16 - Шәууал, 1445 жыл.
     25 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ

УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ

2-бөлім

УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ

 

Ашуландырмасаң ешкімді, ешкім ашуландырмас сені,

Жамандамасаң ешкімді, ешкім жамандамас сені.

Баршаға жақсылық жасасаң, бәріне жақсы боласың,

Аллаһқа құлшылық жасасаң, бәрі жақсы көрер сені.

 

36) Осман халифаты Араб жарты аралының басым бөлігіне ие болғанда әр аймақтан сайланған қызметкерлер арқылы сол жерлер басқарылатын еді. Кейіннен Хижаздан (Мекке-Мадина қ.) басқа шөлдік аймақтар көз тікккендердің қолына өтіп, шайхтықпен басқарылды.

1150 [м.1737] жылы Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед британдық тыңшы Хемфердің Лондонда дайындаған «Уаһһабилік» сенімдерін аз уақыт өтіп саяси әрекетке айналдырды. Британдықтардың саяси және әскери көмектерімен Арабстанға жайылды. Кейінірек Стамбұлдағы халифа екінші Махмұд хан тарапынан Мысыр әкімі Мұхаммед Әли пашаға бұйрық беріліп, Мысырдан жолданған әскер 1233 [м.1818] жылы олардың қолынан Арабстанды құтқарды.

Уаһһабилерге сенген Дәрийя әкімі Абдулазиз бин Мұхаммед бин Сауд алғаш рет хижреттің 1205 [м.1791] жылы Мекке әмірі шәриф Ғалибпен соғысты. Оған дейін Сауд тобы уаһһабилікті жасырын түрде жайып, сансыз мұсылмандарды өлтіріп, әйелдерін, бала-шағаларын, мал-мүліктерін алып, зорлық көрсеткен.

Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед, Бәни Тәмим тайпасынан шыққан, хижреттің 1111 [м.1699] жылы Нәжд шөліндегі «Хураймилә» ауданындағы «Уйәйнә» ауылында туылып, 1206 [м.1792] жылы өлген. Жас кезінде сауда үшін Басра, Бағдад, Иран, Шам және Үндістан тараптарына барып, тым шешендік және араңдатушы сөздерінің арқасында «Шайх-ул-Нәжди» деп атала бастаған еді. Барған жерлерінде көп нәрсе көріп, би болу деген арманға берілді. 1125 [м.1713] жылы Басрада кездестірген британдық тыңшы Хемфер осы тәжірибесіз жас жігіттің дінге өзгерістер енгізу, осылайша жұрттың басында билік етуді қалайтынын байқап, онымен ұзақ уақыт бойы достық құрды. Британия Отарлау министрлігінен алған қулық пен жалаларын оған үйретті. Мұхаммедтің бұл мәліметтерге қуанып, зауықтанып жатқанын байқағанда оған жаңа дін құруын ұсынды. Сол жаңа діннің негіздерін оған түсіндірді. Тыңшы да, Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед те іздегендерін тапқан еді. Жаңа дін құру мақсатында алдымен Мәдинада, кейін Шамда Ханбали мазһабының ғалымдарынан білім алды. Нәждке қайтқанда ауылдық тұрғындарға арнап кішкентай діни кітапшалар жазды. Бұл кітаптарда британдық тыңшыдан үйренгендерін және Мутазила мен басқа да бидғат топтарынан алған қате ойларын араластырып берен бастады. Ауылдықтардың көбі оған ерді. Ислам дінін іштен құлату үшін Британиядағы «Отарлау министрлігі» бұл жағдайды Нәжд шайхы болған Мұхаммед бин Саудқа айтты. Көп ақша беріп, саяси, әскери көмектер уәде етіп, Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммедпен бірге жұмыс істеуге көндірді. Арабстанда әулетке және текке аса мән берілетін. Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед негізінде сауатсыз "білгіш" болғандықтан, өзінің «Уаһһабилік» атты сектасын жаюда Мұхаммед бин Саудтың абыройы мен тайпасынан пайдаланды. Өзін «Қазы», Мұхаммед бин Саудты «Патша» деп атады. Өздерінен кейін де ұрпақтарының осы мансапқа өтуін қамтамасыз ететін заң қабылдады.

