17 - Шәууал, 1445 жыл.
     26 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / ШӘРИФ ХУСЕЙН ПАШАНЫҢ ЕКІНШІ БАЯНДАМАСЫНЫҢ АУДАРМАСЫ

ШӘРИФ ХУСЕЙН ПАШАНЫҢ ЕКІНШІ БАЯНДАМАСЫНЫҢ АУДАРМАСЫ

Бірінші баяндамада айтылған себептерден кейін әрекетке түскен біз Хижаздықтардың қайраттылығы мен пікірлерінде кейбірлерінің күмәнге түсуі мүмкін екендігін ойлап, көкірегі ояу азаматтар және білімді мұсылмандарға арнап, осы екінші баяндамамды да жариялауды жөн көрдім. Айқын және жаңа дәлелдер, құжаттар көрсетіп халқымызға ескертемін.

Көреген мұсылмандар және Османлы қоғамының білімді, тәжірибелі азаматтары және бүкіл әлемнің ақылды және түсінігі бар кісілері Османлы мемлекетінің дүниежүзілік соғысқа қатысқанына разы емес. Мұның негізгі екі себебі бар:

Біріншісі, ішкі себептер. Османлы мемлекеті «Италия-Түрік» (Триполитания) және «Балқан» соғыстарынан жақында ғана шыққан, осы соғыстарда әскери және экономикалық әл-ауқаты тым нашарлап, тіпті бұзылып кеткен, әрі күштің қайнары болған халық әлсіреген. Османлы халқының әскері отанына қайтып, бала-шағасының напақасын табу үшін жұмыс істеуді енді бастаған кезде артынша тағы әскерге шақырылды, бұл жағдай халықтың басына бәле болды. Ал иттихадшылар  жаңадан кіріскен дүниежүзілік соғыс алдыңғыларымен салыстыруға келмейтіндей үрейлі және құлдыратушы болғандықтан, қажыған халықтың мойнына қиын салықтар және азап күйіндегі міндеттер жүктеп, сондай қауіпті соғысқа халықты жетелеу ақылға қонымсыз әрекет.

Екінші себеп – сыртқы. Иттихадшылар құрған үкімет соғысып жатқан екі тараптың өзіне серіктес болғанын таңдағанда қатты қателесті. Османлы мемлекеті – Ислам мемлекеті. Жер ауқымы өте маңызды және кең. Теңізбен шекараласуы құрлықтағы шекарасынан басымырақ. Сондықтан, Осман ұлдары, ұлы патшалар әрқашан халқының басым бөлігі мұсылман болған және теңіздерді игерген мемлекеттермен серіктес болған. Бұл саясаттары әр уақытта жетістікке жеткізген. Иттихадшылардың тәжірибесіз және білімсіз жетекшілері сыртқы көрініске алданып, британдықтардың тексіз, тартымды сөздеріне иланып, Османлы патшаларының (рахметуллаһи алейһим әжмаин) бұл саясаттарын бұзды. Дұрысты бұрыстан ажырата алатындар және тарихтан білімі бар болғандар осы ағат қылықтың жаман және өте ауыр нәтижелерін бірден байқады. Иттихадшылармен серіктес болудан бастартты. Тіпті, сол соңғы соғысқа қатысу туралы менің пікірім телеграф арқылы сұралған кезде көзқарасымды ұзақ айтып, тарихқа сүйеніп мысал келтіріп, оларды ескертпекші болған едім. Телеграфпен  жіберген жауабым көзқарасымды және мемлекетімнің алдындағы жақсы ниетімді, берілгенімді, Исламның абыройын қорғауға тырысқанымды көрсететін сенімді дәлел.

Соғыстың бас кезінде күйіп-пісіп, шырылдап айтқанымыз, қорққанымыз, өте ауыр, құлдыратушы нәтижелер қазір шығып жатыр. Бүгінде Османлы мемлекетінің Еуропадағы шекаралары Стамбұлдың қамалдарына дейін жетіп қалды. Ресей империясының әскерінің алғы жасақтары Сивас және Мусул аймақтарында Османлы халқын қинап жатыр. Британдықтар Басра мен Бағдад аймақтарын тартып алды. Әл-Арыш шөлінде Жамал пашаның ақылсыз басқаруының кесірінен мыңдаған Османлы перзенті тұтқынға түсті. Еш күмәнсіз, бұл күйінішті бағыты және иттихадшылардың бұл бағытпен мемлекетті жетелеген пәлекетін көрген адал отандастардың алдынан екі нұсқа шығады.

