11 - Сафар, 1442 жыл.
     28 - Қыркүйек, 2020 жыл.   



БІР ХАТТЫҢ АУДАРМАСЫ

Үндістандағы Ислам ғалымдарының ұлыларынан Мұхаммед Масум Сәрһәнди (рахметуллаһи алейһ) «Мәктубат» кітабының бірінші томы, жүз сексен екінші хатында былай дейді:

Себептерге жүгіну тәуекелге қайшы емес. Өйткені, себептерге әсер ету күшін де Аллаһу та'ала береді. Себептерге жүгінгенде себептердің әсерін Аллаһу та'аладан деп білу керек және Оған сену қажет. Әсер ететіндігі тәжірибемен анықталған себептерге жүгіну – тәуекел ету деген сөз. Әсері белгісіз, тіпті әсер ететіндігіне үміт те болмаған себептерге жүгіну тәуекелге лайықты болмайды. Әсері нақты болған себептерге жүгіну керек, тіпті бұл міндет болып табылады. От күйдіреді. Отқа күйдіру қасиетін, әсерін берген Аллаһу та'ала. Аш болған кезде тамақтанамыз, азық жейміз. Азыққа тойдыру әсерін Аллаһу та'аланың беретіндігіне сенеміз. Пайдалы әсері нақты болған осындай себептерді қолданбастан зиянға ұшыраған болсақ, Аллаһу та'алаға бағынбаған боламыз. Оған қарсы келген боламыз. Себептер үшке бөлінеді: Әсері байқалмаған, естілмеген себептерді қолдану жаиз (рұқсат) емес. Тәжірибе жасалып, пайдалы екендігі аңғарылған себептерді қолдану уәжіп. Оларды тәрк ету күнә болады. Әсері күмәнді болған себептерді қолдану міндетті болмаса да, қажетті болмаса да, рұқсат. Аллаһу та'ала маңызды істерді атқарудан бұрын оларды тәжірибелі, білікті адамдармен ақылдасуымызды, содан кейін жасауымызды, жасап жатқанда Аллаһу та'алаға тәуекел етуімізді, нәтижені Одан күтуімізді әмір етті. Ақылдасу да себепке жүгінуге жатады. Бұл бұйрық пайдалы себепке жүгінудің уәжіп екендігін және себептің әсерін Аллаһу та'аладан күту керектігін көрсетуде. Ахирет істерінде, яғни ғибадат пен жақсы амалдарда тәуекел болмайды. Ғибадаттарды орындауымыз, соған тырысуымыз әмір етілді. Ахирет істерінде тәуекел ету емес, қорқу және үміт ету қажет. Бұл бұйрықтарды орындау, олардың қабыл болуы және сауап берілуі үшін Аллаһу та'аланың мейірімі мен қамқорлығына сену, жүгіну керек. Бұйрықтарды орындау және тыйымдардан сақтану – құлдық міндет.

Дінімізде адам бір дәрежеге көтерілгенде өзін және барлық нәрсені ұмытатындай сондай жоғары дәреже бар ма екен? Бұл сұрағыңызға айтарымыз, иә, тасаууфта фәна деп аталатын дәреже бар. Тасаууф жолында еңбектенген адам бұл дәрежеге жеткенде өзін және барлық нәрсені ұмытады. Бірақ, фәна және бәқа дәрежесіне адамның батыны [жүрегі, рухы] жетеді. Бұл жағдай адамның жүрегінде, рухында пайда болады. Адамның захиры [денесі, ақылы] өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мәжбүр. Адам қаншалықты ілгері дамыса да, бұл міндеттен өзін құтқара алмайды.

«Өзгелердің ішінен ойлағанын біліп қою, ғайып болған нәрселерден хабар алу және дұғалардың тез қабыл болуы тасаууф жолында ілгерілеудің, Аллаһу та'аланың сүйіспеншілігіне қауышудың белгісі ме?» деп сұрапсыз. Құрметті бауырым! Бұл атағандарыңыз таңғажайып нәрселер. Аллаһу та'аланың әдетінің сыртында болған нәрселер. Адамның бойында бұлардың пайда болуы оның жоғарылауының, қабыл болуының белгісі емес. Бұлар истидраж иелерінде, бақыттылықтан мақрұм қалғандарда пайда болады. Риязат көріп, нәпістерін жылтыратқан кәпірлерде де бұлар пайда болады. (Риязат – нәпістің қалауларын істемей, нәпісті қинау.) Ал кейбірлерінде риязат көрмей-ақ пайда болуда. Әулие болу үшін, яғни әулиелік дәрежелеріне қолжеткізу үшін риязат көру шарт болмағанындай, истидраж иелерінің ғажайып нәрселер көрсетуі және әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) керемет көрсетуі үшін де риязат шарт емес. Риязат көру – бұлардың көп болуына көмектеседі.

