8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Расулуллаһтың сүйіншісіне қауышқан жеті топ адам

Расулуллаһтың сүйіншісіне қауышқан жеті топ адам

Қиямет күні – өте ауыр, өте қиын күн. Ол күні бәрі есепке тартылып, амал дәптерлері таратылады. Тозақ адамдардың көз алдында тұрып, оты аспанға дейін алаулап тұрады.

Есебі жақсы шықпағандар бәрінің көз алдында отқа тасталып жанады. Осындай қорқынышты, ауыр және үрейлі күнде еш қиналмай Раббымыздың қамқорлық көлеңкесінде жайбарақат отыратын бақытты жандар бар. Хадис шәрифте айтылған және сүйіншіленген бұл адамдар жеті топқа бөлінген:

1) Қол астындағыларына әділ қараған басшы. Ол бастық, жетекші, жанұяның отағасы болуы мүмкін. Жақсы көру бөлек мәселе. Біреуді көбірек жақсы көруіміз мүмкін, бірақ кісі ақысы, құқығы да бөлек мәселе. Әркімнің хақын өтеп, ешкімге зұлымдық жасамауымыз керек.

2) Жас болса да нәпсіне және шайтанға ермеген, Жаратушысының бұйрықтарын ұстанып, ғибадаттарын орындаған және харамдардан сақтанғандар.

Жастық шақ – адам өмірінің ең құнды және ең қауіпті бөлігі. Оған дейінгі кезең – балалық шақ. Адамдар бұл шақта жауапкер емес. Жастық шақтан кейін келетіні – қарттық, ауру кезеңі. Бұл шақта адам қатты қаласа да, дүниесіне де, ахиретіне де пайдасы тиетін амалдарды көбіне жасай алмайды.

3) Көңілімен мешітке байланғандар. Мешіттер – Бәйтуллаһтың (қағбаның) бөлімшелері. Мешіт – Раббымыздың жер жүзіндегі ең жақсы көретін орны. Ол жерде періштелерге дос болып, намаздарымызға жиырма жеті есе көп сауап аламыз.

4) Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көрген екі кісі. Ешқандай пайда көздемей, қайтарым күтпей осындай сүйіспеншілікке қолжеткізгендер – мәңгі бақыттың үміткерлері.

5) Абыройлы, мансапты және сұлу бір әйел қосылуға шақырған кезде «Мен Раббымнан қорқамын» деп ұсынысын қайтарған адам.

Осындай ұсынысты қайтарғаны үшін Юсуф пайғамбар (алейһиссалам) дүниеде үлкен ниғметтерге бөленді, ал ахиреттегісі онсыз да мәлім. Ол – жаратылыстардың ең құрметтілері болған пайғамбарлардың бірі. Юсуф алейһиссаламның емтиханы өте ауыр еді. Бірақ сонда да Аллаһтан қорқуы басым келіп, емтиханды тапсыра алды.

6) Оң қолының бергенінен сол қолының хабары болмайтындай жасырын түрде садақа бергендер. Мұндай садақа рия болмағандықтан және ықыласпен берілгендіктен, иесін қиямет күнінің қиындықтарынан құтқаруға себепші болмақ.

7) Жалғыз қалған кезде Раббын зікір еткен және осы зікір барысында көз жасын төккендер. Раббымыз екі тамшыны ерекше жақсы көреді, бірі, дінін жаю үшін соғыс майданында аққан қан тамшысы, екіншісі, Оны жақсы көруден шыққан көз жасы тамшысы.

Осы жеті топтың бірі болуға тырысуымыз қажет. Сондықтан бүкіл өмірімізді осыған арнасақ та зиянға ұшырамаймыз.