«Мират-ул Харамәйн» кітабы жазылған 1306 [м.1888] жылы Нәжд әмірі болған Абдуллаһ бин Файсал Мұхаммед бин Саудтың ұрпағы болғанындай, қазылары, яғни діни істер басшылары да Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммедтің ұрпағынан. (Қазірге дейін Саудияның мүфтилік лауазымы Абдулуаһһабтың тегінен шыққандардан, королі Саудтың тегінен шыққандардан сайланады. Басқа ешбір пенде ол лауазымдарға келе алмайды.)

Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммед ең баста Мәдинада оқып жүргенде Мәдинаның салих, таза ғалымдарының бірі болған әкесі Абдулуаһһаб пен оның бауыры Сүлейман бин Абдулуаһһаб және оларға дәріс берген ұстаздары бұл баланың сөздері, іс-әрекеттері әрі жиі айтып жүрген пікірлерінен оның келешекте Ислам дінін іштен құлататын адасушы болатынын байқаған еді. Оған насихат айтып, мұсылмандарға одан аулақ болуын ескертетін еді. Бірақ, қорққандары тез жүзеге асты. Ол өз пікірлерін «Уаһһабилік» атауымен ашық түрде жая бастады. Сауатсыздарды, ақымақтарды алдау үшін Ислам ғалымдарының кітаптарына қайшы келетін жаңа пікірлерімен діндегі реформаларымен өзін көрсете бастады. «Әһли сүннет уәл жамағат» мазһабында болған дұрыс мұсылмандарға кәпір деуге дейін барып шектен шықты. Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), басқа пайғамбарларды және әулиелерді арашы қылып, Аллаһу та'аладан бір нәрсе сұрауға және олардың қабірлерін зиярат етуге ширк деді.

Абдулуаһһаб ұлы Мұхаммедтің британдық тыңшыдан үйренгені бойынша, қабір басында дұға еткенде мәйітке қарап сөйлеген адам мүшрик болады-мыс. Аллаһтан басқа адамға немесе бір нәрсеге қатысты «жасады» деп айту, мысалы «Пәлен дәрінің пайдасы тиді» немесе «Пайғамбарымызды немесе бір әулиені арашы қылып тілегіме жеттім» деген мұсылмандар мүшрик болады-мыс. Абдулуаһһаб ұлының бұл сөздеріне дәлел ретінде көрсеткен нәрселерінің бәрі өтірік және жала болғанымен, сауатсыз халық дұрыс пен бұрысты ажырата алмағандықтан, бұл сөздері жұмыссыздарға, қарақшыларға, әсіресе Дәрийя әкімі Мұхаммед бин Саудқа ұнап қалды. Сауатсыздар мен пайдақорлар, тасжүректілер Абдулуаһһаб ұлының сөздеріне дереу қосылды. Дұрыс жолдағы таза мұсылмандарға кәпір деді.

Абдулуаһһаб ұлы өзінің пікірлерін оңай жая алу үшін Дәрийя әкіміне жолыққанда ол да иелігіндегі жерін кеңейту және билігін күшейту үшін Британиядан алған бұйрықтарын жаю үшін Абдулуаһһаб ұлымен қуана бірікті. Оның пікірлерін барлық жаққа жаюға бар күшін салып тырысты. Сенбей қарсы шыққандармен соғысты. Мұсылмандардың мал-мүлкін тонау, жандарын қию халал делінген кезде шөлдегі жабайылар, басқыншылар Мұхаммед бин Саудқа әскер болуға жарыса бастады. Сауд ұлы мен Абдулуаһһаб ұлы қосылып, уаһһабилікті қабыл етпегендердің кәпір және мүшрик болатындығына, қандарын төгу және мал-мүлкін алу халал екендігіне 1143 [м.1730] жылы үкім шығарып, жеті жылдан кейін уаһһабилікті әлемге жариялады. Яғни Абдулуаһһаб ұлы отыз екі жасында қате пікірлерін жая бастады, қырық жасында жариялады.

