9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ТӨРТІНШІ БӨЛІМ (Бірінші тарау)

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ (Бірінші тарау)

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижретінен қайтыс болуына дейін орын алған оқиғалар. Бұл бөлімде екі тарау бар. Бірінші тарауда кітаптарда қай кезде орын алғаны хабарланған мұғжизалар баяндалған. Ал екінші тарауда қай кітаптан алынғаны және уақыты көрсетілмей айтылған оқиғалар баяндалған.

 

БІРІНШІ ТАРАУ:

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижретінен қайтыс болуына дейін орын алған және кітаптарда қай кезде орын алғаны хабарланған мұғжизалар.

• Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден Мәдинаға хижрет етуі (қоныс аударуы) бұйырылған кезде пайғамбарлығы білдірілуінің он төртінші жылы еді. Меккеден жолға шыққан түні құрайш мүшриктері өзара Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өлтіруге келісіп алды. Түннің ұйқы уақыты келгенде олар Расулуллаһтың есігі алдына жиналып, өлтіру үшін ұйықтағанын күте бастады. Ол түні «Ясин» сүресінің алғашқы аяттары түсті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жерден бір уыс топырақ алды. «Олардың алдарынан бір бөгет және арттарынан бір бөгет жасап, оларды жауып тастадық, енді ештеңе көре алмайды» деген «Ясин» сүресінің 9-шы аятын оларға оқып, қолындағы топырақты бастарына шашып, араларынан өтіп кетті. Олар мүлде көрмеді және байқамады да. Араларынан тек біреуі ғана көріп, мүшриктерге «Мұхаммедті көре алмадыңдар! Ол шығып кетті» деді. Мүшриктер тұрып, бастарындағы және беттеріндегі топырақты сүртті.

• Ол түні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әбу Бәкір Сыддықпен (радиаллаһу анһ) бірге Сәур тауындағы бір үңгірдің алдына келді. Хазреті Әбу Бәкір: «Йа, Расулаллаһ! Үңгірдің ішіне бірінші мен кірейін. Сізге ешқандай зиян келмесін» деді де, ішке кіріп, саусағымен үңгір ішіндегі қабырғаның тесіктерін тексеріп шықты. Үлкен тесік тапты. Ол тесікті тексеру үшін аяғын ішіне кіргізді. Аяғын санына дейін ішіне кіргізіп шығарды. Бір риуаят бойынша, көйлегін жыртып бөлшектеп, сол бөлшектермен тесіктерді бітеді. Бір тесік қалды. Ол тесікті бітеу үшін аяғын қойып еді, аяғын жылан шағып алды. «Йа, Расулаллаһ! Ішке кіріңіз. Сізге орын дайындап қойдым» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үңгірдің ішіне кіріп демалды. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық ол түні жылан шаққаны себебімен аяғының ауруынан қатты қиналды. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) білдірмеді. Таңертең Расулуллаһ хазреті Әбу Бәкірдің аяғының ісіп кеткенін байқап, «Не болды, ей, Әбу Бәкір?» деп сұрады. «Йа, Расулаллаһ! Түнде жылан шағып алды» деп еді «Маған неге айтпадың?» деді. Хазреті Әбу Бәкір «Сіздің мұңайғаныңызды қаламадым, йа, Расулаллаһ!» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен ісіп тұрған жерді сипады, сол сәтте ісік басылып, жазылып кетті.

• Расуллуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пен хазреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) үңгірдің ішіне кірген сәтте сол түні үңгірдің алдында ағаш өсіп шықты. Екі жабайы көгершін сол ағаштың үстіне ұя жасап, жұмыртқа басты. Бір өрмекші үңгірдің есігін тормен жапты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден кеткенін естіген мүшриктер қаруларын алып, соңынан іздеуге түсті. Үңгірге екі жүз зра немесе бір риуаят бойынша елу зра жақындады. [Бір зра – 48 см]. Араларынан біреуін үңгірге кіріп қарап шығуы үшін жіберді. Ол адам үңгірдің алдына келді де, кері қайтты. «Неге қайтып келдің?» деген сұраққа «Үңгірдің есігін өрмекші тор құрып жауып тастаған және ол жерде екі көгершін бар. Іште ешкім жоқ екенін түсіндім» деді. Мүшриктер үңгірдің алдына қонған екі көгершінді көріп қайтып кеткендіктен Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол көгершіндерге қайырлы дұға жасады. Аллаһу та'ала ол көгершіндерге Мәсжид-ул харамнан бір орын нәсіп етті, олар қанша жылдар бойы сонда тұрып көбейді.

• Мүдләж ұлдары тайпасының көсемі Сурака былай айтып берген: «Қауымымның арасында отырған едім. Біреу келіп, «Теңіз жағалауында алыстан келе жатқандардың қарасын көрдім. Олар – Мұхаммед алейһиссалам мен сахабалары болса керек» деді. Мен олар екенін түсіндім. Оған «Олар емес, бәлкім пәлен кісілер шығар. Түйелерін жоғалтып алып, іздеп жүрген болар» дедім. Өзім үйіме кетіп, қызметшіме атымды сыртқа шығарып дайындауын бұйырдым. Найзамды алып, атыма мініп, оларды аңдуға айдадым. Оларға жетіп алдым. Жақындағаным соншалық, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрім оқып жатты, соны естіп тұрдым. Артына мүлде қарамайтын, бұрылмайтын. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық үздіксіз қарап тұрды. Кенеттен атымның аяқтары қарнына дейін жерге батты. Айқайлап «Сендер мені қарғадыңдар! Дұға етіңдер, құтылайын. Ант етемін, алдымнан шыққанның бәрін кері қайтарамын» дедім. Олар дұға етіп, құтылдым. Оларды аңдуға келгендердің бәрін кері қайтардым.

Риуаят етілуі бойынша, сол кезде Сурака Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Менің қой отарыма кезіккен кездеріңде қойларымның кезкелгенін алыңдар» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Біз мүшриктердің сыйлықтарын алмаймыз» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижрет еткенде жолда Умму Мабәдтің шатырына кірді. Ол Расулуллаһты білмейтін. «Ей, Умму Мабәд! Үйіңде сүт бар ма?» деп сұрады. «Сүт жоқ, қойларым алыста» деді. Шатырда бір қой көріп, «Ал мынау не?» дегенінде «Ол арық, әлсіз қой. Сол үшін отардан қалып қойды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Рұқсат берсең осы қойыңның сүтін сауайық» деді. Ол «Өздерің біліңдер. Бірақ бұл қой қысыр» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қойды өзіне жақындатып, мүбәрәк қолымен қойдың желінін сипап, сауа бастады. Сүттің мол шыққаны соншалық, шатырдағы барлық ыдыстар сүтке толды. Сол сүтті ішті. Кейін тағы бір ыдыс сұрады. Оны да сүтке толтырып, Умму Мабәдке беріп, жолға шығып кетті.

Умму Мабәд былай айтып берген: «Ол қой үйімізде берекетті болғаны соншалық, Әмир-ул мүминин хазреті Омар (радиаллаһу анһ) дәуіріне дейін сол қойдың сүтін таңертең-кешке саудық. Сол жылы бүкіл тайпаларда сүт тапшылығы бар еді».

Әбу Жафәр бин Харир Табари былай риуаят еткен: «Умму Мабәдтің Мабәд есімді мүгедек ұлы бар еді. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұғжиза көрген соң ол ұлын Расулуллаһқа апарып, дұға сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұға етті, бала сол сәтте жазылып, жүре бастады».

• Замахшәри «Рәбиул Әбрар» атты кітабында былай риуаят еткен: Умму Мабәдтің сіңлісінің ұлы Хиндтен, ол болса Умму Мабәдтен былай жеткізген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шатырыма кірді. Түнде шатырымда ұйықтап демалды. Оянғанда су сұрады. Мүбәрәк қолдарын жуып, аузын шайқап, суын шатырымның қасындағы бір тікеннің түбіне төкті. Таңертең қарасақ, ол жерден үлкен ағаш өсіп шығыпты. Ірі жемістер салған еді. Жемісінің иісі жұпардай аңқып, шекердей тәтті еді. Ол жемісті аш адам жесе тойып, шөлдеген адам жесе, шөлі қанатын, ауру адам жесе жазылып кететін. Қайғылы адам жесе шаттыққа бөленетін. Ол ағаштың жапырағын жеген түйелер мен қойлар сансыз сүт беретін. Біз ол ағаштың атын «Мүбәрәк ағаш» деп қойдық. Айналамыздағы тайпалар ауруларына беру үшін оның жемісін сұрап келетін. Бір күні сәре уақытында ол ағаштың жемістері төгілгенін, жапырақтары кішірейгенен байқадым. Қатты қорықтым және қынжылдым. Және де естуімше, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғаны туралы хабар келген екен. Бұл оқиғадан кейін отыз жыл өтіп кетті. Тағы бір күні таңертең сыртқа шығып қарасам, ол ағаш тамырынан бұтақтарына дейін тікен болып кетіп, жемістері жерге төгілген екен. Хазреті Әлидің (кәррәмаллаһу уәжһәһ) шәһид етілгені туралы хабар естідік. Бұл оқиғадан кейін ол ағаш жеміс бермейтін болды. Бірақ жапырақтарын пайдаланатын едік. Бір күні қарасам, ағаштың ішінен таза қан ағып жатты. Жапырақтары солып қалған еді. Мұңайып отырғанымда хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) шәһид етілді деген хабар келді. Одан кейін ол ағаш түбінен қурап, жоқ болып кетті». Замахшәридің айтқанындай, бұл оқиғаның қой оқиғасы секілді мәшһүр болмағаны таңқалдырарлық.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижрет жолында Умму Мабәдтің шатырына жеткенінде мүшриктер Оның қай тарапқа кеткенін білмей қалды. Олар сол күні Әбу Қубәйс тауының үстінен бір дауыс естіді. Өлең шумақтары оқылған еді. Бірақ олар дауыс иесін көре алмады. Ол шумақтарда былай делінген еді:

Аллаһу та'ала оларға мол игілік берсін,

Шатырына барды олар Умми Мабәдтің,

Екеуі хижрет етті, Хақ бұйрықпенен,

Бақытқа бөленері ақиқат досының Мұхаммедтің (алейһиссалам)!

 

Меккелік мүшриктер бұл өлеңді естіген соң Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдина тарапына кеткенін аңғарды.

• Хижрет кезінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жолда кетіп бара жатқанда Бурәйдә Әсләми өз тайпасының жетпіс адамымен бірге Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдынан шықты. Расулуллаһ оны көргенде есімімен шақырып, «Бәрадә әмруна», яғни жағдайымыз оңалды (рахаттандық) деген мағынаны беретін есіміне ишара етті. «Саламаттыққа жету» мағынасын беретін «Әсләм» тайпасынан екенін білген кезде «Сәллимна», яғни «Саламаттық таптық» деді. Бурәйдә Әслами Расулуллаһтан «Кімсіздер?» деп сұрағанда «Мен Мұхаммед бин Абдуллаһпын және Аллаһу та'аланың Расулымын» деп жауап берді. Сонда Бурәйдә Әсләми бірден «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әннәкә абдуһу уә расулуһу» деп мұсылман болды. Қасында жетпіс адам да иман абыройына бөленді. Олар Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге жолын жалғастырды. Мәдинаға жетпей бір жерде түнеді. Таңертең Бурәйдә Әсләми: Йа, Расулаллаһ! Мәдинаға байрақсыз кіргеніміз болмайды» деп сәлдесін шешіп, ағытып, найзаның ұшына байлап қойды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында ұстап жүрді. Мәдинаға солай кірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, Бурәйдә! Менен кейін Хорасан қалаларынан Зұлқарнайн құрған Мәрв қаласына барасың. Сол жерде қайтыс боласың. Қиямет күні шығыс елінің көсемі боласың» деді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқанындай болды. Бурәйдә (радиаллаһу анһ) бір соғыста Мәрв қаласына барды да, сол жерде қайтыс болды. Хадис ғалымдарының айтуынша, қалалар туралы айтылған хадис шәрифтердің ең сенімдісі – Бурәйдә (радиаллаһу анһ) хадисі. Бурәйдәнің (радиаллаһу анһ) қабірі Хаким ибн Амр Ғаффардың қабірі қасында. Хаким ибн Амр Ғаффари – Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабасы. Ол Мәрв қаласында әмір және қазы болған. Хижреттің елуінші жылы қайтыс болды. Ал Бурәйдә (радиаллаһу анһ) хижреттің алпысыншы жылы қайтыс болды.

• Салман Фариси (радиаллаһу анһ) мұсылман болудан бұрын көптеген монахтармен сұхбаттасып, көптеген патриархтарға қызмет еткен болатын. Олардың әрбірі өмірінің соңында басқа монахқа баруын өсиет еткен. Соңғы монахының қайтыс болуы жақындағанда ол «Сізден кейін кімге барайын?» деп сұрады. Монах: «Қазіргі таңда жер жүзінде сұхбатын тыңдайтын және саған қайыр келтіретін ешкімді білмеймін. Бірақ ақыр заман пайғамбарының келер уақыты жақындап қалды! Ол пайғамбар Ибраһим алейһиссаламның дінін ұстанады. Ол екі тастақ жер арасында және құрма ағашы мол жерде болады. Екі жауырыны арасында пайғамбарлық мөрі болады. Сыйлықты қабыл алады. Садақаны қабылдамайды» деді. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) сол өсиет бойынша Арабстанға жолға шықты. Сөйтіп Мәдинаға жетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткенде Қубада тұрақтаған кезде Салман Фариси (радиаллаһу анһ) өзімен біраз заттар алып, Расулуллаһтың алдына шықты. Апарған нәрселерін «Бұл – садақа» деп ұсынды. Расулуллаһ сахабаларына «Сендер жеңдер» деп өзі жемеді. Салман Фариси ішінен «Белгілердің бірі мәлім болды» деді. Одан кейінгісін өзі былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Қубадан Мәдинаға келгенде тағы біраз нәрселер алып алдына шықтым. «Бұл – сыйлық» деп едім, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен бірге сол сыйлықты жеді. Өз-өзіме «Екінші белгі де көрінді» дедім. Кейін тағы бір рет алдына шықтым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бақи» мазарында сахабаларының бірінің жаназасында еді. Үстінде рида және изардан тұратын көйлек бар еді. Мен пайғамбарлық мөрін көрмек болып жақынырақ тұрдым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) менің пайғамбарлық мөрді көруім үшін мүбәрәк иығынан ридасын түсірді. Пайғамбарлық мөрді көрдім. Дәл монахтың маған сипаттағанындай еді. Еркімнен тыс иіліп пайғамбарлық мөрді сүйдім де, жылап жібердім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені алдына шақырды. Барып отырдым да, басымнан өткен оқиғалардың бәрін жеке-жеке айтып бердім. Оған қатты ұнап, сахабалардың да естуін қалады.

• Салман Фариси (радиаллаһу анһ) бір яһудидің қызметінде құл еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Салман Фарисиге «Қожайыныңа айт, белгілі бір өтемге сені азат етсін» деді. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) қожайынына әбден жалынды. Сонда яһуди оны үш жүз құрма ағашын отырғызуы және қырық қайя күміс, яғни төрт мың дирхам күміс беруі шартымен азат ететінін айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына «Бауырларың Салманға көмектесіңдер» деді. Сахабалардың әрбірі қолынан келгенше көмектесіп, үш жүз құрма көшетін жинады. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ей, Салман! Бұларды отырғызатын жерлерді қазып дайындап қой да, маған хабар бер» деді. Шұңқырлар қазып дайындап қойды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өз мүбәрәк қолымен құрма көшеттерін отырғызды. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) ант етіп, «Жаным құдіретінде болған Аллаһу та'аланың хаққы үшін айтайын, ол құрма ағаштарының бәрі түгелдей өсіп кетті» деді. Кейін бір сахаба Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұмыртқа көлеміндей таза алтын әкелді. Бір кен орнынан тапқан екен. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Салман Фарисиді (радиаллаһу анһ) шақырып, «Мынаны алып, азат етілуіңе талап етілген құнды өте» деді. «Йа, Расулаллаһ! Мойнымда қырық қайя (төрт мың дирхам) қарыз бар, бұл жеткіліксіз ғой» дегенінде «Аллаһу та'ала сенің қарызыңды осымен өтейді» деді.

Басқа бір риуаятта хабар берілгені бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұмыртқа көлеміндей алтынды мүбәрәк тіліне тигізді де, «Мына алтынмен қарызыңды өте» деді. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) алтынды яһудиге алып барды. Өлшеген кезде салмағы тура қырық қайя шықты. Одан кем де, артық та емес еді.

• Салман Фариси (радиаллаһу анһ) иманға келу бақытына бөленгенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның не айтып жатқанын түсіну үшін парсы тілін білетін аудармашы іздеді. Парсы және араб тілдерін білетін бір яһуди табылды. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мақтап, яһуди қауымын жамандаған еді. Яһуди оның сөздеріне қасарсып, «Бұл адам сіздерге дұшпан, жаман сөздер айтып жатыр» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) таңқалып, «Бұл парсы кісі бізді қинауға келген екен ғой» деді. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Салман Фарисидің (радиаллаһу анһ) не айтқанын хабарлады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) яһудиге Салман Фарисидің (радиаллаһу анһ) не дегенін түгел айтып берді. Яһуди «Йа, Мұхаммед, сен оның тілін біледі екенсің, мені неге шақырдың?» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Білмейтін едім. Бірақ Жәбрейіл алейһиссалам келіп үйретті» деп жауаптады. Яһуди «Ей, Мұхаммед! Бұған дейін саған сенбейтінмін. Енді сенің Аллаһтың Расулы екеніңді түсіндім. Әшһәду әллә илаһа иллаллаһ уә әннәкә Расулуллаһ» деп мұсылман болды. Одан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жәбрейіл алейһиссаламға Салманға араб тілін үйретуін сұрады. Жәбрейіл алейһиссалам «Көзін жұмып, аузын ашсын» деп еді, ол солай жасады. Аузының суын оның аузына салды. Сол сәтте Салман Фариси (радиаллаһу анһ) арабша сөйлей бастады.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Қусва атты түйесіне мініп, Мәдинаға келгенде жолдағы әр ауданның халқы және әр тайпа түйесінің тізгінін ұстап, бізге қонақ болсаңыз деп жалынды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Түйенің тізгінін ұстамаңдар, ол тоқтайтын жерді өзі біледі» деді. Ақыр соңында түйе кейіннен мешіт құрылған жерге тоқтап, сонда шөкті. Ол жер Сәһл және Суһәйл есімді екі жетімнің мүлкі еді. Түйе шөккен жерінде біраз тұрақтады. Кейін оңына және солына қарап, орнынан тұрып, тағы біраз жүрді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйенің тізгінін жіберіп, босатқан болатын. Кейін түйе бірінші шөккен жеріне қарап, қайтадан сол жерге келді де, сонда шөкті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйеден түсті. Әбу Әйюб әл-Ансари Халид бин Зәйд (радиаллаһу анһ) түйенің үстіндегі заттарды өз үйіне апарды. Кейіннен түйенің шөккен жері екі жетімнен сатып алынып, ол жерде Мәсжид-и Нәби құрылды. [Халид бин Зәйд Әбу Әйюб әл-Ансари – хижри 50-ші жылы Суфйан бин Ауф қолбасшылығындағы әскермен бірге Стамбұлға келіп, сонда қайтыс болған ұлы сахаба. Оның жерленген жері «Әйюб Сұлтан ауданы» деп аталады].

«Шәрәф-ул-Мустафа» атты кітапта былай жазылған: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада Мәсжид-и Нәбиді салып жатқанда хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) «Бізге мынадай бірнеше тірек қажет» деді. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) Меккеде ондай тіректер бір үйде бар. Әттең, осында болғанда ғой» деді. Сонда Расулуллаһ «Мұнда болуын қалайсың ба?» деп сұрады. «Иә, қалаймын» деген соң Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұға етті. Аллаһу та'ала ол тіректерге қанат берді. Олар Мәдинаға ұшып келіп, қажетті жеріне орналасты».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға кіргенде Мәдинаның әйелдері мен балалары қуанып, шаттанып мына өлеңді оқыған болатын:

Уида төбелерінен ай туды үстімізге,

Хаққа шақырған сайын шүкір қажет болды бізге.

 

Әнәстің (радиаллаһу анһ) риуаят еткені бойынша, Бәни Нәжжар күңдері келіп, дабыл қағып, мына өлеңді оқыған еді:

Біз Бәни Нәжжар күңдеріміз,

Мұхаммед неткен керемет көрші.

 

• Мүминдердің анасы Сафия (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Әкем Хуяй бин Ахтабтың және көкем Әбу Ясир бин Ахтабтың балалары арасында мен ең сүйікті бала едім. Олардың қасына барған сайын мені жақсы көріп сүйетін. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреті кезінде Оның Қубада тұрақтағаны туралы хабар келген күні әкем мен көкем таңертең ерте Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көруге кетті. Кешке қайтты. Өте шаршаған және мұңды көрінді. Тіпті жүруге қиналды. Күндегідей олардың қасына бардым. Өте мұңды және қайғылы болуы себебімен маған мүлде қарамады. Көкем әкеме «Әлгі кісі сол адам ба?» деп сұрады. Әкем «Иә, уаллаһи сол адам» деді. Көкем «Сен оны танисың ба және анықтай аласың ба?» деген сұрағына әкем «Иә, уаллаһи анықтай аламын» деді. Кейін көкем әкеме қарап «Көңіліңде не бар?» деп сұрап еді, әкем «Дүниеде сүрген өмірім бойы дұшпандық бар!» деп жауаптады».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет етпей тұрып Мәдина халқы Абдуллаһ бин Сәлулді өзіне көсем қылып тағайындаған болатын. Оған гауһартаспен безендірілген тәж берген еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға келгенде Мәдина халқы толықтай Оған құрмет пен қошемет көрсете бастап, Оған бағынды. Ибн Сәлул бір бұрышта қадірсіз болып қалды. Ешкім оған мән бермейтін болды. Сонда ол Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өлтіруге немесе қиыншылық беруге кірісті. Бір күні яһудилер оның қасына жиналды. Осы мәселе бойынша біраз жоспарлар құрды. Олар Ләбид бин Асымнан көмек сұрады. Ләбид «Пәлен ауданда Хайрә есімді кәрі әйел бар. Сиқыр жасаудың шыңына шыққан. Оны табыңдар» деді. Олар сол әйелді тауып, оған он қайя (мың дирхам) алтын және он орам мата берді. «Егер Мұхаммедтің көзің құртсаң, саған тағы көп зат береміз» деді. Кемпір көгершін балапанына ине батырып, жіптерді түйіндеп, көгершін балапанына орады. Мәдинаның сыртындағы бір қираған құдықтың ішіне салып, бетін жауып тастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) науқастанып қалды. Дене мүшелері әрекет ете алмайтын болды. Әр түрлі дәрілер берілгенімен, ешқайсысы пайдасын тигізбеді. Бұл жағдай тоғыз күнге созылды. Кейін Жәбрейіл алейһиссалам келіп, жағдайды хабарлады. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол жерге алып барды. Құдықты ашып, көгершінді шығарды. Бірақ жіп түйіндерін ағыту мүмкін болмады. Жәбрейіл алейһиссалам Муаууизәтәйн [Құл әузу (Фәлақ, Нас)] сүрелерін түсірді. «Йа, Мұхаммед (алейһиссалам)! Осы сүрелерді сол түйіндерге оқы» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүрелерді оқи бастады. Әр аятын оқығанда түйіндердің біреуі ағытылып, инелердің бірі шыға бастады. Сүрелерді толық оқығанда түйіндер де толықтай ағытылды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) аурудан толықтай құтылып жазылды. Кейін әлгі малғұндарды шақырып, оларды жазғырды. Мәдина халқы оларға сондай ауыр жаза бергені соншалық, бәрі құрып кетті.