Әулиелердің көбі «Ужб» (өз-өзін, өз амалын ұнату) деп аталатын күнәдан сақтанған. Фәна дәрежесіне көтерілген адамда ужб пен рия қалмайды. Иә, пендешілікпен қате жіберуі мүмкін. Өйткені, әулиелер (рахметуллаһи алейһим әжмаин) қателік жасаудан сақталмаған. Бірақ, ғафлеттен дереу оянады, истиғфар етіп, жақсы амалдар жасап оның зиянынан құтылады.

Аз жеу және аз ұйықтау тасаууф жолында ілгерілеуде пайдалы. Бірақ, денеге және ақылға зиян беретіндей шамадан тыс болмауы керек. Бұларды және риязаттарды сүннетке сай жасау қажет. Шамадан тыс жасалса, монахтық болады. Исламда монахтық өмір деген жоқ. Әулиелердің кәшфтері қияли нәрселер емес, жүрекке аян болған нәрселер. Қияли болған кәшфтерге мән берілмейді. Уәхм мен қиял жүрекке келген мәліметтердің түсінілуіне көмектеседі. Жаратушы мен жаратылыстың арасындағы елу мың жылдық жол уәхмнің арқасында аз уақытта басып өтіледі. Қиял да ләдунни білімдердің оңай түсінілуіне көмектеседі. Тасаууф жолында екеуінің де көп пайдасы бар. Кейбір дұғалардың дүние істерінде пайдалы екендігі айтылған. Аллаһу та'аланың есімдерін зікір ету [оқу] көбірек пайдасын тигізуде.

Намаз оқығанда өз денесін ойламау өте жақсы. Намазда пайда болатын рухани дүниелер намаздың сыртында пайда болатындардан құндырақ. Намаздың маңызын жақсы ұғыну керек. Намазды мүстаһаб болған уақыттарда және шарттарына, тадил-и әрканға сай оқу керек. [Намазды оқи бастағанда өз уақытында оқып жатқанын білу шарт.] Намаз оқып жатқан адам мен Аллаһу та'аланың арасындағы перделердің көтерілетіндігін хадис шәрифте хабар берілген.

Әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) алеми мисалдағы (мысалдар, көріністер әлемі) бейнелерін, кейіптерін көргеніңізді, олармен сөйлескеніңізді жазыпсыз. Бұл жақсы нәрсе. Бірақ, мақсатымыз бұл емес. Мақсатымызға зиян тигізбегендіктен, қынжылатын нәрселер де емес.

«Хызыр (Қыдыр) алейһиссаламның тірі екендігіне сену керек пе, керек емес пе?» деп сұрапсыз. Ғалымдарымыз бұл мәселеде бәрі бірдей мәлімет бермеген. Әулиелердің кейбірлері (рахметуллаһи алейһим әжмаин) Хызыр алейһиссаламды көргендігін, сөйлескендігін айтқанымен, мұндай хабарлар оның тірі екендігін көрсетпейді. Рухы адам кейіпінде көрінген, адам істейтін нәрселерді рухымен жасаған болуы мүмкін. Ол кезде тірі болған болса, қазір де тірі болуы міндетті емес. «Әл-Исаба-фи-марифәтиссахаба» кітабында Хызыр алейһиссалам істеген көп нәрселер жазылған. Ғалымдардың көбі Хызыр алейһиссаламның қайтыс болғанын айтқан. Егер тірі болса, пайғамбарымызға келіп, онымен бірге жұма намазын оқып, сұхбатына, жиһадтарына қатысатын еді.

Қайтыс болған әулиелердің рухтары кейде алеми мисалдағы бейнелерімен [адам кейіпінде] көрінеді. Өйткені, дүниедегі барлық нәрсенің алем-и мисалда бір бейнесі бар. Тіпті, заттық болмаған рухани нәрселердің де ол жақта белгілі бейнесі бар. Алеми мисал – қиялдан шыққан нәрселер емес. Бізге көрінетін осы заттық әлем сияқты нақты бар болған әлем. Әулиелердің рухтары кейде өз денелерінің кейіпінде көрінеді. Ал кейде денесіз, кейіпсіз рухтары адамның рухымен кездесіп көріседі.

