10 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     13 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Құл намазда Аллаһтың алдында тұрады...

Құл намазда Аллаһтың алдында тұрады...

Әбу Саид Бинкәси хазрет – хадис хафызы. Түркістан өлкесінде Ташкентте дүниеге келді. Білім алу үшін Палестинаға және Бағдатқа барып, Асқалани, Мәруәзи, Сағани секілді ғалымдардан хадис жинақтады. 335 (м.946) жылы қайтыс болды. Жеткізген хадис шәрифтері төменде:

Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһ) былай айтып берген:

Біреу Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп: «Йа, Расулаллаһ! Маған сондай бір амал үйретіңіз, Аллаһу та'ала онымен маған сауап жазсын» деді. Расулуллаһ «Таң намазының екі рәкат сүннетін қалдырмай оқы, өйткені онда ізгілік бар» деп жауаптады.

Тағы Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһтың «Таң намазынан бұрын екі рәкат (сүннет) намазды қалдырмай оқыңдар. Өйткені ол намазда жақсылықтар мен ізгіліктер бар» дегенін естідім».

Айша (радиаллаһу анһа) пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етті: «Таң намазының екі рәкаты дүниеден және дүниедегі барлық нәрседен қайырлы».

Хазреті Әнәстен (радиаллаһу анһ) риуаят етілгені бойынша, Расулуллаһ былай деді: «Ей, ұлым, намазда оңға-солға жалтақтаудан сақ бол, өйткені намазда олай бұрылу қауіпті».

Әбу Хурайрадан (радиаллаһу анһ) риуаят етілгені бойынша, Расулуллаһ былай деді: «Құл намазда тұрғанда Рахман (рақымды) Аллаһтың алдында тұрады. Егер оңға-солға бұрылса, Аллаһу та'ала «Ей, адам баласы! Маған бұрыл! Мен жалтақтаған нәрселеріңнің бәрінен қайырлымын» дейді».

Муаз бин Жәбәл (радиаллаһу анһ) Йеменге жіберілгенде Расулуллаһтан «Йа, Расулаллаһ, маған насихат айтыңыз» деген кезде Расулуллаһтың «Дініңде ықыласты бол, аз амал саған жетеді» дегені риуаят етілген.

Абдуллаһ бин Әби Әуфа (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың былай дегенін риуаят еткен: «Кімнің Аллаһқа немесе адамдардың біріне қажеттілігі туындаса, ол адам жақсылап дәрет алсын және екі рәкат намаз оқысын. Кейін Аллаһқа мақтау айтып, пайғамбарға салауат айтсын. Соңында: «Халим және Кәрим болған Аллаһтан өзге тәңір жоқ. Ұлы Арштың Раббысын тәсбих етеміз. Мақтаулар әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән. Аллаһым, сенен мейіріміңнің себептерін, кешіріміңнің ұлылығын, әр түрлі жақсылықтан өзіме олжа, әр түрлі жамандықтан басыма амандық тілеймін. Маған сен кешірмейтін күнә, кетірмейтін қайғы, разылығыңа сай орындай алмайтын қажеттілік қалдырма! Ей, қамқорлардың ең қамқоры!» десін».