• Аммар бин Хузәймә былай айтып берген: «Әус және Хазрәж тайпалары арасында Әбу Амирден артық Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мақтайтын ешкім жоқ еді. Өйткені ол яһудилер арасында көп болған және олардан Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сипаттарын естіген болатын. Олар пайғамбардың хижрет ететін жері Мәдина екенін айтқан еді. Сонымен қатар ол дін іздеп Шамға барған болатын. Ол жақта да яһудилерден және насранилерден Расулуллаһтың қасиеттерін, келбетін және мінез-құлқын естіген еді. Ақыр соңында Мәдинаға қайтып, сонда орналасты. Жүн шапан киіп, діндарлық ұстанымда жүретін. Әрдайым ханиф жолын ұстанатынын айтатын. Ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жіберілуін күтіп жүрді. Ақырында Расулуллаһқа Меккеде пайғамбарлығы білдірілгенде ол бұл хабарды естіді. Бірақ Меккеге бармады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткен кезде Әбу Амирдың ішіне көре алмаушылық пен қарсылық кірді. Расулуллаһқа барып: «Ей, Мұхаммед! Немен пайғамбар болдың?» деп сұрады. Ол «Ханиф діні бойынша» деп жауаптағанда «Сен бұл дінге басқа нәрселер араластырғансың» деді. Расулуллаһ: «Мен бұл дінді айқын және таза күйде алып келдім. Яһуди мен насрани ғалымдарының менің қасиеттерімді саған хабарлауы қайда қалды?» деді. Әбу Амир: «Сен ол адам емессің» деді. Расулуллаһ «Өтірік айтасың» дегенінде «Өтірік айтқан адам өз елінен сүргінге ұшырап, ғаріп болсын» деді. Ол бұл сөзімен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден Мәдинаға келуін меңзеген еді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Кім өтірік айтса, солай болсын» деді. Кейін Әбу Амир Меккеге барып, мүшриктерге қосылды. Мекке жаулап алынғанда Таифке қашты. Таиф халқы мұсылман болғанда Шамға кетті. Ол жақта отанынан қуылған және жалғыз өзі қалған күйде өліп тынды».

• Ислам дінінен бұрын Шамда Ибн Хәйябан есімді бір яһуди бар еді. Ол яһуди Мәдинаға келіп орналасты. Бәни Қурайза тайпасына қосылып жүретін. Ол тайпадан біреу былай деген еді: «Ол сияқты әдептері мен шарттарына сай намаз оқитын адам көрген емеспін. Тапшылық болған кезде жаңбыр дұғасына оған баратын едік. Бізге садақа беруімізді бұйыратын. Садақа берген соң дұға ететін. Біз ол жерден кетпей тұрып-ақ жаңбыр жауа бастайтын. Қайтыс болуы жақындап, жақында дүниемен қош айтысатынын түсінгенде бізге өсиет ретінде: «Ей, яһуди жамағаты! Мен ниғметі мол Шам қаласын тастап, тапшылық болып жатқан Мәдина қаласына келіп, бұл жерді өзіме неліктен отан қылғанымды білесіңдер ме?! Мұнда келуімнің себебі мынау: Илаһи кітаптарда оқығаным және түсінгенім бойынша ақыр заман пайғамбарының келуі жақындап қалды. Бұл қала Оның хижрет ететін мекені болады. Оның діні осында күшейеді. Оған қызмет ету және бағыну абыройымен қадірленемін, Оған иман келтіріп, адасушылықтан арылып, хидаятқа бөленемін деп үміттенемін. Бірақ анық түсінгенім бойынша, бұл мүмкіндік маған нәсіп болмады! Өмірім ол шаққа жетпеді! Абай болыңдар, ғапіл болмаңдар! Надандық пен қырсықтық жолына түсіп қалмаңдар! Ол пайғамбардың келетін уақыты жақындады. Оған иман келтіруге жарысыңдар. Оған иман келтіріп, бағынып, хидаятқа бөленіп, адасушылықтан құтылыңдар! Ол өзіне қарсы шыққандарды өлтіреді, әйелдері мен балаларын тұтқынға алады. Бұл жағдай Оған мойынсұнуларыңа бөгет болмасын. Өйткені Оған осылай істеу бұйырылған» деді». Уақыты келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бәни Қурайза тайпасын қоршап алды. Олардың арасында Ибн Хәйябанның өсиетін естігендері: «Ей, Қурайза ұлдары! Ол – Ибн Хәйябан хабар берген пайғамбар» десті. Басқалары «Жоқ, ол емес» десті. Бірақ өсиетті естіген ынсаптылар «Уаллаһи, сол адам» деп дереу қамалдан төмен түсіп, иман келтірді. Сөйтіп жандарын, малдарын және жанұяларын құтқарды.

• Руфаа бин Рафи (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бәдір соғысында бауырым Халлад бин Рафимен бірге түйе тайлағына мінгесіп отырған едік. Түйеміз Рауха деген жерге жеткенде шаршап қалды. Бауырым: «Йа, Раббым! Егер мына түйе бізді қайтадан Мәдинаға апаратын болса, оны құрбандыққа шаламын» деді. Біз сондай жағдайда тұрғанымызда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)  шыға келгенін көрдік. Біздің қиналғанымызды көріп, бізден су сұрады. Берген едік, мүбәрәк аузын шайқады да, дәрет алып, суын бір ыдысқа жинады. Кейін біз түйенің аузын ашып тұрдық, Ол сол суды құйды. Кейін басына, мойнына, кеудесіне және құйрығына шашты. Бізге «Мініңдер!» деді де, өзі кетіп қалды. Біз түйеге мініп, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жетіп алдық. Сапарда ол түйе шауып жүрді. Бәдір соғысынан қайтып, Мәдинаға жеткенде түйеміз қайтадан шөгіп қалды. Бауырым оны сойып, етін кедейлерге таратты.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бәдір соғысында мүбәрәк қолымен «Мына жерде пәлен адам, мына жерде пәлен кісі өлтіріледі» деп белгілі бір жерлерді көрсетті. Дәл айтқанындай кімнің қайда өлтірілетінін көрсеткен болса, сол жерде өлтірілді.

Әмир-ул-мүминин хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһты пайғамбар ретінде жіберген Аллаһу та'алаға ант етіп айтамын, кімнің қайда өлтірілетінін көрсеткен болса, дәл сол жерде өлтірілді».

• Бәдір соғысында мүшриктерден бір топ жастар соғысқа бармаған болатын. Түнде айдың жарығында бір-бірімен сөйлесіп, әңгімелесіп, өлең оқып отырған еді. Сол кезде кенеттен бір дауыс естіді. Бірнеше шумақ өлең оқылып «Ханиф жамағаты жеңіске жетті» деді. Олар дауыс шыққан жерге барып еді, ешкімді көре алмады. Қатты қорқып, қайтып кетті. Хижрға (қағбаның қасына) келді. Ол жақта бір топ қария отырған болатын. Болған оқиғаны оларға айтып берді. Қариялар «Егер айтқандарың рас болса, Мұхаммед жеңіске жетті. Өйткені Мұхаммед пен оның сахабаларын ханиф дейді» десті. Бірнеше ай өтті. Бәдір соғысында мүшриктердің жеңілгені, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүшриктерге қарсы жеңіске жеткені туралы хабар келді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден хижрет еткенде Уқба бин Муайт мынадай мағынада екі шумақ өлең оқыды: «Ей, Қусваға мініп, бізден айрылған адам! Біраздан соң атымның үстінде мені қасыңда көресің. Найзамды сендерге оқтап, қандарыңмен былғаймын. Ал қылышым сендерді бөлшектейді».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл өлеңді естігенде «Йа, Раббым! Оны етбетімен құлат, қояншық болып қалсын» деп қарғады. Бәдір соғысында оның аты үркіп, игере алмай қалды. Сахабалардың бірі оны тұтқынға алып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына алып келді. Ол мойнының шабылуын бұйырды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бәдір соғысына Асхаби Талут санындай, яғни үш жүз он үш сахабамен бірге шықты. [Асхаби Бәдірдің есімдері «Жалиат-ул-әкдар» кітабында жазулы. Бұл кітапты «Хақиқат кітап үйі» басып шығарған]. Оларға былай дұға етті: «Аллаһым, олар жалаң аяқ, олардың жүрулеріне көмектесе көр. Киімдері жоқ, оларды киіндіре көр. Олар аш, қарындарын тойдыра көр». Олардың ешқайсысы олжасыз қайтпады. Бәрінің қарны тоқ, киіммен және бір-екі түйеден алып қайтты.

Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) былай деген: «Мағынасы: «Ол тайпа жақында тарап кетеді және арттарына қарап қашады» деген [Қамәр сүресінің 45-ші] аяти каримасы түскенде бұл «Һәзимәт-и жәм» [жаппай жеңіліс] дегеннің не екенін ойланып жүрген едім. Бәдір соғысында Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сауытын киерде осы аятты оқығанын естідім. Сол кезде аяттың қай оқиғаға ишара беріп тұрғанын түсіндім».

• Бәдір соғысынан бір түн бұрын Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әскерін сондай ұйқы басты, тұрмақ болса да тұра алмады. Зүбәйрдің (радиаллаһу анһ) айтқанындай «Тұруға қанша тырыссақ та, қалауымызсыз құлап ұйықтаған едік». Сахабалардың бәрі осындай жағдайда еді. Руфаа бин Рафидың айтуынша «Ол түні ұйқы басқаны соншалық, ихтилам болып қалдым, ғұсыл алдым. Мүшриктердің әскері Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақындау жерде түнеген еді. Бірақ қорыққандарынан бастарын көтере алмаған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аммар бин Ясер мен Ибн Мәсудті (радиаллаһу анһума) мүшриктер жайлы хабар әкелуге жіберді. Олар барып хабар әкелді. «Йа, Расулаллаһ! Құрайштықтарды сондай үрей мен қорқыныш басқан, егер аттары дауыс шығарса, аттарының басына ұрып жатыр» деді».

• Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) Бәдір соғысы болған күні Бәдір құдығынан су тартып жатқан еді. Ол былай айтып берген: «Кенеттен өте қатты жел есті. Ондай қатты жел көрген емеспін. Біраздан кейін тағы қатты бір жел өтті. Алдыңғысынан да қатты еді. Үшінші кез тағы бір жел соғып өтті. Бірінші жел – Жәбрейіл алейһиссаламның желі еді. Қасында мың періште бар еді. Екінші жел – Микаил алейһиссалам және қасындағы мың періште өткен кезде көтерілген жел еді. Үшінші жел – Исрафил алейһиссалам қасындағы мың періштемен өткен кезде шыққан жел еді. Микаил алейһиссалам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оң жағына барып тұрды. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) та сонда еді. Исрафил алейһиссалам сол жағына тұрды. Мен де сонда тұрдым.

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай риуаят еткен: «Ансар сахабалардың бірі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Бір мүшриктің артынан түстім. Қадам басып үлгермедім, басымның үстінде қамшының дауысын және атын жылдам шапқызған мүшриктің дауысын естідім. Бір қарасам, етбетімен құлаған екен» деді. Расулуллаһ оған «Ол періште еді, аспаннан көмектесуге түскен болатын» деп жауаптады. Сол күні Әбу Бурда (радиаллаһу анһ) та Расулуллаһтың алдына үш кесілген бас әкелді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) разы болып, «Оң қолың әрдайым жеңіске жетсін» деп дұға етті. Әбу Бурда «Йа, Расулаллаһ! Мына бастардың екеуін мен шаптым, үшінші басты ақ киімді, сұлу жүзді бір жігіт шапты, мен алдым» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бұл инаят-и Раббани және медед-и асумани, Аллаһу та'аладан келген жәрдем ғой» деді. Көптеген адамның «Құрайыш мүшриктерінен Бәдір соғысы күні кімге шабуылдасақ, қылышпен ұрмай-ақ бастары шабылып түсетін» дегені риуаят етілген».

• Бәдір соғысында мүшриктер жеңіліс тапты. Бәдірден қашып, Меккеге қайтқанда араларындағы Әбу Суфян бин Харбтен Әбу Ләһәб соғыстың мән-жайын сұрады. Ол «Ей, Әбу Ләһәб! Жауларымыз қаруланып алған. Қайда шабуылдаса ойран етіп жатыр. Олардың қасында аспан мен жердің арасында ақ тәнді және күшті аттарға мінген адамдар көрдім. Біздің оларға қарсы төтеп беруге еш шамамыз жетпеді» деді.

• Ибн Аббастың (радиаллаһу анһума) риуаят етуі бойынша, Бәни Ғифар тайпасынан біреу айтып берген: «Мен және көкемнің ұлы жақында мұсылман болған едік. Бәдір соғысында бір қырға шығып, соғысты бақылап қарап, күтіп тұрдық. Қай тарап жеңіп жатса, соларға қосылып, олжа алмақшы болдық. Кенеттен үстімізден бұлт өтті. Бұлттың ішінен аттың кісінеген дауыстарын естідік. Сол кезде біреу «Алға, ей, Хайзум» деді. Қорқыныштан көкемнің ұлы өлді. Менің де жүрегім жарыла жаздады». Хайзум – Жәбрейіл алейһиссаламның атының есімі.

• Бәдір соғысында Әбул Йуср Ка’б бин Амр (радиаллаһу анһ) Аббас бин Абдулмутталибті (радиаллаһу анһ) тұтқынға алған болатын. Алайда ол өзі өте арық, ал Аббас бин Абдулмутталиб ірі денелі еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қалай тұтқынға алдың?» деп сұрағанда «Маған айбатты және күшті біреу көмектесті. Оған дейін оны көрген емеспін, кейіннен де көрмедім» деп жауап берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Саған бір періште көмектескен екен» деді.

• Расулуллаһтың көкесі Аббас бин Абдулмутталиб (радиаллаһу анһ) Бәдір соғысында мұсылмандардың қолына тұтқынға түсті. Өзінде жиырма қайя, яғни екі мың дирхам алтын бар еді. Мүшриктерге жұмсау үшін әкелген екен. Өйткені олардың әрбірі он мүшрикті тойдыруды мойнына алған болатын. Ол да осы міндетті мойнына алғандардың бірі еді. Соғыста тойдыру реті оған әлі келмеген еді. Ол өзі былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол алтындарды менен алғанда «Йа, Мұхаммед! Тұтқыннан құтылуым үшін сол алтындарды өтемім ретінде есепке ал!» дедім. Ол «Жауыма жәрдем ретінде әкелгенің өтеміңе қосылмайды. Өтем құны ретінде басқа зат бересің» деді. Сонда мен «Йа, Мұхаммед! Онда түгім қалмайды ғой, өмір бойы қайыршы болып жүрейін бе?» деп зарландым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Маған қарсы соғысқа шыққанда «Егер басыма қиындық келсе, мына алтындар саған, Абдуллаһқа, Фазылға және Қусамға керек болады» деп түн ортасында әйелің Умму Фазылға берген алтындарың не болды?» деді. «Сен оны қайдан білесің?» деп сұрағанымда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Маған Аллаһу та'ала білдірді» деді. Мұны естіген соң мен «Сен шынымен де пайғамбарсың. Өйткені ол алтындарды Умму Фазылға бергенімді Аллаһта басқа ешкім білмейтін. Мен куәлік етемін, Аллаһтан өзге тәңір жоқ және Сен Оның Расулысың» дедім».

• Укаша бин Михсан (радиаллаһу анһ) Бәдір соғысында жаумен шайқасып жатқанда қылышы екіге бөлініп сынып қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның қолына бір ағаш бұтағын ұстатып, «Мынамен шайқас» деді. Ол ағаш бұтағын қолына алып, сілтей бастағанында мықты қылышқа айналды. Бүкіл соғыстарда сол қылышпен шайқасты. Ол қылышты мүртәдтерге қарсы соғыста шәһид етілген күнге дейін қолданды. Ол қылышты «Аун» (илаһи көмек) деп атаған болатын.

• Бәдір соғысында Умайя бин Халәф хазреті Хабибті (радиаллаһу анһ) қылышпен ұрып, қолын иығынан шапты. Кейін Хабиб (радиаллаһу анһ) Умайя бин Халәфті өлтірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Хабибтің қолын орнына қойды. Аллаһу та'ала саулық беріп, қолы сауығып кетті.

• Бәдір соғысында Қатада бин Нуманның (радиаллаһу анһ) көзіне бір зат тиіп, көзін шығарды. Көзі бетіне салбырап қалды. Қауымы «Оны кесіп тастайық, бірақ алдымен Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұрап, ақылдасып көрейік» десті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Қатаданы (радиаллаһу анһ) шақырды. Бетінде салбырап тұрған көзін орнына қойып, мүбәрәк қолымен сипады, көзі жазылып кетті. Тіпті адамдар қай көзінің шыққанын ажырата алмай қалды.

• Саиб бин Хубәйс (радиаллаһу анһ) әмир-ул мүминин Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) заманында былай айтып берген: «Уаллаһи мені Бәдір соғысында ешкім тұтқынға алмады. Бірақ Құрайш мүшриктерімен бірге мен де қашқан едім. Ақ тәнді, ұзын бойлы, әдемі атқа мінген біреу ауамен маған жетіп алып, мені ұстап алып байлады. Абдуррахман бин Ауф (радиаллаһу анһ) келіп менің байланғанымды көрді. «Мынаны кім байлады?» деп айқайлап сұрап еді, ешкім жауап бермеді. Кейін мені Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына алып барды. Расулуллаһ менен «Сені кім ұстап алды, ей, Әбу Хубәйс?» деп сұрады. Жағдайды айтқым келмегендіктен «Білмеймін» дей салдым. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сені періштелердің бірі ұстап алды» деді. Кейін Абдуррахман бин Ауфқа «Тұтқыныңды алып кет» деді. Сол сөз еш есімнен шықпады. Бірақ мұсылман болуым кешікті, соңында мұсылман болдым».

• Бәдір оқиғасы өткен соң Умәйр бин Уәһб әл-Жуһами мен Сауфан бин Умәйя екеуі бір күні Бәдір соғысындағы жеңілістері туралы сөйлесіп отырған еді. Умәйр бин Уәһбтің ұлы сол соғыста тұтқынға түскен болатын. Сауфан «Жағдайымыз қиындады» деді. Умәйр бин Уәһб «Дұрыс айтасың, бұдан кейін өмір сүрудің мәні қалмады. Егер қарыздарым болмаса және бала-шағамның қиналып қалатынынан қорықпасам, Мұхаммедті өлтіруге Мәдинаға барар едім. Өйткені Мұхаммед Мәдина базарында жалғыз өзі жүріп, бәрімен сөйлесіп жүреді екен. Сондай-ақ ұлым сонда тұтқында болғандықтан, себебім де бар» деді. Мұны естіген Сауфан «Қарыздарыңды мен өтейін. Бала-шағаңның күнкөрісін де мен қамтамасыз етейін. Сен осы істі атқарсаң болғаны» деді. Сөйтіп екеуі осылай келісті. Сауфан Умәйрдің жолына бар дайындығын әзірлеп, қылышын да өткірлеп беріп, у қосылған су берді. Умәйр «Бұл сыр арамызда қалсын. Ешкім біліп қоймасын» деп ескерткен соң Мәдинаға жолға шықты. Мәдинаға жеткенде мешіттің алдында атынан түсіп, байлап, қылышын асынды. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бармақ болып жүре бастады. Сол сәтте әмир-ул мүминин Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) бір жамағатпен бірге отырған еді. Умәйрді көре сала «Ана итті ұстаңдар! Ол Аллаһтың дұшпаны. Бәдір соғысында қауымын бізге қарсы соғысуға шақырған осы. Біздің әскеріміздің аз екенін қауымына хабар берген еді» деді. Сөйтіп ол ұсталып қалды. Хазреті Омар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барып, жағдайды айтып берді. Расулуллаһ «Оны алып келіңдер» деп бұйырды. Хазреті Омар бір қолымен Умәйрдің қылышының бауын мойнына тағып байлады да, қатты ұстап тұрды. Екінші қолымен қылыштың сабын ұстады. Осылай Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына шығарды. Ансар сахабалардың кейбірлеріне «Расулуллаһтың алдында отырыңдар, мынаның шабуылдауына бөгет болыңдар» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл жағдайды көріп: «Ей, Омар, оны босат» деді. Кейін «Жақында, ей, Умәйр! Неге келдің?» деп сұрады. Ол «Балам тұтқынға түсті, соған келдім» деп жауаптады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Шыныңды айт, шындықты айтпайынша құтыла алмайсың» деді. Ол қайтадан тұтқынға түскен баласына келгенін айтты. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сауфан бин Умәйямен отырып, Бәдір соғысында жеңілгендеріңді сөйлеспедіңдер ме? Ол сенің қарызыңды және жанұяңның күнкөрісін мойнына алып, сен мен өлтіру үшін келмедің бе? Сен мені өлтіруге келдің! Бірақ Аллаһу та'ала сені мақсатыңа жеткізбеді» деді. Умәйр мұны естігенде ақиқатты түсінді де «Сен Аллаһу та'аланың Расулысың. Осы күнге дейін надандығымнан саған қарсы болған едім. Өйткені бұл мәселені Сауфан екеумізден басқа ешкім білмейді. Мұны саған тек қана Аллаһу та'ала хабар берді және маған мұсылман болу абыройын нәсіп етті» деп мұсылман болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бауырларыңа исламның үкімдерін және Құран кәрімді үйретіңдер» деп бұйырды. Умәйр біраз уақыттан соң Меккеге қайтуға рұқсат сұрады. Меккеге қайтқан соң көптеген адам ол арқылы мұсылман болып қадірленді.

• Харис бин Әби Дырар Бәдір соғысында тұтқынға түскен жақындарын құнын төлеп тұтқыннан босату мақсатымен бірнеше түйе және бір күң сатып алып, Мәдинаға келді. Жолда түйелері мен күңін бір жерге тығып қойды да, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына құр қол шықты. «Өтем ретінде не алып келдің?» деп сұрап еді «Ештеңе әкелмедім» деп жауаптады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Пәлен жерге тығып қойған түйелерің мен күңін не болды?» дегенінде Харис бірден калима-и шаһадат айтып мұсылман болды. Өйткені түйелер мен күңді тығып қойғанын өзінен басқа ешкім білмейтін еді. Ол «Менің қасымда ешкім жоқ еді және менен бұрын да ешкім келмеді» деді.

• Қаббас бин Әшям әл-Кәнани (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бәдір соғысында мүшриктер тарапында едім. Мұсылмандардың аз болуы және біздің әскеріміздің, атты әскеріміздің көптігі әлі көз алдымда. Біздің әскеріміздің қайда қарасам да әрқайсысы қашып жатқанын көргенде ішімнен өз-өзіме: «Мұндайды көрген емеспін. Соғыстан тек әйелдер ғана қашады» дедім. Кейін мен де қашып Меккеге қайттым. Біраз уақыт өткен соң көңілімде исламға деген қызығушылық пайда болды. «Мәдинаға барып, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) нені уағыздап жүргенін, қандай сенімге шақырғанын көрейін» деп ойладым. Мәдинаға барғанда жолдағы адамдардан Расулуллаһтың қайда екенін сұрадым, олар «Әне, мешіттің көлеңкесінде сахабаларымен отыр» деп көрсетіп жіберді. Жақындап, сәлем бердім және сахабалардың арасында Оны таныдым. Маған «Ей, Қаббас! Сен Бәдір соғысында «Мен мұндайды көрген емеспін, соғыстан тек әйелдер ғана қашады» деген адам емессің бе?» деді. Мұны естіген мен «Куәлік етемін, сен Аллаһтың Расулысың. Өйткені ол сөзді мен тілмен айтпадым, тек ішімнен ғана ойладым, бұл ешкімге айтпаған сырым еді. Егер сен Аллаһу та'аланың Расулы болмасаң, жүректегі сырды біле алмас едің» дедім. Оның мүбәрәк қолын ұстап, ант беріп, мұсылман болдым».

