15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (2)

УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (2)

37) Уаһһабилікті жаю үшін мұсылмандарды аямай қырған Абдулазиз бин Мұхаммед хижреттің 1210 [м.1795] жылы Меккеге үш уаһһаби молдасын жіберді. Меккеде құрылған жиналыста Әһли сүннет ғалымдары аяти карималармен және хадис шәрифтермен оларға жауап бергенде үш уаһһаби ештеңе айта алмады. Хақты қабылдаудан басқа жол таппады. Әһли сүннеттің хақ екендігін, өздерінің қате және адасқан жолды ұстанғандығын мойындап, өте ұзын мойындама-құжат жазды. Үшеуі де қол қойды. Бірақ, Абдулазиз саяси мақсаттары жолында биліктің ләззатын арттыруды көздегендіктен, өзінің молдаларының бұл насихаттарына құлақ та аспады. Дін атауын жамылып, зорлық-зомбылығын күн сайын арттыра берді.

Үш уаһһабидің Меккедегі мұсылмандарға сендірмекші болғандары жиырма баптан тұратын мәселелер еді. Бірақ, олардың бәрі жоғарыда жазылған үш бапта жинақталған еді. Абдулуаһһаб ұлы «ғибадаттар иманның бөлігі» дегенін Имам Ахмед бин Ханбалдың (рахметуллаһи алейһ) ижтиһады деп оттайтын. Алайда, Имам Ахмедтің бүкіл ижтиһадтары кітаптарға жазылып сақталған. Мекке ғалымдары оларды егжей-тегжейіне дейін білетін еді. Абдулуаһһаб ұлының бұл сөзінің дұрыс емес екендігін әлгі үш уаһһабиге дәлелдеп берді.

Үш уаһһаби екінші сенімдерінің дұрыс екендігіне қатты сенетін еді. «Меккедегі мұсылмандар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), Абдуллаһ ибн Аббастың және «Муалла» мазарында жатқан Махжубтың қабіріне барып: «Йа, Расулаллаһ! Йа, Махжуб! Йа, Ибн Аббас!» дейді. Имамымыз Абдулуаһһаб ұлының ижтиһады бойынша, [Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ] дей тұра Аллаһтан өзгеге дұға ететіндер кәпір болады. Оларды өлтіру және мал-мүлкін тартып алу халал болады» деді. Әһли сүннет ғалымдары оларға «Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарының қабірлеріне барып, оларға тәуәссул етіп, дұға сұрау оларға табыну болып саналмайды. Оларға ғибадат ету үшін жасалмайды. Оларды арашы қылып, сол себептерге, құралдарға жүгініп, Аллаһу та'аладан сұрауға жатады» деді. Себептерге жүгінудің рұқсат, тіпті қажет екендігін дәлелдермен анықтап берді.

Махжубтың өз есімі Сәйид Абдуррахман (рахметуллаһи алейһ). Өз заманында ең үлкен ғалым еді. 1204 [м.1790] жылы қайтыс болып, Муалла мазарына жерленген.

Әулиелердің қабірлеріне барып, Аллаһу та'аладан тілегін сұрағанда оларды арашы қылудың, арашы болуын сұраудың рұқсат екендігі түрлі жолдармен дәлелденген. «Маида» сүресінің отыз бесінші аяти каримасында: «Ей, мүминдер! Аллаһу та'аладан қорқыңдар және Оған жақындау үшін арашы іздеңдер!» делінген. Барлық тәфсирлер бұл жердегі арашының Аллаһу та'аланың сүйікті, ұнатқан нәрселерінің бірі екендігін айтқан. «Ниса» сүресінің жетпіс тоғызыншы аятында: «Расулға бағынған адам Аллаһқа бағынған болады» делінген. Сондықтан, Ислам ғалымдарының көбінің айтуынша, бірінші аяти каримадағы "арашы" - Расулуллаһ деген сөз. Олай болса, пайғамбарларды және олардың мұрагерлері болған әулиелерді, салих мұсылмандарды арашы қылып, олар арқылы Аллаһу та'алаға жақындау жаиз және рұқсат болуда. Егер пайғамбарға қарап сөйлеу, жалбарыну күпір мен ширк болғанда, намаз оқитындардың барлығы кәпір болар еді. Мұхаммед бин Сүлейманның (рахметуллаһи алейһ) жоғарыда жазылған фәтуасы бойынша, уаһһабилердің де кәпір болуы керек болады. Өйткені, әр мұсылман намазда отырғанда «Әссәләму алейка әйюһән-Нәбию уә рахметуллаһ» деп Расулуллаһқа сәлем беруде және ұлы пайғамбарға дұға етуде.

Қабірлерді зиярат етуде және әулиелерді арашы қылып дұға етуде үлкен пайда бар. Өйткені, Ибн Асакир жеткізген және «Кунуз-уд-дақаиқ»-та жазылған хадис шәрифте: «Мүмин мұсылман бауырының айнасы» делінген. Дара Қутни жеткізген хадис шәрифте «Мүмин мүминнің айнасы» делінген. Бұл хадис шәрифтен аңғарылып тұрғаны, рухтар бір-бірінің айналары сияқты бір-біріне көрінеді. Қабір басында сол әулиені ойлап, арашы қылған адамның рухына әулиенің рухынан фәйз келеді. Қайбірінің рухы әлсіз болса, сол қуаттанады. Бұл өзара қосылған екі ыдысқа құйылған судың теңесуі сияқты (Паскаль заңы). Дәрежесі биік болған рух зиян көреді. Қабірдегінің рухы төмен дәрежеде болса, зиярат етушінің рухы қиналады. Сондықтан да Ислам дінінің бастапқы уақытында қабір зияратына тыйым салынған еді. Өйткені, ол кезде қабірдегілер жаһилия дәуірінің адамдары еді. Мүминдер де қайтыс бола бастағаннан кейін қабір зияратына рұқсат берілді. Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немесе бір әулиенің қабірін зиярат еткенде ол әулие еске түседі. Хадис шәрифте: «Салихтар еске алынған кезде Аллаһу та'аланың мейірімі түседі» делінген. Бұл хадис шәрифтен аңғаратынымыз, қабірді зиярат етушіге Аллаһу та'ала мейірім танытады. Мейірім танытқан құлының дұғасын қабыл етеді. «Қабірді зиярат етуге болмайды, әулиені арашы қылуға болмайды» деген сөздің дәлелсіз жай ғана пікір, өзгеше көзқарас екендігі мәлім. «Мен өлгеннен кейін қажылық жасаған мұсылман мені зиярат етсе, тірі кезде зиярат еткендей болады» хадис шәрифі бұл уаһһаби сенімін толықтай жоққа шығарып, қабір зияратының қажет екендігін көрсетуде. Бұл хадис шәриф дәлелдерімен «Кунуз-уд-дақаиқ» кітабында жазылған.

Уаһһабилер кесенелерді қиратқанда «Мазарды зиярат еткен әйелдерге және мазардың үстін жауып мешіт қылғандарға, мазарда шам жаққандарға лағнет болсын!» хадис шәрифін негізге алып көрсетеді. "Пайғамбар заманында ондай нәрселер жоқ еді. Хадис шәрифте: «Біздің заманымызда болмай, кейіннен шыққан нәрселер бізден емес» делінген" дейді. Екінші сенімдеріне берілген жауап осы сөзді де жоққа шығарғандықтан, олар Әһли сүннет ғалымдарының сөздерін қабыл етті.