8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Қайтыс болған адамның басына келетіндер

Қайтыс болған адамның басына келетіндер

Сұрақ: Адам қайтыс болғанда қабірінде және жерлегенге дейін басына нелер келеді?

Жауап: Бұл туралы «Мифтах-ул-жәннә» кітабында жазылған хадис шәрифте былай делінеді:

«Адамның рухы денесінен айрылғанда:

«Ей, адам баласы, сен дүниені тастадың ба, әлде дүние сені тастады ма? Сен дүниені жинадың ба, әлде дүние сені жинады ма? Сен дүниені өлтірдің бе, әлде дүние сені өлтірді ме?» деген дауыс естіледі.

Мәйітті жуындыра бастағанда:

«1) Сенің әлгі мықты денең қайда? Сені не нәрсе әлсіретті? 2) Сенің шешендігің қайда, неліктен үн шығара алмай қалдың? 3) Сенің сүйікті достарың қайда, неге сені тастап кетті?» деген дауыс естіледі.

Мәйіт кебінделіп жатқанда:

«Азықсыз жолға шықпа! Бұл сапардан қайта оралу жоқ, кері қайта алмайсың. Баратын жерің азаптаушы періштелерге толы» деген дауыс естіледі.

Табытқа салынған кезде:

«Егер Аллаһу та'аланың разылығын алған болсаң, онда бағың жанып, үстемдік пен бақытқа бөлендің. Егер Аллаһу та'аланың ашуына тиген болсаң, онда саған обал!» деген дауыс естіледі.

Мәйіт қабірінің басына барғанда:

«Ей, адам баласы! Дүниеде жүргеніңде қабіріңе не әзірледің? Тас қараңғы мына қабіріңде нұр болатын не әкелдің? Байлығың мен абыройыңнан не әкелдің? Бос қабіріңді жайландыру және безендіру үшін не әкелдің?» деген дауыс естіледі.

Мәйітті қабірге түсіріп жерлеген кезде қабір:

«Артымнан сөйлеп жүрдің, енді ішімде үндемей жатасың» дейді.

Соңында мәйіт жерленіп, сол жерде қызмет етіп жүрген адамдар тарағаннан соң Аллаһу та'ала ол адамға:

«Ей, менің құлым, жалғыз қалдың, сені мына қап-қараңғы қабірдің ішінде бәрі тастап кетті. Олар сенің достарың, бауырларың, бала-шағаң және жақындарың еді. Алайда саған ешбірінің пайдасы тимеді. Ей, құлым, сен маған қарсы шықтың, бұйрығымды орындамадың, осындай жағдайға тап болатыныңды еш ойламадың» дейді.

Егер қайтыс болған кісі иманды болса, Аллаһу та'ала оны кешіреді де:

«Ей, мұсылман құлым! Сені қабіріңде жалғыз қалдыру маған жараспайды. Ізетімнің хаққы үшін саған мейірім танытайын – достарың таңырқасын, саған қамқорлық көрсетейін – ата-ананың баласына деген қамқорлығынан артық болсын» дейді.

Аллаһу та'ала рақымдылығымен ол пенденің күнәларын кешіріп, қабірі жәннат бақшасына айналады, іші жәннат ниғметтеріне толады.

Аллаһу та'ала сондай қамқор, сондай кешірімді – күнәһар құлдарын кешіреді. Оның мейірімді болғаны соншалық, күніне қанша рет құлдарының кемшіліктерін көріп, бәрін жасырады, бетіне баспайды».