Рухтар және қабір өмірі туралы мәліметтер өте нәзік, күрделі мәліметтер. Олар туралы болжаммен сөйлемеу керек. Насстармен [яғни аяти каримамен және хадис шәрифпен] айқын көрсетілгендерге қысқаша сеніп, олар жайлы артық сөзден тиылу қажет. Қабірде ниғметтер мен азаптардың болатындығына сену қажет. Мәйіттердің өз араларында бір-бірімен сөйлесетіндігі де хабар берілген. Қабірдегі азаптың салдарынан кейбірлері ойбайлап жылайды. Олардың боздағанын адамдар мен жындардан басқа барлық махлұқ естиді. Олар жеке рухтарымен де, денелерімен де жылайды.

Адам тасаууф жолында қаншалықты өз-өзін жетілдіріп, кәмілдікке жетіп, қурб-и илаһиге (Аллаһ махаббатына) қауышса да, денесі мен рухы бәрібір махлұқтықтан, өлімді жаратылыс болудан құтыла алмайды. Аллаһу та'аладан басқа барлық нәрселер кейіннен жаратылған махлұқ болып табылады. Барлығы о баста жоқ еді, белгілі уақыттан кейін тағы да жоқ болып кетеді. Мұсылман болу үшін осылай сену қажет. Пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) мен әулиелердің рухтары да осындай. Ахиретте азаптан құтылу үшін Әһли сүннет ғалымдарының айтқанындай сену, олардың айтқандарын ұстану қажет. Олардың кітаптарына сай болмаған кәшфтер мен кереметтер түкке жарамайды. Тасаууф жолының мақсаты – өз нәпсінің кемшіліктерін, нұқсандықтарын түсіну, Ислам үкімдерін ұстануда жеңілдік пен ләззат пайда болуы және бойындағы жасырын ширктен, күпірден құтылу.

Шәкірттеріңіздің жақсы халдерін жазыпсыз. Аллаһу та'алаға бұл үшін көп шүкір етіңіз. Шәкірттеріңіздің нағыз мұсылман болуына, Аллаһу та'аланың разылығына қауышуына тырысыңыз! Исламның әдептерін, Әһли сүннет ғалымдарының әдептерін және сәләф-и салихинның ұстанымын, ахлақын оларға үйретіңіз! Оларға уағыз бен насихат айтуды тоқтатпаңыз! Әдепсіз адамды Аллаһу та'ала жақсы көрмейді. Құран кәрімді көп оқыңыз. Намаздарыңызды [Әһли сүннет ғалымдары жазған] фиқһ кітаптарына сай және ықыласпен оқыңыз, әрі «Лә илаһа иллаллаһ» әсем сөзін әрдайым айтып жүріңіз! Аллаһу та'ала бәрімізге қамқор болсын. Бәрімізге өзінің разылығына жетелейтін жақсы амалдар жасауды нәсіп етсін. Сізге және дұрыс жолда болғандарға, Мұхаммед алейһиссаламның ізімен жүргендерге сәлем мен дұғалар жолдаймын! Қазіргі таңда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәуірі тым алыста қалғандықтан және қиямет жақындағандықтан, барлық жерге бидғаттар жайылып кетті. Бидғаттардың қараңғылығы, зияны бүкіл әлемге тарады. Сүннеттер ұмытылды. Сүннеттердің нұры жамылды. Қазіргі уақытта адамды Аллаһу та'аланың разылығына жеткізетін ең құнды амал – ұмытылған сүннеттерді қайта шығаруға, яғни Ислам білімдерін жаюға тырысу. Қиямет күні Мұхаммед алейһиссаламның қасында болғысы келетіндердің осы бағытта еңбектенуі керек. Хадис шәрифте: «Тәрк етілген (ұмыт болған) бір сүннетімді қайта әдетке айналдырған адамға жүз шәһид сауабы беріледі» делінген. [Яғни діни білімді халыққа жеткізу, үйрету, жаю өте үлкен сауап.] Сүннетті қайта жандандыру үшін ең алғаш істеу керек болған нәрсе – ол сүннетті өзінің орындауы. Одан кейін өзгелердің орындауына тырысу керек.