• Асма бинти Мәруан есімді әйел Бәни Умәйя бин Зәйд әулетінен еді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үнемі қиыншылық беріп, жүрген жерінде мұсылмандарды жамандап жүретін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бәдір соғысына кеткен кезде ол малғұн исламды жамандайтын өлең оқыған болатын. Умәйр бин Ади әл-Хутами (радиаллаһу анһ) көзі соқыр болуы себебімен соғысқа бара алмай, Мәдинада қалған еді. Ол өлеңдерді естіген еді. Сөйтіп «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға қайтқанда Асма бинти Мәруанды өлтіремін» деп Аллаһ атымен ант етті. Расулуллаһ Мәдинаға қайтқан кезде Умәйр түннің бір уағында Асма бинти Мәруанның үйіне барып, ішке кірді. Балалары айналасында ұйықтап жатқан еді. Емшегі кіші баласының аузында тұрған күйі ұйықтап жатты. Баланы шетке тартып, қылышын Асманың көкірегіне қойып басқан кезде, қылыш тесіп өтті. Таң намазын Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге оқыды. Расулуллаһ оған қарап: «Ей, Умәйр! Мәруанның қызын өлтірдің бе?» деп сұрады. Ол «Иә, ей, Расулаллаһ!» деп жауаптады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзін сахабаларына қаратып «Аллаһу та'алаға және Расулына сырттай көмектесуге тырысқан адам көргілерің келсе, Умәйр бин Адиге қараңдар» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) «Түнін ғибадатпен өткізетін әлгі соқыр ма?» деп сұрап еді, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Соқыр деме, ол көреді» деді.

• Дасур бин Харис бин Мухариб Бәни Харис және Бәни Саләбә тайпасынан шыққан бір топ адаммен Мәдина айналасындағы жерлерді басып алу үшін шабуылға кірісті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) төрт жүз елу адамдық күшпен оларға қарсы Мәдинадан шабуылдады. Бәни Саләбә тайпасынан бір кісі Расулуллаһтың алдына келіп, мұсылман болды. Кейін «Йа, Расулаллаһ! Олардың сізге қарсы соғысуға батылдығы жетпейді» деді. Расулуллаһ олардың орналасқан жерін біліп алды. Сонда барған кезде бәрі заттарын тауға жасырып, қашып кеткен еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Заәмр» деген жерге қарай аттанып, үш күн сонда қалды. Төртінші күні бір қажеттілікпен сахабалардың арасынан кеткен болатын. Жаңбыр жауып кетіп, шапаны су болды. Кептіру үшін шешіп, өзі бір ағаштың түбіне отырды. Сол маңайдағы ауылдық тұрғындар тауда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жалғыз жүргенін көріп, Дасур бин Хариске хабар берді. Ол қылышын алып, Расулуллаһқа жақындап, «Сені менің қолымнан кім құтқара алады?» деді. Расулуллаһ «Аллаһу та'ала құтқарады» деді. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Дасурдың көкірегіне соққы беріп, жерге құлатты, қылышы жерге түсті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Дасурдың қылышын алып, «Сені менің қолымнан кім құтқарады?» деді. Дасур «Ешкім құтқара алмайды» деп, калима-и шаһадат айтып, мұсылман болды. Ендігәрі соғысуға мүлде әскер жинамайтынына сөз берді.

• Ухуд соғысында ислам әскері қиын сәттерін бастан кешіп жатқанда мүшрик Убәй бин Халәф атқа мініп, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарай айдап, «Егер бүгін сен аман қалсаң, онда мен аман қалмайын» деп шабуылдаған еді. Расулуллаһ Харис бин Самәһ пен Суһәйл бин Ханифтың ортасында тұрған еді. Убәй бин Халәф шабуыл жасады. Мусаб бин Умәйр өз денесімен Расулуллаһты жапты. Убәй бин Халәф найзамен Мусаб бин Умәйрді ұрып шәһид етті. Суһәйл бин Ханифтың қолында сынған найза бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сынған найзаны алып, Убәй бин Халәфтің қолтығының астына ұрды. Сонда Убәй бин Халәф атын бұрып, қаша жөнелді. Қауымының арасына сиырдай мөңіреп кірді. Әбу Суфян «Тікен жарасындай кішкентай жарақат үшін сонша бақырғаның не?» деді. Убәй бин Халәф «Мені найзамен кім ұрғанын білесің бе? Мені Мұхаммед ұрды. Бүгін маған Меккеде «Сенің менің қолымда құрып кетуіңе аз қалды» деген болатын. Оның осы соққысынан өлетінімді түсіндім. Мен бұл жарақаттан аман қалмаймын. Менің бұл жарақаттан көрген азабымды бүкіл Хижаз халқына бөлістірсе, бәрі өлер еді» деді. Кейін бақырып, зарлап, жаны тозаққа кетті.

• Яһуди ғалымдарынан Мыхрық есімді атақты адам бар еді. Мал-мүлкі, құрма бақшалары өте көп болып, санауға келмейтін еді. Бірақ өз діндерін жақсы көруі, өз дәстүрлеріне үйреніп қалуы, қауымына бауыр басуы және олардың кінәлауынан қорқуы себебімен мұсылман болудан мақұрым қалған болатын. Ухуд соғысы болған күн жексенбі еді. Мыхрық яһудилерге: «Бүгін Мұхаммедке көмектесу сендерге міндет екенін біліңдер!» деді. Олар «Бүгін жексенбі ғой» деп еді, Мыхрық: «Бұдан былай жексенбі күнінің үкімі жойылды» деді. Кейін өзі дереу қаруланып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына барып, соғысқа қатысты. Қауымына: «Егер бүгін мені өлтіретін болса, онда бүкіл мал-мүлкім Мұхаммедтікі (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екенін біліңдер» деп өсиет еткен болатын. Соңында Мыхрық өлтірілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Яһудилердің ең қайырлысы – Мыхрық» деді. Бүкіл мал-мүлкін алып, Мәдинада садақа қылып таратты.

• Сахабалар арасында Қазман есімді біреу бар еді. Сахабалар Ухуд соғысына кеткенде ол Мәдинада қалып, соғысқа қатыспаған болатын. Әйелдер «Сенің бізден айырмашылығын жоқ» дегенде намыстанып, соғысқа барып қатысты. Мүшриктермен қайсарлықпен шайқасып, бар күш-жігерімен соғысты. Оның бұл жағдайын Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар бергенде «Ол тозақтық» деді. Сахабалар аң-таң болды. Қазман өз-өзіне «Қашқаннан өлгенім артық» деп жатқан еді. Шайқасқаны соншалық, мүшриктердің жеті адамын өлтірді. Өзі де көп жерінен жараланды. Сахабалардың кейбірі оның жаралы күйде шайқасып жатқанын көріп «Шәһидтік мәртебе құтты болсын, ей, Қазман!» деді. Сонда Қазман жауап ретінде: «Ант етемін, мен дін үшін соғысып жатқаным жоқ. Құрайш бізді жеңіп, құрма бақшаларымызды басып алуынан қорыққаным үшін соғысып жатырмын» деді. Алған жарақаттары қатты ауырғаны соншалық, қылышын кеудесіне басып, өз-өзін өлтірді. Кейбір сахабалар оның жағдайын білмегендіктен Расулуллаһқа «Қазман мүшриктердің жеті адамын өлтіріп, шәһид болды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһу та'ала қалағанын істейді» деді. Кейін Қазманның шынайы жағдайын айтып беріп: «Куәлік етемін, мен Аллаһу та'аланың Расулымын» деді. Кейін сахабаларға қарап: «Аллаһу та'ала бұл дінді фажир (күнәһар) адамдармен де әлбетте күшейтеді» деді.

• Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһ) Ухуд соғысында мухажирлердің туын көтерді. Ол күні Ибн Қамиә оны Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) деп ойлап қалды. Қылышпен ұрып, оң қолын шауып түсірді. Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһ) туды сол қолына алып «Мұхаммед (алейһиссалам) тек пайғамбар ғана...» деген [Али Имран сүресінің 144-ші] аяти кариманы оқыды. Ибн Қамиә аттың үстінде еді. Қайтып келіп, қылышпен тағы ұрып сол қолын да шауып түсірді. Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһ) туды білектерімен қысып ұстап, жерге түсірмеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туды хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) бергенше солай ұстады.

• Сахабалардан Ханзала бин Әби Амир (радиаллаһу анһ) Жәмилә бинти Абдуллаһ ибн Әби Сәлулге үйленген еді. Сол алғашқы неке түнінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалармен Ухуд соғысына кеткен болатын. Ханзалаға (радиаллаһу анһ) «Бұл түні келіншегіңмен бірге бол» деген еді. Ол түні Ханзала (радиаллаһу анһ) таң намазын оқып, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жетіп алайын деп жолға шықпақшы еді. Шығарында келіншегі етегіне жабысып, қылует талап етті. Бірақ алдын ала жақындарына хабар беріп, төрт адамны куә ретінде дайындады. Ханзала (радиаллаһу анһ) онымен бірге болды. Ғұсыл алуы керек болды. Бірақ соғысқа жете алмаудан және жиһадтан мақұрым қалудан қорқып, ғұсыл құйынуға уақыт таппай, қаруланып жолға шығып кетті. Ухудқа барып, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеткен кезінде әскер соғысу үшін сапқа түзелген еді. Соғыс басталып кетіп, жауға қарсы ауыр шайқас болды. Сахабалардың біразы шәһид болды. Ханзала (радиаллаһу анһ) Әбу Суфян бин Харбпен жекпе-жек шықты. Әбу Суфянның атына соққы беріп, оны аттан жерге құлатты да, бірден кеудесіне шығып отырып алды. Өлтіретін кезінде Әбу Суфян «Ей, құрайштықтар, мен Әбу Суфян бин Харбпын» деп көмек сұрады. Адамдар келіп оны құтқарды. Ханзала (радиаллаһу анһ) шайқасуды жалғастырып, мүшриктердің көбін өлтірді. Соңында оны шәһид етті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалармен мүшриктерді жеңіп, соғыс біткенде таудың етегіне қарай қарады. «Ана жаққа қараңдар, кім бар? Онда періштелер күміс леген әкеліп, жаңбыр суымен оған ғұсыл алғызып жатыр» деді. Әбу Усәйд Саид (радиаллаһу анһ) былай деген: «Мен сонда барып қарадым. Ханзала шәһид болып жатқан еді және басынан су тамшылап тұрды. Бұл жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабарладым. Сонда оның жағдайын сұратқызу үшін келіншегіне адам жіберді. Жұбайы «Соғысқа кетерде ғұсыл құйынуы қажет еді. Ол «Үлгермей қаламын» деп ғұсыл құйынбай кетіп қалды» деді. Жұбайынан тағы: «Неліктен онымен қосылатын кезіңде куәгерлер қолдандың?» деп сұрады. Ол: «Түсімде аспаннан есік ашылғанын көрдім. Ханзала (радиаллаһу анһ) ол есіктен ішке кірді, есік жабылды. Мен Ханзала шәһид болатынын түсіндім, сол себепті куәгерлер қолдандым» деді».

• Харис бин Самма (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ухуд соғысында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Ухуд тауында еді. Менен «Абдуррахман бин Ауфты көрдің бе?» деп сұрады. Мен «Көрдім, йа, Расулаллаһ, таудан төмен түсті. Бір топ мүшрик оны қоршап алды. Оған көмектескім келді. Сізді көріп, қасыңызға келдім» дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Оған періштелер көмектесіп жатыр, мүшриктермен соғысып жатыр» деді. Бұларды естіген соң кері қайтып, Абдуррахман бин Ауфқа бардым. Барсам, мүшриктердің жеті адамының өлісі жерде жатқан еді. «Лайым жеңіске жет! Бұларды сен өлтірдің бе?» деп сұрадым. Ол «Мына екеуін мен өлтірдім, қалғандарын біреу өлтірді. Бірақ мен ол адамды мүлде танымаймын» деп жауап берді. Ол осылай жауап бергенде мен өз-өзіме «Рас айттыңыз, йа, Расулаллаһ!» дедім.

• Ухуд соғысында мұсылмандардың қиналған кездерінде Қатада бин Нуман (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүлде қасынан айрылмады. Көзіне соққы келіп, көзі шықты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көзін орнына салды. Көзі жазылып, бұрынғыдан жақсырақ көре бастады. Риуаяттардың көбінде осылай хабарланған. Бірақ бір риуаятта бұл оқиғаның Бәдір соғысында болғандығы хабарланған. Оны кітапта баяндаған едік.

• Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ухуд соғысында ислам әскері жайылып кеткенде «Назар аударыңдар, хабар саламын! Мұхаммед өлтірілді» деген дауыс естідім. Өлтірілгендердің арасына қарадым, Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) таба алмадым. «Уаллаһи Расулуллаһ өлтірілмеді, Ол ешқашан қашпайды. Аллаһу та'ала бізге ашуланып, Оны арамыздан алып қойды. Маған өлгенше соғысудан жақсырақ іс-амал жоқ. Расулуллаһтың жамалы болмаса, дүниеге еш қарамаймын» дедім. Кейін қылышымның қынын сындырдым да, соғысып шәһид болуға шешім қабылдадым. Топтасып тұрған мүшриктерге шабуылдадым. Олар бытырап кетті. Қарасам, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардың арасында екен, Оны қоршап алған екен. Аллаһу та'аланың бұйрығымен періштелер Оны қорғады, мүшриктерден еш зиян келмеген екен».

• Әбу Бәра Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі жылқы мен екі түйені сыйлық ретінде жіберді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Егер мүшриктің сыйлығын қабыл алатын болсам, Әбу Бәраның сыйлығын алар едім» деді. Мұны естігендер «Йа, Расулаллаһ! Оның үлкен шиқаны бар, ешқандай дәрі көмектеспей жатыр екен. Шипа табу үшін сізге осы сыйлықтарды жолдаған екен» десті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолына бір кесек алып, мүбәрәк ауызының суын сол кесекке жақты. Кейін «Мынаны суға салып, сол суды ішсін» деп бұйырды. Әбу Бәра солай жасады да, шиқаны жазылып, шипа тапты.

• Хижреттің төртінші жылында орын алған Рәжи соғысында Асым бин Сабит (радиаллаһу анһ) шәһид болды. Дұшпандар басын кесіп, Сад қызы Сәлакиге апармақшы болды. Асым бин Сабит (радиаллаһу анһ) Ухуд соғысында сол әйелдің бауырын өлтірген болатын. Сол себепті «Кімде-кім Асымның басын алып келсе, соған жүз түйе беремін және Асымның бас сүйегінен шарап ішемін» деп ант еткен болатын. Аллаһу та'ала Асым бин Сабиттің (радиаллаһу анһ) мәйітін қорғауға көп ара жіберді. Басын кесуге кім жақындаса, аралар оның бетін, көзін шағып, ісіріп жіберді. Олар бұдан өліп қалатындай қиналған еді. Сөйтіп олар «Түнде аралар кетеді, сол кезде басын кесіп аламыз» деп қайтуға мәжбүр болды. Түнде жаңбыр жауды. Үлкен сел келіп, Асым бин Сабиттің (радиаллаһу анһ) денесін ағызып алып кетті. Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ): «Асым бин Сабит ешбір мүшрикті өзіне жолатпауға сөз берген болатын, ол сөзінде тұрды. Шәһид болғаннан кейін де Аллаһу та'ала оны кәпірлердің тиісуінен қорғады» деген.

• Хабиб бин Ади (радиаллаһу анһ) Рәжи соғысында тұтқынға түсті. Оны Меккеде мүшриктерге жүз түйеге сатып жіберді. Мүшриктер оны ұзақ уақыт бойы қамауда ұстады. Бір күні қараса, балғын жүзім жеп отырған еді. Алайда ол мезгілде Меккеде балғын жүзім мүлде жоқ болатын. Одан «Жүзімді қайдан тауып алдың?» деп сұрағанда ол: «Бұл Аллаһу та'аланың маған берген ризығы» деп жауаптады.

• Мүшриктер Меккеде Хабиб бин Адиді (радиаллаһу анһ) өлім жазасына тартып, шәһид ететін кезде Хабиб бин Ади оларды қарғады. Хазреті Муауия былай айтып берген: «Хабиб қарғыс айтқан кезде әкем Әбу Суфян оның қарғысынан қорқып, мені жерге жатқызды. Бірақ мені жерге тез ұрып құлатқаны сонша, ұзақ уақыт бойы ауырғаны басылмады». Арабтар арасында тараған ырым бойынша, кім қарғыс айтылған кезде жерге жата қалса, қарғыс оған әсер етпейді, арабтар солай сенетін. Хабиб бин Адидің (радиаллаһу анһ) дарға асып шәһид етілгенін тамашалап тұрғандар арасында бір жыл өтпей өте азынан басқа әрбірінің басына бәле келіп, құрып кетті. Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) Саид бин Амирді Хумусқа бір тапсырмамен жіберген болатын. Саид бин Амир ауық-ауық есінен танып, айналасында не болғанынан хабарсыз қалатын. Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) оның талып қала беруінің себебін сұрады. Ол жауап ретінде: «Хабибті (радиаллаһу анһ) дарға асып шәһид еткен кезде мен де сонда едім. Сол оқиға есіме түсіп кетсе, осылай талып қала беремін» деді.

Хабиб бин Адидің өлім жазасы былай болған еді: Оны дарға байлаған кезде ол: «Йа, Раббым! Расулың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) нені уағыздаған болса, біз соған иман келтірдік. Дәл қазір менің сәлемімді Расулыңа жеткізетін ешкім жоқ» деді. Усама (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Ол күні Меккеде Хабибтің (радиаллаһу анһ) шәһид етілетін кезінде біз Мәдинада бірнеше адам болып Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған едік. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының арасында отырған болатын. Оған уахи келгенде бір хал көрінді. Мүбәрәк басын көтеріп «Уә алейһиссалам уә рахметуллаһ» деді. Кейін мүбәрәк көздерінен жас ақты. Кейін «Бауырым Жәбрейіл алейһиссалам Аллаһу Субханәһу уә та'ала тарапынан маған Хабибтің сәлемін жеткізді» деді. Хабибтің дарға асылып шәһид етілген хабарын алғанда «Хабибті ол дардан түсірген адамның қиямет күніндегі марапаты – жәннат» деді. Зүбәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) пен Миқдад бин Әсуад (радиаллаһу анһ) осы іс үшін дайындалып, жолға шықты. Түндері жол жүріп, күндіздері тығылып жүрді. Меккеге осылай жетіп барды. Бір түні сол дар тұрған жерге барды. Бірнеше адам қарауыл ретінде қойылған екен. Қарауылдардың бәрі ұйықтап жатты. Олар Хабибті (радиаллаһу анһ) ақырындап дардан жерге түсірді. Қараса, қолы жарасының үстінде еді. Ол жарасынан үздіксіз қан ағып тұрды. Қанынан жұпардай хош иіс аңқып тұрды. Шәһид етілгеннен кейін қырық күн өтіп кеткен болса да, денесі еш бұзылмаған, балғын болып тұрды. Зүбәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) Оның денесін атының артына қойып, ол жақтан кетті. Бірақ мүшриктер біліп қойды. Олардың артына жетпіс адам түсіп, қуа бастады. Зүбәйр бин Аууам және Миқдад бин Әсуад (радиаллаһу анһума) мүшриктер жақындағанда Хабибті жерге түсірді. Сол сәтте жер жарылып, Хабибтің (радиаллаһу анһ) мәйітін жұтты. Осы себептен оған «Жер жұтқан шәһид» деген лақаб ат берілген. Зүбәйр бин Аууам мен Миқдад бин Әсуад мүшриктерге тойтарыс көрсетіп, оларды кері қайтарып жіберді. Өздері Мәдинаға қайтып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына шығып, болған оқиғаны айтып берді. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп: «Йа, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), иллийин періштелері (жоғары дәрежедегі періштелер) үмбетіңнің осы екі адамымен мақтанып жатыр» деп хабар берді».

• Хижреттің төртінші жылы еді. Хайбәрде адамдарды мұсылмандармен шағыстырып жүрген Сәлам бин Әби Хуқайқ деген біреу бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны өлтіруге сахабалардан бес кісі жолдады. Ол бес сахабаның бірі Әбу Қатада (радиаллаһу анһ) еді. Олар Хайбәрге барды. Түнде Сәлам бин Әби Хуқайқтың үйіне кіріп, оны өлтірді. Кейін ол жақтан кетіп қалды. Әбу Қатада садағын сонда ұмытып кетті. Алу үшін қайтып барды. Қандай да бір себеппен аяғы жараланды. Үлкен жара еді. Кейбір риуаяттарда аяғының сынғандығы айтылған. Аяғын таңғышпен таңып, достарына жетіп алды. Достары оны кезекпен тасыды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына алып барды. Расулуллаһ мүбәрәк қолымен сипап еді, сол сәтте жарасы жазылып кетті.

• Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Затуррука соғысына қатысқанымда бір түйем бар еді. Ол өте арық және жиі шөгіп қала беретін. Тағы сөйтіп шөгіп қалған кезінде Раулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасыма келді. Менің күтіп тұрғанымды көріп «Не істеп тұрсың?» деп сұрады. Мен түйемнің жағдайын айтып бердім. Бір аса таяқ сұрады да, сол аса таяқпен түйені үш рет түртті. Кейін су сұрады да, бір уыс суды түйенің үстіне септі. «Менің артымнан жүр» деді де, жүре бастады. Мен түйеме мініп, артынан жүрдім. Мұхаммед алейһиссаламды хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы үшін, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өте жылдам жүрсе де, Одан мүлде қалып кетпедім. Түйем қуаттанып, оңай жүрдім».

• Затуррука соғысынан кейін бір атты қарақшы бір түйені тізгінінен ұстап тартты. Сол күйде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. «Атымның ішінде не бар?» деп сұрады. Расулуллаһ «Ғайыпты Аллаһу та'аладан басқа ешкім білмейді» деп жауаптады. «Жаңбыр қашан жауады?» деп сұрап еді, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Оның қашан жауатынын Аллаһу та'ала біледі» деді. Адам сұрақтарын жалғастырып «Ертең не болады?» деп сұрады. Расулуллаһ «Ол маған беймәлім» деп жауап берді. Кейін Аллаһу та'ала «Қиямет уақыты жайлы мәлімет тек Аллаһтың дәргейінде. Жаңбырды (қалаған кезінде қалаған жеріне, қалаған мөлшерінде) Ол жаудырады. Құрсақта не бар екенін Ол біледі. Ешкім ертең басына не келетінін білмейді. Және ешкім қайда өлетінін білмейді. Еш күмәнсіз Аллаһ – бәрін білуші, Ол бәрінен хабардар» деген аяти кариманы жіберді. Кейін әлгі адам «Йа, Мұхаммед! Маған мына түйем сенің Раббыңнан сүйіктірек» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Раббым жанымнан да сүйікті, нәпсімнен және отбасы мүшелерімнен де қадірлі!» деді де, сәждеге жығылды. Сәждеден тұрып, әлгі адамға «Раббым маған хабар берді, сенің жүзіңнің бір жерінде жара шығады! Жүзіңнің еті мен терісі шіріп төгіледі, кейін сен содан өлесің» деді. Аз уақыттан кейін әлгі адамның бетіне жара шықты. Ол жараның сасығаны сонша, халық жиіркеніп, одан қашып жүрді. Ол адам «Мұхаммедтің айтқаны рас шықты» дейтін еді. Соңында сол нашар күйде өліп тынды.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жұбайларының бірі Уммул мүминин Жувәйрия бинти Харис (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бәни Мусталақ соғысына Мәдинадан жолға шыққан болатын. Әкем Бәни Мусталақ тайпасының көсемі еді. Түсімде Мәдинадан бір айдың туғанын және келіп, менің қасымда тұрғанын көрдім. Түсімді ешкімге айтпадым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әскерімен бізге келген кезде әкем «Бір әскер келе жатыр, менің ол әскерге қарсы төтеп беретін шамам жоқ» деді. Қарағанымда үлкен әскер көрдім. Әскердің саны жоқ еді. Сырттан қарағанда қаруланған, бірақ іштерінен нұр шашып тұрды. Сап түзіп келе жатты. Араларында әдемі атқа мінген адамдарды көрдім. Кірген жерлерінен қатты ескен желдей өтіп жатты. Соншама көп әскер, ат және қару көрдім, бірақ кейіннен мұсылман болып, Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйленген соң ислам әскеріне қарағанымда оншалықты көп болғанын көре алмадым. Мен сонда түсіндім, олар имдади Раббани және инаяти субхани (Аллаһу та'аланың көмегі және қолдауы) арқылы екен». [Жувәйрияның (радиаллаһу анһа) әкесі Харис және оның екі ұлы иман келтірген. «Саадәти Әбәдия» кітабының 1088-ші бетіне қараңыз].

