9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (34)

УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (34)

34) Абдулғани Наблуси «Хадиқа» кітабының жүз тоқсаныншы бетінде жазғанындай, ғибадаттарды аз да, көп те қылмай, орта шамада орындау керек. «Бақара» сүресінің жүз сексен бесінші аятында: «Аллаһу та'ала сендерге жеңілдік қалайды. Қиын іс жасауларыңды қаламайды» делінген. Сондықтан, науқастың және сапардағы жолаушының ораза ұстамауына рұқсат берді. Бізге ауыр және қиын іс жасауды әмір етпеді. Егер екі істің бірін жасауға тура келетін болса, олардың жеңіл және оңай болғанын жасау дұрыс болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) біреудің мешітте сағаттар бойы намаз оқығанын естіді. Мешітке барып, оны иығынан ұстап: «Аллаһу та'ала бұл үмбеттің оңай амалдар істеуін қалайды. Қиын істерді ұнатпайды» деді. Аллаһу та'ала бұл үмбетке оңай нәрселерді әмір етті. Ислам үкімдерін ұстану өте оңай.

«Маида» сүресінің тоқсаныншы аятында: «Ей, мүминдер! Аллаһу та'ала сендерге халал қылған жақсы нәрселерді өздеріңе харам қылмаңдар! Халалдарға харам демеңдер! Аллаһу та'ала халал қылған нәрселеріне харам деушілерді жақсы көрмейді!» делінген. [Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед халал болған нәрселерге, тіпті ғибадаттарға харам дейді. Тіпті ширк дейді. Бұл аяти карима Аллаһу та'аланың оны жақсы көрмейтіндігін көрсетіп тұр. Мүмин күнә істеген кезде күнәнің жазасынан, азабынан құтылу үшін Аллаһу та'ала жолын көрсетті. Тәубемен, кафарат берумен кешіретіндігін айтты. Уаһһаби кітабы дәуір мен исқат жасалуына қарсы шығып, бұлар жаман адамдардың күнә істеуіне жол ашатын, ойдан шығарылған нәрселер дейді. Күнәлардың тәубе және кафаратпен кешірілетініне қарсы не дейді екен? Бұлар жаман адамдардың күнә істеуіне жол ашып жатыр деп, Аллаһу та'ала көрсеткен жеңілдікке және мейіріміне де тіл тигізеді ме екен?]

Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала әмір еткен нәрселерін орындауларыңды жақсы көргеніндей, рұқсат берген нәрселерін орындауларыңды да жақсы көреді» делінген. Зәрулік туындаған кезде харам істеуге және парызды тәрк етуге «рұқсат» берілген. Яғни азап берілмейді. Зәрулік туындаған кезде де діннің әмірлерін орындауға «азимет» делінеді. Кейде азимет болғанын жасау жақсырақ. Мысалы, өліммен қорқытылған адамның иманын жасыруы осындай. Өлтірілетін болса, шәһид болады. Кейде рұқсат болғанын жасау жақсырақ. Жолаушының сапарда ораза ұстамауы осындай. Сапардағы жолаушы ораза ұстап, ауырып қалып, өлетін болса, күнә істеген болады.

Ислам үкімдерін ұстанудан құтылу үшін мазһабтардың рұқсаттарын, жеңілдіктерін іздестіріп, солар бойынша амал ету жаиз (рұқсат) емес. Осылай іздестіру «Тәлфиқ» деп аталады. Қажеттілік туындағанда басқа мазһабқа өту немесе бірнеше амалды басқа мазһаб бойынша орындау жаиз. Парызды орындамау немесе харамды істеу үшін қулық жасау харам. Бұл «Хилә-и батыла» деп аталады. Бір нәрсе парыз немесе харам болудан бұрын парыз немесе харам болуының алдын алу рұқсат. Бұл «Хилә-и шәрия» деп аталады.