Меккенің Шафии мүфтисі Әссәйид Ахмед бин Зәйни Дахлан (рахметуллаһи алейһ) «Әл-Футухат-ул-Исламия» кітабының екінші томы, 228-ші бетінен бастап «Фитнәт-ул-уаһһабия» тақырыбы астында олардың қате сенімдерін және мұсылмандарға көрсеткен зорлық-зомбылықтарын баяндаған. Бұл кітап 1387 [м.1968] жылы Каирде және 1395 [м.1975] жылы Стамбұлда офсеттік баспада басып шығарылған. Оның 234-ші бетінде былай жазылған: «Мекке мен Мәдинадағы Әһли сүннет ғалымдарын алдау үшін сол жерлерге өз "уаһһаби молдаларын" жолдады. Ол адамдар Ислам ғалымдарының сұрақтарына жауап бере алмады. Осылайша уаһһаби молдаларының сауатсыз және адасқан дүмшелер екендігі аңғарылды. Олардың кәпір екендіктерін дәлелдейтін жарғы жазылып, жан-жақтағы елдерге жіберілді. Сол дәуірде Мекке әмірі болған шәриф Мәсуд бин Саид олардың қамауға алынуын әмір етті. Бірнешеуі қашып, Дәрийяға кетті. Болған жағдайларды айтып берді.» Зәйни Дахлан 1304 [м.1886] жылы Мәдинада қайтыс болды.

Хижаздағы төрт мазһаб ғалымдары және олардың арасында Абдулуаһһаб ұлының бауыры Сүлейман және оған дәріс берген ұстаздары Абдулуаһһаб ұлының кітаптарын зерттеп, Ислам дінін құлататын, араңдатушы жазбаларына жауаптар әзірледі, адастырушы жазбаларын түбегейлі шірітетін қуатты дәлелдермен кітаптар жазып, мұсылмандардың көзін ашуға тырысты. Сүлейман бин Абдулуаһһабтың өз бауырына қарсы жазған кітабының аты «Саваиқ-ул илаһия фиррәдди аләл-уаһһабия» болып, хижраның 1306 жылы басылған және 1395 [м.1975] жылы Стамбұлда офсеттік екінші басылымы жарыққа шыққан.

Алайда бұл кітаптардан уаһһабилер ынсапқа келмеді. Керісінше, мұсылмандарға деген дұшпандықтары одан сайын өршіп, Мұхаммед бин Саудтың мұсылмандарға шабуылдауына, көбірек қан төгуіне себеп болды. Бұл адам «Бәни Ханифа» тайпасынан болып, кезінде Мусәйләмә-тул Кәззабтың (өтірікші) пайғамбарлығына сенген ақымақтардың тұқымынан еді. Мұхаммед бин Сауд хижреттің 1178 және миладтың 1765 жылында өлгенде оның орнына баласы Абдулазиз өтті. Абдулазиз бин Мұхаммед бин Сауд хижраның 1217 және миладтың 1803 жылы Дәрийя мешітінде бір шиит фанатигі тарапынан қарнына қанжар тығып өлтірілді. Одан кейін оның баласы Сауд бин Абдулазиз уаһһабилердің көсемі болды. Арабтарды жолдан шығаруда, қисық сенімдерін таратуда және мұсылмандардың қанын төгуде үшеуі де бір-бірінен қалыспаған.

Абдулуаһһаб ұлының осы пікірлерін жаюы Аллаһқа тәухидте, бір Құдайға сенуде адал болу үшін және мұсылмандарды ширктен құтқару үшін екен-міс. Мұсылмандар алты ғасырдан бері ширк жасап кәпір болып қалған-мыс. Ол болса, мұсылмандардың дінін тазарту, дінде реформа жасап жаңарту мақсатымен майданға шыққан екен-міс. Осы қисық сенімдеріне жұртты сендіру үшін «Ахкаф» сүресінің бесінші аяти каримасы, «Юнус» сүресінің жүз алтыншы аяти каримасы және «Рад» сүресінің он төртінші аяти каримасын дәлел деп сайрайтын. Алайда, сол мағынада тағы көптеп аяти карималар бар. Бұл аяти карималардың барлығы пұтқа табынған кәпірлер мен мүшриктер жайлы жіберілгендігін тәфсир ғалымдары бірауыздан айтқан.

