9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Намаз сүрелерінің мағынасы

Намаз сүрелерінің мағынасы

Сұрақ: Намазда дүниелікті ойдан шығару ниетімен намаздағы сүрелердің мағынасын ойлап оқуға бола ма? Рұқсат болса, олардың мағынасын жазасыз ба?

Жауап: Оқыған сүрелеріміздің мағынасын ойлап оқу намазға зияны тимейді. Осылайша дүниелік ойлардан құтылуға тырысқан боламыз. Ол сүрелердің мағыналары төмендегідей:

 

Фатиха сүресі

«Мақтаулардың барлығы әлемдердің Раббысы, аса мейірімді және қамқор әрі қиямет күнінің иесі Аллаһқа тән. Тек саған ғана ғибадат етіп, тек сенен ғана көмек сұраймыз. Бізді азапқа ұшырағандардың және адасушылардың жолына емес, дұрыс жолға, ниғмет бергендеріңнің жолына түсіре көр!»

Бұл жердегі азапқа ұшырағандар – яһудилер, адасушылар – христиандар. (Қуртуби тәфсирі)

 

Фил сүресі

«Раббыңның асхаби филге не істегенін көрмедің бе? Олардың жаман жоспарларын бұзбады ма? Топ-топ болып жіберілген құстар үстілеріне сижжил тастарын жаудырып, оларды тас-талқанын шығарып, топан тәрізді қылды».

Асхаб – достар деген сөз. Ал асхаби фил – піл оқиғасына қатысқан Абраханың қоластындағы әскер деген сөз. Сижжил – отқа күйдірілген тастар деген сөз, тозақтан келген. (Қуртуби)

Йемен патшасы Абраха Меккеге қатынайтын керуенді және қағбаның зияратшыларын өзіне тарту әрі Сана қаласын сауда орталығына айналдыру үшін осы қалада шіркеу тұрғызды. Бірақ ол жаққа ешкім келмеді, оның үстіне бір араб шіркеуге кіріп ішін ластады. Мұны естіген Абраха қатты ашуланып, қағбаны қиратамын деп ант етті. Үлкен әскермен және үлкен пілді алдына шығарып Меккеге аттанды, алпыс мың әскер және он шақты пілмен жолға шықты. Меккеге жақындағанда аспанда кенеттен топтасқан құстар байқалды. Сол күнге дейін ондай құстар ешқайдан байқалмаған болатын. Құстардың әрқайсысының тұмсығында және екі аяғында жасымықтан үлкен, ноқаттан кіші тастар бар еді. Әр таста бір кәпірдің аты жазылған еді. Құстар жерге тастаған тас әр әскердің басынан кіріп, астынан шығып жатты да, әскерлер бірден өлді. Атқа мінген болса, аты да өлді. Абраханың әскері қаша жөнелді. Құстар соңынан қуып, тас жаудырып бәрін өлтірді. Абраха да қиналып өлді. Абраханың уәзірі қашып, патшаға барды да, болған оқиғаны айтып берді. Патша «Сондай мықты әскерді қырып жіберетіндей ол қандай құстар?» деп сұрады. Сол кезде уәзір жоғары қарап, сол құстардың бірі басының үстінде айналып жүргенін көрді. Уәзір патшаға үстіндегі құсты көрсетіп «Міне, сол құстардың бірі» деді. Сол сәтте құс уәзірдің басына тас түсірді. Уәзір патшаның көз алдында өлді. Осылайша қағбаны қиратпақ болғандардың соңы не болатынын патша да өз көзімен көрген болды. (Шәуәһид-ун-нубуввә)

 

Құрайш сүресі

«Қурайшты амандық пен сау-саламатқа, оларды қысы-жазы, кетерде де, келерде де рахаттыққа бөлеген, оларды аштықтан құтқарып тойдырған және қорқыныштан аман қылған қағбаның Раббысына құлшылық етсін».

 

Маун сүресі

«Дінді жоққа шығарғанды көрдің бе? Жетімді жәбірлеп, мұқтажды тойдыруға қызықтырмауымен қатар, немқұрайлы және риямен намаз оқитындарға нендей өкініш! Олар маунға тыйым салады».

Маун – зекет, әр түрлі жақсылық пен көмек деген сөз. (Қуртуби)

Апта сайын екі түйе соятын мұнафыққа бір жетім келіп, бір нәрсе сұрады. Ол таяқпен жетімді қуды. Сондай-ақ мұсылмандарды көргенде риямен намаз оқитын, олар кеткенде намаз оқымайтын, аздаған жақсылыққа да тыйым салатын адамдарға қатысты түскен. (Асбаб-и Нузул)

 

Кәусәр сүресі

«Сүйіктім, біз саған Кәусәрді бердік. Олай болса, Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал! Саған тіл тигізгендер, негізінде, өздері әбтәр».

Кәусәр сөзінің мынадай түсініктемелері бар:

1) Жәннаттағы бір өзен немесе хауыз, суы балдан тәтті, сүттен ақ және қардан салқын.

2) Құран кәрім, дүниелік және ахиреттік қайырларды өзіне жинақтаған кітап.

3) Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ие болған пайғамбарлық құрмет.

4) Аспанда және жерде Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтылған көп зікір мен мақтаулар.

5) Расулуллаһтың ұрпағы және оған бағынғандар.

6) Расулуллаһтың сахабалары және үмбетінің ғалымдары.

Әбтәр – ұрпағы үзілген деген сөз. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұлы Қасым қайтыс болған кезде мүшриктер «Ұрпағы үзілді, ұрпағы жалғастайтын болды» деді. Мұсылмандар бұған қынжылды, «Кәусәр» сүресі түскенде бәрі қуанып, көңілдері жай тапты.

