12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адам ешнәрсеге мұқтаж болмаса, әлбетте құтырады!

Адам ешнәрсеге мұқтаж болмаса, әлбетте құтырады!

Адам баласы мал-мүлкінің көп болуын, яғни бай болуды армандап өмір сүреді. Адамның елге қызмет ете алуы үшін бай болуы әрине өте пайдалы. Бірақ, егер байлықты басқара алмай қалса, пайдасынан зияны көбірек тиеді. Тарихта миллиондаған адамдарды, тіпті мемлекеттерді, халықтар мен мәдениеттерді жойып жіберген нәрсе молшылық пен өте жоғары тұрмыстық деңгей болған. Адам әр қалаған арманына жете беретін болса, өмірдің қызығы қалмай, жалқаулық пен салақтық басталады. Бұл болса құлдыраудың бастамасы деген сөз.

Байлықтан туындайтын бейқамдық адамды жолынан аздырады. Аса тоқтық рухани құндылықтарды жойып, қате жолдарға түсуге, қырсықтыққа, тәкәппарлық пен менмендікке жол ашады. Өзінен басқа ешкімді ойламайтын халге түсіреді. Иманды әлсіретіп, адам ұят, заң деген шектеулерді менсінбейтін және жақсылықты білмейтін шүкірсіз болып қалады. Тоқтық және ешнәрсеге мұқтаж болмауға қоса, қанағатсыздық та басталады. Ішкілікке, есірткіге салыну сияқты әртүрлі ақылға қонымсыз әрекеттермен адам шектен шығады. Құран кәрімде: «Адам ешнәрсеге мұқтаж болмаса, әлбетте жолдан азады!» делінген. (Алақ, 6-7)

«Қарун оқиғасы» – заманымыздағы осылай байлықтың кесірінен азған адамдарға терең ой салатын тамаша ғибрат.

Қарун – Мұса пайғамбардың (алейһиссалам) туысы еді. Алғашында кедей және көркем мінезді кісі еді. Мұса алейһиссалам оған дұға етіп, оған химия ғылымын үйретті. Мұса алейһиссаламға иман келтіргеннен кейін ол өзін толықтай ғылымға және ғибадатқа арнады. Хазреті Мұса және хазреті Харуннан кейін Исраил ұлдарының ең білімдісі еді. Жүзінің сұлулығы таңқаларлықтай болғандықтан, бәрі оған «Нұр жүзді» дейтін еді.

Алайда, шайтан Қарунды алдап, дүниелікке қызықтырды. Қарун меңгерген химия ғылымын қолданып, қысқа уақытта байыды. Байып кеткені соншалық, тек қазыналарының кілттерін ғана қырық қашыр таситын еді.

Қарун байығаннан кейін бұрынғы көркем мінезі де қалмады. Зұлымдық пен әділетсіздік жасай бастады. Тіпті, оған білім берген Мұса алейһиссаламға да қарсы шыға бастады. Оның істегендеріне тосқауыл болуды, Ол туралы өсек таратуды, мұғжизаларына сиқыр деуді бастады. Мұса алейһиссалам оған насихат айтып, бұдан бастартуын сұрады. Кейіннен мүминдерге зекет парыз болғанда хазреті Мұса Қарунға зекеттің қай мөлшерде берілетіндігін хабар берді. Бірақ, ол нәсіпсіз бұйырылған мөлшерді көп деп санады. Мұны беру нәпсіне ауыр келді. Жақтастарына «Мұсаның бүкіл қалағанын істедіңдер. Ал қазір, өздерің де көріп тұрсыңдар, мал-мүлік жинағысы келіпті. Бұған да бағынасыңдар ма?» деп Аллаһу та'аланың зекет әмірін қабыл етпей, өзін құрдымға жетеледі. Ақыр соңында Мұса алейһиссаламға жала жапты. Хазреті Мұса «Йа, Раббым! Оның жазасын бер!» деп жалбарынды. Осы қарғыстан кейін Қарунды бүкіл байлығымен бірге жер жұтты.