. «Жақсы жол ашқан мұсылман адамға ашқан сол жолының сауабы берілуімен қатар, сол жолда жүргендердің сауабы да беріледі. Сонымен қатар, олардың сауабынан да ештеңе кемімейді» хадис шәрифі осы сөзіміздің анық дәлелі. Аллаһу та'аланың сәлемі, мейірімі және берекеті сізге жаусын. Құлдардың ең әлсізі Халид Нақшибәнди.»

Сәйид Таха хазреттері шәкірті Сәйид Сибғатуллаһ Арвасиге парсы тілінде жазған хатында былай деген: «Екі нәрсені сақтау керек. Олар: діннің иесіне берік байлану және ұстазына ықыласты және махаббатты болу. Бұл екі нәрсе бар болса, не берілсе де, ниғмет. Бұл екеуі мықты болып, басқа ештеңе берілмесе, еш мұңаймау керек. Соңында беріледі. Егер, Аллаһ сақтасын, бұл екі нәрсенің бірінде нұқсандық және кемшілік бар болса, сонымен қатар рухани халдер мен зауықтар бар болса да, бұларды истидраж деп білу керек, өзін құрдымда көру қажет. Дұрыс жол осы. Аллаһу та'ала сәттілік берсін!»

Ирактан екі сәйид жігіт алты қашырды сыйлықтармен жүктеп, Нехриге Сәйид Таха хазреттеріне алып бару үшін жолға шықты. Харунан ауылынан өтіп бара жатқанда Сәйид Таха хазреттерінің ұлылығын жоққа шығарып жүрген Мұса Бек есімді кісі қашырларды жүктерімен бірге тартып алды. Жігіттер жылап, Нехриге келіп, Сәйид Таха хазреттерін хабардар етті. Сәйид Таха Мұса Бекке хабар жолдап, «Қашырлардың жүктері маған берілгендіктен, жүктерді ала бер. Мына жігіттер – сәйид. Оларға жаның ашысын, қашырларын қайтарып бер» деді. Мұса Бек бұйрықты тыңдамады, қашырларды қайтармады. Екінші рет хабар жолдап, «Менің атым мен құрметім үшін қайтарсын» деді. Бұған да қарсы шыққанда Сәйид Таха ашуланып, «Жұма түні келсін, бермегенін көрейік» деді. Жұма түні Нехриден шәкірттер барып, не болғанын көру үшін қарауылдап тұрды. Мұса Бек үйінде қоластындағылармен бірге отыр екен, Сәйид Таханың әулиелігін жоққа шығару жайлы сөйлесіп отыр екен.

Осы жиын біткеннен кейін жатын бөлмесіне кіріп, төсегіне жатқан кезде асқазаны қатты ауырып, «Ішім! Ішім!» деп айқайлап өмірден озды. Жағдайды түсінген тоғыз ұлы дереу Нехриге барып, қашырларды жүктерімен бірге тапсырып, Сәйид Тахаға жалынды. «Мейірім танытып, әкеміздің жерлеуіне қатысып, дұға етуіңізді өтініп сұраймыз» деді. Оларға «Менің қатысуым оған пайдасын тигізбейді» деп жауаптады. Ұлдары әбден жалынды. Хазреті Сәйид ақыр соңында жаназаға барды. Мәйіттің қап-қара екендігін көрді. Жерлегеннен кейін Сәйид Таха «Менің келуімнен түйірдей пайда көрмеді» деді. Аллаһу та'ала сәйидті қорлаудың, ренжітудің жазасын берді. Мұны бәрі айқын көрді.

