8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жақсы адам көркем мінезді болады

Жақсы адам көркем мінезді болады

Көркем мінезді болу үшін білім алу, әдептілікті үйрену, жақсы адамдармен достық құру керек. Жаман мінез мұның терісі. Яғни сауатсыз қалу, әдепсіз болу, жаман адамдармен достық құрудан пайда болады.

Аллаһу та'ала пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мақтаған кезде «Расында сен үлкен мінез-құлыққа иесің» деген. Жақсы адам көркем мінезді болады. Дініміз жақсы мінезді, жақсы қасиеттерге ие болуымызды, ал жаман мінезден сақтануымызды бұйырады.

Әһли сүннет Ислам ғалымдары мінез-құлық туралы былай дейді:

«Әр ғимараттың іргетасы бар. Исламның іргетасы – жақсы мінез.»

«Нашар мінез сондай жамандық, онымен жасалған көптеген жақсылықтар пайдасын бермейді. Көркем мінез сондай жақсылық, онымен жасалған күнәлар кешіріледі.»

«Дәрежесі көтерілген барлық адамдар тек қана көркем мінездерінің арқасында көтерілген.»

«Жақсы мінез – жылы жүзді болу, күлімдеп жүру, жомарт болу және ешкімді ренжітпеу деген сөз.»

«Жақсы мінез – Аллаһқа разы болу деген сөз. Яғни жақсылықтың да, жамандықтың да Аллаһтан келетінін білу, ниғметтерге шүкір етіп, бәле-жалаға сабыр ету.»

Мұсылман кісіге қабақ асып, кіжірейіп қарау харам. Жылы жүзді болмаған адам мұсылман сипатты емес. Бәріне күлімдеп, жылы жүзбен қарау керек.

Біреудің жаман мінезіне шағымданған адамның өзі жаман мінезді. Біреудің жаман қасиеттері жайлы айтатын болсақ, бұл өзіміздің жаман адам екендігіміздің белгісі. Жақсы мінез – қиыншылықтарға төзу деген сөз.

Жақсы мінезді болудың белгілері мыналар: Ынсапты болу, достарының қателігін байқамау, барлық адамдар туралы жақсы ойда болу, жаман ойда болудан сақтану, достарынан келетін қиыншылықтарға төзу, оларды ешкімге шағымданбау, үнемі өзінің кемшіліктерімен әуре болу, өз нәпсін жазғыру, күлімдеп, жылы жүзді болып, бәрімен жұмсақ сөйлесу.

Жақсы мінезді адам әдепті болады, аз сөйлейді, оның қателіктері аз, ешкімді ғайбаттамайды, адамдарды Аллаһ үшін жақсы көріп, Аллаһ үшін жек көреді, аманатты сақтайды, көршілері мен достарын қорғайды. Ал бүкіл қасиеттердің басы – ар-ұят.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та'аланың дәргейінде құлдардың ең сүйіктісі – мінезі ең жақсы болғаны.»

«Көркем мінез үлкен күнәларды судың киімді тазалағанындай тазалайды. Ал жаман мінез салих амалдарды сірке суының балды бұзғанындай бұзады.»

Жақсы мінезді бір кісінің әйелінің мінезі өте нашар болады. Бірақ, екеуі тату-тәтті өмір сүреді. Жаман мінезді әйелімен қалай сыйысып жүргені әлгі кісіден сұралғанда, ол былай жауап берген екен:

«Жақсылармен бәрі сыйыса алады. Нағыз ерлік – жамандармен сыйыса алу. Оның жаман мінезіне сабыр етпесем, онда менің жақсы мінезді екенім қалайша белгілісі болсын?»