• Хандек соғысында сахабалар (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) Мәдинаның айналасына ор (хандек) қазған еді. Қазып жатқанда үлкен тас шықты. Оны ешкім бөлшектей алмады. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) бұл жағдайды Расулуллаһқа хабарлады. Сахабалардың біразы ордың шетінде тұрды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолына қайла (екі жүзді үшкір балға) алып, сол тасты ұрды. Тас екіге бөлінді. Тасты ұрған кезінде тастан найзағайдай ұшқын шықты. Ол ұшқын Мәдинаның барлық жерін жарқыратты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тәкбір айтты. Барлық сахабалар да қосылып тәкбір айтты. Тасты тағы бір рет ұрып еді, тағы найзағайдай ұшқын шықты. Расулуллаһ пен сахабалар қайтадан тәкбір айтты. Тасты үшінші рет ұрғанда дәл сондай найзағайдай ұшқын шықты. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) «Ата-анам сізге пида болсын, йа, Расулаллаһ! Бұл не болғаны? Мен осы күнге дейін мұндай жағдай көрген емеспін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалардан «Салманның көргенін сенден де көрдіңдер ме?» деп сұрады. Бәрі «Көрдік, йа, Расулаллаһ!» деп жауаптады. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Бірінші ұрғанда шыққан ұшқынның жарығында Кисраның мемлекетіндегі Хайраның иттің тісіндей зәулім сарайларын көрдім. Жәбрейіл алейһиссалам маған «Үмбетің сол жерді алады» деп хабар берді. Тасты екінші ұрғанымда шыққан ұшқынның жарығында Румның қызыл ғимараттарын көрдім. Иттің азу тістеріндей еді. Жәбрейіл алейһиссалам маған «Үмбетің сол аймақты алады» деп белгі берді. Үшінші ұрғанымда шыққан ұшқынның жарығынан Сананың [Йеменнің] иттің тістеріндей ғимараттарын көрдім. Жәбрейіл алейһиссалам маған «Үмбетің сол аймақтарды жаулап алады» деді».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Кисраның ақ ғимараттарының түрін сипаттады. Салман Фариси ол жерді көрген және білгендіктен: «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Дәл айтқаныңыздай. Мен куәлік етемін, сіз Аллаһу та'аланың Расулысыз» деді. Расулуллаһ сөзін жалғастырып: «Шам әлбетте жаулап алынады! Геракл мемлекетінің бір түкпіріне қашады, сендер Шамға билік жүргізесіңдер. Олардың ешқайсысының сендермен соғысуға батылдығы жетпейді. Йемен де міндетті түрде жаулап алынады. Кисра өлтіріліп, одан кейін ешқандай кисра қалмайды» деді. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһ хабар берген осы оқиғалардың әрбірінің жүзеге асқанына мен куә болдым. Барлығы дәлме-дәл орындалды» деген.

• Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хандекте шыққан үлкен тасты бөлшектеу үшін орға түскенінде аштықтан мүбәрәк қарнына тас байлаған еді. Бұл жағдайды көріп шыдай алмадым. Рұқсат сұрап үйіме бардым. Жағдайды үйімдегілерге айтып бердім, «Үйде бір са’ (өлшем бірлігі - 3,5 кг) арпа және бір лақ бар» деді. Арпаны үгіттім де, лақты сойып, қазанға салдым. Кейін Расулуллаһтың қасына бардым. Кетерімде жұбайым тамақтың аз екенін ескеріп, «Тамақ жетпей қалып, ұят болып қалмасын» деді. Жағдайды Расулуллаһқа айтқанымда Ол (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, хандек халқы! Жабир бізге дастархан дайындапты, шақырып жатыр. Жүріңдер, тамағы мол және керемет тағам» деді. Кейін маған қарап «Жұбайыңа айт, мен келмей тұрып қазанды оттан түсірмесін, нанды да пісірмесін» деді. Мен алдын ала үйге барып, жұбайыма «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мухажир және ансар барлық сахабалармен бірге біздің үйге қонаққа келе жатыр» дедім. Жұбайым «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тамақтың қанша екенін білетін болса, онда еш уайымым жоқ» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалармен бірге үйіме келгенде сахабалардың топ-топ болып ішке кіруін бұйырды. Кейін бізге «Қамырын әкеліңдер!» деді. Қамырды әкелгенімізде бүкіл қайырлардың көзі және барлық берекеттің қайнары болған мүбәрәк ауызымен қамырға бір рет үрледі. Аллаһу та'ала қамырға берекет берді. Кейін «Нанды кім пісірсе де, пісіре берсін» деді. Бұйырғанындай тандырдан нанды және қазаннан етті шығардым да, сахабалардың алдына қойдым. Бәрі түгелдей жеді және тойды. Олар үйімнен шығып кеткеннен кейін де нан мен ет мүлде азаймаған, сол күйінде тұрған еді.

• Тағы Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Әлемдердің мырзасы және адамдардың жолбасшысы Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кім қонаққа шақырса да, бәрін қабылдап, баратын. Бір күні мен де шақырған болатынмын. Ол «Пәлен күні келемін» деді». Уақыты келгенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жабир бин Абдуллаһтың (радиаллаһу анһ) үйіне келді. Хазреті Жабир Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйіне келгеніне қуанғаны соншалық, қарсы алуға қуанып жүгіргенінде су ыдысын құлатып, ішіндегі суы төгілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ішке кіріп отырды. Хазреті Жабирдің бір тоқтысы бар еді. Дереу оны сойып, кәуап жасауға әзірледі. Оның екі ұлы бар еді. Үлкен ұлы кіші ұлына «Әкем тоқтыны қалай сойғанын саған көрсетемін, кел» деп, інісін байлап, тамағын пышақпен сүрді. Бірақ көрсетемін деп байқаусызда інісін бауыздап, өліміне себеп болды. Хазреті Жабирдің жұбайы балалардың бұл хәлін көріп, үлкен ұлын ұстап алайын деп қуа бастады. Бала қорыққанынан қашамын деп үйдің шатырынан жерге секіріп, құлап өлді. Әйел «Балаларымның өлгеніне айқайлап жыласам, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұңаюына себеп боламын» деп сабыр етті, еш дыбыс шығармады. Балаларының үстін алашамен жауып қойды. Ешкім олардың өлгенін байқамады. Өзі де білдірмеуге тырысты. Бірақ іші өртенген еді. Әзірлеген кәуабын пісірді. Күйеуі хазреті Жабирге болған оқиғаны мүлде айтпады. Тоқты кәуабы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына қойылды. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Йа, Мұхаммед! Аллаһу та'ала Жабирге ұлдарын да дастарханға отырғызуын әмір етті» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Жабирге «Ұлдарыңды дастарханға алып кел» деді. Ол сыртқа шығып, әйеліне «Балалар қайда? Расулуллаһ оларды дастархан басына отырғызғысы келді» деді. Жұбайы: «Расулуллаһқа олардың мұнда жоқ екенін айт» деді. Хазреті Жабир жағдайды айтқанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бұл Аллаһу та'аланың бұйрығы. Оларды міндетті түрде әкелуің керек» деді. Хазреті Жабир қайтадан әйеліне барып, «Балалар қайда болса да, оларды міндетті түрде табуымыз керек. Аллаһу та'аланың әмірі осындай» деді. Бейшара әйелі жылап жіберіп, «Ей, Жабир, балаларымызға не болғанын саған айтып беруге тілім бармайды» деді де, өлі жатқан балалардың үстіндегі алашаны көтеріп, балаларды көрсетті. Хазреті Жабир екі ұлының да өлгенін көріп, жылай бастады. Әйелі екеуі бірге Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, бірге жылай бастады. Үйде айқайлаған дауыстар күшейе түсті. Сол кезде Аллаһу та'ала Жәбрейіл алейһиссаламды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жіберіп, балалардың басында отырып дұға етуін және балаларды тірілтетінін хабар берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барып дұға етті. Жабир бин Абдуллаһтың екі ұлы да Аллаһу та'аланың рұқсатымен тіріліп кетті.

• Сахаба Бәшир бин Садтың (радиаллаһу анһ) қызы былай айтып берген: «Анам маған бір уыс құрма беріп, «Қызым, мынаны әкеңе және көкең Абдуллаһ бин Рәуахаға апар, жесін» деді. Құрманы апара жатқанымда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір жерде отырған еді. Мені көріп «Қызым, қасыма кел» деді. «Қолыңда не бар?» деп сұрады. Мен «Біраз құрма бар» дедім де, құрмаларды екі мүбәрәк қолына қойдым. Ол мүбәрәк қолдарымен құрмаларды шапанына жинады. Кейін біреуге «Хандекте ор қазып жатқандардың бәрін шақыр, осында келсін!» деп жіберді. Олардың бәрі жиналып келді. Сол құрмаларды қалағанынша жеді де, қайтып кетті. Хандекте ор қазушылар үш мың адам еді. Олар тойғанша құрма жеп кетсе де, құрмалар шапанның етегінен тасып төгіліп жатқан еді».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хандек соғысында Хузәйфәтәбни Йәманиді (радиаллаһу анһ) мүшриктердің арасына кіріп, олардан хабар әкелуі үшін жіберді. Жіберуден бұрын мүбәрәк алақанымен кеудесі мен арқасын сипап, «Йа, Раббым! Алдынан, артынан, оңынан, солынан келетін зияннан қорғай гөр!» деп дұға етті. Ол түні қатты суық еді. Хузәйфә (радиаллаһу анһ) өзі: «Мен моншаға кіргендей жүрген едім. Мүлде суық сезбедім. Сөйтіп мүшриктердің арасына кіріп, хабар жинап, кері қайттым. Сахабалардың қасына келгенімде маған суық әсер ете бастады» деп айтып берген.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хузәйфәні (радиаллаһу анһ) Хандек соғысында мүшриктердің жағдайын білу үшін араларына жібергенде намаз оқып былай дұға етті: «Ей, қайғылы адамдарға көмектесетін және қиын жағдайда қалғандардың дұғасын қабыл ететін Аллаһым! Қиыншылығымызды және ауыртпалығымызды кетіре гөр! Менің және қасымдағылардың жағдайын сен көріп тұрсың». Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Аллаһу та'ала сізге сәлем айтты. Сізге жеңіс берді. Дүние аспанынан олардың үстіне тас жаудыратын боран жіберді» деді. Хузәйфә (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: Мүшриктердің арасына кіргенімде суық жел есіп тұрды. Мүшриктердің бәрі бір жерге жиналған және оттары сөніп қалған еді. Бір-біріне «Суықтан өлетін болдық» деп айқайласып жатты. Бұдан кейін күшті боран көтеріліп, үлкен тастарды домалата бастады. Мүшриктер қалқандарымен қорғанып жатты. Бірақ оның пайдасы тимеген еді. Соңында бәрі абыржып, қашуға шешім қабылдады. Аллаһу та'ала [«Ахзаб» сүресінің 9-шы аятында] «Ей, иман келтіргендер! Аллаһтың сендерге берген ниғметтерін еске алыңдар. Сендерге [Хандек соғысында сендерді жоқ қылуға келген кәпірлердің] әскері шабуылдады да, біз оларға қарсы боран және сендер көрмеген әскер жіберген едік. Аллаһ сендердің не істегендеріңді көріп тұрған еді» деді.

Хандек соғысында Құрайш мүшриктері қашып кеткен соң Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бұл жылдан кейін Құрайш сендермен соғыспайды. Бірақ сендер оларға қарсы соғыс ашасыңдар» деді. Одан кейін Құрайш мүшриктері мұсылмандарға соғыс аша алмады. Ал мұсылмандар Меккені жаулап алды.

Хандек соғысында құрайштықтар ойран болып жеңіліс тапты. Әбу Суфян құрайштың бір жамағатымен сөйлесіп отырған еді. Былай деген еді: «Араларыңда мүмкіндігін тауып, Мұхаммедтен өшімізді алатын ешкім жоқ па? Өйткені Мұхаммед базар аралап, көшеде жалғыз өзі жүреді екен. Халықты дінге шақырумен әуре болғандықтан, ешкімнің хәлінен хабары жоқ екен». Әбу Суфянның бұл сөздерін естіген бір адам Әбу Суфянға барып: «Егер маған қолдау көрсетсең, бұл істі мен атқарамын. Жолды жақсы білемін және өте өткір қанжарым бар» деді. Әбу Суфян оған жол азығын әзірлеп, барлық қажетті заттарымен қамтамасыз етті. Араларында мұны ешкімге айтпауға келісті. Ол адам жолға шығып, алты күнде Мәдинаға жетті. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайда екенін сұрады. «Абдуләшһәл тайпасы тарапына кетті» десті. Адам түйесін байлап, сол тарапқа жаяу барды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалардың бір жамағатымен сұхбаттасып отырған еді. Алыстан әлгі адамның келгенін көріп «Ана адамның жаман пиғылы бар! Бірақ Аллаһу та'ала оны мақсатына жеткізбейді» деді. Адам жақындап, «Абдулмутталибтың ұлы қайда?» деп сұрады. Расулуллаһ «Абдулмутталибтың ұлы менмін» деп жауап берді. Ол бір хабар айтатындай болып Расулуллаһқа жақындамақ болды. Сахабалардан Усәйид бин Худайр оны ұстап алып, «Аулақ тұр, ей, малғұн» деді. Қолымен белін тексерді. Шапанының астында қанжары бар екенін көрді. Адамның Расулуллаһқа қастандық жасау үшін келгені аңғарылғанда адам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) аяғына жабысып, «Мені кешіріңіз» деп жалбарына бастады. Расулуллаһ оған «Шындықты айт, шындықты айтуыңның пайдасы өзіңе тиеді. Өтірік айтпа. Аллаһу та'ала сенің пиғылыңды маған білдірді» деді. Сонда адам кешірім сұрап, мән-жайды толықтай айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны Усәйид бин Худайрға (радиаллаһу анһ) тапсырды. Ертеңіне ол адамды шақырып алып: «Саған кешірім бердім, қалаған жеріңе кете бер. Қаласаң, одан да жақсы амал айтайын» деді. Адам «Қандай амал?» деп сұрап еді, «Аллаһу та'аланың бір екеніне және менің Оның Расулы екеніме куәлік етуің» деді. Ол адам калима-и шаһадат айтқан соң «Мен ешкімнен қорықпайтын, қылыштан және садақ оғынан сақтанбайтын едім. Сізді көрген кезімде маған не болғанын білмеймін, есімнен айрылдым. Сіз менің жасамақ болғанымды біліп қойдыңыз. Алайда сізге мұны ешкім хабар бермеген еді. Сонда мен түсіндім, сізге бұларды білдірген және сізді қорғайтын – рақымды Аллаһ. Әбу Суфянның тобыры – шайтанның тобыры» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның бұл сөздеріне күлімдеді. Ол адам тағы бірнеше күн Мәдинада қалды. Кейін рұқсат сұрап кетіп қалды. Одан кейін ол туралы ешқандай хабар келмеді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреттің алтыншы жылында сахабалардың бір жамағатымен умра жасауға Меккеге жолға шықты. Худәйбияға келгенде сонда түнеді. Ол жерде бір құдық бар еді. Суы азайып қалғандықтан біраз су тартып шығарған соң суы таусылып қалды. Сахабалар су жоқтығын айтып Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шағымданды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ер-тоқымынан бір жебе шығарып, «Мына жебені құдықтың ішіне салыңдар» деді. Бұл оқиғаны айтып берген риуаятшы былай жеткізген: «Уаллаһи жебені құдыққа тастағаннан кейін мың төрт жүз адам сол құдықтан су іштік, бүкіл малдарымызды да суардық».

«Сахих Бұхари»-де Бәра бин Азиб былай риуаят етеді: «Худәйбияда сахабалар судың жоқтығына шағымданды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құдықтың шетіне келіп, бір шелек су сұрады. Ол сумен дәрет алып, мүбәрәк аузының суын сол құдыққа төкті. Біраздан кейін құдықтың суы көбейгені сонша, бүкіл сахабалар (ридуануллаһи алейһим әжмаин) ішіп шөлін қандырды және бүкіл түйелерін де суарды».

• Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Худәйбия күнінде халықтың көбі сусыз қалды. Расулуллаһта (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір торсық су бар еді. Сол сумен дәрет алды. Мұны байқаған бүкіл сахабалар Расулуллаһтың қасына жиналды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Не болды сендерге, не керек?» деп сұрады. Олар: «Йа, Расулаллаһ! Дәрет алуға да, ішуге де бір тамшы суымыз жоқ» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолын дәрет алған торсығының ішіне салды. Мүбәрәк саусақтарының арасынан бұлақтай су аға бастады. Бәрі сол суды ішіп, шөлдерін қандырды және дәрет алды». Жабир бин Абдуллаһтан (радиаллаһу анһ) «Қанша адам едіңіздер?» деп сұралғанда «Егер жүз мың адам болсақ та, сол су бәрімізге жетер еді. Біз мың бес жүз адам едік» деп жауап берген.

• Сахабалардың бірі былай айтып берген: «Худәйбияға жақындаған кезімізде құрайштың алғы әскер жібергені туралы хабар келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бізді Худәйбияға басқа жолмен кім апара алады?» деп сұрады. Мен «Ата-анам сізге пида болсын, йа, Расулаллаһ, мен апара аламын» дедім. Басқа жолмен жүре бастадық. Сол жолмен жүргенде алдымыздағы таулар мен бөгеттер теп-тегіс жолға айналды. Ешқандай тауға жолықпастан Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Худәйбияға жеткіздім».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пен Құрайш арасындағы келісім-шартты Әли бин Әби Талиб (радиаллаһу анһ) жазды. Келісімнің басына «Бисмиллаһир рахманир рахим» және «Мухаммадун Расулуллаһ» деп жазды. Суһәйл бин Амр ол кезде әлі иман келтірмеген болатын. Ол: «Біздің кітабымыз бойынша мен Рахманды танымаймын, оның орнына «Бисмикә Аллаһумма» деп жаз. «Мухаммадун Расулуллаһ» орнына «Мұхаммед бин Абдуллаһ» деп жаз. Егер бізге Оның пайғамбар екені мәлім болса, біз Онымен соғыспайтын едік» деді. Осылай сахабалар мен Суһәйл арасында ұзақ сөз талас өтті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Әли! Оны өшір, Суһәйлдің айтқанындай жаз» деді. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) әдебінен өшіруге қолы бармады. Расулуллаһ өзі өшірді де, «Ей, Әли! Бір күні сенің басыңа да осындай оқиға келеді» деді. Шынымен де Сыффин соғысынан кейін хазреті Әли мен хазреті Муауия арасында келісім-шарт жасалды. Келісімді жазған хатшы «Әмир-ул мүминин Әли» (мұсылмандардың әмірі) деп жазды. Хазреті Муауия хатшыға «Әмир-ул мүминин деп жазба, егер оның әмир-ул мүминин екенін қабылдасақ, онымен соғыспайтын едік» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) мұны естігенде Расулуллаһтың сөздері есіне түсіп, «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқаны орындалды» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Худәйбияда болған кездерінде шашын қырқты. Қырқылған шашын бір жасыл ағаштың үстіне қойды. Сахабалар (ридуануллаһи алейһим әжмаин) ол ағаштың қасына жиналып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шашын таласып алды. Сахаба Умму Аммар айтып берген: «Ол күні мен де Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шашының қылынан бірнешеуін алған едім. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуынан кейін кім ауырып қалса, сол шаш қылдарын суға салып, ол суды науқасқа бердім. Аллаһу та'ала ол науқасқа шипа беріп, жазылып кететін».

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Худәйбияда жиырма күндей қалған соң кері қайтты. Сахабалар тұрақтайтын жерлерінің бірінде тамақ қалмағанын айтып шағымданды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйелерін көрсетті. Хазреті Омар мұны естіп, Расулуллаһтың алдына келіп, «Йа, Расулаллаһ! Халықтың мінетін басқа малы жоқ. Азықтарының қалғандарын бір жерге жинасын, ал сіз Аллаһу та'аланың рақымы және көмегімен берекет беруін тілеп дұға етсеңіз. Сіздің дұғаңыз күмәнсіз қабыл болады» деді. Кейін сахабалардың бір уыс құрмасы және бір уыс сәуикі (қуырылған ұн) бар болғандары оларды бір жерге жинады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) берекет тілеп Аллаһу та'алаға дұға етті. «Кімнің ыдысы бар болса, алып келсін» деп әкелінген бүкіл ыдыстарды сол берекеттеніп артқан тамақтармен толтырды. Тіпті түйелер оларды тасуға қиналған еді. Сөйтіп бәрі сол тұрақтаған жерден кетті. Жаз мезгілі болғандықтан, аспан ашық және өте ыстық еді. Аллаһу та'ала сондай жаңбыр жаудырды, бәрі суға қанып, ыдыстарын толтырып алды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреттің алтыншы жылында зүлхиджа айының соңында немесе жетінші жылдың мухаррам айының басында барлық патшаларға елшілер жіберді. Дыхия Кәлбиді (радиаллаһу анһ) Рум королі Гераклға елші ретінде жіберіп, ол арқылы хат жолдады. Ол хатта былай жазылған еді: «Бисмиллаһир Рахманир Рахим. Бұл хат Аллаһтың құлы және Расулы Мұхаммедтен Румның көсемі Гераклға. Хидаят жолындағыларға саламаттық болсын. Мен сені исламға шақырамын. Мұсылмандықты қабылда да, саламаттықта бол және Аллаһу та'ала сенің сауабыңды арттырсын. Егер осы үлкен ниғметтен бетіңді бұрсаң, бүкіл румдықтар саған бағынышты және сенің қоластыңда болғандықтан, бәрінің күнәсі сенің мойныңда болады». Аллаһу та'ала [Али Имран сүресінің 64-ші аятында]: «(Расулым), оларға айт: Ей, әһли кітап! Сендер мен біздің арамыздағы ортақ сөзге келіңдер. Аллаһтан өзгеге табынбайық. Оған ештеңені серік қылып қоспайық. Аллаһты тастап, бір-бірімізді құдай қылмайық. Егер олар сонда да бет бұрса, сол кезде «Куә болыңдар, біз шынайы мұсылманбыз» деңдер» деді.

Дыхия Кәлби (радиаллаһу анһ) Хумус қаласында Гераклға жолығып, хатты тапсырды. Хат араб тілінде жазылғандықтан, Геракл аудармашы шақыртты.

