8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кедей жігітке кім қызын берсін, тақсыр?!

Кедей жігітке кім қызын берсін, тақсыр?!

Шах Шужа Кирмани хазрет – үлкен әулие. Лақаб аты «Әбул Фәуарис». Кирман патшасының ұлы болып, өз заманының әулиесі, ақиқат жолының көсемі еді. Парасаты өткір еді. Әулиені тауып, онымен сұхбаттасу – оның ең маңызды ісі еді. Әбу Тураб Нахшәби, Әбу Хафс, Әбу Убәйд Бусри және Яхия бин Муаз секілді ғалымдармен сұхбаттасқан. Бұл мүбәрәк тұлға көркем мінезі және даналық сөздерімен адамдарды үнемі қайырымдылыққа шақырды. Оның даналық сөздері өте көп. Ол былай деген:

«Көзін харамға қарамай, нәпсінің қалауларынан қорғап, жүрегін тұрақты бақылауда ұстап, денесін сүннетке сай амалдармен безендірген адамның парасатында мүлде қате болмайды»...

Осы мүбәрәк кісінің тұрмыс құратын жасқа жеткен сұлу және ықыласты қызы бар болатын. Кирман әкімдері оған талапкер болды. Шах олардан үш күн уақыт сұрады.

Осы үш күнде ол мешіттерді аралады. Ақыр соңында бір күні ықыласпен әдемілеп намаз оқып жатқан жас жігітті көріп қалды. Намазын оқып болғанша оны бақылап, қарап тұрды. Кейін жақындап:

- Ей, жігіт! Үйленгенсің бе?, - деп сұрады. Жігіт:

- Жоқ, - деп еді, оған:

- Құран кәрім оқитын, тақуа және сұлу қызға үйленгің келе ме?, - деп сұрады. Жігіт:

- Маған кім қызын береді, бұл дүниеде үш дирхам ақшамнан басқа түгім жоқ.

- Мен беремін. Сол үш күмістің біріне нан, біріне қатық, қалғанына иіссу сатып ал, - деді.

Сөйтіп Шах Шужа осылайша қызын сол жігітке тұрмысқа берді.

Келін қыз кедей жігіттің үйіне кіргенде қатқан нан үзімін көрді.

- Бұл не?, - деп сұрағанда жігіт:

- Сенің несібең. Ертең таңертең жейсің деп алып қойдым, - деп жауаптады.

Шахтың қызы дереу есікке қарай жөнелді. Иә, әкесінің үйіне кетуге дайындалған еді. Мұны байқаған жігіт күрсініп, өз-өзіне:

- Ах! Мен шах қызының менімен бірге өмір бойы тұра алмайтынын онсыз да білген едім!, - дей бастады. Қыз бұл сөздерді естіп:

- Мен сенің кедейлігіңе ештеңе айтпадым! Сен кешкі уақыттан бастап ертеңгі күннің нанын дайындапсың. Ал мен әкеме таңырқап тұрмын, сонша жыл қасында жүрдім, маған «Сені харамнан сақтанатын, дүниені еш ойламайтын адамға беремін» дейтін еді. Ал қазір мені Раббына жүгінбейтін, өзін жайбарақат сезінбей ертеңін уайымдайтын адамға тұрмысқа берді. Бұл үйде я мен қалайын, я нан қалсын! Таңдауыңды жасап, шешіміңді қабылда!, - деді.

Бұл сөзге қатты әсерленген жігіт осыншалықты тақуа, діндар қызға үйленгеніне шүкіршілік етті. Әлгі нанды дереу кедей көршісіне беріп келді. Шахтың қызымен өмір бойы бақытты өмір сүрді... (Тәзкирәт-ул Әулия – Фәридуддин Аттар)