12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Аллаһу та'ала сенімен болғанда сен кіммен едің?

Аллаһу та'ала сенімен болғанда сен кіммен едің?

Жүнәйд Бағдади хазрет – үлкен әулиелердің бірі. Бағдадта 298 (м.911) жылы 91 жасында қайтыс болды. Сырри Сақати хазреті – оның әрі нағашы көкесі, әрі ұстазы. Ол Суфиян Сәури хазреттің дәрістерінде жетілді. Өз заманының құтбы еді. Ұстазының көзі тірісінде әдептілік сақтап 30 жыл бойы уағыз-насихат етпеді. Бір күні түсінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған:

«Сөйле, ей, Жүнәйд! Өйткені сенің сөзің халықтың жүрегін рахаттық пен шаттыққа бөлейді. Аллаһу та'ала сенің сөзіңді адамдардың құтылуына себепші қылды» дейді.

Таңертең ұялып ұстазының алдына барған кезде ұстазы:

«Сөйле, ей, Жүнәйд, дәл сол түсті мен де көрдім» дейді.

Жүнәйд Бағдади хазреттің хикаялары көп. Бір күні халықтың алдында уағыз беріп жатқан бір кісіні байқап қалады. Не туралы айтып жатқанына қызығып, бір шетке отырып, соңына дейін тыңдайды. Ол кісі уағызында қысқаша былай деген еді:

«Адам қабірге түскенде бәрі жауап беруге мәжбүр болған төрт сұрақ қойылады:

1) Мал-мүлікті, ақшаны қалай таптың? Қалай, қайда жұмсадың?

2) Аллаһу та'ала берген осы қадірлі денеңді қай жолда қолданып тоздырдың?

3) Үйренген біліміңмен амал еттің бе? Адамдар ол біліміңді қалай пайдаланды? Онымен Аллаһу та'аланың разылығына қалай жеттің немесе жоғалттың?

4) Уақытыңды қайда, қалай өткіздің?

Мұсылмандардың ең қымбат мүлкі – уақыты. Өйткені дүниеде бір калима-и тәухид айту ахиретте таразыны өзгерте алады. Бір рет «Аллаһ» дейсің де жәннатқа кіресің. Кейін есеп күнінде қате тірліктерің үшін таразыда қиыншылық шықса, құрисың...»

Уағыз аяқталған соң Жүнәйд хазрет ол кісінің қасына барады. Ол Жүнәйд Бағдади хазретін көргенде ұялып:

- Ұстаз, сіз осында болдыңыз ба? Кешірім сұраймын, сізді байқамаппын, сіз бар жерде уағыз айтып әдепсіздік жасадым, - дейді.

Жүнәйд Бағдади хазрет ол кісіге былай дейді:

- Сенің айтқандарыңның барлығы өте құнды, өте керемет насихаттар, бірақ осында отырған тыңдаушылар сыртқа шыққан кезде бәрін ұмытады. Мен саған бір сөйлем айтамын, келесі жолы оларға «Аллаһу та'ала сенімен бірге болғанда сен кіммен бірге едің?» деп сұрасаң, мұны ұмытпайды. Аллаһу та'аланың бізді әр сәтте көріп тұрғанын еш ұмытпайтын болсақ, бұл оймен қалайша күнә істей аламыз? Ал көріп тұрғанын ойламастан өткізген әр сәтіміз үшін көп тәубе етуге тырысуымыз керек.