Абдулуаһһаб ұлының ойынша, бір мұсылман пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немесе басқа пайғамбардың немесе әулиелердің, салихтардың бірінің қабірінің қасында немесе алыстан оған «Истиғаса» жасаса, яғни қиыншылықтан, дерттен құтылу үшін көмек сұраса, яки оның есімін атап шапағатын сұраса, яки қабірін зиярат етуге барғысы келсе, ол мұсылман мүшрик және кәпір болады-мыс. Аллаһу та'ала «Зумәр» сүресінің үшінші аятында пұтқа табынатын кәпірлер жайлы айтқан. Пайғамбарлар мен әулиелерді арашы қылып дұға еткен мұсылмандарды мүшрик деп айыптай алу үшін уаһһабилер осы аяти кариманы алға сүрді. Мүшриктер де пұттардың жаратушы еместігіне, барлық нәрсені Аллаһның жарататындығына сенетін еді дейді. Тіпті «Анкәбут» сүресінің алпыс бірінші және «Зухруф» сүресінің сексен жетінші аяти каримасында «Бұларды кімнің жаратқандығын олардан сұрасаң, әлбетте Аллаһ жаратты дейді» делінген. Аллаһу та'аланың да осылай дегендігін айтады. Кәпірлер осылай сенгендіктен емес, «Зумәр» сүресінің үшінші аятында айтылған: «Аллаһтан өзгелерді дос тұтынғандар олар шапағат етіп бізді Аллаһу таалаға жақындатады дейді» деген сөзді айтқандықтан кәпір, мүшрик болады дейді. Пайғамбарлар мен әулиелердің қабірлерінен шапағат, көмек сұраған мұсылмандар да осылай айтып мүшрик болады екен-міс.

Абдулуаһһаб ұлының бұл аяти каримаға сүйеніп, мұсылмандарды кәпірлерге, мүшриктерге теңеуі барып тұрған ақымақтық, надандық және күлкілі. Өйткені, кәпірлер шапағатын сұрап пұттарға табынады. Аллаһу та'аланы тастап, тілектерін тек пұттардан ғана сұрайды. Ал мұсылмандар пайғамбарларға, әулиелерге табынбайды, «Барлық нәрсені тек Аллаһтан ғана күтеміз. Әулиелердің арашы болып, бізге дұға етуін қалаймыз» дейді. Кәпірлер өз пұттарының қалағанша шапағат ететіндігіне, барлық тілектерді Аллаһқа орындатқызатындығына сенеді. Ал мұсылмандар Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарына шапағат етуге рұқсат беретіндігін, сүйіктілерінің шапағаттары мен дұғаларын қабыл ететіндігін Құран кәрімде хабар бергенін білгендіктен, Құран кәрімдегі осы сүйіншіге сенгендіктен, Аллаһу та'аланың сүйікті құлдары ретінде танылған әулиелерден шапағат пен көмек сұрауда. Кәпірлердің пұттарға табынуы мен мұсылмандардың әулиелерден көмек сұрауын бір-біріне ұқсатуға болмайды. Мұсылман мен кәпір сырттай алғанда бірдей адам. Адамдық тұрғыда бір-біріне ұқсайды. Бірақ, мұсылман Аллаһу та'аланың досы. Ол мәңгі жәннатта қалады. Ал кәпір Аллаһу та'аланың дұшпаны, мәңгілікке тозақта қалады. Олардың сырттай бір-біріне ұқсауы әрқашан бірдей болатындығына дәлел бола алмайды. Аллаһу та'аланың дұшпандары болған пұттарға, мүсіндерге жалбаратындар мен Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарына жүгінгендер көріністе ұқсауы мүмкін. Бірақ, пұттарға табыну тозаққа жетелейді. Ал әулиелерге жүгіну Аллаһу та'аланың кешіріміне, мейіріміне себеп болады. «Аллаһу та'аланың сүйікті құлдары еске алынса, Аллаһу та'ала мейірім көрсетеді» хадис шәрифін отызыншы бөлімнің соңында жазған едік. Пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттәслимат), әулиелерге (рахимә-һуллаһу та'ала) жүгінгенде Аллаһу та'аланың мейірім танытатындығын, кешіретіндігін осы хадис шәриф те көрсетіп тұр.

Мұсылмандар пайғамбарлар мен әулиелердің тәңір, құдай еместігіне, Аллаһу та'аланың серігі еместігіне сенеді. Оларды Аллаһтың әлсіз құлдары деп біледі және ғибадат етілуге, табынуға хақтарының жоқтығына да сенеді. Олардың Аллаһу та'аланың сүйген, дұғаларын тез қабылдайтын құлдары екендігіне сенеді. «Маида» сүресінің отыз бесінші аятында: «Маған жақындау үшін арашы іздеңдер» делінген. Салих құлдарымның дұғаларын қабыл етемін, тілегендерін беремін деген. «Бұхари», «Мүслим» және «Кунуз-уд-дақаиқ» кітаптарындағы хадис шәрифте: «Әлбетте Аллаһу та'аланың сондай құлдары бар, бір нәрсеге ант етсе, Аллаһу та'ала сол нәрсені жаратады. Оны өтірікші қылып шығармайды» делінген. Мұсылмандар осы аяти карималар мен хадис шәрифтерге сенгендіктен әулиелерді (рахметуллаһи алейһим әжмаин) арашы қылып, олардан дұға мен көмек күтеді.

