9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Білмейтіндер біліп алсын, мен Хаттаб ұлы Омармын!

Білмейтіндер біліп алсын, мен Хаттаб ұлы Омармын!

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) сүйікті пайғамбарымыздың қайын атасы. Хафса анамыз оның қызы. Тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген он кісінің екіншісі, хазреті Әбу Бәкірден кейін сахабалардың ең үстемі. Расулуллаһтың екінші халифасы. Хазреті Әли хазреті Омарды қатты жақсы көретін. Оған қызы Умму Гүлсүмді некелестіріп, өзіне күйеу бала қылды. Хазреті Омар хижреттен қырық жыл бұрын дүниеге келді. Ол құрайштың алдыңғы қатарлы азаматтарының бірі еді. Өте әдемі және көркем сөйлейтін. Басында исламға дұшпан еді, бірақ Расулуллаһтың дұғасының берекетімен мұсылман болып абыройланды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Жәбрейіл келді, «Омардың мұсылман болғаны себепті аспандағы періштелер бір-біріне сүйінші айтып, тойлап жатыр» деді». (Хаким, Әбу Нуайм)

Хазреті Омар мұсылман болғаннан кейін сол кездегі күйін өзі былай айтып берген:

«Мұсылман болған кезімде сахабалар мүшриктерден тығылып, ғибадаттарын жасырып орындайтын еді. Бұл жағдайға қынжылдым да, Расулуллаһтан сұрадым:

- Йа, Расулаллаһ! Біз хақ жолда емеспіз бе?

- Иә, Аллаһу та'алаға ант етемін, өлі болсаңдар да, тірі болсаңдар да, толықтай хақ жолдасыңдар.

- Йа, Расулаллаһ! Біз хақ жолда, ал мүшриктер адасқан жолда болса, онда неге біз дінімізді жасырамыз? Уаллаһи, біз ислам дінін күпірлікке қарсы жариялауға лайықтырақпыз. Аллаһу та'аланың діні Меккеде еш күмәнсіз үстем шығады. Қауымымыз бізге ынсаппен қараса жақсы, бірақ егер шектен шығатын болса, олармен қақтығысамыз. Йа, Расулаллаһ! Сізді хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһу та'алаға ант етемін, мен еш тартынбай, қорықпай, исламды үйретпеген мүшрик қауымы қалмайды. Ортаға шығайық...

Расулуллаһ ұсынысымды қабылдаған соң екі сап болып сыртқа шығып, қағбаға қарай жүре бастадық. Бір саптың басында Хамза, екіншісінде мен болдым. Қадамдарымызды нық басып, Харам мешітіне кірдік. Құрайштық мүшриктер біресе маған, біресе Хамзаға қараған еді».

Хазреті Омардың осылай кіргенін көрген Әбу Жәһл шығып, «Ей, Омар! Бұл не жағдай?» деп сұрады. Хазреті Омар ештеңеге қарамай калима-и шаһадатты айтты.

Әбу Жәһл не айтарын білмей сасып қалды. Хазреті Омар сол мүшриктердің тобына қарап былай деді:

- Ей, Құрайш! Мені танитындар біледі. Білмейтіндер біліп алсын, мен Хаттаб ұлы Омармын. Әйелін жесір, балаларын жетім қалдырғысы келетіндер белгі берсін! Қимылдағанды қылышыммен шауып құлатамын!

Мұны естіген құрайштық мүшриктер бір мезетте тарап, кетіп қалды.

Осылайша алғаш рет Харам мешітінде жария түрде намаз оқылды.