«Сахих Бұхари» кітабында жазылуы бойынша, ол кезде Әбу Суфян бір топ құрайштықтармен бірге Құдыста еді. Геракл оларды шақырып алып, «Араларыңда қайбірің мына хатты жолдаған адамға жақынырақ?» деп сұрады. Әбу Суфян «Мен бәрінен жақынмын» деді. Геракл оның жақындауын, ал қалғандарының ұзақта тұруын сұрады. Геракл аудармашыға «Мыналар хатты жолдаған адамға жақын екенін айтып жатыр. Егер өтірік айтса, дереу маған айт» деп ескертті. Әбу Суфян «Егер өтірігім ашылып қалатынынан қорықпасам, өтірік айтар едім» деген. Геракл Әбу Суфяннан сұрады: «Мына хатты маған жолдаған адамның тегі қандай?» Әбу Суфян: «Тегі өте қадірлі» деп жауаптады. Геракл: «Қауымдарыңнан одан басқа пайғамбар екенін айтқандар болды ма?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Жоқ, олай ешкім айтпады» деді. Геракл: «Оның ата-бабаларынан патша болғандар бар ма?» деп сұрап еді, Әбу Суфян: «Жоқ» деп жауап берді. Геракл «Оған мойынсұнғандар халықтың абыройлылары ма, әлде кедейлер мен әлсіздер ме?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Әлсіздер мен кедейлер» деді. Геракл: «Уақыт өткен сайын Оған мойынсұнушылар саны артып жатыр ма, әлде азайып жатыр ма?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Артып жатыр» деді. Геракл: «Оның дінінен қайтқандар болды ма?» деп сұрағанда Әбу Суфян: «Жоқ, болмады» деп жауаптады. Геракл: «Ол пайғамбар екенін білмей тұрып өтірік айтып көрген бе?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Жоқ, өтірік айтқан емес» деді. Геракл: «Оның қандай да бір кемшілігі, айыбы бар ма?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Жоқ. Бірақ дәл қазір біз Одан алыстамыз, қазіргі жағдайынан бейхабармыз» деді.

Кейін Әбу Суфян: «Геракл маған қатарынан сұрақтар қойып жатты, айтқандарымнан артық ештеңе айта алмадым» деген. Кейін араларындағы сұрақ-жауап жалғасты. Геракл: «Оған қарсы соғыс аштыңдар ма?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Иә, біз Онымен соғыстық» деп жауап берді. Гераклдың: «Ол соғыстар қалай өтті?» деген сұрағына Әбу Суфян: «Кейде Ол жеңіске жетті, кейде біз жеңдік» деп жауап берді. Геракл: «Ол сендерге нені бұйырады?» деп сұрады. Әбу Суфян: «Аллаһ бір, Оған ғибадат етіңдер. Оған серік қоспаңдар, - дейді. Намаз оқуды, садақа беруді, ар-намысты болуды және туған-туысқандармен араласып тұруды бұйырады» деп жауаптады.

Осы әңгімеден кейін Геракл аудармашы арқылы былай деді: «Оның тегін сұрадым, текті деді. Пайғамбарлар сондай болады. Араларында өзін пайғамбар жариялаған басқа біреудің бар-жоғын сұрадым, жоқ екенін айтты. Егер Одан бұрын біреу солай айтқан болса, соған ерген болар еді. Ата-бабаларынан патша жоқ екенін айтты. Егер бар болса, аталарының жолын қуып, сол себепті пайғамбарлығын жариялаған болар еді. Мүлде өтірік айтпағанын да айтты. Түсінуімше, халқы арасында адалдығымен танылған адам Аллаһтың атымен өтірік айтпас, сірә! Оған әлсіз адамдар мойынсұнғанын айтты. Пайғамбарларға әрдайым әлсіз адамдар мойынсұнады. Оған бағынушылар саны күннен-күнге артып жатқанын айтты. Аллаһу та'аланың әдеті осындай. Дін толық болғанша күннен-күнге көбею – хақ жолдағылардың белгісі. Ол діннен ешкімнің қайтпағанын айтты. Бұл жағдай жүрек тазалығының және яқин (нық сенім) нұрының белгісі. Оның кемшілігі жоқ екенін, айып істемейтінін айтты. Аллаһу та'аланың бір екеніне иман келтіруге шақырады. Ширкке тыйым салады. Намаз оқуды, садақа беруді, ар-намысты болуды және туыстармен араласуды бұйыратынын айтты. Бүкіл пайғамбарлар осылай бұйырған». Геракл осыларды айтқан соң Әбу Суфянға: «Егер айтқандарың рас болса, менің қазіргі иелігімдегі жерлер Оның қолына өтеді. Мен сондай пайғамбардың жіберілетінін анық білетінмін. Бірақ сендерден, арабтардан шығатынын ойламаппын. Егер Оған қауышуымның нәсіп болатынын білсем, Оған қауышуды ғанибет деп білер едім. Оның аяғындағы шаңды көзіме сүрме қылып жағар едім» деді. Кейін Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Дыхия Кәлби (радиаллаһу анһ) арқылы жіберген хатын ашуды бұйырды. Хатты ашып оқыды. Геракл жазылғандарды тыңдап түсінгенде, ойлағанындай және айтқанындай болды. Әбу Суфян айтқан: «Хат оқылған кезде әңгімелер көбейіп кетті. Біз Гераклдың алдынан сыртқа шығып кеттік. Мен қасымдағы достарыма «Мұхаммедтің діні жоғарылады, толық болды. Өйткені, Бәни Асфар патшасы Одан қорқып дірілдеді» дедім. Сол кезде жақсы түсінгенім, Оның діні толық кемелдікке жетеді. Осы нық сенім менің жүрегімде күн өткен сайын арта берді, ақыр соңында Аллаһу та'ала мені ислам нұрымен нұрландырды. Мұсылман болып абыройландым».

• Геракл бір күні Бәйт-ул муқаддаста ұйқыдан шошып оянып, қайғыланып, мұңайып отырған еді. Патриархтар «Ей, патша, неліктен қайғыланып, уайымдап отырсыз?» деп сұрады. Геракл «Түсімде сүндеттелген адамдардың менің жерлеріме басып кіргенін көрдім» деді. Бір риуаят бойынша, Геракл жұлдыздар ілімін жақсы білгендіктен, «Сүндеттелген адамдар менің мемлекетіме басып кіреді» деген. Патриархтар Гераклға «Біз яһудилерден басқа сүндеттелген қауым білмейміз. Олардың бәрі сізге бағынады. Олардың бәрін өлтіріңіз. Осылайша қорқыныштан сақ боласыз» десті. Олар осы мәселені талқылап жатқанда Гераклдың Басра әкімінен бір адам келді. Қасында бір араб кісі бар еді. Гераклдың алдына келген елші қасындағы адамын көрсетіп, «Бұл кісі арабтардың ішінен біреу шыққанын, өзінің пайғамбар екенін жариялағанын және көптеген адамдардың Оған бағынғанын айтып жатыр. Көптеген адамдардың Оған қарсы шығып та жатқанын, араларында соғыс болып жатқанын хабарлауда» деді. Геракл осыларды хабар берген адамды іштегі бір бөлмеге кіргізіп, сүндеттелгенін тексеруді бұйырды. Сүндеттелгені мәлім болды. Кейін одан арабтар туралы сұрады. Ол бәрінің сүндеттелгенін айтты. Геракл «Уаллаһи, менің түсімдегі тайпа – осылар. Яһуди қауымы емес» деді. Одан кейін Геракл рум еліндегі жұлдыздар ілімінде жетік достарына хат жазып, жұлдыздар үкімін сұрады. Ал өзі Хумус тарапына кетті. Біраз уақыттан соң досының жауабы хатпен келді. Ол хатта: «Бұдан кейін арабтардан шыққан пайғамбар билік құрады» деп  жазылған еді.

• Геракл Хумустағы досынан арабтардан пайғамбар шығатынын және билік құратынын хабарлайтын хатты алғанда Рум елінің бүкіл зиялыларын үлкен ғибадатханаларында жинады. Бәрі толық келіп, ішке кірген соң есікті іштен құлптап қойды. Кейін оларға «Ей, румның зиялылары, дұрыстық, жақсылық және саламаттық тілейсіңдер ме? Мемлекетіміздің және билігіміздің жалғасуын қалайсыңдар ма?» деп сұрады. Олар «Ей, патша! Неге қаламасқа, әлбетте қалаймыз» десті. Сонда Геракл: «Онда арабтар арасынан шыққан пайғамбарға бағынайық және Оның әмірлеріне мойынсұнайық!» деді. Румдардың зиялылары Гераклдың бұл сөздерін ести сала жабайы есектер секілді үркіді. Есік жаққа жүгіріп, сыртқа шығып кетуге асықты. Есіктердің жабық екенін көріп, ашуланып, қайғырып тұра қалды. Геракл олардың күйін көріп, кері шақырып алды. «Бұл сөздерді айтуымның мақсаты сендерді тексеру болатын. Діндеріңе қаншалықты берік екендіктеріңді білгім келді» деді. Бәрі қуанып, алғыс айтып, сәждеге жығылды.

Бір риуаятта Әбу Суфян мен Геракл арасында мынадай әңгіме болып өткені хабарланған. Әбу Суфян Гераклға «Ей, патша! Егер рұқсат берсең, біздің арамыздан шығып, пайғамбар болған сол адамның сөздерінің бірін айтайын, Оның өтірігі жария болсын» деді. Геракл «Айт, көрейік» деді. Әбу Суфян: «Ол адам бір түнде Ақса мешітіне барып, таң атпай Меккеге қайтып келгенін айтып жүр» деді. Әбу Суфян өзі былай айтып берген: «Мен бұл сөздерді айтқан кезімде Бәйт-ул Муқаддастың патриархы қасымызда еді. Ол патриарх бұларды естігенде: «Ол түн менің есімде. Ол түні бір белгілер көрдім. Оларды патшаға айтқан болатынмын. Әр түні әдет бойынша Бәйт-ул муқаддастың барлық есіктерін жауып, кейін жататын едім. Ол түні қанша тырыссам да, бір есікті жаба алмадым. Бәйт-ул Муқаддаста жиналған жұрт жиналып, ол есікті жабуға қанша талпынса да, олар да жаба алмады. Таңертең ол есіктің қасында бір жануар байланғанын дәлелдейтін белгілер мен іздер көрдім» деді».

• Геракл өз қауымының иман келтірмегеніне қатты қынжылған еді. Оған елші болып келген Дыхия Кәлбиге (радиаллаһу анһ) «Уаллаһи, айтқан адамыңның пайғамбар екенін білемін. Егер румдықтардың мені өлтіретінінен қорықпасам, әлбетте Оның дініне кіріп, әміріне бағынар едім. Мұны өзіме дүние мен ахиреттің бақыттылық себебшісі деп білер едім! Бірақ сен пәлен епископқа бар, ол рум елінде менен де абыройлы. Ол илаһи кітаптардың үкімдерін менен жақсы біледі. Не дейтінін көрейік» деді. Дыхия Кәлби (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Геракл айтқан епископқа бардым. Мән-жайды оған айтып бердім. Ол «Уаллаһи, айтқан адамың – пайғамбар. Біз Оның сипаттарын кітаптардан оқыдық» деді. Кейін үйіне кіріп, үстіндегі қара киімді шешіп, ақ киім киіп сыртқа шықты. Қолына аса таяқ алып, рум халқының арасына кірді. Халық шіркеуде жиналған болатын. Оларға: «Ей, рум халқы! Маған шынайы пайғамбар Ахмедтен елші келді. Мені Аллаһу та'алаға құлшылық жасауға шақыруда. Менің айтарым, аспан мен жерді жаратқан ұлы Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Маған елшісін жіберген адам – Аллаһтың Расулы» деді. Рум халқы бұл сөздерді естігенде епископқа жабылып кетті. Шәһид болғанша ұрып-соқты». Дыхия Кәлби (радиаллаһу анһ) қайтадан Гераклға барып, осы оқиғаны айтып берді. Геракл «Мен саған «бұл халық мені өлтіреді, олардың қастандық жасамайтынына сенімді емеспін» деген едім ғой. Ол өлтірілген епископқа халық маған қарағанда көбірек сенетін және бағынатын еді. Жағдайды түсіндің, оған не істегенін өзің көрдің» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Шужа бин Уәһәбті (радиаллаһу анһ) патша Харис бин Әби Шәмр Ғассаниге елші ретінде жіберді. Ол патша Шам қаласының Ғаута деген жерінде еді. Шужа бин Уәһәб алдымен патшаның уәзірімен көрісті. Уәзір одан Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейбір хәлдерін сұрады да, өзі иман келтірді. «Айтқандарыңды Иса алейһиссалам да хабарлаған еді. Ол пайғамбардың келетіні туралы хабарды сүйіншілеген болатын» деді. Уәзір Шужа бин Уәһәбті (радиаллаһу анһ) құрметтеп, қошеметтеді. Кейін оның елші ретінде келгенін патша Хариске хабарлады. Харис бин Әби Шәмр басына тәж киіп, алдына шақырды. Шужа бин Уәһәб Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) исламға шақыратын хатын берді. Харис бин Әби Шәмр хатты оқығаннан кейін жерге тастады. «Мүлкімді алып қояды екен ғой! Дереу аттарды дайындаңдар. Йеменде болса да, Оған бір әскер жіберейін» деді. Осыған орай мұсылман болған уәзір Шужа бин Уәһәбке (радиаллаһу анһ): «Бұлардың бәрін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып бер. Менің мұсылман болғанымды да айт және сәлемімді жолда» деп оны шығарып салды. Ол келіп жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабарлады. Расулуллаһ «Құритын болды» деді. Сол жылы Харис өлді және мемлекеті біреудің қолына өтті.

• Фәруа бин Амр әл-Худдами Оман елінің цезарінің орынбасары еді. Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығын естігенде иман келтірді. Мұсылман болғанын хабарлау үшін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хат жазып, сыйлықтар жолдады. Хатында: «Мұхаммед алейһиссаламға хабар беремін, мен мұсылман болдым. Сіздің Иса алейһиссалам келетінін сүйіншілеген пайғамбар екеніңізге сенемін. Уәссәләму алейкум» деп жазды. Оның мұсылман болғанын цезарь біліп қойғанда оны орынбасар қызметінен босатып, қамауға алды. Фәруа цезарге былай деді: «Уаллаһи мен Мұхаммедтің (алейһиссалам) дінінен еш қайтпаймын. Сен де білесің, ол Аллаһу та'аланың Расулы. Ол – Иса алейһиссалам сүйіншілеген пайғамбар. Сенің Оған иман келтірмеуің дүниелікке беріліп кетуіңнен». Цезарь «Інжіл хаққы үшін рас айтасың» деді. Фәруа бин Амр исламнан қайтпады және қамауда қайтыс болды.

• Хатиб бин Әби Бәлтәа (радиаллаһу анһ) елші болып Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хатын Александрия патшасы Муқауқасқа апарды. Патша оны жақсы қарсы алып, сияпат көрсетті. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хатына жауап ретінде былай жазды: «Мен білемін, әлі жіберілмеген бір пайғамбар қалды. Ол – Хатәм-ул әнбия (пайғамбарлардың соңғысы). Бірақ, менің ойымша, ол пайғамбар Шам қаласынан шығады». Хатпен бірге екі күң беріп, елшіні қайтарды. Ол күңдердің бірі хазреті Мария еді. Ол – Ибраһимның (радиаллаһу анһ) анасы. Муқауқас тағы ақ қашыр сыйлады. Ол қашыр «Дулдул» деген атпен танымал. Одан бөлек басқа сыйлықтар да жіберді. Елші Хатиб бин Әби Бәлтәаға «Сен сипаттап берген пайғамбар – Иса алейһиссалам келетінін хабар берген пайғамбардың сипаттарына ие» деді. Хатиб бин Әби Бәлтәа қайтып, Муқауқастың айтқандарын Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып берді. Расулуллаһ «Ол лас мүлкін қызғанды. Бірақ мүлкі онда қалмайды» деді. Муқауқас хазреті Омардың халифалығы дәуірінде Мысырда өлді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Сәлит бин Амр ибн Ас арқылы Йәмамадағы Хауза бин Әли әл-Ханафиге исламға шақыратын хат жіберді. Хауза бин Әли мынадай жауап жазды: «Мен қауымымның ақыны және шешенімін. Арабтар менен тайсалады. Сенің халықты шақырған нәрсең – өте жақсы нәрсе. Бірақ маған бір қызмет, бір жерді басқару мүмкіндігін берсең, саған бағынамын!». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Егер менен жерге түскен құрманы сұраса да бермеймін» деді. Хауза бин Әлидің қолындағы мүлкі де қолынан кетті. Мекке жаулап алынған кезде Жәбрейіл алейһиссалам Хаузаның өлімі жайлы хабар әкелді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бұдан кейін Йәмамада бір өтірікші шығады. Мен қайтыс болғаннан кейін ол өлтіріледі» деді. Айтқанындай болды. [Мүсәйләмәтул Кәззаб Йәмамада пайғамбар екенін жариялады. Әбу Бәкір Сыддықтың халифалығының екінші жылында Халид бин Уәлидтің әскерімен үлкен соғыс болды. Уахши (радиаллаһу анһ) Мүсәйләмәтул Кәззабты өлтірді].

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Абдуллаһ бин Хузафаны Кисраға елші ретінде жіберді. Кисраны исламға шақырып хат жазды. Кисра ол бақыт көзі хатты жыртып, бөлшектеп тастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұны естігенде «Аллаһу та'ала да оның мүлкін бөліп-бөліп тастасын» деді. Қысқа уақыттан соң Кисраны өз ұлы Шеруя өлтірді.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хатынан Кисраны сұс басты. Хатты әкелген Абдуллаһ бин Хузафа (радиаллаһу анһ) кеткенде Кисра уәзірлерін шақырып, «Бұдан былай алдыма арабтардан ешкімнің кіруіне рұқсат бермеңдер» деп ескертті. Кейін жеке бөлмесіне кірді. Ол жаққа ешкім кіре алмайтын. Ішке кірсе, бөлмесінде бір араб кісі тұр. Қолында таяғы бар еді. «Ей, Кисра! Аллаһу та'ала халықты хақ дінге шақыратын пайғамбар жіберді, иман келтір» деді. Кисра «Қазір кете бер, кейін иман келтіремін» деді. Кисра дереу уәзірлерін шақырып, түрлі сылтаулармен біреулерін дарға асты, біреулердің аяқтарын шапты. «Мен сендерге әбден ескерттім ғой, неліктен сонда да бөлмеме арабтың кіруіне рұқсат бердіңдер?!» деп ұрысты. Уәзірлері ант етіп «Біз есікті құлыптап қойдық, ішке ешкімді кіргізбедік» деді. Кейін әлгі араб тағы Кисраның алдына шықты. Жақындап, қолындағы таяқпен Кисраның басынан бір ұрды. «Ей, Кисра, басыңды ұрып мына таяқты сындырмай тұрғанда иман келтір» деді. Ол иман келтірмеді және үшінші рет алдына шыққанда таяқпен басын ұрғаннан таяқ сынып кетті. Ол түні Кисра ұлы Шеруя тарапынан өлтірілді.

• Кисра Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) исламға шақыру хатын жыртқаннан кейін Йемендегі орынбасары Базанға хат жазып, «Сендер жақта бір адам өзін пайғамбар деп жариялады деп естідік. Дереу екі ғалым жіберіп, ол туралы сұрастыр. Мүмкін болса, ұстап алып, маған алып кел» деген бұйрық берді. Базан екі адам жіберді. Олар Мәдинаға барып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына шықты. «Кисра патша Базанға хат жазған екен, сені алдына шақырып жатыр» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күлімдеді де, «Отырыңдар» деді. Екеуі де тізерлеп отырды. Расулуллаһ оларды мұсылман болуға шақырды. Ол екі адам «Ей, Мұхаммед, Кисра патшаның бұйрығын орында. Егер өз еркіңмен барсаң, Базан сенің пайдаңа патшаға хат жазады. Егер бармасаң, Кисраның қандай адам екенін өзің білесің. Сені және қауымыңды жер мен жексен етіп, мүлкіңді құртып жібереді» деді. Ол екеуі бұларды айтқанымен, денелері дірілдеп, қалтырап тұрған еді. Сыртқа шыққан соң бір-біріне «Егер алдында бізді тағы біраз ұстағанда, құрып кетуімізге аз қалар еді» десті. Кейін ол екі адам Базанның хатына жауап сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оларға «Бүгін бара беріңдер, ертең келіңдер» деді. Ертеңіне екеуі алдына келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оларға былай деді: «Барыңдар, қожайындарыңа айтыңдар, Раббымның маған білдіруі бойынша, сендердің патшаларың Кисраны кеше түнде өз ұлы өлтірді. Егер Базан иман келтіріп, исламды қабылдаса, қазіргі қолындағы мүлкін өзіне қалдырамын. Жақында менің дінім барлық жаққа жетіп тарайды. Мұсылмандар Кисраның мемлекетінде билік құрады». Әлгі екеуі Расулуллаһтың бұл сөздерін Базанға жеткізді. Базан «Егер айтқаны рас шықса, ол міндетті түрде Аллаһтың Расулы. Ешбір патша иман келтірмей тұрып мен иман келтіремін» деді. Сол кезде бір елші келіп, Кисраның өлтірілгенін айтты. Базан бүкіл отбасы мен туыстарын және қауымынан иман келтіретіндерін жинап, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді және алдында иман келтірумен абыройланып, ислам ниғметіне бөленді.

• Хижреттің жетінші жылында Хайбәр соғысы орын алды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) байрақты әуелі әмир-ул мүминин хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) тапсырды. Ол байрақты алып, ислам әскерімен қамалға шабуылдады. Ұзақ шайқасты, дегенмен қамалды жаулай алмай, кері қайтты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басы ауырған еді, сыртқа шықпады. Бірақ «Соғысыңдар» деп бұйырды. Әмир-ул мүминин хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) байрақты алып, соғысқа аттанды. Қанша ауыр шайқасса да, сонда да қамалды жаулай алмады. Олар да кері қайтты. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) тағы байрақты алып соғысуға аттанды. Ұзақ шайқасқанымен, қамалды жаулай алмай, кері қайтты. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл хабар жеткенде «Ертең байрақты сондай бір адамға беремін, оны Аллаһу та'ала және Расулы жақсы көреді. Ол да Аллаһу та'аланы және Расулын жақсы көреді. Қамалды жаулап алмайынша қайтпайды» деді. Мұны риуаят еткен адам айтқан: «Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) ол күні ол жақта жоқ болатын. Оның көзі ауырып жатқан еді. Хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар және басқа да сахабалар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан адамының кім екеніне қызығып, күткен еді. Сад (радиаллаһу анһ) «Ол кісі мен болайын» деген үмітпен «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көз алдында тізерлеп шөктім де, қайтып тұрдым» деген. Хазреті Омар да (радиаллаһу анһ) «Ол күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһу та'ала және Расулы оны жақсы көреді. Ол да Аллаһу та'аланы және Расулын жақсы көреді, қамалды жауламайынша қайтпайды» дегенді естігенге дейін әмір болуды мүлде қаламайтынмын» деген. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) алдына шақырды. Ол келгенде мүбәрәк аузының суын хазреті Әлидің көзіне жақты. Көзі бірден жазылып кетті. Содан кейін өмірінде мүлде көзі ауырмады. Одан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) байрақты хазреті Әлиге тапсырды. Сауытын оған кигізіп, зүлфиқар қылышты қолына берді. «Аллаһым, оны суықтан және ыстықтан қорға» деп дұға етті. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Ол дұғадан кейін маған суық та, ыстық та әсер етпеді» деген. Жазда жүн шапан киіп жүретін, еш қиналмайтын. Қыста да бір көйлекпен шығатын, мүлде жаурамайтын. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ уә кәррәмаллаһу уәжһәһ) тез Хайбәр қамалына қарай бағытталып шабуылдады. Әскерінін бір бөлігі қамалға жетпей тұрып-ақ қамалды басып алды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құлы Әбу Рафи (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) қамалға шабуылдағанда бір яһуди оны қылышпен ұрып, қалқанын жерге түсірді. Сонда хазреті Әли (радиаллаһу анһ) дереу қамалдың темір дарбазасын жұлып алып, өзіне қалқан қылды. Қамалды жаулап алғанша соны көтеріп жүрді. Қамал алынғанда дарбазаны арқасына сүйеп, көпір ретінде ұстады. Сахабалар сол темірдің үстімен жүріп қамалға кірді. Кейін дарбазаны жерге қойды». Әбу Рафи кейін: «Жеті адам болып сол дарбазаны бір жерден басқа жерге жылжыта алмадық» деген. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Хайбәр қамалының дарбазасын денелік күшпен емес, рухани күшпен көтердім» деген.