Кәпірлердің бір бөлігі де өз пұттары мен мүсіндерінің жаратушы еместігін, барлық нәрсені Аллаһу та'ала жарататындығын айтып жүрген болса да, «Пұттардың табынуға ақылары бар. Олар қалағанын істей алады және Аллаһқа да істеткізе алады» деп сенеді. Пұттарын Аллаһқа серік қылады. Бір адам өмірде біреуден көмек сұраса, «Маған әлбетте көмектеседі. Оның қалағанының барлығы міндетті түрде орындалады» десе, кәпір болады. Бірақ, «Менің тілеуім оның қалағанымен орындалмайды. Ол – себепші ғана. Аллаһу та'ала себепке жүгінгендерді жақсы көреді. Себеппен жарату Оның әдеті. Себепке жүгінген болу үшін одан көмек сұраймын, тілегімді Аллаһтан күтемін. Пайғамбарымыз да себептерге жүгінген. Себепке жүгіну арқылы ұлы пайғамбардың сүннетін ұстанған боламын» деп біреуден көмек сұраған адам сауап алады. Тілегі орындалса, Аллаһу та'алаға шүкір етеді. Орындалмаса, Аллаһу та'аланың тағдырына разы болады. Кәпірлердің пұтқа табынуы мұсылмандардың әулиелерден дұға, шапағат, көмек сұрауына ұқсамайды. Ақыл-есі дұрыс адам бұл екеуін бір-біріне ұқсатпайды. Екеуінің екі басқа нәрселер екендігін жақсы түсінеді. Зиянды да, пайданы да жарататын тек қана Аллаһу та'ала. Одан өзге ешбір жанды не жансыз заттың табынуға ақысы жоқ. Ешбір пайғамбар, ешбір әулие, ешбір жаратылыс ештеңе жарата алмайды. Аллаһтан басқа жаратушы жоқ. Бірақ, Аллаһу та'ала пайғамбарларының, әулиелерінің, салих құлдарының, яғни сүйікті құлдарының есімдерін атағандарға, оларды арашы қылғандарға мейірімділік етіп, тілегендерін береді. Мұны Өзі және пайғамбары хабар берген. Осы хабарларға жүгініп, мұсылмандар да осылай сенеді.

Ал мүшриктер, кәпірлер пұттардың ештеңе жаратпайтынын біле тұра пұттарын тәңір және құдай деп біледі. Пұттарға табынады. Олардың кейбірлері құдайлық мәселесінде мүшрик болса, кейбірлері ғибадат мәселесінде мүшрик болуда. Олар «Пұттарымыз бізге шапағат етеді. Бізді Аллаһқа жақындатады» дегендері үшін мүшрик болып жатқан жоқ. Пұттарды құдай деп білгендіктен, пұттарға табынғандықтан мүшрик болып жатыр.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Бір заман келеді, (ол кездің адамдары) кәпірлерге қатысты түсірілген аяттарды мұсылмандарды жамандау мақсатында дәлел ретінде пайдаланады» деген. Тағы бір хадис шәрифте: «Ең қатты уайымдайтыным, аяттарды Аллаһу та'аланың қаламаған жерлерінде қолданатын адамдардың пайда болуы» деген. Бұл хадис шәрифтердің екеуін де Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһ) хабар берді. Бұл екі хадис шәриф мазһабсыздар мен өзін мұсылман етіп көрсететін дінсіз дүмшелердің шығатынын және кәпірлер жайлы айтылған аяти карималарды мұсылмандарға төңкейтінін, осылайша Құран кәрімге жала жабатындығын хабар беруде.

Мүминдер Аллаһу та'аланың сүйіктісі деп сенетін адамдардың қабірлерін зиярат етіп барады. Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарын арашы қылып, Аллаһу та'алаға жалбарынады. Пайғамбарымыз және сахабалар да осылай жасайтын еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Йа, Раббым! Тілектерін орындаған құлдарыңның хақы-құрметі үшін сенен сұраймын» дұғасын оқитын. Бұл дұғаны сахабаларына үйретіп, оқуын әмір ететін. Мүминдер де осылай дұға етуде.