Біріншісі, Османлы мемлекетінің картадан өшірілуі, жойылуы.

Екіншісі, бұл пәлекеттен, құрып кетуден құтылудың шараларын іздеп табу. Мұны іздеуді, ойға салуды, ақылдасуды және қажетті ұсыныстар табуды бүкіл Ислам әлеміне қалдырамын.

Қауіп-қатер отанды қаптамай тұрып, халықты құртпай тұрып, дұрыс әрекетке кірістік. Диктатор, масон азшылығының қолында ойыншық болған Османлы мемлекетінің осындай ессіз және қисық басқаруына байланып қалсақ, мемлекетке, халыққа пайдалы болатынымызды білсек емес, тіпті ойласақ та, ештеңе айта алмайтын, қимылдамай бір орында отыратын, түрлі қиыншылықтарға, тіпті өлуге көніп, шыдап, сабыр ететіндерден болар едік. Бірақ, мұның ешқандай пайдасы болмайтыны, өрттің алауын арттырудан басқа ештеңеге жарамайтыны айдан анық. Әлбетте анық болады, бізді жүргізгісі келген жолмен жүретін болсақ, бұл жолға түскен халықтардың басына келген пәлекетке жүз пайыз біз де түсеміз. Иттихадшылардың бірнеше жылда алып мемлекетті бөлшектеп тастағанын, мұсылмандарды және Ислам дінін ойрандатқанын көрмеген, аңғармаған ешкім қалмады. Үлкен империя Әнуар, Жамал, Талат және олардың достары сияқты масондардың құмарына құрбан болуда.

Османлы патшаларының ғасырлар бойы тәжірибе жасап, үкіметтің алдыңғы қатарлы адамдарымен ақылдасып қолданған негізді саясаты – Англия және Франция мемлекеттерімен серіктес болу саясаты. Бұл саясат тарих бойы мемлекетімізге, халқымызға үнемі пайдалы болды. Соңғы соғыста бұл саясаттан айрылуымызға себеп болғандар – аталмыш иттихадшы диктаторлар.

Енді біз иттихадшылардың сауатсыз және ақылсыз саясаттарына, залым және азаптаушы билігіне қарсымыз. Мемлекеттің пәлекетке жетеленгенін көріп, мұны мүлде қабылдамаймыз. Бәрі жақсы түсінсін, біздің бұл қарсылығымыз Әнуар, Жамал, Талат пашаларға және олардың сыбайластарына. Біздің осы дұрыс әрекетімізге әр мұсылман разы. Әр азамат дұрыс жолымызда бізбен бірге. Тіпті, мемлекет басшысы, мұсылмандардың халифасы да жүрегімен, ар-ожданымен бізбен бірге. Бұл сөзіміздің ең күшті дәлелі – орынбасар Юсуф Иззәддин мырзаның иттихадшылар тарапынан қастандыққа ұшырауы және шәһид етілуі.

Қайталап айтамын, үлкен Османлы мемлекеті осы диктаторлардың жаман ниеттеріне және жоюшы әрекеттеріне құрбан болуда. Біз олардың зиянынан Аллаһу та'алаға сыйынамыз. Иттихадшылардың бізді ескерткен және жүзеге асырған жаман әрекеттерін де асыл түрік халқына да жарияламасқа болмайды:

Иттихадшы жетекшілерінің азғын басшыларының бірі Жамал паша «Шам» қаласында қалағанын дарға асып, қалағанын ату жазасына тартуда. Шамда мейрамхана ашып, сол ұятсыздық және ішкілік мекенінде бұйрықпен алып келген генералдарымен бірге құрған ортада, қаланың бетке ұстар мұсылман отбасыларының қыздарын қызметші ретінде қолданған, ұлттық және діни намысымызға тиетін сөздер айтып, қатты сөйлеген. Бұл жауыз әрекеттері Құран кәрімнің «Нұр» сүресіндегі бұйрықтарды маңызсыз санау болумен қатар, түрік және мұсылман әйелдерінің абыройы мен ар-намысын таптау емес пе? Жамал пашаның бұл әрекеті иттихадшылардың Ислам дініне дұшпан екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?

