8 - Рамазан, 1442 жыл.
     20 - Сәуір, 2021 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мұсылман болғанда әуелгі күнәлар кешіріледі

Мұсылман болғанда әуелгі күнәлар кешіріледі

Дыхия Кәлби иман келтіруден бұрын араб елінің бай мырзасы еді. Өте келбетті, ақ реңді және сұлу жүзді кісі еді. Пайғамбарымыз алейһиссалам оның мұсылман болуы қалайтын. Өйткені мансабына, абыройына байланысты оған бағынышты жеті жүзден астам адам бар еді. Олардың да исламмен қадірленуі оған байланысты еді.

Бәдір соғысынан кейін бір күні Жәбрейіл алейһиссалам Дыхияның иман келтіретінін Расулуллаһқа хабар берген болатын. Дыхия иман келтіруге пайғамбарымыздың алдына келгенде Расулуллаһ үстіндегі шапандың шешіп, Дыхия отырсын деп жерге төседі. Пайғамбарымыздың бұл сияпатын көрген Дыхия көз жасына ерік берді. Шапанды дереу көтеріп, басының үстіне қойды. Құрметпен «Әшһәду әл лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһу» деп өксіп жылай бастады. Пайғамбарымыз сұрады:

- Неге жылап жатырсың?

- Йа, Расулаллаһ! Мен көп күнә істедім. Бұл күнәларымның өтемі қандай? Мал-мүлкімді садақа қылып таратайын ба, әлде мені өлтіру керек пе?

- Ей, Дыхия, қандай күнәң бар?

- Йа, Расулаллаһ! Жаһилия (надандық) дәуірінің әдеті бойынша қыз балаларымды өлтірген едім.

Дәл сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп:

«Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та'ала мұсылман болғандардың әуелгі бүкіл күнәларын кешірді» деді.

Расулуллаһ Дыхияның мұсылман болғанына қатты қуанды да, «Ей, сахабаларым! Бұл түні Дыхияның құрметіне үйде ас беремін, бәрің келіңдер!» деді. Тіпті пайғамбарымыздың дастарханында ол күні үш түрлі тағам бар еді: ет, сорпа және тәттілер...

Расулуллаһ Дыхия хазретті Византияға елші ретінде жіберді. Өйткені Расулуллаһтың өзге елдің патшаларына жіберген елшілері сахабаларының ең таңдаулылары, көрінісі мен сөйлеуі ең жақсы болғандары еді. Дыхия Кәлби хазрет әрі келбетті, әрі көркем сөйлейтін, римдықтардың тілін де жақсы меңгерген болатын.

Пайғамбарымыз Византия цезарі Гераклиусты исламға шақыру үшін хат жаздырып жіберді. Хазреті Дыхия Византияға барып, хатты Гераклиусқа тапсырды. Гераклиус оқыған соң мұсылман болғысы келгенімен, мансабынан айрылудан және өлімнен қорыққаны үшін иман келтірмеді. Гераклиус кейіннен пайғамбарымызға иман келтіргенін хабарлаған хат жолдаған болатын, бірақ Расулуллаһ «Өтірік айтады, ол өз дінінен қайтпады» деген.

Дыхия (радиаллаһу анһ) Шам қаласында 672 жылы қайтыс болды. Аллаһу та'ала оның шапағатын нәсіп етсін...