Хазреті Әлидің анасы Фатима бинти Әсәд (радиаллаһу анһума) қайтыс болғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны өзі қабірге түсіріп, «Йа, Раббым! Маған анамдай болған Фатима бинти Әсәдті кешіре көр! Пайғамбарыңның және менен бұрын келген пайғамбарларыңның хаққы үшін оған мейіріміңді молынан таныт!» деп дұға етті. Көздерінің сауығуын тілеп дұға сұраған соқыр адамға екі рәкат намаз оқуын, кейін: «Йа, Раббым! Құлдарыңа мейірім ретінде жіберген пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламның құрметі үшін, Оны арашы қылып сенен сұраймын. Саған жалбарынамын. Ей, сүйікті пайғамбар Мұхаммед алейһиссалам! Сені арашы қылып, дұғамды қабыл етіп, тілегімді беруі үшін Раббыма жалбарынамын. Йа, Раббым! Дұғамның қабыл болуы үшін осы ұлы пайғамбарды маған шапағатшы ете көр!» деген дұғаны оқуын бұйырды.

Адам (алейһиссалам) тыйым салынған ағаштың жемісін жеп, Сайлан (Цейлон), яғни Сәрәндиб аралына түсірілгенде «Йа, Раббым! Ұлым Мұхаммед алейһиссалам құрметіне мені кешір!» деп дұға етті. Аллаһу та'ала: «Ей, Адам! Егер Мұхаммед алейһиссаламды арашы қылып, жердегілер мен көктегілерге шапағат сұрағаныңда, шапағатыңды қабыл етер едім» деді.

Хазреті Омар хазреті Аббасты (радиаллаһу анһума) ертіп барып, оны арашы қылып, жаңбыр дұғасын жасаған, дұғасы қабыл болған.

Көздерінің ашылуын сұрап келген соқыр адамға оқылуы бұйрылған дұғада «Йа, Мұхаммед! Сені...» деу, әулиелерді арашы қылғанда есімдерін атап сұраудың рұқсат екендігін көрсетуде.

Сахабалардың және табииннің (радиаллаһу анһум) өмірбаянын сипаттайтын кітаптар қабір зияратының, есімін атап шапағат сұраудың және мәйітті дұғада арашы қылудың шариғатқа сай және рұқсат екендігін көрсететін дәлелдерге толы.

Ибн Хажәр Хитәмидің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Минхаж» шәрһі болған «Тухфә» кітабына хашия жазуымен танымал болған Мұхаммед бин Сүлейман Шафии (рахметуллаһи алейһ) Абдулуаһһаб ұлының қате және адасқан жолда екендігін, аяти карималарға және хадис шәрифтерге қате мағына бергендігін дәлелдермен ашып берген. Кітабында былай дейді: «Ей, Мұхаммед бин Абдулуаһһаб! Мұсылмандарға тіл тигізбе! Аллаһ разылығы үшін саған насихат айтып жатырмын. Аллаһтан басқа жаратушы бар екенін айтып жүрген адам бар болса, оған дұрысын айт! Дәлелдер келтіріп, оны дұрыс жолға түсір! Бірақ мұсылмандарға кәпір деуге болмайды! Сен де мұсылмансың. Миллиондаған адамға кәпір демеу үшін (сен сияқты) бір адамға кәпір деу дұрысырақ болады. Отардан ажыраған қойдың қауіпте екендігі айдан анық. «Ниса» сүресінің жүз он төртінші аятында: «Дұрыс жол көрсетілгеннен кейін пайғамбар алейһиссаламға бағынбаған және иман мен амалда мүминдерден ажыраған адамды күпір мен дінсіздікте қалдырып, тозаққа тастаймыз. Ол тозақ өте жаман жер» делінген. Бұл аяти карима Әһли сүннет уәл жамағаттан ажырағандардың жағдайын көрсетуде.»

[Мұхаммед Курди бин Сүлейман 1194 [м.1780] жылы Мәдинада қайтыс болды.]

Қабір зияратының рұқсат және пайдалы екендігін көрсететін хадис шәрифтер өте көп. Сахабалар және табииндер (радиаллаһу анһум) пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк кесенесін зиярат ететін еді. Бұл зияраттың қалай жасалатындығын және пайдаларын жеткізу үшін жеке кітаптар жазылған.