Ванның Гүрпынар ауылында бір кісі Нехриге келіп, Сәйид Тахаға шәкірт болғысы келді. Қабылданғаннан кейін кері қайтып, үйіне келді. Шәкірт болуынан бірнеше күннен кейін малының біразын қасқыр қырып кетті. Шайтан: «Ұстазға байлануың саған жарамады, сәтсіздік алып келді» деп жаман ой салды. Шәкірт ойланып, ақыр соңында Сәйид Таха хазреттері сыйлаған тәспіні қайтару үшін Көсе Халифаға тапсырды. Мақсаты ұстазынан бөліну еді. Тәспі Сәйид Тахаға тапсырылған кезде Ол күлімдеді. Арадан айлар өтті. Сәйид Таха хазреттері бір күні бесін уақыты намазға тұрарда бірден мүбәрәк қолдарын созып «Жоғал, ей, лағнеттелген!» деп намазын бастады. Намаздан кейін Халифа Көсе: «Ұстазым, қолыңызды созуыңыздың хикметі не еді?» деп сұрады. Сонда ол: «Гүрпынарда бір мұсылман өлім халінде жатқанда лағнеттелген шайтан имансыз кетуіне тырысып жатқан еді. Әулиелердің берекетімен қуылды. Адам иманмен қайтыс болды» деп мән-жайды түсіндіріп берді. Халифа Көсе: «Әлгі тәспіні қайтарған адам емес пе?» деп сұрап еді, «Иә, сол кісі» деді. «Ұстаз, неліктен көмектестіңіз, ол әдепсіздік жасап, сыйлығыңызды қайтарған еді ғой» деп сұрады. Бұл сұраққа: «Мейлі, бір кездері бізді жақсы көрген еді» деп жауап берді.

Сәйид Таха хазреттері өзін Мәулана Халид Бағдадиге алып барған көкесі Сәйид Абдуллаһ хазреттеріне осы үлкен ниғметтің шүкірі ретінде үнемі құрмет және қызмет көрсетті. Оны әрдайым жақсы еске алып жүрді және рухына өте көп сауап бағыштады. Сонымен қатар: «Мен қайтыс болған кезде менің қабірімді мазардың ең жоғарғы жағына орналастырыңдар, мені зиярат етіп келгендер көкем Абдуллаһ хазреттерінің қабіріне кіруге мәжбүр болсын. Оны да зиярат етіп, рухына сауап бағыштасын» деді. (Ол мазардың бір жолы бар еді. Сәйид Абдуллаһтың қабірі кіреберісте еді. Сәйид Таха хазреттерінің қабіріне кірмекші болғандар Сәйид Абдуллаһтың қабірінің қасынан өтуі керек.)

Бір күні Сәйид Таха хазреттері Сәйид Сибғатуллаһқа былай деді:

«Молда Сибғатуллаһ! Ұстазға деген сүйіспеншілік және онымен сұхбат бәрінен де үстем. Өйткені, ұстаз кәміл дәрежелерінің ең биігіне қауыштыру және оған марифеттерді беру арқылы шәкіртінің ауруларын жазады, кетіреді.»

Тағы былай деген:

«Шахи Нақшибәнд хазреттері жолының негізін сахабалардың жолына сүйеніп құрды. Олар Расулуллаһқа деген сүйіспеншілікпен кенелгеніндей, бізге де ұстазға деген сүйіспеншілік жетеді.»

Бір халифасына былай деді:

«Халыққа алдымен ишарамен көрсет, пайдасын тигізбесе сөзбен айт. Бұл да пайдасын тигізбесе, одан бетіңді бұр. Сен біреуден бетіңді бұрсаң, Расулуллаһқа дейін барлық «Силсилә-и алийа» ұлылары одан бет бұрады.»

Әртүрлі уақыттарда берген сұхбаттары кезінде былай деген:

«Амалдарыңды ужбпен (өз-өзін ұнату, ғибадатты өзінен білу) қаптап, жоймаңдар.»

«Біздің жолымыздағы жолаушылардың пайдалары ата-аналарына да жетеді.»

Таха Хаққари хазреттері Нехриде тұрған қырық екі жыл ішінде Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарын адамдарға түсіндіріп, олардың дүние мен ахиретте құтылуына тырысты. Бүкіл ұстаздары сияқты, Исламның көркем мінезін жайды. Саясатқа араласпады. Өте көп әулие жетілдіріп, оларға халифалық берді. Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарын үйретумен міндеттеді. Халифаларының ең атақтылары: бауыры Сәйид Мұхаммед Салих, Сәйид Сибғатуллаһ Арваси, Сәйид Фәһим Арваси. Олардан басқа халифалары да бар.