Абдуллаһ Мусули «Мұхтар» кітабының шәрһі болған «Ихтияр» кітабында былай дейді: «Парыздарды істей алмайтындай шамада әлсірететін риязат, яғни аз тамақтану рұқсат емес. Өзінің және бала-шағасының напақасын табатындай және қарыздарды өтейтіндей шамада жұмыс істеп, ақша табу парыз. Осы ниетпен жұмыс істеген адам қарызын өтей алмай өлетін болса, азап шекпейді. Хадис шәрифте: «Әрбір ер кісінің жұмыс істеп [напақасын] табуы парыз» делінген. Одан артығы үшін жұмыс істемеу жаиз. Адам алейһиссалам бидай егіп, нан пісіретін еді. Нұх алейһиссалам ағаш ұстасы еді. Ибраһим алейһиссалам мата саудагері еді. Дауд алейһиссалам темір ұстасы еді. Сүлейман алейһиссалам тоқылған себет жасайтын. Мұхаммед алейһиссалам басында қой бағатын, кейіннен саудамен айналысты. Кейін жиһад жасайтын, әскер еді. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) мата саудагері еді. Омар-ул-Фаруқ ұлтарақ тігетін. Осман Зиннурайн шетелден азық-түлік алып келетін еді. Әли (радиаллаһу анһум) жұмысшы еді, әрі жиһад жасайтын (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин). Бала-шағаның бір жылдық напақасын жинайтындай шамада жұмыс істеу мубах. Мұсылмандарға көмек үшін, жиһад ету үшін көп жұмыс істеп, ақша табу мүстаһаб, жақсы амал. Хадис шәрифте: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны» делінген.» Ихтияр кітабынан аударма тәмам болды. Жұртқа көрсету үшін, мақтану үшін ақша табу тахримән мәкрух. Мүлтәқа кітабында бұған харам делінген. Жұмыс істеу ризықты арттырмайды. Ризықты беруші – Аллаһу та'ала. Жұмыс істеу – себепке жүгіну деген сөз. Себептерге жүгіну сүннет.

[Мусули 683 [м.1285] жылы қайтыс болды.]

Жұмыс істейтін адам бес түрлі болады. Біріншісі, ризықтың тек жұмыс істеуден келетіндігіне сенеді. Кәпірлер осындай. Екіншісі, ризықтың Аллаһтан келетіндігіне және жұмыс істеудің себепке жүгіну екендігіне сенеді. Жұмыс істегенде Аллаһу та'алаға қарсы шықпайды, харам істемейді. Таза, салих мұсылмандар осындай. Үшіншісі, ризықтың Аллаһу та'аладан келетіндігіне сенеді, бірақ жұмыс істегенде Аллаһу та'алаға қарсы шығады. Пасық (күнәхар) мұсылмандар осындай. Төртіншісі, ризықты әрі Аллаһу та'аладан, әрі жұмыс істеуден келеді деп ойлайды. Мүшриктер осындай. Бесіншісі, ризықтың тек Аллаһу та'аладан ғана келетінін біледі, бірақ ризықты береді ме, бермейді ме, білмейді. Мұнафиқтар (екіжүзділер) осындай.

Алим бин Ала «Зад-ул-мусафир» және «Татархания» атты фәтуа кітабында жазғанындай, мешітке, үйге қамалып алып үздіксіз ғибадат жасау әрі ішіп-жеу, үйлену, қыдыру дегендей зауықтарды және халалдан ақша табуды тәрк ету тахримән мәкрух.

 

Сұрақ: Дін ғұламаларының жоғарыдағы сөздері тасауфшылардың (рахметуллаһи алейһим әжмаин) риязат шегіп, қиналып өмір сүруді мақтауларына қайшы келіп тұр. Бұл екеуінің қайбірі жақсырақ?