Бір әулиені (рахметуллаһи алейһ) арашы қылып дұға етудің, есімін атап одан көмек сұраудың ешқандай зияны жоқ. Есімі аталған кісінің ықпал ететіндігіне, сұралғанды міндетті түрде орындайтындығына, ғайыпты білетіндігіне сену күпір болады. Мұсылмандар, жамандауға тұратындай олай сенбейді. Мұсылман Аллаһу та'аланың сүйікті құлынан тек қана арашы болуын, шапағат етуін, дұға етуін сұрайды. Сұралғанды жаратып беретін тек қана Аллаһу та'ала. «Маида» сүресінің жиырма жетінші аятында: «Тақуа құлдарымның дұғасын қабыл етемін» делінген. Сондықтан, сүйіктілерінен дұға сұрау керек. Мәйіттен сұраған тілекті беруін емес, Аллаһу та'аланың беруіне себепші болуын сұрау керек. Тілекті беруін сұрау рұқсат емес. Мұсылмандар мұны сұрамайды. Берілуі үшін арашы болуын сұрау рұқсат. «Истиғаса», «Истишфа» және «Тәуәссул» сөздерінің бәрі арашы, себеп болуын сұрау деген сөз.

Барлық нәрсені жарататын, істейтін тек қана Аллаһу та'ала. Бір нәрсені жарату үшін басқа бір жаратылысын құрал және себеп қылуы – Аллаһу та'аланың әдеті. Аллаһу та'аланың бір нәрсені жаратып беруін қалаған адамның сол нәрсенің жаратылуына құрал болатын себепке жүгінуі қажет. Пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәссәләм) барлығы себептерге жүгінген.

Аллаһу та'ала себепке жүгінуді мақтаған. Пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәссәләм) себептерге жүгінуіді әмір еткен. Дүниедегі құбылыстар, оқиғалар да себепке жүгінудің керек екенін көрсетіп тұр. Бір нәрсеге қолжеткізу үшін сол нәрсенің себебіне жүгіну керек. Ол себепті сол нәрсеге себеп қылған және адамның ол себепке жүгінуін қамтамасыз еткен, ол себепке жүгінгеннен кейін сол нәрсені жаратып берген Аллаһу та'ала екендігіне сену қажет. Осылай сенген адам осы себепке жүгіну арқылы сол нәрсеге қолжеткіздім дей алады. Бұл сөзі ол нәрсені себеп жаратып берді деген сөз емес. Аллаһу та'ала ол нәрсені осы себеппен жаратты деген сөз. Мысалы, «Ішкен дәрім ауруымды басты», «Сәйидәт Нәфиса хазреттеріне нәзір етіп едім, ауруым жазылды», «Тамақ мені тойдырды», «Су шөлімді қандырды» деген сияқты сөздер осы нәрселердің құрал, себеп екендіктерін көрсетуде. Осылай айтқан мұсылмандардың жоғарыда жазғанымыздай сенгендігін ойлау қажет. Осылай ойлаған адамға кәпір деуге болмайды. Уаһһабилер де «Қасындағы тірі адамнан бір нәрсе сұрауға болады, рұқсат» дейді. Бір-бірінен және мемлекет қызметкерлерінен көп нәрсе сұрайды. Беруін сұрап жалынады. «Алыстағы адамнан және өліден сұрау ширк. Тіріден сұрау ширк емес» дейді. Ал Әһли сүннет ғалымдары «Бірі ширк болмаса, онда екіншісі де ширк емес, араларында айырмашылық жоқ» дейді. Әр мұсылман иманның, Исламның шарттарына, парыздардың парыз екендігіне және харамдардың харам екендігіне сенеді. Әр мұсылманның жаратушының, жасап берушінің тек қана Аллаһ екендігіне, Аллаһтан өзгесінің жаратпайтындығына сенгендіктері де анық көрініп тұр. Намаз оқымаймын деген мұсылманның «Қазір немесе осында оқимаймын немесе оқып қойғаным үшін оқымаймын» дегісі келгендігі аңғарылады. «Мен мүлдем намаз оқығым келмейді» дегісі келді деп ешкім оған тіл тигізе алмайды. Өйткені, сөз иесінің мұсылман болуы оны күпірмен, ширкпен айыптайтындардың аузын жабуда. Қабірді зиярат еткен, мәйіттен көмек, шапағат сұраған, жұмысым жүріп кетсінші деген мұсылманды күпірмен, ширкпен айтыптауға ешкімнің ақысы жоқ. Осы сөздерді айтқан немесе қабірді зиярат еткен, «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), маған шапағат ет» деген адамның мұсылман болуы осы сөздер мен әрекеттердің рұқсат және шариғатқа сай болған иманмен және оймен жасалғандығын көрсетуде.