Сәйид Таха Хаққари хазреттері 1852 жылы екінді уақыты «Харам Чешмесі» деп аталатын ағаш көп жерде шәкірттерімен бірге сұхбаттасып отырған еді. Сұхбат кезінде оған екі хат берілді. Оларды құрметті күйеу баласы Абдулахадқа оқытқаннан кейін «Абдулахад! Атақ-даңқ – апат. Бұдан былай біздің дүниеден кетуіміздің уақыты келді» деді. Абдулахад: «Ұстазым, ол не дегеніңіз? Шамнан келген мына екі хаттың несі бар?» деді. Сол күні сұхбаттан кейін бөлмесіне кірді және сол жерде науқастанып қалды. Он бір күн ауырып жатты. Ауруының ауырлығына қарамастан намаздарды мүмкіндігінше түрегеп оқуға тырысты. Ауруының он екінші сенбі күні шәкірттерімен және жақындарымен халалдасты, қоштасты, өсиетін тапсырды. Бауыры Сәйид Салих хазреттерін шақырды. Ол туралы: «Бауырым Салих кәміл, жетілген әулие. Бәрінің басы оның етегінен төмен тұр» деді. Орнына бауыры Салих хазреттерін халифа қылып қалдырды. Екінді уақытында шәкірттері Ясин оқып жатқан кезде мүбәрәк рухын калима-и тәухид айтып тапсырды.

Қабірі Нехриде. Оны жақсы көретіндер алыс жерлерден келіп, мүбәрәк қабірінен жайылған нұрлардан, фәйздерден пайдалануда, берекеттенуде.

 

Сенің іздегенің бұл есікте жоқ

Мусул тараптарында өзін шайх атап жүрген бір адам шәкірттерінің бірін Сәйид Таха хазреттеріне жіберді де: «Сәйид Тахаға сүннетке қайшы іс жасатпай қайтпа!» деп тапсырма берді. Шәкірті Нехриге келді. Екінді намазынан кейін Сәйид Таха хазреттерінің мешітінің есік алдында тұрған аяқ киімінің сол аяғын алысқа қойды. Бұл тірлігімен мешіттен оң аяқпен шығуын және сүннетке сай болмаған іс жасатқызуды көздеген еді. Бірақ, Сәйид Таха хазреттері көп халықтың арасынан әлгі кісіге қарап: «Алған аяқ киіміңді орнына қой! Сенің іздегенің бұл есікте жоқ» деді.

 

Аса таяқтан таяқ жеді

Хәрки әулетінен Молда Абдуллаһ есімді мұғалім екі шәкіртімен зиярат ету үшін Нехриге бара жатып, арықтың жағасына отырды. Молда Абдуллаһ шәкірттеріне «Бәрі дәрет алып Нехриге барады. Дәретсіз ешкім кірмейді. Мен бұл әдетті бұзып, дәрет алмай барамын» деді. Шәкірттері «Ұстаз, біз бұл әдетті бұзбайық, дәрет алып барайық» десті, дегенмен ұстаздары «Соншама бұл діни үкім бе? Мен істемеймін» деді. Сол кезде беті-қолын жуып жатқанда қолтығынан аса таяғы суға түсті. Қолын созып, аса таяғын алмақшы болғанда аса таяқ оның басын, бетін ұрып, бет-аузын қанға бояды. Кейін аса таяқ жоғалып кетті. Өзі де солай айтқанына өкініп қалды. Жараларын таңып, дәрет алды. Нехриге барды. Сәйид хазреттерінің медресесіне кіргенде аса таяқтың дуалда асылып тұрғанын көрді. Аса таяғына қарап қалған кезінде Сәйид Таха хазреттері: «Мына аса таяқтан таяқ жеген болсаңыз керек» деді. Молда Абдуллаһ ісіне өкініп, тәубе етті, шәкірттерінен болу құрметіне ие болды.