12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Дін дұшпандарымен мың жыл соғысқан пайғамбар

Дін дұшпандарымен мың жыл соғысқан пайғамбар

 Хазреті Шәмун (Шәмсун) алейһиссалам – Исраил ұлдарына жіберілген пайғамбар екендігі риуаят етілген мүбәрәк тұлға. Иса алейһиссалам мен Мұхаммед алейһиссалам арасында өмір сүрген Шәмун алейһиссалам Інжілді ұстанатын. Иса алейһиссаламға түсірілген, әлі бұзылмаған қасиетті Інжіл кітабы бойынша амал ететін. Ал Оның қауымы пұтқа табынатын. Шәмун алейһиссалам Аллаһу та'аланы жоққа шығарып, пұттарға табынатын адасқан қауымымен соғысып, оларды иманға шақырды. Шәмун алейһиссалам өте күшті және ержүрек еді, оны дұшпандары әртүрлі қулықтармен өлтіргісі келді. Қандай мықты жіппен байласа да, бәрібір оны үзіп құтылатын.

Сол аймақтың әкімі хазреті Шәмунның әйеліне хабар жолдап:

- Егер күйеуіңді өлтіруге бізге көмектессең, сені өзіме жар қылып аламын, бүкіл қалағаныңды беремін, – деді. Әйел оған алданып:

- Қалай көмектесе аламын? – деп сұрады.

- Түнде ұйықтап жатқанда оны жақсылап байлап, бізге хабар бер, – деді.

Әйел бұл ұсынысты қабылдады. Түндердің бірінде хазреті Шәмун ұйықтап жатқанда оның қолдары мен аяқтарын өзінің бір тал шашымен байлады. Өйткені, бір күні оның «Мен тек өзімнің шашыммен байлансам ғана оны үзе алмаймын» дегенін естіген болатын.

Айтқанындай болып, өзінің бір тал шашын үзе алмай ұсталды.

Әйел жағдайды қаланың әкіміне хабарлады. Әскері келіп, оны қала әкімінің алдына алып барды.

Әкім зәулім сарайының алдында оның дарға асылуын әмір етті. Сонда Шәмун алейһиссалам Аллаһу та'алаға «Йа, Раббым! Дүниеде өмір сүруді тек кәпірлермен сенің жолыңда соғысу үшін ғана сұраймын. Егер бұл қалауым шын көңілден болса, мені құтқара көр» деп дұға етті. Сол сәтте бір періште келіп, аяқ-қолын босатты.

Шәмун алейһиссалам құтылғаннан кейін оны қорлаған әкімді, оның адамдарын және өзінің әйелін жазалады. Адамдарды хақ, тура жолға шақыруын жалғастырды. Оған сенбегендермен жалғыз өзі соғысты. Көп олжаға қолжеткізді. Соғыс барысында қатты шөлдеген кездерінде Аллаһу та'ала оған тастан өте тәтті су шығаратын еді. Бұл су оның шөлі қанғанға дейін тоқтамай ағып тұратын. Оған өте көп күш-қуат берілген, өте мықты еді.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан:

«Өткен заманда Шәмун (алейһиссалам) есімді пайғамбар бар еді. Аллаһу та'аланың разылығы үшін мың жыл үздіксіз соғысып, қаруын қолынан түсірмеді.»

Сонда сахабалар: «Әттең, біздің де өміріміз ұзақ болып, біз де дін атына Аллаһ үшін соғыссақ қой» десті. Осыған орай «Қадір» сүресі түсіп, «Сендерге берілген Қадір түні мың айдан да қайырлы (бұл түннің сауабы мың ай жиһад етудің сауабынан да көп)» делінді.

Осы себептен, келе жатқан Қадір түнінен қапы қалмай, қасиеттілігін ұғынуға, көп ғибадат жасап, күнә істемей өткізуге, аталған сауапты алуға тырысайық!