12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Ризық өзгермейді, азаймайды және көбеймейді

Ризық өзгермейді, азаймайды және көбеймейді

Сұрақ: Қазіргі заманда көбісі балаларының келешекте аш қалуынан қорқып, оларға дінді, діни білімдерді үйретпей, ақша табу жолдарын іздейді. Ризық көп жұмыс істеу арқылы өзгере ме, харам жолдан келген ризық та ежелде тағдырда бекітілген ризық па?

Жауап: Аллаһу та'ала әр адамның, әр жануардың ризығын ежелде тағдырда бекітіп ажыратып қойған. Адамдардың, жануарлардың ажалдары және тыныстарының саны белгілі болғанындай, әр адамның денесінің және рухының ризықтары да белгіленген. Ризық мүлде өзгермейді, азаймайды және көбеймейді. Ешкім ешкімнің ризығын жей алмайды және ешкім өз ризығын жеп тауыспайынша өлмейді.

Бір адам Аллаһу та'ала бұйырғандықтан жұмыс істеп, ризығын халал жолдан іздесе, ежелде белгіленген ризығына қолжеткізеді. Ол ризық оған берекелі болады. Істеген жұмысы үшін сауап та алады. Егер ризығын Аллаһу та'аланың тыйым салған жерлерінен іздесе, сонда да ежелде ажыратылған белгілі ризығына қолжеткізеді. Бірақ ол ризық оған қайырсыз, берекесіз болады. Ризығына қолжеткізу үшін жасаған күнәлары оны пәлекетке жетелейді.

Қазір «Заманға сай болу керек» деп балаларын ақша табу үшін жаман жерлерге жіберетіндер көбейіп жатыр. Аш қалуынан қорқып, оларға діндерін үйретпейді, Құран кәрім оқытпайды, перзенттерін надандардың қолына тапсырады. Балаларды дінсіз, имансыз өсіреді. Болашағын жақсартсын деп намысының, ар-ұятының жоқ болуына кімнің ар-ожданы разы болсын? Қиыншылық көріп ежелде ажыратылған ризықтарына қолжеткізеді. «Намаз қарын тойдырмайды, қыздардың үй жұмыстарын үйренуі ақша әкелмейді. Заманға сай болмасақ, дінге байланып қалсақ, ертең қиналып қаламыз» дегендей ессіз сөйлейтіндер де кездесуде. Алайда, егер балаларына кішкентай кезінен дінді, иманды үйретіп, Құран кәрім оқытып, одан кейін Аллаһу та'аланың әмірлеріне сай ақша табу үшін жұмыс істетсе, дәл сол ризыққа өте оңай, рахат қолжеткізеді. Ата-анасы да, баланың өзі де әрі сауап алады, әрі табысының қайырын, жемісін көреді. Дүниеде және ахиретте бақытты болады. Ахиретті ойлайтын ақылды адам ризығын халал жолдан іздеп табады.