4 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     6 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Қабір азабы жаман түс секілді емес

Қабір азабы жаман түс секілді емес

Сұрақ: Өлімді түс, ал қабір азабын жаман түс деп атау дұрыс па?

Жауап: Жоқ, мүлде дұрыс емес. Өлім – мұсылман үшін ниғмет, ал кәпір үшін азап. Аллаһу та'ала Әзрейіл алейһиссаламға «Достарымның жанын оңай, ал дұшпандарымның жанын қинап ал» деді.

Хадис шәрифте айтылған:

«Мұсылман өлетін кезде рахмет періштелерін көреді де, жан тапсыру азабын сезбейді. Оның рухы сары майдан қылды шығарғандай оңай шығады, ол ниғметтерге бөленеді». (Бәззар)

Мұсылман бұл сәтте қатты қуанады. Хазреті Әзрейіл ол мұсылманға «Қорықпа, Әрхамуррахиминге (рақымдылардың ең рақымдысына) бара жатырсың, негізгі отаныңа оралудасың, үлкен дәулетке жетудесің» дейді. Ол адамға бұдан асатын қадірлі күн жоқ. Мұсылманның рухының денеден айрылуы, яғни өлуі тұтқынның қамаудан құтылуы секілді. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Өлім – мұсылманға ең құнды сыйлық». (Табарани)

Өлім түс емес. Өлім жоқ болып кету де емес. Ол болмысты бұзбайтын бір құбылыс. Өлім – рухтың денемен байланысының аяқталуы, рухтың денеден айрылуы деген сөз. Өлім – бір күйден басқа күйге айналу, бір үйден басқа үйге көшу. Аллаһу та'алаға қауышуды аңсайтын мұсылман өлімді жаман деп көрмейді. Өйткені өлім – досты досқа қауыштыратын көпір. Жәннатты жақсы көретін және оған дайындалып жүрген адам өлімді жақсы көреді. Өйткені өлім болмаса, жәннатқа кіре алмайды.

Дүние өмірі түс секілді. Өлім оятып, түс аяқталады да, шынайы өмір басталады. Хадис шәрифте: «Адамдар ұйқыда, өлген кезде оянады» делінген. (Сәфәри Ахирет)

Қабір азабы – жаман түс емес, шынайы азап. Бұл жайттар хадис шәрифтерде айқын хабар берілген. Өлген кезде мұсылманның рухы ниғметтерге бөленеді, ал кәпірдікі азапқа душар болады. Хадис шәрифте: «Қабір – не жәннат бақшасы, не тозақ шұңқыры» делінген. (Тирмизи)

 

Адамдар ұйқыда

Сұрақ: «Адамдар ұйқыда» деген хадиске пайғамбарлар да қатысты ма?

Жауап: Пайғамбарлар мен әулиелер өлмей тұрып өлген, өлгеннен кейін берілетін ниғметтерге бөленген, дүниеде ғапылдықтан оянған кісілер.