Соңғы демдегі жағдайдан қорқатыныңызды жазыпсыз. Бұл қорқыныштан құтылған ешкім жоқ. Пайғамбарлардан (алейһимуссалауату уәттәслимат) басқа барлық адамдардың соңғы демі күмәнді. Соңғы демде құтыла алу сүйіншісі тек қана уахи арқылы мәлім болады. Жақсы белгілер, әсерлер, сүйіншілер соңғы демнің саламаттығының хабаршысы болғанымен, бойда қуатты үміт пайда етеді. Үміт қаншалықты берік, күшті болса да, адамды соңғы демнің уайымынан, қорқыныштан құтқара алмайды.

«Ғибадаттарымды, жақсы амалдарымды қабыл болуға лайықты деп көре алмаймын. Сондықтан, кейде ғибадатты орындауда немқұрайлық пайда болуда» депсіз. Бұл дүниеде бізге ғибадат жасау бұйрылған. Қабыл болатынын немесе қабыл болмайтынын білмесек те, орындауға мәжбүрміз. Әрі ғибадат етеміз, әрі ғибадаттағы кемшіліктерімізге истиғфар етіп, қабыл болуын тілеп, жылап, қайғырып жалбарынамыз. Осы истиғфар мен жалбарыну, бәлкім, қабыл болуына себеп болады. Біз құлмыз. Құлдық міндетімізді орындауға мәжбүрміз. Лағнеттік шайтан құлдық міндетімізді атқармауымыз үшін бізді алдауға тырысады.

Сізге деген тәуәжжуһ пен сүйіспеншілігіміз туралы сұрапсыз. Мұны айтуға қажеттілік бар ма? Сіздің бізге деген сүйіспеншілігіңіз біздің сізге деген сүйіспеншілігіміздің әсері, нәтижесі. Ағаштан өсіп шыққан гүлдер, жемістер, бәрі ағаштың діңгегінен жетіліп шығады. Бұл заңдылық әрдайым осылай жалғасып келген. «Маида» сүресінің елу төртінші аятында: «Оларды жақсы көремін. Олар да мені жақсы көреді» және жүз он тоғызыншы аятында: «Аллаһ олардан разы. Олар да Аллаһтан разы» делінген. Өзінің махаббаты мен разылығын құлдардікінен бұрын айтты.

Қазы-зада Ахмед мырза (рахимә-һуллаһу та'ала) 1197 [м.1783] жылы қайтыс болды. Түрік тіліндегі «Фәраид-ул-фәуаид» атты «Әмәнту шәрһі» кітабында былай жазған: «Бір адам қайырлы амал жасап, сауабын кезкелген мәйіттің рухына бағыштаса, сауабы тиеді. Имам Табарани (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әусат» кітабында хабар бергені бойынша, Әнас бин Малик (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім: "Кімде-кім өзі танитын мәйітке ниет етіп садақа берсе, Жәбрейіл (алейһиссалам) бұл садақаның сауабын нұрлы табақ ішінде оған алып барады да, "Ей, қабір иесі! Бұл сыйлықты сенің туысын жіберді, ала ғой!" дейді. Мәйіт ол сыйлықты алғанда қуанады. Сыйлық келмеген мәйіттер мұны көріп қынжылады" деді.»» [Мәйіт үшін жасалатын ең құнды садақа – Әһли сүннет ғалымдарының кітабын біреуге сыйлау.]

Ибн Әбиддуния, Амр бин Жәрирден (рахимә-һумуллаһу та'ала) нақыл етіп былай деген: «Кімде-кім ахиретке аттанған дін бауырына дұға етсе немесе қайырлы амал жасап, сауабын оның рухына бағыштаса, бір періште бұл сауапты ол мәйітке алып барып, «Туысың пәлен кісі мынаны саған жолдады» дейді. Имам Мүслимнің (рахимә-һуллаһу та'ала) Әбу Хурайрадан (радиаллаһу та'ала анһ) жеткізген хадис шәрифінде: «Мұсылман кісі қайтыс болғанда оның бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш амалы ғана тоқтамастан сауабы амал дәптеріне жазыла береді. Бұл үш амал: садақа-и жария, яғни үздіксіз жалғасып тұратын жақсы амалдары, пайдалы кітаптары және оған қайырлы дұға ететін салих бала-шағасы» делінген.» Бүкіл мұсылмандардың рухтарына бағышталған дұғалар мен сауаптар олардың барлығына тиеді. Кімде-кім мұсылман кісінің қабірі басына барып, оған сәлем берсе, қабірдегі мәйіт оны естіп, сәлеміне жауап береді, танысы болса, оны таниды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірлерді зиярат етуді және қабірдегілерге сәлем беруді бұйырды. Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһума) хабар берген хадис шәрифте: «Кімде-кім танитын бір мұсылманның қабірін зиярат етіп, оған сәлем берсе, мәйіт оны танып, сәлеміне жауап береді» деді. Басқа хадис шәрифте: «Кімде-кім дін бауырының қабірін зиярат етіп, қабірдің қасында отырса, мәйіт бұған қуанады» делінген.