• Хайбәр соғысында яһуди әйелдерінің бірі пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және сахабаларға арнап бір қой сойып кәуап жасады. Қойдың етіне у қосты. Әсіресе жауырын және сан етіне көбірек қосты. Өйткені пайғамбарымыздың еттің осы бөліктерін жақсы көретінін білетін еді. Тағамды бергенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузына еттің бір кесегін салған сәтінде ет тілге келіп «Йа, Расулаллаһ, маған у қосылған» деп сөйледі. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузына салып шайнаған етін шығарып тастады. Сахаба Бәшир бин Бәра (радиаллаһу анһ) ол еттің бір кесегін жеген болатын. Ол уланып шәһид болды.

• Хайбәр соғысында бір қамал қоршауға алынған болатын. Сол кезде қара нәсілді бір қойшы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. Қасында бір отар қойы бар еді. «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Маған исламды үйретіңіз» деп иман келтіріп, мұсылман болатынын айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған ислам туралы айтып берді. Қойшы «Йа, Расулаллаһ! Мен мына қойлардың егесінің жалданған қойшысымын. Қойлар маған аманат ретінде тапсырылған. Оларды не істейін?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қойларды айдап жібер, олар өз егелеріне барады» деді. Қойшы бір уыс тас алып, қойлар жаққа лақтырды. «Егелеріңе барыңдар, бұдан былай мен сендерге қойшы болмаймын» деді. Қойлар бір жерге жиналды. Кейін оларды біреу айдап кеткендей өздері қамалға қарай кетті. Ол қойшы мұсылман болғаннан кейін әлгі қамалды жаулап алу үшін әбден шайқасты, соңында шәһид болды. Сахабалар оның мәйітін жүн тоқымаға орады. Кейін оны әкеліп, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) артындағы бір жерге қойды. Расулуллаһ ол жатқан жерге бұрылып, ілтипат көрсетті. Кейін мүбәрәк жүзін одан бұрды. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Неліктен мүбәрәк жүзіңізді одан бұрдыңыз?» деп сұрағанда: «Дәл қазір оның қасында екі хури (хор қыз) бар» деді.

• Әсма бинти Умәйс былай айтып берген: «Хайбәр соғысы болып жатқанда мен Хайбәрде едім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) тізесіне қойған еді және сол кезде уахи түсті. Ол кезде күн батып бара жатқан болатын, хазреті Әли (радиаллаһу анһ) әлі екінді намазын оқымаған еді. Уахи түсіп болғанша күн батып кетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым! Егер Әли (радиаллаһу анһ) Сенің және Расулыңның тарапында болса, күнді кері қайтар» деп дұға етті». Әсма бинти Умәйс айтады: «Мен өз көзіммен көрдім, күн батып кеткен болса да, қайтып шықты да, жер бетін жарық қылды». Тахауи бұл хадиске сахих, ал риуаят етушілерін сенімді деген. Ахмед бин Салихтың «Ілім иелері бұл хадис шәрифті сақтап қою керек. Өйткені, бұл пайғамбарлық белгілердің бірі» дегені хабарланған.

• Хижреттің жетінші жылында Махләм бин Жәсама Амир Әшжаиді иман келтіргеннен кейін өлтірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Махләм бин Жәсаманы жазғырып «Мұсылман кісіні неге өлтірдің?» деді. Махләм бин Жәсама «Йа, Расулаллаһ! Ол калима-и шаһадатты өлімнен қорыққаны үшін айтты» деді. Расулуллаһ: «Сен оның жүрегінде не болғанын білетіндей оның жүрегін жарып көрдің бе? Тіл жүректің аудармашысы» деді де, Оған қарғыс айтты. Бір аптадан кейін Махләм бин Жәсама қайтыс болды. Мәйіті жерленді. Жер оның денесін қабылдамай, сыртқа шығарып тастады. Бес рет жерленді, жер қабылдамады. Соңында денесі ашық далаға тасталды. Бұл жағдай Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабарланғанда «Жер одан да бетерлерін қабылдайды. Бұл жағдай сендерге калима-и шаһадаттың қадірін көрсету үшін орын алған» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хұтба оқып жатқанда мешіттегі құрма ағашынан тұрғызылған бір тірекке сүйенді. [Ол тіректің аты Ханнанә еді]. Хижреттің сегізінші, бір риуаят бойынша жетінші жылында Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арнап бір мінбер жасалды. Расулуллаһ жұма күні сол мінберге шығып хұтба оқыды. Сол кезде оған дейін сүйеніп хұтба оқыған құрма тірегі адам секілді ыңырсыды. Сахабалар (ридуануллаһи алейһим әжмаин) бұл дауысты естіді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ол құрма тірегі оған сүйеніп хұтба оқымағаным үшін ыңырсуда» деді. Кейін мінберден түсіп, мүбәрәк қолымен ол құрма тірегін сипап еді, ыңырсығаны тоқтады. Өзі қайтадан мінберге шықты. Мешіттің бұрынғы күйі өзгертілген кезде сол құрма тірегін Убәйй бин Ка’б үйіне алып кетті. Құрттап, шіріп кеткенше оның үйінде тұрды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреттің сегізінші жылында үш мың адамдық әскерді Шамның ауданы саналатын Мутаға соғысқа жіберді. Зәйд бин Харисаны (радиаллаһу та'ала анһ) әмір (басшы) ретінде тағайындады да, былай деді: «Егер Зәйд шәһид болса, онда Жафәр бин Әби Талиб (радиаллаһу анһ) әмір болсын. Егер Жафәр шәһид болса, Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) әмір болсын. Егер Абдуллаһ та шәһид болса, мұсылмандар өз араларында кімді сайласа, сол адам әмір болсын». Ислам әскері Мутада кәпірлермен шайқасуды бастаған кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада мінберге шықты да: «Байрақты Зәйд алды, шәһид болды. Одан кейін байрақты Жафәр алды, шәһид болды. Байрақты Абдуллаһ алды, ол да шәһид болды. Одан кейін байрақты Халид бин Уәлид алды. Оның қолында жеңіс келді» деді. Халид бин Уәлид туралы: «Аллаһым! Ол Сенің қылыштарыңның бірі, Сен оған көмектесе көр!» деп дұға етті. Сол күннен бастап Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) «Сәйфуллаһ» атанды. Йәла бин Мүнәббиһ (радиаллаһу анһ) Мута соғысы жайлы хабар беру үшін Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. Расулуллаһ одан «Сен айтып бересің бе, әлде мен айтайын ба?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ! Сіз айтып беріңіз» деді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мута соғысында болған оқиғалардың бәрін бір-бірден айтып берді. Йәла бин Мүнәббиһ «Сізді әлемдерге пайғамбар ретінде жіберген Аллаһу та'ала хаққы үшін, дәл айтқаныңыздай болды» деді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Аллаһу та'ала жер жүзін мен үшін алып тастады, соғыс майданын бақылап отырдым».

• Бәни Бәкір тайпасы құрайштықтардан көмек алып, Хузаа тайпасына түнде басқыншылық жасады. Хузаа тайпасының көбін өлтірді. Хузаа тайпасы оған дейін Худәйбияда Расулуллаһпен келісім жасап, қарамағына кірген болатын. Басқыншылық жасалған күні таңертең Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Айша Сыддықаға (радиаллаһу анһа) «Хузаада бір оқиға болды» деді. Хазреті Айша «Құрайш қылышпен өлтірілген еді, неліктен келісімдерін бұзды?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Олар келісімдерін Аллаһу та'аланың тілеуімен бұзды» деді. Хазреті Айша «Бұл мұсылмандарға қайырлы ма?» деп сұрап еді, «Иә, қайырлы болады» деп жауап берді. (Осы себеппен құрайшқа шабуыл жасалып, Мекке жаулап алынды).

• Хижреттің сегізінші жылында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккені жаулауға аттанбақшы еді. «Йа, Раббым! Біз Меккеге жеткенше құрайшты қапы қалдыр» деп дұға етті. Мухажирлердің үлкені және Бәдір ардагері Хатиб бин Әби Бәлтәа (радиаллаһу анһ) жанұясы Меккеде болғандықтан және құрайштықтардың оларды қорғауын қамтамасыз ету мақсатымен құрайштықтарға «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пәлен күні сендерге, Меккеге шабуылдайды» деп хат жазып жіберді. Хатты Әбу Ләһәбтің азат болған күңі Сария арқылы жасырын жіберді. Жәбрейіл алейһиссалам бұл жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді, хазреті Зубәйрді, хазреті Миқдадты, хазреті Аммарды, хазреті Талханы және хазреті Әба Мәрсәдті (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) жіберді де, «Хах бақшасына дейін барыңдар. Ол жерде бір арық әйел бар. Ол әйелде бір хат бар. Ол хатты Хатиб меккеліктерге жіберді. Сол хатты алып келіңдер. Әйелді жібере салыңдар. Егер қарсы тұрып, хатты бермесе, мойнын шабыңдар» деді. Олар жолға шығып, әйелге жетіп алды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) қылышын шығарғанда әйел хатты шашының арасынан шығарып берді. Ол хатты Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әкеп берді. Раулуллаһ Хатиб бин Әби Бәлтәаны алдына шақырып: «Неліктен бұлай істедің?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ! Сізге иман келтірген күнімнен бері күпірлікке қайтпадым. Насихатыңызды тыңдағанымнан бері мүлде опасыздық жасамадым. Бірақ жанұям құрайштықтардың арасында. Құрайштықтардың жанұямды қорғағанын қаладым. Әйтпесе менің хатымның оларға ешқандай пайдасы келмейтінін анық білемін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның сөзін растады. Сол сәтте: «Ей, иман келтіргендер! Дұшпандарымды және дұшпандарыңды өздеріңе дос қылмаңдар. Сендер оларға сүйіспеншілік көрсетесіңдер. Алайда олар Құраннан сендерге түскендерді жоққа шығарды. Раббыларың Аллаһқа сенгендерің үшін пайғамбарды және сендерді өз отандарыңнан [Меккеден] қуған еді. Егер сендер менің жолымда және разылығымды алу үшін жиһадқа шыққан болсаңдар, қалайша оларға сүйіспеншілік көрсетесіңдер? Әйтпесе мен сендердің жасырғандарыңды да, жария қылғандарыңды да білемін. Сендерден кім осыны істеген болса, тура жолдан адасқан болады» деген «Мүмтәһинә» сүресінің 1-ші аяты түсті.

• Мекке жаулап алынған кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қағбаны тауаф етті. Қағбаның айналасында үш жүз алпыс үш пұт бар еді. Пұттардың аяқтары жерге қола және қорғасынмен бекітілген болатын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолындағы бір шыбықпен бір пұтты көрсетіп, «Айт: Ақиқат келді, қате нәрселер жойылып кетті. Онсыз да қателер әрдайым жойылып кетеді» деген «Исра» сүресінің 81-ші аятын оқыды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолындағы шыбық әлі пұтқа тимей-ақ пұттар етбетімен құлай бастады. Меккедегі үйлердегі пұттар да сол сәтте етбетімен құлады.

• Мекке жаулап алынған кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлимен (радиаллаһу анһ) қағбаның ішіне кірді. Кейбір пұттар жоғары жерлерге қойылған еді. Оларды құлатуға қол жетпеді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ! Аяғыңызбен менің арқамды басып, мына пұттарды түсіріңіз» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ей, Әли! Сен пайғамбарлық жүкті көтере алмайсың. Сен менің арқамды басып, пұттарды түсір» деді. Хазреті Әли бұйрыққа бағынып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк арқасын басып, пұттардың бәрін төменге түсірді. Сол күйде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Йа, Әли! Өзіңді қалай сезініп тұрсың?» деп сұрады. Әли (радиаллаһу анһ): «Йа, Расулаллаһ! Бүкіл перделер көтерілді. Басым Арштың төбесіне жақындады. Қолымды созсам, Арштың төбесін ұстаймын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Сенің жағдайың Аллаһу та'аланың жұмысын істегенің үшін жақсы. Ал менің жағдайым Аллаһу та'аланың сүйікті құлын көтергенім үшін жақсы» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мекке жаулап алынған күні бесін намазы уақытында Билал Хабәшиге (радиаллаһу анһ) жоғары бір жерге шығып, бесіннің азанын оқуды бұйырды. Құрайштықтар тауға қашып кеткен болатын. Азан сол жерлерде естіліп тұрған еді. «Әшһәду әннә Мухаммадән Расулуллаһ» дегенді естігенде Әбу Жәһлдің қызы Журәйра «Илаһи, сенің есімің ұлы. Біз намаз оқымаймыз, бірақ біздің достарымызды өлтірген адамды (Мұхаммед алейһиссаламды) жақсы көреміз. Әкем Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келгенімен, пайғамбарлық хабарларын қабыл етпеді. Өз қауымына және достарына қарсы шығуды қаламады» деді. Халид бин Усәйид де «Әкемнің мына дауысты (азанды) естімей өлгеніне шүкір» деді. Әкесі Меккенің алынуынан бір күн бұрын өлген болатын. Тауларға қашып кеткен құрайштықтар азанды естігенде әрбірі бір нәрселер айтты. Ал Әбу Суфян «Мен ештеңе айтпаймын. Егер бір нәрсе айтсам, мына тастар Мұхаммедке хабар береді» деді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оларға келіп, қастарында тұрды. Әрқайсысының есімін атап, «Ей, пәленше, сен былай дедің. Ей, түгенше, сен де былай дедің» деп айтқандарын хабарлады. Әбу Суфян «Йа, Расулаллаһ! Мен ештеңе айтпадым» дегенінде Расулуллаһ жымиып күлді.

• Шәйбә бин Осман былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккенің жаулап алуынан кейін Хунәйн соғысына аттанды. Хунәйн – Мекке мен Таиф арасындағы бір алқап. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хунәйн алқабына орналасты. Менің әкем мен көкем Ухуд соғысында ислам әскері тарапынан өлтірілген болатын. Мен өз-өзіме «Мүмкіндігін тауып Мұхаммедтен өшімді алайын» дедім. Оң жағынан жақындамақ болып едім, ол жақта Аббас (радиаллаһу анһ) тұрған еді. Ол маған мүмкіндік бермейді дедім. Сол тарапына бардым. Ол жақта да бір адам бар еді. Ақыр соңында артына жақындадым. Бірден секіріп шығып, қылышпен ұрмақ болдым. Сол сәтте кенеттен найзағайдай бір от жарқ етті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пен менің арамызда перде болды. Ол от мені өртеп жіберетін еді. Қорыққанымнан қолыммен көзімді жауып, артқа қаша жөнелдім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұрылып маған қарады. «Ей, Шәйбә! Бері жақында!» деді. Алдына барғанымда «Илаһи, бұдан шайтанды аулақ қыл» деді. Сол сәтте Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзіне көзім түсті. Ол маған өз жанымнан да сүйікті болып көрінді. Кейін маған: «Ей, Шәйбә! Кәпірлермен соғыс» деді».

• Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қағбаны тауаф етіп жатқанда бір қол және ала шапан көрдік. Мен «Йа, Расулаллаһ, әлгі қол мен ала шапан не еді?» деп сұрадым. Ол «Сендер де оны көрдіңдер ме?» деп сұрап еді, «Иә, көрдік» дедім. Сонда: «Ол Иса бин Мәриәм еді. Келіп, маған сәлем берді» деді».

• Малик бин Ауф Хунәйн соғысында кәпірлердің әскерінің қолбасшысы еді. Ислам әскерімен шайқасуға жақындаған кезінде ислам әскерінің арасына тыңшыларын хабар әкелу үшін жіберді. Тыңшылары барып, жабырқап келді. Малик бин Ауф тыңшыларынан неліктен осындай жағдайда келгенін сұрады. Сонда олар «Ислам әскерінде әдемі аттарға мінген аппақ адамдарды көрдік. Егер олар бізбен соғысса, уаллаһи біз оларға қарсы төтеп бере алмаймыз! Егер бізді тыңдасаң, әскеріңді жинап, дереу кері қайт! Бізді де, өзіңді де құрып кетуден құтқар!» десті.

• Хунәйн соғысында ислам әскері алдымен жеңіліске ұшырайтындай жағдайға түсті. Кейін қайтадан жиналды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым! Уәде еткен көмегіңді және жеңісіңді нәсіп ете көр!» деп дұға етті. Одан кейін Раббани көмек және Субхани демеу келді. Ақ періштелер атқа мінген күйде соғысқа қатысты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Дәл қазір соғыс қайнап тұрған кез» деді. Кейін бір уыс топырақ сұрады да, ол топырақты кәпірлердің бетіне шашып, «Түрлері құрысын» деді. Кәпірлерден сол топыраққа көзі толмаған ешкім қалмады. Кейін астаң-кестең болып, шыдай алмай, қашып кетті. Осы туралы бір риуаят мынадай: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Аббасқа (радиаллаһу анһ) «Ей, Аббас, маған бір уыс топырақ бер» деді. Расулуллаһ мұны айтқанда мінген түйесі қарны жерге тигенше шөкті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен бір уыс топырақ алып, мүшриктердің бетіне шашты. «Түрлері құрысын, көмексіз қалсын» деді. Аллаһу та'ала олардың тас-талқанын шығарды».

• Амир бин Амр Мәдәни (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берген: «Хунәйн соғысында Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында жаумен шайқасып жатқан едім. Кенеттен маңдайыма бір оқ тиді. Маңдайымнан шыққан қан бетіме ақты. Сақалыма және кеудеме дейін ақты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен бетімдегі және көзімдегі қанды кеудеме қарай ағызды». Амир бин Амр бұл оқиғасын өмірі бойы айтып жүрді. Қайтыс болған кезінде денесі жуылғанда кеудесіндегі Расулуллаһтың мүбәрәк қолы тиген жерге қарағанда ол жері аттың маңдайындағы ақтық секілді жарқырап тұрды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреттің тоғызыншы жылында Бәни Килаб тайпасына бір топ әскер жіберді. Әрі хат жіберіп, исламға шақырды. Бәни Килаб тайпасы мұсылман болуды қабылдамады. Оларға жіберілген тері үстіне жазулы хатты суға тастап, жазуын өшірді. Ал терісінен су шелегін жасады. Бұл хабар Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеткенде: «Аллаһу та'ала ақылдарын кетірсін» деді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы қарғысынан кейін ол қауым толықтай ақылдарын жоғалтты. Сөйлеу қабілеттері бұзылып, түсініксіз сөйлей бастады. Тіпті кейбірлерінің не айтқанын ажырату мүмкін емес еді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук соғысына бара жатқанда сахабалармен бір жерге орналасып түнеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) таңға жақын ұйықтады. Күн туғанда оянып, Әбу Қатададан (радиаллаһу анһ) су сұрады. Әбу Қатада былай айтып берген: «Торсығымда су бар еді. Расулуллаһтың мүбәрәк қолына құйдым, дәрет алды да, маған: «Судың қалғанын сақтап қой, керек болады» деді. Бәрі кетіп қалған болатын. Олар жолда сусыз бір жерге тоқтаған еді. Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар (радиаллаһу анһума) қанша «Су басына тоқтайық» деген болса да, ешкім тыңдамаған еді. Біз оларға жеткен кезде күннің ыстығы оларды әбден қинағанын байқадық. Шөлден түйелерін сойып, түйелердің асқазанында қалған суды ішіп жатқан еді. Расулуллаһ олардың бұл жағдайын көріп, «Әбу Бәкір мен Омарды тыңдасаңдар, мұндай қиыншылыққа тап болмас едіңдер» деді. Кейін торсықта қалған суды сұрады да, бәрін шақырып, суды құя бастады. Сахабалардың бәрі шөлі қанғанша су ішті. Он мың жылқыға және он бес мың түйеге су берді».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук соғысына барған болатын. Сахаба Абдуллаһ бин Хайсәмә (радиаллаһу анһ) бармай қалған еді. Оның екі сұлу әйелі бар еді. Екеуінің де әдемі шатырлары бар еді. Шатыр астына су сеуіп, әсем алашалар мен көрпешелер төсеген болатын. Дәмді тағамдар даярлаған еді. Абдуллаһ бин Хайсәмә бұл жағдайды көргенде «Субһаналлаһ, өткен уақытта да, келешекте де мүлде күнәсі жоқ және Аллаһу та'аланың мейіріміне бөленген пайғамбар мына ыстықта қаруын алып, кәпірлерге қарсы жиһадқа барады, ал Абдуллаһ бин Хайсәмә салқын көлеңкеде әйелдерімен әңгімелесіп отырады ма? Бұл адамгершілікке жатпайды! Уаллаһи Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бармайынша және Оған қызмет етпейінше мына әйелдердің ешбірімен сөйлеспеймін» деді. Кейін дереу түйесіне мініп, жолға шықты. Әйелдері қанша сөйлеспек болса да, оларға мүлде жауап бермеді. Тәбукке жақындағанда Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Алыстан түйеге мініп келе жатқан біреу көрінді» деп хабар берілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ол Абдуллаһ бин Хайсәмә болса керек» деді. Алдына келіп сәлем бергенде: «Йа, Абдуллаһ бин Хайсәмә! Дүниенің өткінші ниғметтерін тастап, Аллаһу та'аланың разылығын көздеуін сен үшін қандай жақсы, қандай жағымды болды» деді.

• Әбу Умәйя (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук жорығында уадиул-кура деген жерге барған еді. Ол жерде бір әйел керемет құрма бағын өсірген болатын. Расулуллаһтың бұйрығымен сахабалар ол бақтың құрмасын жинады. Он уәск (өлшем бірлігі) құрма шықты. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әйелге «Бағыңдағы құрманы жина да, қанша шыққанын өлше» деді. Әйел құрманы жинаған соң одан «Қанша шығыпты?» деп сұрады. Ол «Он уәск шықты» деді. Сахабалардың жинағанындай шыққан еді. (Расулуллаһтың мұғжизасымен әйелдің құрмасы мүлде азаймады. Бағы қанша құрма беріп тұрған болса, сонша шықты).

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук жорығы кезінде уадиул-курадан Тәбукке жолға шыққанда: «Бұл түні қатты жел соғады. Ешкім орнынан тұрмасын! Түйелерді берік байлаңдар!» деп бұйырды. Ол түні қатты жел соқты. Екі адам түнде орнынан тұрған болатын. Жел оларды алып кетті де, алыс тауларға апарып тастады.