Жауап: Тасауфшылардың бір бөлігі «Қырық күн аш болған адам илаһи сырларды түсіне бастайды» деді. Сәһл бин Абдуллаһ он бес күнде бір тамақтанатын. Имам Ғазалидың айтуынша, Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) алты күнде бір тамақтанатын. Жунәйд Бағдади күнде төрт жүз рәкат намаз оқитын. Сәһл бин Абдуллаһ жеті жасында қари болды. Күнде ораза ұстайтын. Он екі жыл тек қана арпа нанын жеді. Абдулуаһһаб Шарани (рахметуллаһи алейһ) күнде ақшам мен құптан арасында Құран кәрімде екі рет хатым ететін. Бұған сенуде күмән келтірмеу керек. Әулиелерде рухани күш бар. Рух бір сәтте көп нәрсе істей алады. [Сәһл бин Абдуллаһ Тустәри 283 [м.896] жылы Басрада, Абдулуаһһаб Шарани 973 [м.1565] жылы, Имам Ғазали 505 [м.1111] жылы Тус қаласында қайтыс болды.]

[Алим бин Ала 688 [м.1289] жылы қайтыс болды.]

Ғалымдар «ғибадаттарда шектен шықпай, өз-өзін қинамау керек» деді. Бұл сөздері бүкіл үмбет үшін парыз немесе уәжіп немесе сүннет болған амалдарда. Әрбір мұсылманның осылай істеуі керек. Ал тасаууфшылардың көрген қиыншылықтары – нәпіл ғибадаттар. Бәрінің орындауы керек емес. «Тәғабун» сүресінің он алтыншы аятында: «Шамаларың жеткенше Аллаһтан қорқыңдар!» делінген. «Фурқан» сүресінің жетпісінші аятында «Иман келтіріп, тәубеге келген және салих амалдар жасаған адамдардың күнәларын сауапқа айналдырамын. Аллаһу та'ала күнәларды кешіруші, жанашыр» делінген. Уахши бұл аятты естігенде «Кешірілудің шарттары айтылған. Бұл шарттарды орындай алмаймын деп қорқамын. Мұның оңайрақ жолы жоқ па?» деп сұрады. Сонда: «Аллаһу та'ала қалаған құлдарының ширктен басқа бүкіл нәрсесін кешіреді» деген аят келді. Уахши мұны естігенде: «Аллаһу та'ала мені кешіруді қаламаса, мен не істеймін?» деп сұрады. Бұл сұраққа: «Ей, өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым! Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһу та'ала бүкіл қателіктерді кешіреді. Ол Ғафур (кешіруші), Рахим (мейірімді)» деген аяти карима келді. Уахши «Бұл сүйінші маған жетеді» деді де, иман келтірді. Бұл аяти карима қияметке дейін келетін әркім үшін сүйінші. Су таба алмағандардың тәйәммум қағуы үшін де алдымен «Таза топырақты қолдарыңа және беттеріңе сүртіңдер!» және кейіннен «Таза топырақ тиген қолдарыңмен қолдарыңды және беттеріңді сипаңдар!» деген аяти карима келді. Топырақты жағуды әмір етпеді, әмірді жеңілдетті. Аллаһу та'ала пайғамбарынан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мекке тауларын алтынға айналдырайын, қалайсың ба?» деп сұрағанда ол алтынды Аллаһ жолында және дұшпандармен күресуде қолдануды ойламады. Қаламады. Қиыншылық шегуді таңдады. Ал Тәбук соғысында «Мына әскерге қажет заттарды алып келген кісіге жәннатты сүйіншілеймін» деп сахабаларынан көмек сұрады. Расулуллаһтың ұзақ күндер бойы оразасын бұзбағандығы және аштықтан мүбәрәк ішіне тас байлағандығы кітаптарда жазулы. Мүбәрәк аяқтары ісіп кеткенге дейін түндерде көп намаз оқығандығы да жазылған. Мүбәрәк жұбайлары да (радиаллаһу та'ала анһунна) осылай көп ғибадат жасайтын. Бірақ, үмбетіне аса қамқор болғандықтан, олардың осылай қиыншылық көруін қаламайтын. Үмбетіне рұқсатпен амал етуді әмір ететін, ал өзі азиметпен ғибадат жасайтын. Дін дегеніміз тек қана әмір деген сөз емес. Рұқсат пен азиметтің екеуі де дін. «Тахрим» сүресінде «Аллаһу та'аланың халал қылғандарын өздеріңе харам қылмаңдар!» деген аяти каримасы «Рұқсат етілген нәрселерді жоққа шығармаңдар! Оларды харам қылмастан, тәрк етіп, тартынатын болсаңдар, бұл зухдқа (тақуалық) жатады, жақсы болады. Ал істеу күнә болмайды» деген сөз. Хадис шәрифте: «Сүннетімді қабыл етпеген адам менен емес!» делінген, бұл «рұқсат берген нәрселерімді қабыл етпей, өзін қинаған адам менен емес» деген сөз.