Бір мұсылман пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір салауат айтса, періштелер ол салауатты алып, пайғамбарымызға хабар береді. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'аланың жер жүзінде кезіп жүретін періштелері бар. Олар үмбетімнің маған оқыған салауаттарын маған хабар береді» және «Кімде-кім маған салауат айтса, оның дұғасы дереу маған хабарланады» делінген. Бұл екі хадис шәриф «Кейбірлерін періште хабар береді, ал кейбірлерін мен өзім естимін» дегенді білдіреді. Рауда-и муқаддәсә қасында оқылған дұға мен сәлемді өзі естіп, сәлемге жауап беретіндігін хабар берген көп хадис шәрифтер бар.

Пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәссәләм) мүбәрәк денесі шірімейді. Мұны хабар берген көп хадис шәрифтер бар. Хадис шәрифте: «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі» делінген. Кей ғалымдар «Шәһидтердің денесі де шірімейді» деді. Имам Қуртуби (рахметуллаһи алейһ) «Қиыншылықтарға, дерттерге сабыр еткен мұсылмандардың және Ислам үкімдеріне бағынып ұстанған салихтардың денелері шірімейді» деді. Күнә істемеген дене шірімейді. Білімімен амал еткен ғалымдардың және [күнә істемеген, бидғатшы болмаған, ғибадатта микрофон қолданбаған] қарилар мен муәззиндердің (азаншылардың) және әулиелердің (қаддәсаллаһу та'ала әсрараһумул азиз) денелері шірімейді. Тіпті олардың кебіндеріне де топырақ әсер етпейді. Ал басқалардың денелері шіриді. Хадис шәрифте: «Әр мәйіттің денесін топырақ шірітеді. Тек қана құйымшақ деп аталатын сүйек шірімейді» делінген.

[Мұхаммед Қуртуби 671 [м.1272] жылы қайтыс болды.]

Рухтың қандай екендігін дініміз анық айтпаған. Рух зат емес. Сипат та емес. Бірақ, зат сияқты өз болмысымен бар. Адам өлгеннен кейін рухы жоқ болып кетпейді. Ол ешбір затқа мұқтаж болмастан өз болмысымен бар. Ұғынуы, түсінуі де бар. Рухтың қайда баратындығы нақты айтылмады. «Жәуһәрә» шәрһінде Ибраһим Лақани Малики әртүрлі риуаяттар жазған. Имам Суюти «Шәрһус-судур» кітабында және Ибнул Қайым Жәузияның айтуынша, шақи болғандардың, яғни кәпірлердің, күнәхарлардың, бидғатшылардың рухтары азапта болады. Саидтердің, яғни мұсылмандардың, салихтардың рухтары ниғметтер мен ләззаттарға бөленеді. Яһудинің рухы яһудилердің рухымен бірге. [Христиандар, мазһабсыздар және кітапсыз кәпірлердің рухтары да бірбірімен бірге болады.] Азап тартатын рухтардың мекені «Сижжин» деп аталады. Ниғметтер, ләззаттар берілетін жер «Иллийин» деп аталады. Иллийиннің ең үлкен дәрежесіне «Мәлә-и аъла» делінеді. Пайғамбарымыз қайтыс боларында соңғы сөзі «Йа, Раббым! Мені кешіре көр! Маған қамқор бол! Мені рәфиқ-и аълаға қауыштыр» болды. Бұл мекен пайғамбарлардың дәрежесі. Олардың дәрежелері де әртүрлі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Миғраж түнінде Адам алейһиссаламды бірінші аспанда, Иса алейһиссалам мен Яхья алейһиссаламды екінші аспанда, Юсуф алейһиссаламды үшінші аспанда, Идрис алейһиссаламды төртінші аспанда, Харун алейһиссаламды бесінші аспанда, Мұса алейһиссаламды алтыншы аспанда, Ибраһим алейһиссаламды жетінші аспанда көрді. Әһли сүннет ғалымдарының рухтары пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) рухтарына жақын. Хадис шәрифте: «Шәһидтердің рухтары Аршта. Қалаған кездерінде жәннаттың өздері қалаған жерлеріне барып, қайтадан өз орындарына қайтады» делінген. Ахирет өмірінде таң мен кеш, күндіз бен түн деген түсінік жоқ.

