12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Рамазан айы – Ислам дінінің намысы

Рамазан айы – Ислам дінінің намысы

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау үлкен сауап. Кешірімді себепсіз ораза ұстамау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте:

«Үзірсіз Рамазан айында бір күн ораза ұстамаған адам, оның орнына бүкіл жыл бойы ораза ұстаса да, Рамазандағы бір күннің сауабын ала алмайды» делінген. (Тирмизи)

Бұл айға құрмет көрсетпеген, күнә істеген адамның бүкіл жылы күнә істеумен өтеді. Бұл айда ашықтан-ашық жұрттың көзінше тамақ жеген адам бұл айды құрметтемеген болып саналады. Намаз оқымайтындардың да ораза ұстауы және харамдардан сақтануы керек. Олардың оразасы қабыл болады және имандарының бар екендігі аңғарылады.

Қасиетті күндерде күнәлардан ерекше сақтану керек, жақсы амалдарды, ғибадаттарды және әртүрлі қайырымдылықтарды арттыру қажет. Өйткені, Аллаһу та'аланың сүйікті құлы қасиетті уақыттарда құнды амалдармен айналысады.

Дін ғұламалары айтқандай, Рамазан айы – Ислам дінінің намысы. Ашық түрде жұрттың көзінше тамақ жеген адам бұл айды құрметтемеген болып саналады. Бұл айды құрметтемеген адам Ислам дінінің намыс пердесін жыртқан болады.

Бұл айға құрмет көрсеткен кәпір адамның қандай ниғметтерге бөленгендігін төмендегі ғибратты оқиғадан оқиық.

Рамазан күндерінің бірі еді. Мұсылмандар арасында тұратын бір мәжусидің (отқа табынушының) кішкентай баласы ораза ұстап жүрген мұсылмандардың арасында нан жеп жүрген еді. Әкесі баласының бұл жағдайын дереу байқап қойып:

«Балам, мұсылмандар бұл айда ораза ұстайды, олардың көзінше ештеңе жеме!» деп баласына ұрсып, үйіне алып кірді.

Бұл оқиғадан кейін қаншама жылдар өтті және әр пенденің басына келетін өлім бір күні оны да өмірден алып кетті...

Ол өлгеннен кейін әулие-ғұламалардың көбісі әлгі мәжусиді түстерінде көрді, жәннатта жүргенін көріп, одан таңқалып:

«Сен отқа табынатын мәжуси едің ғой, қалайша жәннатқа кірдің? Бұл ниғметке қалай қауыштың?» деп сұрады.

Жәннатта ниғметтерге бөленген әлгі кісі оларға былай жауап берді:

«Иә. Дұрыс айтасыңдар. Мен мәжуси едім. Бірақ, бір күні балам ораза ұстаған мұсылмандардың көзінше нан жеп жүрген еді. Мен баламның жұрттың көзінше бір нәрсе жеуіне рұқсат бермедім. Мұсылмандар құрметтейтін нәрсесіне мен де құрмет көрсеткенім үшін Аллаһу та'ала менің рухымды мұсылман ретінде алды. Өлім сәтінде Әзрейіл періште (алейһиссалам) келген кезде Аллаһу та'ала оған бұйрық берді. Ол әуелі маған калима-и шаһадатты айтқызды, содан кейін рухымды алды. Сол себептен мен осындай ниғметтерге бөлендім...»