Тасаууф ғұламалары рұқсат пен азиметтен екіншісін таңдаған. Рұқсатпен амал етуді де жоққа шығармаған. Баршаға рұқсатпен амал етуді бұйырған. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) та осылай істейтін еді. Тасаууф дегеніміз Кітапқа және сүннеттке бағыну, бидғаттардан сақтану және тасаууф ғұламаларына құрметпен қарау, баршаға қамқор болу, рұқсат болған амалды тәрк ету деген сөз. Әһли сүннет ғалымдары азиметпен, уәрамен (тақуалықпен) амал еткендіктен, бір харамды істемеу үшін жетпіс халалдан бастартатын еді. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ): «Біз бір харамға түсіп қалу қаупінен жетпіс халалдан бастартатын едік» деген.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Хурайраға (радиаллаһу анһ) «Уәраны (тақуалықты) ұстан, сонда адамдардың ең абиды (құлшылық етушісі) боласың!» деді. Бұдан аңғарылып тұрғаны, дін дегеніміз тек қана рұқсат, барлық амалда орта жол деген сөз емес. Азимет, зухд және уәра да діннен саналады. Риязаттың, аштық шегудің тахримән мәкрух болуы бұған шыдай алмайтындар, денесіне және ақылына зиян тигізетіндерге айтылған. Өйткені, өз-өзін қауіп-қатерге түсіру харам. Рухани күштері осы қауіп-қатердің алдын алатындарға риязат шегу жаиз және пайдалы болады.

Пірдің керек екендігі осыдан да аңғарылуда. Кәміл болған пір шәкіртінің денсаулығын, мінез-құлқын, рухының күшін біледі. Оған лайықты шамада риязат етуді бұйырады. Оны қауіп-қатерден қорғайды. Кәміл болған пір – әрі дене, әрі рух пен дін маманы. Ол Расулуллаһтың мұрагері, өкілі. Кәміл болған пірдің бұйрығымен жетілгендердің ешқандай зиян мен қауіп-қатерге түскендігі байқалмаған. Бәрі жоғарылаған, жетіліп шыққан. Тасауф жолында ілгерілегенде Исламға бағынуда ешқашан немқұрайлық көрсетпеген. Парызды тәрк етуге себеп болған нәрсені істеу харам. Пір бұдан қорғайды (рахметуллаһи алейһ). Нәпіл ғибадаттарды рұқсатпен жасау осы үшін қажет.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмбетіне өте қамқор еді. Миғраж түні елу уақыт намаздың бес уақытқа түсірілуін сұрады. Үмбетіне қиын әмірлер келуіне жол бермеу үшін сахабаларына ауыр риязаттар жасауына рұқсат бермейтін. Оның үмбетіне ең пайдалы ғибадаттарды үйретпеуі және істемек болғандарға кедергі болуы мүмкін емес. Ол барлық нәрсенің ең жақсысын, ең пайдалысын айтқан, істеген және істеткізген. Рұқсатпен амал ету, шамадан тыс және шамадан аз қылмай құлшылық жасау барлық үмбетіне пайдалы болатындықтан, бұларды ашық түрде орындаған және әмір еткен. Ал сахабаларының ең биіктеріне жасырын білімдер мен ғибадаттарды үйреткен. «Бақара» сүресінің екі жүз сексен екінші аяти каримасында: «Аллаһтан қорқыңдар! Осылайша ол сендерге көп нәрселер үйретеді» делінген. Бұл жердегі «көп нәрселер» – илаһи марифеттер, жасырын білімдер. Хадис шәрифте: «Ілімнің нәзік және жасырын түрлері бар. Оларды тек Аллаһ адамдары ғана біледі. Білгендерін айтатын болса, надандар оларға сенбейді» делінген.