• Әбу Зәр Ғифари (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук жорығына шыққан кезде менің өте арық, жүрмейтін түйем бар болатын. «Бірнеше күн түйемді қоректендіріп, кейін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жетіп алармын» деп ойладым. Түйеме бірнеше күн жем бердім. Кейін жолға шықтым. Бір жерге жеткенде түйем шөгіп қалды да, тұрмай қойды. Сонда мен заттарымды арқалап, қатты ыстықта Тәбукке қарай жаяу жолға шықтым. Алыстан келе жатқаным байқалғанда сахабалар «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), жалғыз адам жаяу келе жатыр» деген еді. Расулуллаһ «Ол келе жатқан адам Әбу Зәр Ғифари болса керек» деді. Мен оларға жақындағанда сахабалар «Иә, расымен де Әбу Зәр Ғифари» десті. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Орнынан тұрып «Қош келдің, ей Әбу Зәр! Рахаттық пен қуаныш Әбу Зәрге нәсіп болсын, ол жалғыз жүреді, жалғыз өледі және жалғыз тіріледі» деді». Шынымен де Әбу Зәр Ғифари Рәбзә деген айдалаға орналасты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқанындай ол жерде жалғыз өмір сүріп, жалғыз қайтыс болды.

Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай деген: «Әбу Зәр Ғифариді (радиаллаһу анһ) Рәбзәде жалғыз өзі қайтыс болғанын көрдім. «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқаны рас шықты» дедім өз-өзіме». Мустақса былай деген: «Рәбзәде Әбу Зәр Ғифаридың (радиаллаһу анһ) қабірін зиярат етіп бардым. Оның қабірі басқа сахабалардың қабірінен ерекше әсер етті. Қабірінің қасында намаз оқыдым. Сәждеге жығылғанымда қабірінің топырағынан мұрныма хош иіс келіп жатты».

• Тәбук соғысында жолда тұрақтаған жерлердің бірінде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйесі жоғалып қалды. Мұнафиқтардың бірі «Мұхаммед өзін пайғамбар санап, сендерге аспаннан хабар беріп жүр. Ал өз түйесінің қайда екенін білмейді» деді. Ол мұнафиқтың бұл сөздерін сахабалар Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты. Ол: «Мен тек Аллаһу та'ала білдірген нәрселерді ғана білемін. Дәл қазір Раббым маған түйемнің пәлен жерде тізгіні бір ағашқа оралып қалғанын білдірді» деді. Сол жерге барғандар түйені тізгіні бір ағашқа оралған күйде тұрғанын көрді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук соғысына барғанда мұнафиқтардың бір тобы да әскерге қосылған еді. Олардың бірі Уәдиа бин Сәбит еді. Басқа бірі Әшжа тайпасынан Махши бин Хумәйр еді. Мұнафиқтар өзара әскердің ішінде былай сөйлескен еді: «Мұсылмандар Бәни Асфарға қарсы соғысты басқаларға қарсы соғыс секілді болады деп ойлауда. Ертең мұсылмандарды жіпке тізіп байлап, қалай тұтқындайтынын көресіңдер». Сол кезде Махши бин Хумәйр «Уаллаһи әрбірімізге жүз дүре соқса да, біз туралы Құран аяты түспесе болғаны» деді. Олар осылай сөйлесіп жатқанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аммар бин Ясерге (радиаллаһу анһ): «Бар, әскердің арасында бір-бірімен сөйлесіп жатқандарды тап та, не туралы сөйлесіп жатқандарын сұра. Егер мойындамаса, «Сендер былай-былай дедіңдер» деп айт» деді. Аммар бин Ясер (радиаллаһу анһ) сол сөздерді оларға айтты. Сонда бәрі кешірім сұрады да, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. Арасынан Уәдиа бин Сәбит Расулуллаһтың түйесінің тізгінін ұстап: «Йа, Расулаллаһ! Біз әр түрлі сөздер айтып қойдық. Бос сөздер айтып масқара болдық» деді. Махши бин Хумәйр менің және әкемнің есімі бұлардың арасында аталмасын деген оймен кешірім сұрады. Кешірімі қабылданып, есімі өзгертілді, Абдуррахман есімі берілді. Кейін Аллаһу та'алаға дұға етіп, ешкім білмейтін бір оңаша жерде шәһид болуды тіледі. Йәмама соғысында шәһид болды және ол жайлы ешқандай хабар келмей қойды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук жорығында Тәбукке жақындаған кезде сахабаларға «Ертең сәске уақытында Тәбукке жетеміз. Мен келмегенше ешкім қолын суға салмасын!» деп бұйырды. Ол жаққа жеткенде бәрі суы өте аз ағып жатқан бұлақты көрді. Суға қолдарын тигізбеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді де, сол бұлақтың суымен мүбәрәк қолы мен бетін жуды. Сол сәтте бұлақтың суы көбейіп, қатты аға бастады. Бүкіл әскер қалағанша су алды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Муаз бин Жәбәлге (радиаллаһу анһ): «Сенің өмірің мына бұлақ суының бақшаларға аққанын көруге жетеді» деді.

• Муаз бин Жәбәл (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Тәбук соғысынан қайтып келе жатқанда бір сайға келдік. Ол сайда тастың жарығынан ағып жатқан бұлақ бар еді. Суы бір немесе екі адам ішетіндей аз еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ешкім менен бұрын ол суға тимесін. Менен бұрын жеткендер ол суға тиіспесін» деп бұйырды. Сахабалардан төрт кісі ол суға бірінші жетті. Суы біраз жиналып қалған екен, соны алды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалармен бірге сонда жеткенде судың алынғанын көрді. «Бұл суды кім алды?» деп сұрады. «Пәлен-пәлен кісілер алды» деген жауап алды. Оларға ұрысты. Кейін төмен түсіп, тастың жарығын мүбәрәк саусағымен сипады және Аллаһу та'ала тілеген нәрселерді айтты. Тастың жарығынан су шыға бастады. Бір уыс су алып, су жолына септі». Муаз бин Жәбәл (радиаллаһу анһ) «Уаллаһи, ол сайда найзағайдың дауысындай гүрілдеп су аққанын естідік» деген. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) араларыңда кімнің өмірі жетсе, мына сайдың басқа сайлардан әлдеқайда жасыл және әдемі болатынын көреді» деді. Сәләф-и салихиннен бір кісі «Уаллаһи, біз бен Шам арасында сол сайдан әдемірек және жасылырақ сай жоқ еді» деген.

• Тәбук жорығынан қайтар жолда үлкен, қорқынышты және ерекше жылан сахабалардың алдынан шықты. Бәрі қатты қорқып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына жиналды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасындағыларды қорғап жүретін. Кейін қорқынышты жылан жолдан кетті. Басын көтеріп, сахабаларға қарады. Кейін басын түсірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мына көрген жыландарың – маған Құран кәрім тыңдауға келген жындардың бірі. Оның мекендеу ортасына жақындағандарың үшін сендерге келді. Сендерге сәлем беріп жатыр, жауап беріңдер» деді. Сахабалар жауап берді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Кім болса да, Аллаһу та'аланың құлдарын жақсы көріңдер [яғни мүмин құлдарын жақсы көріңдер]!» деді.

• Бәни Сад тайпасынан бір жас жігіт айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалардан алты кісімен бірге Тәбукте бір жерде отырған еді. Мен олардың қасына бардым. «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән Расулуллаһ» деп мұсылман болдым. Расулуллаһ маған «Мәңгі бақытқа қауыштың» деді. Кейін Билал Хабәшиден (радиаллаһу анһ) тамақ сұрады. Хазреті Билал теріден жасалған дастархан жайды. Дорбадан маймен даярланған біраз құрма шығарды. Бәріміз сол құрманы жеп тойдық. Мен «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Мұсылман болмай тұрып мен осыншама құрманы жалғыз өзім жейтінмін, сонда да тоймайтынмын» дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жауап ретінде: «Кәпір жеті ішегіне жейді. Ал мұсылман бір ішегіне жейді» деді. Басқа бір күні сәске уақытында исламға деген сенімімнің артуы үшін тағы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына бардым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) он кісімен бірге отырған еді. Билал Хабәшиден (радиаллаһу анһ) тамақ сұрады. Ол дорбадан бір уыс құрма шығарды. Расулуллаһ «Құрманың бәрін шығар, Аллаһу та'ала әркімнің ризығына кепіл, үмітсіз болма» деді. Билал Хабәши (радиаллаһу анһ) дорбадағы барлық құрманы шығарды. Құрма мөлшері екі муд шамасында еді. [Бір муд – екі толған уыс шамасы]. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолын құрманың үстіне қойды да, «Бисмиллаһ айтып жеңдер» деді. Бәрі жеді, мен де жедім. Мен көп жеп, тойғаным сонша, тағы бір құрма жеуге де шамам қалмады. Жердегі төсеніште Билал Хабәши қойған шамада құрма сол күйінде тұрған еді. Тағы үш күн сол құрманың қалғанын жедік. Кейін Билал Хабәши (радиаллаһу анһ) шығарғаны шамасында құрманы қайтадан дорбасына салып толтырды. Менде исламның хақ дін екеніне толық сенім пайда болды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбукке барған кезінде Геракл да Хумусқа келген еді. Сол жерде Расулуллаһтың әр түрлі хәлін іздестіріп, біліп келуі үшін бір адамын жіберді. Ол адам келіп, Расулуллаһтың үстем мінез-құлқына және көркем хәлдеріне куә болды. Мүбәрәк көзіндегі қызылды, пайғамбарлық мөрін көрді. Садақа қабыл етпейтінін білді. Кері қайтып, көргендерін Гераклға айтып берді. Геракл бұл хабарды алған соң өз қауымын жинады. Мұсылман болуға бәрін шақырды және Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынуын бұйырды. Қауымы Гераклдың бұл сөздерін естігенде қаруларын көтеріп, оны қыспаққа алды. Гераклдың отырған жерінен қимылдауға да шамасы келмей қалды. Әр түрлі қулық пен айла қолданып, қауымының қысымынан әрең құтылды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Халид бин Уәлидті (радиаллаһу анһ) сахабалардың бір жамағатымен Тәбуктен Думәтул-Жәндәлге жіберді. Думәтул-Жәндәлдің көсемі Әкидир насрани (христиан) еді. Онымен соғыспақшы еді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ, біз жаудың мемлекетіндеміз. Күшіміз де өте аз, жағдаймыз не болады?» деп сұрады. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ол таудың сиырын аулаумен әуре болғанда Аллаһу та'ала сені оған қарсы жеңіске жеткізеді» деді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) айлы түнде Әкидирдің қамалына жетті. Әкидир әйелімен қамалдың шатырында сазды аспап тыңдап, шарап ішіп отырған еді. Бір әнші әйел ән айтып жатты. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) бір жерге тығылып, оларды көріп тұрған еді. Сол кезде таудың екі сиыры бір-бірімен ойнасып, қамалдың есігіне келді. Мүйіздерімен есікті соға бастады. Әнші әйел Әкидирге оларды көрсетіп, «Мұндай аңшылық көргенсің бе, оларды жіберіп алма» деді. Әкидир атын дайындауды бұйырды. Қасына інісі Хассанды және бірнеше адамын алып, қамалдан сыртқа шықты. Әйелдер де арттарынан шықты. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) оларға шабуылдады. Хассанды өлтірді. Әкидирді тұтқынға алды. Қалғандары қашып, қамалға кіріп кетті.

• Тәбукте Бәни Сад тайпасынан бірнеше кісі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді де, «Йа, Расулаллаһ! Тайпамыздың бір құдығы бар, суы өте аз, тайпамызға жетпей жатыр. Сол құдық суының артуын Аллаһу та'аладан тілеп дұға етуіңізді сұрауға келдік. Осылайша молшылыққа жетейік. Жауларымызға мұқтаж болудан құтылайық» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бірнеше кішкентай тас әкеліңдер» деп бұйырды. Үш жұмыр тас әкеліп, мүбәрәк қолына берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол тастарды мүбәрәк қолымен сипады да, әкелген адамға қайтарып берді. «Мына тастарды Аллаһу та'аланың есімін атап, бір-бірден сол құдыққа тастаңдар» деді. Олар айтқанындай істеді. Ол құдықтың суы әрі көбейді, әрі тәтті болды. Осылайша олардың әл-ауқаты жақсарып, жауларына қарсы жеңіске жетті.

• Ирбаз бин Сария (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбукте Умму Сәләмәнің (радиаллаһу анһа) шатырында болғанда екі адамның және менің қарнымыз ашты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге тамақ сұрады, бірақ табылмады. Билал Хабәшиге «Аналарға тамақ тап» деді. Ол «Уаллаһи бүкіл дорбаларымды ақтарып шықтым, ештеңе қалмаған екен» деді. «Қайтадан ақтарып көр, бәлкім бір нәрсе қалған болар» деді. Билал Хабәши (радиаллаһу анһ) дорбалардың әрбірін ақтарып шықты. Жеті құрма шықты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолын сол құрмаларға қойды да «Бисмиллаһ айтып жеңдер» деді. Мен елу төрт құрма жедім. Сүйектерін қолыма жинаған едім. Достарым да сонша жеді. Соңында жеті құрма алдымызда тұрған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Билал Хабәшиге (радаллаһу анһ) «Мына құрмаларды сақтап қой, бұларды жеген адам міндетті түрде тояды» деді. Кейін басқа бір күні он кедей адам Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. Әлгі жеті құрманы Билал Хабәшиден сұрады. Мүбәрәк қолын сол жеті құрмаға қойып «Бисмиллаһ айтып жеңдер» деді. Бәрі тойды және жеті құрма алдарында тұрған еді. Одан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Раббымнан ұялмасам, Мәдинаға дейін әскерді осы құрмамен тойдыратын едім» деді. Кейін ол құрмаларды бір кішкентай балаға берді».

• Тәбук жорығынан қайтар жолда мұнафиқтар Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тау жолында жардан төменге құлатамыз деп өзара келіскен болатын. Түннің бір уақытында таулы жолға келген кезде Расулуллаһ сахабаларға «Бәрің қиядағы жолмен жүріңдер. Ешкім менімен келмесін» деп бұйырды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзі түйесіне мініп, өрге қарай жүрді. Түйесінің тізгінін Аммар бин Ясерге (радиаллаһу анһ) берді. Хузәйфаға (радиаллаһу анһ) түйені жетектеп жүру міндетін тапсырды. Осылайша өр жолмен кетіп бара жатты. Арттарынан бір топ адам келе жатқаны байқалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хузәйфаға (радиаллаһу анһ) «Артта келе жатқандарды кері қайтар» деп бұйырды. Ол келе жатқандардың түйелерінің тұмсықтарынан ұра бастады. Мұнафиқтар Мұхаммед алейһиссалам айламызды түсініп қойды деп дереу кері қайтып, өрден төмен түсті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Хузәйфадан (радиаллаһу анһ) «Ол топтың ішінде танитындарың бар ма?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), пәленше-пәленшелердің түйесін таныдым. Бірақ бәрі беттерін жауып алған еді және түн қараңғы еді, оларды тани алмадым» деді. Таң атқанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Усәйид бин Худайрға (радиаллаһу анһ) «Ей, Әбу Яхия, түнде мұнафиқтар не ұйымдастырғанын білесің бе? Мені түнде жардан төменге құлатпақ болды» деді. Усәйид бин Худайр (радиаллаһу анһ): «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат берсеңіз, бастарын шауып әкелейін» деді. Ол «Халықтың «Соғыс аяқталды, Мұхаммед сахабаларын өлтіре бастады» дегенін қаламаймын» деді. Усәйид бин Худайр «Йа, Расулаллаһ, олар сіздің сахабаларыңыз емес қой» дегенінде «Олар шаһадат айтып, көріністе мұсылман болып жүр. Аллаһу та'ала маған шаһадат айтқанды өлтіруге тыйым салды» деді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұнафиқтардың әрбірін Хузәйфаға (радиаллаһу анһ) білдірді де, «Аллаһу та'ала маған олардың жаназа намазын оқуға тыйым салды» деді. Хузәйфа ибн Йәманиден (радиаллаһу анһ) басқа оларды ешкім білмейтін еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғаннан кейін әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) жаназа оқылатын кездері Хузәйфаға (радиаллаһу анһ) қарайтын еді. Ол жаназа намазын оқыса, өзі де оқитын. Оқымаса, ол да оқымайтын.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбукте былай деді: «Аллаһу та'ала маған парсының және румның (Иранның және Византияның) қазыналары мен Химяр патшаларының Аллаһ жолында жиһадқа көмектесетінін сүйіншіледі». Мәдинаға қайтқаннан кейін Химяр патшасының бір елшісі келді. Мүшрик болуды тастап, мұсылман болғандарын айтты. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ислам дінін баяндайтын кітап сұрады. Расулуллаһ ислам дінінің үкімдерін баяндайтын кітап жазылып берілуін бұйырды. Ислам үкімдері баяндалған кітап жазылды. Ол кітап елшімен бірге жіберілді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тәбук жорығынан қайтқан соң Мәдинаға айналадағы патшалардың және тайпа көсемдерінің елшілері келе бастады. Елшісін жіберген тайпалардың бірі Бәни Мурра тайпасы еді. Олар он үш кісіні елші ретінде жіберді. Елшілер тайпаларының мұсылман болғанын мәлімдеді. Аймақтарында жаңбыр мүлде жаумайтынын, шөп өспей, қурақшылықтан ауыр ашаршылыққа тап болғанын айтты. Бұл қиыншылықтан құтылу үшін Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұға сұрады. Ол «Йа, Раббым, оларды жаңбыр мен суға тойғыз» деп дұға етті. Бәни Мурра тайпасының елшілері ауылдарына қайтқанда жұртшылық түгелдей рахаттанғанын көрді. Өйткені Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оларға дұға еткен күнінде ол жақта мол жаңбыр жауған еді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Таиф жорығына бара жатқанда бір түні Таиф маңында Нужәйб деген бір алқаптан өтті. Ол алқаптың ағашы көп еді. Араларында қарағай және қараған ағаштары өте көп еді. Сол алқаптан өтіп бара жатқанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түйесінің үстінде ұйықтап жатқан болатын. Қараңғы түнде басының тұсына бір қарағай ағашы шықты. Қарағай ағашы ортасынан екіге бөлінді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ағашқа ұрылмастан қиналмай өтіп кетті. Сол екіге бөлінген қарағай ұзақ уақыт бойы солай қалды. Ол аймақта сол ағаштың аты шығып, «Нәбидің қарағай ағашы» деп аталып кетті. Ол алқапта қойын жаюға немесе басқа бір жұмыспен барғандар ол жақтан ағаш шауып, шөп жинайтын. Бірақ әлгі қарағайға тиіспейтін. Өйткені ол ағаштың оқиғасын бәрі білетін. Бұл мұғжиза мәңгі қалған естелік ретінде «Шәрәф-ул Мустафа» атты кітапта жазылған.

• Абулқайс тайпасынан Мәдинаға бір топ адам келді. Олармен бірге бір жынды адам да қосылып келген болатын. Олар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына шығарылды. Қастарындағы жындының қылықтарынан, көзінен-ақ жынды екені байқалып тұрды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мынаны арқасымен қаратыңдар» деді. Арқасымен қаратқан соң Расулуллаһ оның арқасына шапан жауып, «Шық, ей, Аллаһтың дұшпаны» деді. Сол сәтте жындының көзқарасы түзеліп, жындылық қылықтары кетті. Есі дұрыс адамдай қарай бастады. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жынды адамның бетін өзіне бұрып, мүбәрәк қолымен көзін сипады. Қартайған болса да жүзі жасарып, ақылы орнына келді. Есі дұрысталып, ақылды болғаны сонша, қауымында одан ақылды ешкім жоқ еді.

• Абулқайс тайпасынан Мәдинаға келген топ арасында біреу бар еді. Ол адам Бахрейнде көкесінің ұлымен шарап ішіп жатқанда көкесінің ұлының аяғын жаралаған болатын. Ол жараның ізі қалған еді. Топтағы адамдар «Йа, Расулаллаһ! Біз тұратын жердегі ахуал нашар. Біз тамақтан кейін шарап ішеміз» десті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардың бұл сөзін естігенде «Араларыңдағы біреу шарап ішіп мас болады. Сөйтіп көкесінің ұлының аяғын жаралайды» деді. Аяғында жараның ізі қалып кеткен әлгі адам мұны естіп, аяғын жапты.

• Тәбук жорығы орын алған жылы Хабәш патшасы (Нәжаши) қайтыс болды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына Бақи мазарында жиналуды бұйырды. Бәрі сонда жиналды. «Бауырларың Нәжаши қайтыс болды» деді де, төрт тәкбір айтып, оның сыртынан (алыстан) жаназа намазын оқыды. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа): «Нәжашидің қабірінің үстіне үздіксіз нұр жауып тұрған еді» деген. [Ол патшаның есімі Әсхама болатын, ол мұсылман болған еді].

• Хижреттің оныншы жылында Бәни Амир тайпасынан бір топ адам Мәдинаға келіп, мұсылман болғандарын мәлімдеді. Ислам дінінің үкімдерін үйренді. Олардың арасында Әрбәдә бин Қайс және Амир бин Туфәйл есімді атақты адамдар мұсылман болмады. Амир бин Туфәйлге қауымындағылар «Мұсылман бол» деді. Амир «Бүкіл арабтар маған мойынсұнғанша соғысуға ант еттім. Қазір қалайша құрайштық бір жас жігітке өзім мойынсұнамын?» деді. Кейін досы Әрбәдә бин Қайсқа «Мен Мұхаммедті сөзге айналдырып, бетін өзіме қаратып тұрайын. Сен артынан келіп, қылышпен Оны өлтір» деді. Кейін Амир бин Туфәйл Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді де, «Маған салық тағайындап, мені өз еркіме жібер» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Егер иман келтірмесең, онда солай болады» деп жауаптады. Ол болса Расулуллаһты сөзге айналдырып, назарын өзіне тартып, Әрбәдә бин Қайсқа қарап тұрған еді. Бірақ ол ештеңе істей алмай тұрды. Әңгіме ұзап кетті. Амир Расулуллаһқа сол жерді атты және жаяу әскерге толтыратынын айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Раббым, мені Амирдың зиянынан сақта» деп дұға етті. Аллаһу та'ала оған оба ауруын беріп, көзін құртты. Әрбәдә бин Қайс «Мен арттан Мұхаммедке қастандық жасамақ болғанымда Амирды арамызда көріп тұрдым. Қылышпен ұра алмай тұрдым» деген. Аллаһу та'ала Әрбәдәні де бір найзағаймен ұрып көзін құртты.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижреттің оныншы жылында хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) исламды тарату үшін Йеменге жіберді. Ка’б-ул Ахбар Йеменде еді және әлі мұсылман болмаған еді. Ол хазреті Әлиден Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сипаттарын сұрады. Хазреті Әли Расулуллаһтың көркем мінезін, келбетін, қасиеттерін айтып берді. Ка’б-ул Ахбар мұны естігенде күлімдеді. Хазреті Әли себебін сұрағанда «Күлімдеуімнің себебі – сен айтып берген бұл сипаттардың бәрін біз Таураттан оқыдық» деді де, иман келтірді. Мүмкіндігінше исламның үкімдерін үйренді. Йеменде қалған уақыты бойы халыққа исламды үйретті. Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде Мәдинаға келді. «Әттең, хижреттен кейін келіп, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатына қатысу бақытына бөленгенімде ғой» деп әбден өкінді. Кейбір кітаптарда былай жазылған:

Ка’б-ул Ахбар туралы атақты хабар мынадай: Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) халифа кезінде Ка’б-ул Ахбар Шамда онымен көрісіп мұсылман болды. Саид бин Мусәйибтің (радиаллаһу анһ) айтуынша, Аббас (радиаллаһу анһ) Зәмзәм құдығының қасында отырған еді. Сол кезде Ка’б-ул Ахбар алдына келді. Ка’б-ул Ахбардан «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында және әмир-ул мүминин хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) заманына дейін иман келтіруді кешіктіруіңе не бөгет болды?» деп сұрады. Сонда Ка’б-ул Ахбар айтып берді: «Әкем маған Таураттан біраз мәліметтер жазып беріп, сонымен амал етуімді бұйырған болатын. Тауратты мөрлеп, сол мөрді ашпауыма маған ант еткізді. Ислам діні келгенде исламнан қайырлырақ ештеңе жоқ екенін көрдім. Өз-өзіме «Әкем менен кейбір мағлұматтарды және хабарларды жасырған» деп мөрленген Тауратты ашып оқыдым. Онда Мұхаммед алейһиссаламның және үмбетінің сипаттары жазылған еді. Соларды оқыған соң келдім де, иман келтірдім».

