10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Күнәға өкіну, тәубе ету – үлкен ниғмет

Күнәға өкіну, тәубе ету – үлкен ниғмет

Адамның күнәсі қаншалықты үлкен болса да, шын жүректен шынайы тәубе ететін болса, күнә істегеніне өкінсе, Аллаһу та'ала оны кешіреді. Күнә істеп қойған кезде дереу тәубе ету керек. Күнәға өкіну, тәубе ету – үлкен ниғмет. Хадис шәррифте былай делінеді:

«Шөл далада түйесін жоғалтып, қайтадан тауып алған адам қалай қуанса, Аллаһу та'ала құлының тәубе еткеніне одан артық қуанады.» (Бұхари)

Бұл не деген үлкен сый және қамқорлық! Біз күнәларымызға өкінген кезде Аллаһу та'ала қуанады...

Бір ғұламамыз айтқан екен: «Күнә істеушілердің басын иіп жүруі маған ғибадат етушілердің көкірегін керіп жүруден жағымдырақ...»

Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) аятып берген:

Түндердің бірінде Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге құптан намазын оқығаннан кейін далаға шықтым. Жолда көшенің бойында бүркеніп алған бір әйелді көріп қалдым. Менен «Йа, Әба Хурайра! Мен үлкен күнә істедім. Тәубе етсем қабыл болады ма?» деп сұрады. Мен «Қандай күнә?» деп сұрап едім, «Зина жасадым. Сол зинадан туылған баламды өлтірдім» деп жауап берді. Сонда мен «Өзіңді де, балаңды да құртқан екенсің. Сен тәубе ете алмайсың. Тәубе етуге ақың жоқ» дедім. Бұл сөздерімді естіген әйел «Қап, құрыдым» деп зар еңіреді. Ол жақтан кетіп бара жатқанымда ішімнен ойланып қалдым:

«Мен не істедім? Расулуллаһ бізге жақын жерде еді ғой. Неге Одан сұрамадым...»

Таңертең дереу Расул алейһиссаламға жүгіріп барып, бар болғанды айтып бердім. Сонда былай жауап берді:

- Инна лиллаһ уә инна илайһи ражиун... Ей, Әба Хурайра! Уаллаһи, сен өзіңді де, әйелді де құртқан екенсің. Сен «Олар Аллаһқа басқа құдай қосып табынбайды. Аллаһтың өлтіруге тыйым салған жанын жазықсыз өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осылардың бірін істейтін болса, жазаға тартылады. Қиямет күні азабы еселенеді, әрі сол азапта қорланып, мәңгі қалады. Алайда, егер тәубе етіп, иман келтірсе, салих амал жасаса, сол кезде Аллаһ олардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Аллаһ аса кешірімді, өте мейірімді» деген аятты есіңе түсірдің бе? (Фурқан сүресі 68,69,70)

Расулуллаһтан осы жауапты естігеннен кейін бірден көшеге жүгіріп шықтым. Мәдина көшелерінде әрі-бері жүгіріп, айқайлап:

«Кеше менен осындай мәселені сұраған әйелді маған кім тауып бере алады?» деп сұрадым.

Менің әбігер болып жүргенімді көрген балалар «Әбу Хурайра ақылынан айрылыпты» десті. Ақыры кешке таман әлгі әйелді кешегі жерде кезіктіріп тауып алдым. Бірден тәубе етуге хақы бар екені туралы пайғамбарымыздың айтқандарын жеткіздім. Әйел бұл жолы қатты қуанды, «Құрма бақшам бар. Соны кедейлерге арнадым» деді. (Тәнбиһ-ул ғафилин)