Иттихадшы жетекшілерінің масондардың орталығы болған [отарлау министрлігінің] бұйрығымен қасіретті, жойқын және халықты, мемлекетті пәлекетке жетелейтін әрекеттерінің бірнешеуін хабар бердім. Османлы жерлерінде және Ислам мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан дін бауырларымның көзін ашу, осылайша халқыма және дініме қызмет ету үшін осыларды жаздым. Ол жетекшілердің отан мен халықтың, асыл дініміздің саламаттығын ойламай, тек отарлау министрлігінің бұйрықтарымен әрекет еткендігін, діни әмірлер мен тыйымдарға сену және құрметтеу былай тұрсын, бұл қасиетті үкімдерді өзгертуді және бұзуды көздегенін отандастарыма хабарлағым келді. Осылайша, осы бұзушы, араңдатушы, адасқан және зымиян бағыттарына көмекші болмауларын өтінемін. Аллаһу та'алаға қарсы шыққанға, адамдарға зұлымдық жасағанға бағынуға болмайды. Оның әрекеттерін қолмен, тілмен және көңілмен өзгертуге шамасы жеткен адам соны істеуі керек! Иттихадшылардың зияндарын түсіне алмай, әрекеттерін ұнататындар бар болса, оларды да тыңдауға дайынмын. Дұрыс жолдағыларға және пайдалы іс жасап жүргендерге бізден сәлем болсын.

11 Зүл-қада, 1334 [м.1916]

Мекке қаласының әмірі

Шәриф Хусейн бин Әли

 

Жоғарыдағы екі баяндама Шәриф Хусейн пашаның ниетінің таза, иманының толық екендігін көрсетумен қатар, қате ойларын және зиянды тұжырымдарын да көрсетуде. Ең үлкен қателігі – британдықтардың тарих бойы Ислам дініне қарсы жасаған қастандықтарын түсінбеген болуы. [Теңізді игерген, әскері, қару-жарағы көп болған британдықтарға қарсы соғысқа шығуы, әлбетте, қате еді. Бірақ, сол қып-қызыл Ислам дұшпанымен серіктес болу одан асқан қателік.] Британдықтардың үшінші Сәлим хан дәуірінде Османлыларды және Ислам дінін жою үшін Стамбұлға дейін жеткен басқыншылығынан хабарсыз екендігі аңғарылды. Әсіресе, оның дәуірінде Азиядағы және Африкадағы Ислам мемлекеттеріне айуанша шабуылдап, сол жерлерді колония жасап, отарлаған болатын. Ол жерлерде Ислам ғалымдарын, Ислам кітаптарын, Ислам білімдерін және мәдениетін жойды. Османлы патшасы Абдулмәжид ханды (рахметуллаһи алейһ) да алдап, үкіметтік орындарға масондарды отырғызды. Осылайша халықтың иманын, әдебін бұза бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыста ағылшындарға тыңшы болғандарды осы масондар жетілдірген. Іштен және сырттан құлатып, үлкен империяны жойып жіберді. Садри ағзам (бас уәзір) Саид Халим паша «Инхитат-и Ислам» кітабында мемлекеттің қалай құлатылғанын ұзақ баяндауда. Шәриф Хусейн паша тарихи дәлелдерді зерттемеген болса керек, ең қауіпті Ислам дұшпанының Исламға көмектесетініне үміттенуде. Иттихадшылардың жаман екендігін түсінген ол сияқты күшті адам Шамдағы Жамал пашаны және британдықтарға сатылған опасыздарды бейтараптандыра алар еді, таққа талас кесірінен Палестина майданында жасалған опасыздықтардың алдын алуына болар еді. Ол мұны оңай істей алар еді. Істегенде, Османлы әскері күйреуден аман қалар еді. Арабстан жарты аралында үлкен Хашими Ислам мемлекеті құрылып, Мекке, Мәдина, Құдыс қасиетті қалалары оның қолында қалар еді.