Имам Қасталанидың «Мәуаһиб» кітабында жазылған миғраж хадисінде: «Раббым маған бір-бірінен өзгеше үш ілім үйретті. Бірінші ілімді ешкімге айтпа деді. Өйткені, бұл ілімді менен басқа ешкім түсіне алмайды. Екінші ілімді қалағаныңа айтуыңа болады деді. Үшінші ілімді үмбетіңнен бәріне үйрет деді» делінген. Көрініп тұрғанындай, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аллаһу та'аланың маған білдірген ілімі, бүкіл үмбетке үйретуім бұйрылған ілім деген жоқ. Хақ болған басқа тағы екі ілім бар екенін хабар берді. Расулуллаһтың қалаған адамына айтуына рұқсат берілген екінші ілім «Уилаят», яғни әулиелік, тасаууф ілімі. Бұл ілім Ислам дінінің батынын (ішін) және ақиқатын үйретеді. Бұл ілімге тек қана тақуалықпен қолжеткізу мүмкін. «Кәһф» сүресінде Хызыр (Қыдыр) алейһиссалам туралы «Оған Бізден ілім берілді» делінген. Бұл аяти карима «Уилаят ілімін» көрсетуде. Баршаға айту бұйрылған «Фиқһ ілімдері» Расулуллаһтың мүбәрәк сөздерінен және іс-әрекеттерінен алынғанындай, уилаят марифеттері де Оның мүбәрәк жүрегінен шығып, жүректерге ағуда. Осы себептен де Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһтан екі түрлі ілім алдым. Біреуін сендерге айттым. Екіншісін айтатын болсам, сендер түсінбей, мені өлтіресіңдер» деді. Біріншісі «Илми захир», екіншісі «Илми батын». Мұны тек қана әулиелер мен сыддықтар біледі.

