19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ғасырлар бұрын айтылған алтын насихаттар...

Ғасырлар бұрын айтылған алтын насихаттар...

Ибраһим бин Әдхам хазреттері ұлы әулиелерден. 12 ғасыр бұрын қайтыс болғанымен, әлі күнге дейін ұмытылмады. Даналық және ұлағатты сөздері, үлгілі ұстанымы адамдарда сүйіспеншілік пен таңданыс тудыратын.

Бір күні әулие кісінің алдына адамдар жиналып насихат сұрады. Сонда оларға мынадай алтын насихаттар айтқан екен:

* Адамдар дүние жұмыстарымен әуре болғанда сендер ахирет жұмыстарымен әуре болыңдар! Мақсаттарың дүние болмасын!

Мақсаты дүние болғандардың ғибадаттары көп болса да, сауабы аз. Яки мүлде жоқ.

«Жүрегінде дүниеге деген сүйіспеншілігі бар адамның ғибадаттары ықыласты болмайды!»

Бойындағы рия, тәкәппарлық, менмендік және көре алмаушылық сияқты жаман қасиеттерден құтыла алмайды. Бұл қасиеттер оның ғибадаттарын жарамсыз қылады. Ал жүрегінде дүниелікке деген сүйіспеншілігі болмаған адамдардың ғибадаттары, Аллаһу та'ала үшін болғандықтан, аз болса да, құнды болады.

* Адамдар сыртқы көріністерін көріктендіруге тырысып жатқанда сендер ішкі дүниелеріңмен айналысыңдар!

Маңызды болғаны – жүрек тазалығы. Сондай таза жүрекке Раббымызға деген сүйіспеншілік толады. Ыдыстағы суды төккенде ішіне бірден ауаның кіргені сияқты... Мұндай жүрек Аллаһу та'ала назар салатын мекен болады және шайтандар оған жақындай алмайды!

* Адамдар үйлерін жайластыруға тырысқанда сендер қабірлеріңді жайластыруға мән беріңдер!

Дүниедегі үйде қалу мерзімі қабірде қалатын уақытқа қарағанда өте қысқа. Осы дүниедегі үйімізде тіпті бір күн де қалатынымыз нақты емес, сонда да дүниедегі үйімізге сонша көңіл бөлеміз. Ал қияметке дейін ішінде тұруға мәжбүр болған қабірімізге еш мән бермейміз.

«Адам қандай оғаш жаратылыс, тастап кететіні нақты болған жерге сонша мән береді де, ұзақ тұратындығы нақты болған жерді тіпті есепке де алмайды.»

Тапқан ақшасына қуанады, өмірінің қысқарғанына қайғырмайды. Өмір біткеннен кейін байлықтың не пайдасы бар?

* Адамдардың көбі өзгелердің кемшіліктерін іздейді, сендер өз кемшіліктеріңмен айналысыңдар!

Біреудің кемшілігін іздеу өте үлкен күнә. Сонымен қатар бұл күнәда кісі ақысы да бар. Қиямет күні сауаптарымыздан айрылуымызға себеп болуы мүмкін. Адамның екі көзі бар, бірақ көретін нүктесі бір. Өзгелердің кемшіліктерін іздеген кісі өз кемшіліктерін көре алмайды және одан құтылуға да тырыспайды. Нәтижесінде қиыншылықтарға тап болып, үлкен зиянға ұшырайды.

* Адамдардың көбі жұрттың мақтауын алуға тырысады. Адамдардың разы болуы оларға ең маңызды нәрсе. Сендер Раббыларыңның разылығын алуға тырысыңдар!

Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған, қалаған кезінде жоқ қылып жіберуге құдіретті болған Раббымыздың разылығына қолжеткізе алсақ, ең үлкен ниғметке бөленген боламыз. Бұдан асатын бақыт жоқ!