6 - Шабан, 1441 жыл.
     30 - Наурыз, 2020 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адамдар ризықтарын, ал ризық адамдарды іздейді!

Адамдар ризықтарын, ал ризық адамдарды іздейді!

Себептер әлемінде өмір сүріп жатырмыз... Аллаһу та'ала ешкімге мұқтаж болмау үшін жұмыс істеуді, ауырып қалмау үшін оның алдын алуды, балалы болу үшін үйленуді, ауырып қалған кезде дәрі қабылдауды, көре алу үшін жарықты себепші қылған. Себепті көзделген нәрсеге қолжеткізу үшін есік сияқты қылып жаратқан. Бір нәрсенің орындалуының себебін жасамай, себепсіз келуін күтіп отыру есікті жауып алып, терезеден тасталуын күтуге ұқсайды, бұл болса ақылға да, дінге де сыймайды. Аллаһу та'ала адамдардың қажеттіліктеріне қолжеткізу үшін сол себептерге жүгіну есігін жаратып беріп, ашық қалдырған. Оны жауып қою дұрыс емес, адамдардың міндеті – есік аузына барып күту...

Күндердің бірінде Мұса пайғамбар (алейһиссалам) науқастанып қалды. Жақындары емін айтып, дәрі ішуге кеңес берді. Сонда ол «Дәрі қабылдамаймын, Аллаһу та'ала шипасын өзі береді» деп ең мықты дәрілерді қабылдамай қойды. Сол кезде Аллаһу та'ала:

«Егер дәрі қабылдамасаң, шипа нәсіп етпеймін!» деді. Мұса алейһиссалам дәріні ішіп, жазылып кетті. Бірақ мұның себебін білгісі келді. Аллаһу та'ала:

«Сен тәуекел ету үшін менің әдетімді, хикметімді өзгерткің келеді ме? Дәрілерге пайдасын тигізу әсерін беретін кім? Әлбетте әсерін жарататын менмін» деді.

Бұдан аңғаратынымыз, дәрігерге барып, дәрі-дәрмек қолдану қажет. Бірақ, дәрігер мен дәрі-дәрмекке үміттенбей, шипаны Аллаһу та'аладан сұрау керек. Дәрі қабылдаса да жазыла алмаған, ота үстелінде қалып, өмірден озған қаншама жан бар.

Құран кәрімде былай делінген:

«Кімде-кім Аллаһу та'алаға тәуекел етсе, Аллаһу та'ала оған жеткілікті болады.»

Ал хадис шәрифте былай делінеді:

«Егер Аллаһу та'алаға лайықты түрде тәуекел етсеңдер, таңертең аш тұрып, кешке тоқ қайтатын құстар сияқты сендерді ризықтандыратын еді.»

Ғалымдардың бірінен «Үнемі ғибадатпен айналысасыз, не ішіп-жейсіз?» деп сұралды. Ол тістерін көрсетті. Яғни «Диірменді құрған суын да жібереді» дегісі келді. Өйткені, ризықтарды Аллаһу та'аланың жіберетініне сенімі толық еді. Расында, «Худ» сүресінде: «Жер бетіндегі әрбір жандының ризығын Аллаһу та'ала, әлбетте, жібереді» делінген.

Бір кісі Уәйсәл Қарани хазреттерінен «Қайда барып орналасайын?» деп сұрады. Ол «Шам қаласына орналас» деп жауап берді. Әлгі кісі «Шамда күнкөріс қалай болар екен?» деп сұрағанда Уәйсәл Қарани хазреттері: «Ризықтарын уайымдайтын жүректерге қандай обал. Оларға насихат пайдасын тигізбейді» деді.

Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) айтқан: «Адамдар ризық іздейді, бірақ ризық та оларды іздейді. Ешкім өз ризығын бітірмегенше өлмейді. Ешкім ешкімнің ризығын жей алмайды. Неліктен? Өйткені, үстінде оның есімі жазылып тұр. Әр адам тек есімі жазылған өз ризығын ғана жей алады.»

Бұл жазбамызды Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттерінің керемет сөзімен аяқтайық:

«Күнкөрісін айлықтан, шипаны дәрі-дәрмектен күтетін адамдардың жағдайына таңқаламын!»