Тасаууфшылар батын біліміне қолжеткізу үшін риязаттар шегеді, мужаһадалар жасайды. Илми захирде (Дүниелік білім саласында) өтірікші, дипломды сатып алған жасанды «ғалымсымақтар» бар болғанындай, дін саласында да жасанды, жаман адамдар өздерін халыққа тасаууфшы, сопы қылып көрсетіп, бұл мүбәрәк жолды дүниелік пайдасына құрал қылғаны рас. Бұл өтірікшілерден сақтану, тұзақтарына түспеу үшін оларды тану керек. Ол үшін Исламды жақсылап үйрену қажет. Дұрыс пен бұрысты ажырататын жалғыз өлшем – Ислам діні. Ислам дініне бағынған адам тасаууф жолында да еңбектенсе, өте жақсы. Бірақ, бұл жолда ілгерілеу үшін кәміл болған пірдің бақылауы қажет. Кәміл болған пір – жүрек (көңіл) және рух маманы. Шәкіртінің жүрегіндегі ауруды түсініп, оның тұлғасына лайықты риязатты және зікірді таңдап, істеткізеді. «Бақара» сүресінің оныншы аятында: «Жүректерінде ауру бар» делінген. Бұл аурудың емі бастапқыда Расулуллаһтың сұхбаты арқылы берілетін. Өзгеше риязатқа, қиналуға қажеттілік жоқ еді. Сахабалардың барлығы сол сұхбаттың берекетімен Расулуллаһтың мүбәрәк жүрегінен фәйз алды. Тасаууфтың ең жоғарғы дәрежелеріне көтерілді. Олардан кейін келген әулиелердің бәрінен әлдеқайда жоғары болды. Олардан кейін келгендер Расулуллаһтың сұхбатына қауыша алмағандықтан, риязаттар, қиыншылықтар шегіп, жүрек ауруларынан құтылуға тырысқан. Илми батын илми захирдан ажырамайды. Екеуіне де қолжеткізген адамдар «Уләма-и расихин» (Ұлы құламалар) деп аталады. Расулуллаһқа мұрагер болған ғұламалар тек осылар ғана. Риязат, қиыншылық шегіп, жүректерді емдегендер илми батынға қолжеткізгенде риязатты тастайды. Тек парыздарды, сүннеттерді орындайды. Сахабалар (радиаллаһу та'ала анһум) сияқты батындарымен де, жүректерімен де ғибадат жасайды. Базарда сауда-саттық жасауы олардың батын ғибадаттарына зиянын тигізбейді. Олар Аллаһу та'аланы бір сәтке де ұмытпайды. Құран кәрімде олар мақталған. «Нұр» сүресінің отыз жетінші аятында: «Сауда-саттықтары Аллаһты ұмыттырмайды!» делінген. Сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) риязат шекпей бұл дәрежеге оңай және аз уақытта көтерілді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) алғашқы сұхбатында жоғарылады. Сахабаларға риязат шегуге рұқсат берілгенде еді, дін ғұламалары, мазһаб имамдары олардың риязаттарын кітаптарына жазып, бүкіл мұсылмандардың осылай жасауы қажет болар еді.

Хадис ғалымдарынан Мұхаммед бин Абдуллаһ Хаким Нишапуридің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мүстәдрәк» кітабында жазылған хадис шәрифте: «Дәжжалдың дәуірінде өмір сүретін мұсылмандардың азығы, періштелердің азығы сияқты, тәсбих пен тақдис ету болады. Аллаһу та'ала ол кезде тәсбих және тақдис еткендердің аштығын басады» делінген. Мұның да көрсетіп тұрғаны, Аллаһу та'ала қалаған құлдарына ішіп-жеуге қажеттілігі қалмайтындай жағдай береді. Дәжжал дәуірінде Ол барша мұсылмандарға осындай жағдай нәсіп етеді. Дәжжалдың фитналарының бірі, келген қалаларына «Маған ғибадат етіңдер, маған бағыныңдар!» дейді. Оған бағынатын болса, аспанға бұйрық беріп, жаңбыр жауады, жерге бұйрық беріп, егін өсіп шығады. Оған бағынбайтын болса, бұйрық беріп, мүлдем жаңбыр жаумай және жерден шөп өсіп шықпай қояды. Бәрі аш қалады. Хадис шәриф бұл фитнаның мұсылмандарға зиянын тигізбейтіндігін көрсетуде. Мұсылмандар тәсбих және тақдис оқып, аштық сезбейді. [Хаким Нишапури (рахметуллаһи алейһ) 405 [м.1014] жылы Нишапурда қайтыс болды.]

Зухд (тақуалық), сабыр, риязат, аштық сияқты қиыншылық көрудің Ислам дініне сай емес екендігін ойламау керек. Өйткені, Ислам діні денені қинайтын және зиян беретін нәрселерге тыйым салған. Бұл риязаттар тасаууфшыларға зиянын тигізбейді. Бұлар да, Ислам дінінің барлық үкімдері сияқты, Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келген Ислам дінінің бір бөлігі. Осы істерді және бұларды жасаған әулиелерді жоққа шығару діннің бір бөлігін жоққа шығару болып саналады.