• Хижреттің оныншы жылында Жәрир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) Йеменнен Мәдинаға келіп мұсылман болды. Ол Мәдинаға келмекші болғанында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хұтба оқып жатқанда «Мына есіктен бір кісі кірмекші. Ол Йемен халқының ең қадірлісі және ең құрметтісі болса керек» деді.

Жәрир бин Абдуллаһ атқа міне алмайтын еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен кеудесін ұрды. Қолының ізі кеудесінен мүлде кетпеді. «Аллаһым, оны берік қыл, хидаятқа түсір және хидаятқа шақырушы қыл» деп дұға етті. Одан кейін ол аттан түспейтін болды.

• Хижреттің оныншы жылында Тай тайпасынан бір топ адам Мәдинаға келіп, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында мұсылман болды. Араларында тайпаларының көсемі және зиялы кісі Зәйд бин Хайл да бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған Зәйд-ул Хайр деген есім берді де, «Осы күнге дейін арабтардан маған кімнің ізгілігі айтылған болса, ол адаммен кездескенде айтылғанынан аз болғанын көрдім. Бірақ Зәйд-ул Хайрдың ізгілігі естігенімнен көп екен» деді. Зәйд-ул Хайр (радиаллаһу анһ) өз еліне қайтатын кезінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Әттең, Зәйд Мәдинаның безгек ауруынан құтылғанда ғой» деді. Зәйд (радиаллаһу анһ) еліне жақындаған кезде Нәжид қалаларының бірінде безгек ауруынан қайтыс болды.

• Ади бин Хатәм Мәдинаға келген еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Мұсылман бол, саламаттыққа жет» деді. Ади бин Хатәм «Менің өз дінім бар» дегенде Расулуллаһ «Мен сенің дініңді сенен жақсы білемін. Сен насара және сабиәйн дінін таңдапсың» деді. Ол «Иә» дегенде «Сен қауымың арасында олжа мүлкінің төрттен бірін аласың. Алайда бұған сендердің діндеріңде рұқсат жоқ» деді. Ади бин Хатәм: «Мен мұны естігенде жүрегімде ислам діні туралы жаман ойлар қалмады» деп айтып берген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сөзін жалғастырып оған: «Сен мұсылмандарды кедей деп санайсың және сол себепті өзің мұсылман болмай жүрсің. Күні келеді, олардың мал-мүліктері көбейетіні сонша, садақа беретін кедей таппайды. Егер сен мұсылмандардың жаулары көп деп мұсылман болмасаң, Хираға барып көргенсің бе?» деді. Ол «Жоқ, бірақ ол жерлерді білемін» деді. «Жуырда бір әйел Хирадан жалғыз өзі Меккеге келіп, қағбаны тауаф етеді және Аллаһу та'аладан басқа ешкімнен қорықпайды. Егер патшалар мен сұлтандар мұсылман емес деген оймен мұсылман болмасаң, аз уақыттан кейін Кисра бин Хурмуздың мемлекетін мұсылмандар жаулайды және қазыналарын алады» деді. Ади бин Хатәм айтқан: «Кисра бин Хурмуздың мемлекетін бе?, - деп таңқалып сұрап едім, «Иә» деді. Мен дереу иман келтірдім. Уаллаһи, Хирадан бір әйелдің жалғыз өзі қағбаға барып, тауаф еткеніне куә болдым. Кисраның мемлекеті де мұсылмандардың билігіне өтті. Оның мемлекетін жаулап алғандар арасында мен де бар едім. Мұсылмандардың садақа беретін адам таппайтындай байып кететіні де хақ».

• Тағы хижреттің оныншы жылында Әслам тайпасынан бір топ адам Мәдинаға келді. Бәрі мұсылман болып, исламның үкімдерін үйренді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Біздің елімізде ашаршылық болып жатыр, бұл жылы мүлде жаңбыр жаумады. Бізге дұға етіңіз» деп өтінді. Расулуллаһ оларға дұға етті. Олар елдеріне қайтқанда дұға жасалған күні жаңбыр жауғанын көрді.

• Нәжашидің қарындасының ұлы Фируз Дәйләми (радиаллаһу анһ) хижреттің оныншы жылында Мәдинаға келіп иман келтірді. Өзін пайғамбар деп жариялаған Әсуад Анасиді ол өлтірді. Оны өлтірген түннің таңында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларға «Кеше түнде Әсуәд Анаси өлтірілді» деді. «Йа, Расулаллаһ! Оны кім өлтірді?» деп сұралғанда «Мүбәрәк әулеттен мүбәрәк кісі өлтірді. Оның есімі Фируз» деп жауаптады да, «Фируз лайым жеңіске жетсін!» деп дұға етті.

• Хижреттің оныншы жылында мұсылман болуға Мәдинаға келген топтардың бірі Киндә тайпасының тобы еді. Ол топ араларына патшаларының ұлы Уаил бин Хажәриді де қосқан еді. Ол былай айтып берген: «Мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына шықпай тұрып сахабалар маған «Сенің келетініңді Расулуллаһ бізге үш күн бұрын сүйіншілеген болатын» деді. Кейін мен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барып, мұсылман болдым».

• Сад бин Әби Уаққас (радиаллаһу та'ала анһ) уәда (қоштасу) қажылығы кезінде ауырып қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның көңілін сұрап келді. Ол «Йа, Расулаллаһ! Мен Меккеде сахабаларыңыздан қалып кетемін-ау» дегенде «Иншаллаһ, Аллаһу та'ала саған саулық береді. Өйткені сенен көп қайыр, пайдалы істер шығады. Бір қауым сенің жақсылығыңды көреді. Ал бір қауымды зиянға ұшыратасың» деді. Кейін ол жазылып кетті. Хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) заманына дейін өмір сүрді. Иракты жаулап алды. Мүртәдтерге қарсы соғыстарда көп шайқасып, үлкен істер атқарды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқанындай мүртәдтерге көп зиян тигізді.

• Бір сахаба былай айтып берген: «Уәда қажылығында Мекке үйлерінің біріне кірдім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сонда еді. Мүбәрәк жүзі айдың он төртіндей жарқырап тұрды. Йәмәмалық бір адам бір сәбиді бір парша матаға орап алып келген болатын. Расулуллаһ ол баладан «Мен кіммін?» деп сұрады. Бала «Сіз Расулуллаһсыз» дегенде «Дұрыс айттың. Аллаһу та'ала сені мүбәрәк қылсын» деді. Одан кейін бала өсіп, сөйлей алатын жасқа келгенге дейін мүлде сөйлемеді. Ол Мүбәрәк-ул Йәмама деген есіммен аталды».

• Усама бин Зәйд (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) уәда қажылығына бара жатқанда жолда бір әйел алдынан шықты. Құшағында кішкентай бала бар еді. Сәлем беріп еді, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тоқтады. Ол әйел «Йа, Расулаллаһ, мына баламды туылғанынан бері бір нәрсе қысады, оны әбден қинайды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолдарын созып, әйелден баланы алды. Мүбәрәк аузының суын баланың аузына салды да, «Ей, Аллаһтың дұшпаны, шық! Мен Расулуллаһпын» деді. Кейін баланы анасына қайтарды да, «Бұдан кейін айтқаныңдай қиналмайтын болады» деді. Уәда қажылығынан қайтып бара жатқанда әлгі әйел кезіккен жерге жеткен болатынбыз. Ол әйел бір қой сойып, етінен кәуап пісіріп әкелді де, «Йа, Расулаллаһ! Мен сіз әлгі қиыншылықтан құтқарған баланың анасымын» деді. Расулуллаһ «Баланың қалы қалай?» деп сұрады. Әйел: «Сізбен алғаш кездескен кезімізден бері мүлде қиналмады» деп жауап берді». Усама (радиаллаһу анһ) былай жеткізген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Ей, Усама, мына қойдың жауырынын бер» деді. Мен беріп едім, қайтадан: «Тағы бір жауырынын бер» деді. Бергенімде: «Ей, Усама, тағы бір жауырынын бер» деді. Сонда мен «Йа, Расулаллаһ! Бір қойда екі жауырын ғана болады ғой» дедім. Ол «Егер осылай айтпағаныңда, қолыңды созған сайын ол қойда біз қалағанша жауырын табар едің» деді. Кейін «Ей, Усама, айналадан әжетті өтейтін оңаша жер бар ма екенін көріп кел» деп бұйырды. Жан-жақты шаршағанша әбден іздеп көріп шықтым. Адам жоқ жер таба алмадым. Кері қайтып жағдайды Расулуллаһқа айттым. «Ағаш немесе тас көрмедің бе?» деп сұрағанда «Иә, бір жерде үш құрма ағашы және түптерінде бірнеше тас көрдім» дедім. «Сол ағаштар мен тастар тұрған жерге бар да «Аллаһтың Расулы қосылуларыңды қалайды» деп айт» деді. Мен сол жерге барып дәл солай айттым. Оны адамзатқа хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһу та'ала үшін айтайын, ағаштардың түбі қопарылып, жерді жарып, секіріп-секіріп, бір жерге жиналып қосылды. Бәрі тұтас бір ағаштай болып қалды. Тастар да бірінің үстіне бірі шығып, бір жерге жиналып, дуал болды. Расулуллаһқа келіп, соны айтып бердім. Маған «Су әкел» деп бұйырды. Дереу су дайындап, Одан бұрын апарып қойдым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәрет алды. Кейін шатырға келді де «Ей, Усама, әлгі ағаштар мен тастарға «Аллаһу та'аланың Расулы орындарыңа қайтуды қалайды, өз орындарыңа барыңдар» деп айт» деді. Дәл солай айтып едім, Расулуллаһты адамзатқа хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһу та'аланың хаққы үшін, әрқайсысының секіріп бұрынғы орындарына қайтқанын көрдім».

• Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрбан шалуы үшін бес немесе басқа риуаят бойынша алты түйе әкелінді. Түйелер бір-бірінің алдына өтіп, «Расулуллаһ бірінші мені құрбанға шалсын, союды менен бастасын» деп Расулуллаһқа жетуге жарысып келді.

• Айша Сыддықа (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Хижреттің он бірінші жылында бір түні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) төсегінен тұрып, сыртқа шықпақшы болды. Мен «Ата-анам сізге пида болсын, йа Расулаллаһ! Бұл уақытта қайда барасыз?» деп сұрадым. Ол «Бақи мазарына барамын. Ол жақтағылардың кешірілуін тілеп дұға етемін, сондай бұйрық келді» деді. Әбу Мувәйһибә және Әбу Рафи (радиаллаһу анһума) Расулуллаһқа қызмет көрсетушілерден еді. Онымен бірге барды». Әбу Мувәйһибәнің айтып бергені: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Бақи мазарында узақ уақыт болды. Сол жақта жерленгендердің кешірілуі үшін дұға етті. Кейін «Аллаһу та'аланың сендерге берген ниғметтері құтты болсын. Есіктері мейіріммен ашылған зәулім сарайлар сендерге мүбәрәк болсын. Дүниенің халыққа бағытталған және қараңғы түндей фитналарынан құтылдыңдар. Ол фитналардың соңы басына жетті. Келетіндері  өткендерінен бетер» деді. Кейін маған: «Ей, Мувәйһибә! Маған дүние қазыналары мен дүниеде мәңгі қалу және жәннат пен Аллаһу та'алаға қауышу арасында таңдау еркіндігі берілді» деді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Ата-анам сізге пида болсын. Дүние қазыналарын және дүниеде қалуды, кейін жәннатты таңдаңыз» деп едім, «Ей, Мувәйһибә, жоқ! Аллаһу та'алаға қауышуды және жәннатты таңдадым» деді. Бірнеше күннен кейін ауырып қалды».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бүкіл ауруларында Аллаһу та'аладан саулық пен амандық тілейтін. Бірақ соңғы ауруында «Ей, нәпіс, мазасыздықтан неліктен өзгеге сыйынасың?» деді.

• Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) денсаулығы жақсы күндерінде маған айтқан: «Ешбір пайғамбар жәннаттағы дәрежесін көрмей тұрып дүниеден кетпейді. Оған таңдау беріледі, қаласа жәннатқа қауыштырады, қаласа саулық береді». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) соңғы ауырғанында басын менің тіземе қойды. Бір сәтте үйдің төбесіне қарап қалды. Кейін «Аллаһумма әр-рафиқул алә» деді. Мен рафиқул аләні таңдағанын түсіндім. Расулуллаһтың соңғы сөзі осы болды».

• Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуынан бір ай бұрын бізді хазреті Айшаның (радиаллаһу анһа уә ән әбиха) үйінде жинады. Бізге қайыр дұға жасап, өсиетін айтты. «Аллаһу та'ала бізге (бізден кейін) халифа берді» деді. Біз «Көшіңіз қашан?» деп сұрап едік, «Сахабаларымнан айрылып, Аллаһу та'алаға қауышу, жәннатта болу уақыты жақындады» деп жауап берді».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Муазды (радиаллаһу анһ) Йеменге жіберерінде ұзақ өсиет айтты. «Ей, Муаз! Егер тағы көрісуіміз мүмкін болғанда өсиетімді қысқа айтар едім! Бірақ қиямет күніне дейін сенімен кездесе алмаймыз» деді. Шынында да Муаз (радиаллаһу анһ) Йеменде болғанда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) соңғы ауруы кезінде хазреті Фатиманы (радиаллаһу анһ) шақырды. Құлағына бір нәрсе айтты. Хазреті Фатима (радиаллаһу анһа) жылай бастады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын қайтадан хазреті Фатиманың құлағына жақындатып, тағы бір нәрсе айтты. Бұл жолы хазреті Фатима күле бастады. Әзуаж-и Тахират (пайғамбарымыздың пәк жұбайлары) хазреті Фатимадан мұның себебін сұрады. Ол «Бұл сырды айта алмаймын» деп жауаптады. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуынан кейін тағы сұрады. Ол жауап ретінде: «Әкем маған «Жәбрейіл (алейһиссалам) маған Құран кәрімді әр жылы бір рет түсіретін. Бұл жылы екі рет түсірді. Қайтыс болуымның жақындағанын түсіндім» деді. Мұны естігенде жыладым. Екінші рет құлағыма «Сен бұл үмбеттің сәйидасы боласың және жанұямнан бәрінен бұрын маған сен қауышасың» деді. Мұны естігенде күлдім» деді».

• Хазреті Фатима (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында отырған едім. Кенеттен есікке біреу келді. «Әссәләму алейкә, ей, әһли бәйти нубуввәт! Ішке кіруіме рұқсат бар ма? Аллаһтың расулының (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына барайын» деді. Мен «Ей, Аллаһтың құлы! Бұл зияратыңа Аллаһу та'ала саған сауап жазсын. Бірақ дәл қазір Расулуллаһты зиярат етуге ешкімге рұқсат жоқ» дедім. Сонда ол маған: «Ей, Фатима! Маған тыйым салма, өйткені менің ішке кіруім керек» деді. Сол кезде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ауруы біраз жеңілдеді. Мүбәрәк көзін ашып, «Ей, Фатима, кіммен сөйлескеніңді білесің бе? Ол мәләк-ул мәут (өлім періштесі)! Ішке кірсін, рұқсат бер» деді. Әзрейіл (алейһиссалам) кірді де, «Әссәләму алейкә йа Расулаллаһ! Йа, Әмираллаһ! Сені хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ хаққы үшін айтайын, Саған дейін ешкімнің есігінен ішке кіруге рұқсат сұраған емеспін. Бұдан кейін де ешкімнен рұқсат сұрамаймын» деді».

• Үмму Сәләмә (радиаллаһу анһа) айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанда қолымды мүбәрәк кеудесіне койған едім. Апталар бойы қолымнан хош иіс аңқып тұрды. Дәрет алғанда қолым қанша жуылса да ол хош иіс кетпеді».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанда сахабалар (радиаллаһу анһум әжмаин) «Басқа жаназалардағыдай жасаймыз ба, әлде көйлегі үстінде тұрғанда жуындырамыз ба?» деп екі ойлы болып толғанды. Сол кезде бәрін ұйқы қысты. Бастарын ұстай алмай ұйықтап қалды. Сол күйде бәрі бірден «Аллаһтың Расулын көйлегімен бірге жуындырыңдар» деген дауыс естіді.

• Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өсиеті бойынша Оның мүбәрәк денесін мен жуындырдым. Менен басқа кім Оның денесіне қараса, көзі соқыр болды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк денесін жуғанда маған ғайыптан көмек келгендей болды. Мүбәрәк мүшелерінің бірін жуып болғанда денесін аударуға маған үш кісі көмектескен еді». Хазреті Әли Расулуллаһтың денесін жуғанда мүбәрәк денесінде мүлде жара көрмеді. «Ата-анам сізге пида болсын, өміріңіз де, өліміңіз де неткен әдемі» деді.

• Әмир-ул мүминин хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) есте сақтау қабілеті өте мықты еді. Мұның себебін сұрағандарға ол: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) денесін жуындырғанда көз шұңқырларында біраз су жиналған болатын. Сол суды жерге төгуге қимадым. Тіліммен алып іштім. Есте сақтау қабілетімнің мықты болуы – сол судың берекеті» деп жауап берді.

• Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) былай жеткізген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанда ғайыптан бір дауыс естілді. «Әссәләму алейкум йа, әһли бәйти Расулиллаһ уә рахматуллаһи уә бәрәкатуһу! Әр нәпіс өлім дәмін татиды. Сауаптарыңды қиямет күнінде көресіңдер» деген еді.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғаны туралы хабарды муәззині (азаншысы) Абдуллаһ бин Зәйд бақшасында отырған кезде естіді. Дереу «Йа, Раббым, менің көзімді көрмейтін қыла көр!» деп дұға етті. Дұғасы қабыл болып, көзі көрмей қалды. «Неліктен солай дұға еттің?» деп сұрағандарға «Дүниенің қызығы көруде, мен Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін көздерім ешкімнің жүзіне қарап қызықпағанын қаладым» деп жауаптаған.

• Әмир-ул мүминин Әли (кәрәмәллаһу уәжһәһ) былай айтып берді: «Расулуллаһты жерлегеннен кейін бір ауыл тұрғыны келді. Өзін қабірдің үстіне тастады, топырағын басына шашты. «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Әмір бұйырдыңыз, әміріңізге бағындық. Аллаһу та'ала сізге Құран кәрім жіберді. Біз сізден қабыл еттік. Ол Құран кәрімнің бір аяти каримасында Аллаһу та'ала [Ниса сүресінің 64-ші аятында]: «Нәпістеріне зұлымдық жасағандар саған келіп Аллаһу та'аладан кешірім тілесе және Расулым да олар үшін кешірім сұраса, Аллаһу та'аланың тәубелерді қабыл етуші және мейірім етуші екенін көреді» деген. Біз өз нәпсімізге зұлымдық жасадық. Енді біз үшін кешірім сұрасаңыз деп келдік» деді. Сол сәтте қабір ішінен «Кешірді» деген дауыс естілді».

• Абдуррахман әл-Анбәри былай айтып берген: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір арапа күнінде хұтба оқып, хұтбасында садақа беруді насихаттаған болатын. Бір жас жігіт тұрып: «Йа, Расулаллаһ! Мына түйемді кедейлерге арнадым» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол түйеге қарап, сатып алуды бұйырды. Сол күндері Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) «Саған таңғажайып бір хабар берейін бе?» деді. Ол «Иә» дегенде: «Бұл түні сыртқа шыққан едім. Әлгі түйе маған «Әссәләму алейкә йа Расулаллаһ!» деді. Мен «Аллаһу та'ала саған берекет берсін» дедім. Ол маған «Йа, Расулаллаһ, менің анам құрайштық бір кісінің түйесі еді. Сүтін сауатын кезде оған жем беріп тойдыратын. Саумайтын кездері ештеңе бермейтін. Мен оның бесінші баласымын. Жахилия (надандық) заманында түйе бес рет туса, бесінші баласын пұттарға арнап, оған ешкім мінбейтін, жүк те жүктмейтін еді. Мені ауылдағылар солай атап койды. Олардан қашып кеттім. Қырда жайылып жүрдім. Жердегі шөптер маған «Бірінші маған кел, маған кел, сен Мұхаммедтікісің» деп сөйлейтін. Түндері жыртқыш жануарлар «Оған тиіспеңдер, ол Мұхаммедтікі (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)» дейтін. Аллаһу та'ала мені сізге қауыштырғанша осылай болды» деді. «Қожайыныңның есімі кім?» деп сұрап едім, «Ғадба» деп жауап берді. Оған қожайынының атын бердім» деп айтып берді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуы жақындағанда Ғадба «Маған өсиетіңіз қандай?» деп сұрады. Расулуллаһ «Сен қызым Фатиманың түйесі боласың, саған дүниеде және ахиретте ол мінеді» деді. Ғадба «Маған сізден басқасының мінгенін қаламаймын» дегенде «Саған қызым Фатимадан басқа ешкім мінбейді» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғаннан кейін хазреті Фатима (радиаллаһу анһа) бір түні сыртқа шыққан еді. Ғадба сәлем беріп, «Ей, Расулуллаһтың қызы, дүниеден айрылатын уақытым жақындады. Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін ішіп-жеуге мүлде қажеттілік сезбедім» деді. Бұл оқиға «Шәрәф-ул Мұстафа» кітабында жазылған.

• Хайбәр жаулап алынған кезде Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олжа үлесінен бір қашыр түскен еді. Расулуллаһ қашырға мініп, одан «Атың кім?» деп сұрады. Ол «Язид бин Шихаб» деді. «Мен сенің атыңды Йә’фур деп қойдым» деді. «Қожайының кім еді?» деп сұрағанда «Бір яһуди еді» деп жауаптады. «Ол сіздің мүбәрәк есіміңізді естігенде лайықсыз сөздер айтатын, сол себепті маған мінген сайын әдейі тоңқып, оны құлататын едім. Оны құлатқаным үшін мені аш қалдырып, әбден қинайтын» деп айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Бір тілегің бар ма? Қасыңа жұп қосып берейін бе?» деп сұрады. Ол «Жоқ, өйткені аталарымнан естігенмін, біздің тегімізге жетпіс пайғамбар мінген екен. Тегімізден тек мен ғана қалдым» деп жауап берді. «Шәрәф-ул Мұстафа» кітабында былай жазылған: «Ол қашыр тілге келіп: «Менің аталарым бабаларымнан хабар бергені бойынша, біздің тегіміздің соңғысына бір пайғамбар мінеді. Ол пайғамбардың есімі Мұхаммед бин Абдуллаһ. Қазір біздің тегімізден тек мен ғана қалдым. Пайғамбарлардан да сізден басқа ешкім қалмады» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған мініп, біреудің үйіне бір жұмыспен барған кезде ол қашыр басымен сол кісінің есігін қағатын. Үй иесі шыққанда жауап бер деп Расулуллаһтың тарапына қарай ишара ететін. Ол қашыр Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуына дейін қызмет етті. Расулуллаһ қайтыс болғанда көп қайғырып ақырды. Үш күннен кейін өзін Әбу Хәйсәмнің есігіне тастап, сонда өлді».