[Лақани 1041 [м.1632] жылы қайтыс болды.]

Жәннат нұрлы болмыс. Шәһидтердің кейбірлері жәннатқа кірмейді, жәннаттың қасындағы «Барық» атты өзеннің жағасында жасыл күмбездердің астында тұрады. Оларға таңертең және кешке жәннат ниғметтері әкелінеді. Бұл жерде таң мен кеш дүниедегі уақытқа ұқсатылып айтылған. Ондай сөздер «Киная» деп аталады. Бір риуаят бойынша бүкіл мүминдердің рухтары осы күмбездердің астында болады. Шәһидтер «Дүниедегі дін бауырларымыз біздің қауышқан ниғметтерімізді, бақыттылықты білсе, жиһадқа жүгірер еді» дейді. «Али Имран» сүресі жүз жетпісінші аятында «Аллаһ жолында шәһид болғандарға өлі демеңдер. Олар тірі. Оларға әр уақытта ризық беріледі. Оларда азапталу қорқынышы жоқ. Ниғметтерден мақрұм қалу қайғысы да жоқ» делінген. Дүниеде олардың денелері топырақ астында қалғанда шіріп, сасиды. Жануарлар еттерін жейді. Осы жағдайды көргендер олардың қиналып, азапталып жатқанын ойлайды. Олардың қауышқан ниғметтерін, бақыттарын түсінбейді. Шәһидтер осылай тірі болса, пайғамбарлар да (салауатуллаһи та'ала алейһим әжмаин) әлбетте тірі болады. Өйткені, әр пайғамбарда шәһидтің дәрежесі бар. Хадис шәрифте: «Білім үйреніп жатқанда ажалы келген адамды Аллаһу та'ала пайғамбарлардың дәрежесінде қарсы алады» делінген. Осман бин Аффан (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Расулуллаһтан естідім, «Қиямет күні әуелі пайғамбарлар, кейін ғұламалар шапағат етеді» деді». Хадис шәрифте: «Оба ауруынан қайтыс болғандар шәһидтердің дәрежесіне жетеді» делінген. Оба – жұқпалы ауру деген сөз.

Адам қиямет күні кімдердің арасында болса, қабір өмірінде де солардың арасында болады. Дүниеде кімдерді жақсы көрсе, кімдердің арасында өмір сүрсе, қияметте олармен бірге тіріледі. Имам Ахмед бин Ханбал (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Мұсылмандардың рухтары жәннатта. Кәпірлердің рухтары тозақта». Кейбір ғалымдардың айтуынша, жәннат-ул мәуада болады. Бұл жәннат Арштың астында. Зинаны әдетке айналдырғандардың, пайыз және жетімнің мүлкін жегендердің және мазһабсыздардың рухтары тозақта азапта болады. Мойнында құл (кісі) ақысы бар болғандардың рухтары жәннатқа кірмейді. Сондай күнә істеушілердің және зұлымдық жасаушылардың рухтары да осындай. Әулиелердің (рахимә-һуллаһу та'ала), салих мұсылмандардың, Әһли сүннет кітаптарын жайғандардың рухтары қабірлеріне келіп, денелерін зиярат етеді. Мүминдердің рухтары бір-бірін зиярат етеді. Әсіресе жұма түндері сөйлеседі. Мұсылман қайтыс болып, рухы аспанға шыққанда басқа мұсылмандардың рухтары келіп, дүниедегі таныстарын сұрастырады. Өсиет етпестен өлгендердің рухтарына сөйлеуге рұқсат берілмейді. [Өсиеттердің ең құндысы – Әһли сүннет кітабын сыйлау.] «Фәраид-ул-фәуаид» кітабының жазбасы тәмам болды.

«Саадати Әбәдия» кітабында: «Бәле-жаладан, қиыншылықтардан құтылу үшін истиғфарды көп оқу керек. Яғни көп «Әстағфируллаһ» деу керек» деп жазылған.

[Ахмед бин Ханбал 241 [м.855] жылы Бағдадта қайтыс болды.]