Тасаууфшылар риязат жасайды деп оларды пайғамбарлардан (алейһимуссалауату уәттәслимат), тіпті сахабалардан (ридуануллаһи алейһим әжмаин) үстемірек деп санамау және үстемірек деп көрмеу керек. Әулиелердің ешқайсысына тіл тигізуге де болмайды. Әулиенің ұлылығын түсіне алмағандықтан, кемшілікті өзінен көру қажет. Хадис шәрифте: «Өзінің кемшіліктерін ойлаудан өзгелердің кемшіліктерін іздемейтін адамға сүйіншілер болсын!» делінген. Сәһл бин Абдуллаһ Тустәри айтқан: «Күнәнің ең жаманы – мұсылманға жаман көзбен қарау. Адамдардың көбі мұны күнә деп санамайды. Тәубесін мүлде жасамайды.» Кімде-кім әулиелердің барлығына хусни зан етіп, мақтаса, тек бір әулиені ғана дінімізге сай бір себеп көрсетпестен жамандаса, хусни зандарының еш пайдасы тимейді. Әулиелердің барлығын растамаған адам әулие бола алмайды. Аллаһу та'аланың бір әулиесін жаман көзбен қарап ренжіткен адам діннің бір бөлігін жамандаған болады. Мұхаммед Әбул-мәуаһиби Шазили (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Заманындағы әулиелерге құрмет көрсетпеген адам, әулиелер дәптерінен өшіріледі бірден.» Мухиддин Араби (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Әулиелерге және білімімен амал ететіндерге дұшпандық танытудың күпір екендігін ғұламалардың көбі айтқан.» Абдулуаһһаб Шаранидың ұстазы Али-йул-хауас айтқан: «Әулиелердің және ғұламалардың біріне дұшпан болған адамнан аулақ болу керек.» Әулиеге және ғалымға қарсы шығу – адасушылық. Бұл өз-өзін құртуға жатады. Сондықтан, уаһһабилерден аулақ болу қажет.

Аллаһу та'аланың әулиелері ілімімен амал ететін ғалымдар еді. Олардың өлі немесе тірі кез келген біреуін сөзбен немесе жүрекпен жоққа шығару – ашықша күпір саналады. Әулиені жоққа шығарған адамның кәпір болатындығын бүкіл мұсылмандар бірауыздан айтқан. Мұсылмандардың барлық мазһабтары бойынша кәпір болады. Өйткені, әулиеге сенбеу жалпы Ислам дініне сенбеуге жатады. оларға сенбегендер сауатсыз және ақымақ болғандықтан, осы имансыздықтарын өздері түсіне алмауда. Қате және бидғат болған нәрсені және өзіне жаман болып көрінген нәрсені жоққа шығардым деп ойлауда. Көп адасқандар, әулиенің ісі мен сөзін бұрыс деп ойлап, осы қауіпке түсуде, оған күнәхар немесе кәпір, дүмше деуде. Алайда, Аллаһтың әулиесі оның жамандаған нәрселерінен тым ұзақ. Оның сөздері мен іс-әрекеттері Исламға сай. Таат және қурбетке (жақсы амалға) жатады. Ал ол сауатсыз қасарысып, әулиелердің білімдерін, сыддықтардың марифеттерін түсіне алмауда. Оның жүрегі өлген, ақиқатты көре алмауда. Күпір немесе адасушылық шұңқырына өзі батқан. Өзін тәуһидті ұстанушы санап, жақсы амал жасағанын, адамдарға білім мен фәйз беріп жатырмын деп ойлайды. Ол қиямет күні күпірінің жазасын көреді, зұлымдықтарының, жалаларының азабын шегеді. Ол дүниеде өзіне және өзі сияқтыларға кәпір демейді. Өйткені, бәрі имансыздықта ортақ. Өздерін мұсылман санап жүр. Алайда, мұсылмандар олардың кәпір екендігін біледі. Өйткені, мұсылмандар Аллаһу та'аланың әулиелеріне (рахимә-һумуллаһу та'ала) сенеді. Олардың дұрыс халдеріне сенеді. Жоққа шығарушы имансыздардың түсінбеуі, білмеуі үзірге жатпайды. Өйткені, дінін білмеу үзір емес. Олардың әулиелерді білмеуі яһудилердің (еврейлердің), христиандардың, мәжусилердің (отқа табынушылардың) және пұтқа табынушылардың Мұхаммед алейһиссаламның хақ дінін білмеуіне ұқсайды. Олардың білмеуі үзір болмағанындай, мыналардың білмеуі де үзір болмайды.