Жоғарыдағы мағлұматтарды жақсы түсініп, терең ойлайтын болсақ, Абдулуаһһаб ұлының сенімдері мен жазбалары түбінен құлатылған және жоққа шығарылған болады. Сонымен қатар, қате жолда екендігі, мұсылмандарға жала жапқандығын және Ислам дінін іштен құлатуға тырысқандығын дәлелдермен анықтайтын өте көп кітап жазылған. «Зәбид» мүфтисі Сәйид Абдуррахман (рахимә-һуллаһу та'ала) оның қате жолда екендігін көрсету үшін мына хадис шәриф жеткілікті деген: «Арабстанның шығыс тарапынан біреулер шығады. Құран кәрімді оқиды. Бірақ, Құран кәрім олардың кеңірдектерінен төмен түспейді. Олар садақтан оқ ұшқандай діннен шығады. Беттерін қырады.» Беттерін қырады дегені бұл хадис шәрифте уаһһабилердің хабар берілгендігі анық байқалуда. Бұл хадис шәрифті оқығаннан кейін басқа кітап оқуға қажеттілік қалмайды. Еркектерге басты және екі бетті қыруды Абдулуаһһаб ұлының кітаптары әмір етуде. Басқа адасқан топтардың ешқайсысында мұндай әмір жоқ.

 

БІР ӘЙЕЛДІҢ АБДУЛУАҺҺАБ ҰЛЫНА БЕРГЕН ЖАУАБЫ:

Абдулуаһһабтың ұлы әйелдерге де шаштарын қырып тастауды әмір етті. Бір әйел оның бұйрығына қарсы шығып: «Шаш – әйелдің маңызды әшекейі. Сақал да ер кісінің көркі. Адамдарды Аллаһу та'ала берген әшекейден мақрұм қылу дұрыс па?» деді. Абдулуаһһаб ұлы оған жауап бере алмады.

Абдулуаһһаб ұлының көрсеткен жолында көптеп қате және қисық сенімдер бар болғанымен, барлығының негізі үшеу:

1) Амал – иманның бөлшегі. Намаз оқудың парыз екеніне сене тұра, жалқаулықпен бір намазды оқымаған адамның иманы кетеді екен-міс. Бір жыл зекетін бермеген сараң адам кәпір болады екен-міс. Ондай мұсылмандарды өлтіріп, мал-мүліктерін уаһһабилерге тарату керек екен-міс.

2) Пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) рухтарын арашы қылу және қорққан нәрселерінен құтылып, үміттеріне қолжеткізу үшін дұға етуін олардан сұрау ширк болады екен-міс. «Дәлаил-и хайрат» дұға кітабын оқуға тыйым салынған екен-міс.

3) Қабірлердің үстіне кесене салу, кесенеде қызмет және ғибадат етушілерге шам жағу және мазарларға садақа, құрбандық атау ширк болады екен-міс. Бұлардың үшеуі де Аллаһу та'аладан өзгелерге табыну саналады екен-міс.

Сауд бин Абдулазиз Мекке мен Мәдина қалаларын басып алған кезінде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кесенесінен басқа сахабалардың және әһли бәйттің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин), әулиелер мен шәһидтердің (ридуануллаһи алейһим әжмаин) кесенелерінің бәрін құлатты. Қабірлерді орнын тауып болмайтындай жағдайға түсірді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк кесенесін де құлатпақ болып кіріскенімен, қолына күрек ұстаған адамның ақылы мен денесіне зақым жетіп құлай бергендіктен бұл қылмысты жасай алмады. Мәдинаға кірген кездерінде Сауд мұсылмандарды бір жерге жинап, «Уаһһабиліктің келуімен енді діндерің толықтанды. Аллаһ бәріңнен разы болды. Ата-бабаларың кәпір еді, мүшрик еді. Олардың діндерін ұстанбаңдар! Олардың кәпір болғанын елге айта жүріңдер! Бұгіннен бастап, Расулуллаһтың кесенесінің алдында тұрып, Оған жалбарынуға тыйым салынады. Кесененің алдынан өткенде «Әссәләму алә Мухаммәд» делінеді. Одан шапағат сұрауға болмайды» дегендей мұсылмандарды жамандайтын нәрселер айтты.