Зекеті берілмеген мал-мүлікСұрақ: Кей адамдар дүниеде зекеті берілмеген мал-мүліктің ахиретте азапқа айналып, адамға қайтарылатынын айтып жатады. Бұл рас па, шынымен де солай болады ма? Жауап: Бұл туралы «Рияд-ун-насихин» кітабында былай делінген: «Хазреті Әлидің жеткізгені бойынша, Расулуллаһ алейһиссалам қоштасу қажылығында былай деді: «Мал-мүліктеріңнің зекетін беріңдер! Біліп қойыңдар, зекет бермегендердің намаз, ораза, қажылығы, жиһады және иманы жоқ.» Яғни зекет беруді міндет деп білмей, парыз екеніне сенбесе, бермегеніне қайғырмаса, күнәға батқанын білмесе, иманы кетеді. Жылдар бойы зекетін бермегендердің зекет қарыздары жиналып, бүкіл мал-мүлкін қаптайды. Мүлікті өзінікі деп ойлап, мұсылмандардың ақысы жайлы тіпті ойына да кіріп-шықпайды. Ондайлар халық арасында мұсылман ретінде танылғанымен иманын сақтай алғандары өте сирек кездеседі. Зекет беру Құран кәрімнің отыз екі жерінде намазбен бірге әмір етілген. «Тәубе» сүресінің 34-ші аяти каримасында осындай адамдар туралы айтылып, «Мал-мүлік пен ақша жинап, зекетін мұсылман кедейлерге бермегендерге өте ауыр азапты сүйіншіле!» делінген. Бұл азапты одан кейінгі аяти карима хабар беріп, «Зекеті берілмеген мал-мүлік пен ақша тозақ отында қыздырылып, иелерінің маңдайларына, бүйірлеріне, арқаларына мөр басқандай басылады» делінген.» Имам Ғазали хазреттері былай деген: «Адамдардың әрқайсысы дүниеде қатты сақтаған мал-мүліктерін мойындарына іліп алады. Түйе зекетін бермегендердің мойнына түйе жүктеледі. Сиыр, қой зекетін бермегендер де осылай болады. Олардың жан айқайы аспанның күркіреуі сияқты қатты естіледі. Егін зекетін, яғни ұшырын бермегендердің мойындарына егін өнімдері ілінеді. Егер бидай болса бидай, арпа болса арпа жүктеледі, яғни қай түрі болса, сол үйіледі, оның ауырлығының астында қалғандар «Уауәйлә, Уасабура» деп айқайлайды. Алтын, күміс, қағаз ақша және басқа да сауда заттары зекетін бермегендерге де өте қорқынышты жылан жүктеліп, диірмен тастарын жүктегендей ауыр болады. Айқай салып, «Бұл не?» деп бақырады. Періштелер «Бұлар – сендердің дүниеде зекетін бермеген мал-мүліктерің» деп жауаптайды. Дәл осы жағдай «Али Имран» сүресінің «Дүниеде қимағандары қиямет күні мойындарына ілінеді» деген 180-ші аяти каримасында хабар берілген. |