Аллаһу та'аланың әулиелерін (рахметуллаһи алейһим әжмаин) жоққа шығару. оларға сенбеу Ислам дінінің кезкелген үкімін жоққа шығарумен бірдей болып, күпіршілік болып табылады. Ислам дінін жоққа шығарған мүртәдке берілетін жазаның әулиелерді жоққа шығарған кәпірге де берілуі қажет. Олардың ең алдымен осы жоққа шығаруынан бастартуын, тәубе етуін қалаймыз.

Әулиелер мен пайғамбарлар қаншалықты жоғары дәрежелі болса да, Аллаһқа құл болудан құтыла алмайды. Керемет пайда болуында құлдардың ешқандай әсері болмағанындай, әдеті бойынша жаратылып жатқан нәрселерде де әсері жоқ. Барлық нәрсені жалғыз Аллаһу та'ала жаратуда. Әулиелердің және пайғамбарлардың ештеңенің жаратылуына әсері болмайды. Бірақ, Аллаһу та'ала әулиелерін және пайғамбарларын басқа құлдарынан үстем тұтқан, өзгелеріне бермеген ниғметтерін оларға нәсіп еткен. Аллаһу та'ала әр адамның қалаулы әрекеттерін адамдардың қалағанынан кейін тілесе, жаратады. Адамдардың қалаған нәрселерін Ол қаламаса, жаратпайды. Адамдар қалаған кейбір нәрселерді Ол да үнемі қалауда және үнемі жаратуда. Мысалы, адам қолын көтеруді, көзін жұмуды қалаған кезде Ол да дереу қалап, бірден оның қолын көтеруде. Оның қаламауы өте сирек болады. Адамдардың кейбір қалауларын Ол кейде қалайды және жасайды, көбінесе қаламай жасамайды. Дүниедегі қалауларымыздың көбі осындай. Бірақ, бұл да адамдарға байланысты өзгеретіндігі күнде байқалуда. Дәл осылай, Аллаһу та'ала әулиелерінің және пайғамбарларының қалауларының көбін, қол көтеру және көз жұму сияқты, бірден қалап, жаратып беруде. Бұл оларға берілген Аллаһу та'аланың сыйы. Бұл жерде әулиелердің бір-біріне қарағанда айырмашылықтары бар болғанындай, ешбір әулие ешбір пайғамбардың дәрежесіне көтеріле алмайды. Олардың ешбірі дүниені қадірлемегендіктен, Аллаһу та'аладан дүниелік нәрсе сұрамайды. Дүниеде сұрағандарының бәрі ахирет үшін және Аллаһ үшін. «Хадиқа» кітабынан аударма осы жерде тәмам болды.

Аллаһу та'аланың әулиелері (рахимә-һумуллаһу та'ала) мазһабсыздардың көбейетіндігін және әулиелерді жоққа шығаратындығын жүз жылдар бұрын керемет ретінде білген. Адасушы, тіпті кәпір болатынын айтқан. Мұсылмандардың оларға алданбауы үшін қажет болған барлық нәрсені жазып қалдырған. Әулиелерге сену үшін осы анық кереметтерінің өзі жетпейді ме?