 

Кафирун сүресі

«Ей, сүйіктім, оларға айт: Ей, кәпірлер, мен сендер табынатын пұтқа табынбаймын. Менің ғибадат еткеніме сендер ғибадат етпейсіңдер. Мен сендердің пұттарыңа табынбаймын, сендер менің ғибадат еткеніме табынбайсыңдар. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме!»

Мүшриктер пайғамбарымызға «Сен біздің дінімізге, ал біз сенің дініңе кірейік. Бір жыл сен біздің пұттарымызға ғибадат ет, бір жыл біз сенің тәңіріңе ғибадат етейік. Егер біздің құдайларымызға ғибадат етіп, қайырға жетсең, бізге қосыласың. Ал егер біз сенің тәңіріңе ғибадат етіп қайыр көрсек, біз саған қосыламыз» деді. Расулуллаһ «Аллаһқа серік қосудан Аллаһқа сыйынамын» деді. Кейін осы сүре түсті. Расулуллаһ Әл-Харам мешітіне барды. Мешіт құрайштықтарға толы еді. Осы сүрені оларға оқып берді. Құрайштық мүшриктер үмітсіз қалды. (Суюти, Асбаб-и Нузул)

 

Наср сүресі

«Аллаһтың көмегі және жеңісі келіп, адамдардың Аллаһтың дініне ағылып кіргенін көргенде Раббыңды мадақтап тәсбих ет! Одан кешірім сұра, өйткені Ол тәубелерді үнемі қабылдаушы».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеге кіргенде мұсылмандар Аллаһтың көмегімен жеңіске жетті. Соңында адамдар топ-топ болып Аллаһтың дініне кірді. (Асбаб-и Нузул)

 

Тәббәт сүресі

«Әбу Ләһәбтің екі қолы кеуіп қалсын. Ол өзі де құрыды. Мүлкі де, табысы да оны құтқара алмады. Ол алаулаған отқа түседі, әйелі де мойнындағы есілген арқанмен отын тасиды».

«Ең жақын туыстарыңа ескерт!» деген аят түскенде Расулуллаһ Сафа тауына шықты. «Ей, Абдулмутталиб ұлдары, ей, Фихр ұлдары, ей, Луәй ұлдары! Егер мен сендерге мына таудың артынан жаудың атты әскері келе жатқанын және сендерді қыратынын айтсам, маған сенесіңдер ме?» деп сұрады. Бәрі «Сен бізге ешқашан өтірік айтпадың, сенімді адамсың, әлбетте сенеміз» десті. Сонда пайғамбарымыз «Олай болса, мен сендерге алдарыңда күтіп тұрған ауыр азапты ескертемін» дегенде Әбу Ләһәб «Құрып кеткір! Бізді осыған бола осында жинадың ба?» деп қарсы шықты. Кейін осы сүре түсті. (Бұхари)

 

Ихлас сүресі

«Оларға айт: Аллаһ бір, Ол – Самад, туылмады, тумады. Ештеңе Оған тең бола алмайды».

Самад – ешкімге мұқтаж болмай, бәрі оған мұқтаж болған деген сөз.

Кейбір яһудилер Расулуллаһқа келіп «Сені жіберген Раббың туралы бізге айтып бер!» дегеніне байланысты осы сүре түскен. (Асбаб-и Нузул)

 

Фәлақ сүресі

«Оларға айт: Жаратылғанның зиянынан, қараңғы жапқан түннің зиянынан, түйіндерге үрлеген сиқыршылардың зиянынан, көре алмаушының зиянынан, фәлақтың Раббысына сыйынамын».

Фәлақ – таң немесе бүкіл жаратылғандар деген сөз. (Қуртуби)

 

Нас сүресі

«Оларға айт: Адам мен жыннан, жүректерге жаман ой салатын шайтанның зиянынан, адамдардың тәңіріне, иесіне және Раббысына сыйынамын».

Расулуллаһқа қызмет етіп жүрген бір яһуди бала бар еді. Яһудилер оған келіп, одан Расулуллаһтың тарағын және тарағының тістерін алып келуін сұрады. Алып келмейінше қасынан кетпеді. Бала сұрағандарын алып оларға берді. Олар Расулуллаһқа сиқыр жасап дуалады. Яһуди Ләбид бин Асам бұл жұмысты мойнына алды. Кейін Зирван құдығына сиқырын жасырды. Осы себепті Расулуллаһ ауырып қалды. Ауру алты айға жалғасты. Расулуллаһ әлсірей бастады. Бір күні ұйықтап жатқанында екі періште келді. Яһуди Ләбид бин Асамның тарақпен сиқыр жасап дуалағанын айтты. Сиқырдың Зирван құдығында су тартылғанда қолданылатын тастың астында құрма гүлінің қабығына оралғанын хабар берді. Расулуллаһ оянып, «Йа, Айша, Аллаһу та'ала маған ауруымды хабар берді» деді. Кейін хазреті Әли, Зубәйр және Аммар бин Ясирді құдыққа жіберді. Олар әлгі құдықты судан босатты. Су тұрып қалған жүзім сияқты еді. Кейін тасты көтеріп, құрма гүлінің қабығын шығарды. Расулуллаһтың тарағы мен тарағының тістері және құрма гүлінің қабығында 11 түйіні бар байланған және инемен бір-біріне өткізілген жіп көрді. Осыған орай Аллаһу та'ала «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін түсірді. Расулуллаһ әр аятты оқығанда бір түйін шешілді. Расулуллаһ жазыла бастады. Соңғы түйіндер шешілгенде Расулуллаһ үстінен байланған жіп шешілгендей рахаттанды. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Дуа жасаған адамды өлтірейік пе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Аллаһ маған шипа берді. Адамдардың менің кесірімнен зиян көруін қаламаймын» деді. (Бұхари)