12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жұбайымен тату болып, әзілдескеннің ризқы артады

Жұбайымен тату болып, әзілдескеннің ризқы артады

Жақсы мінезді адам бәрімен тіл табысып, жақсы қарым-қатынаста болады, әсіресе өз жұбайымен тату болудың бір жолын міндетті түрде табады. Ата-бабаларымыз керемет айтқан: «Жарасқысы келген адам түйені биттей көрер, жарасқысы келмесе, битті түйедей көрер».

Дінімізде жақсы мұсылман болу үшін жұбайымен тату болу шарт. Құран кәрімде «Олармен жақсы қатынаста, тату болыңдар!» делінген. (Ниса 19)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мұсылман кісі әйелінің жаман мінезіне ашуланбасын! Оның жақсы қасиеттері де бар». (Мүслим)

«Әйел – әлсіз жаратылыс. Әлсіздігін үндемей жеңіңдер! Үйдегі кемшіліктерін байқамаңдар!» (Ибн Лал)

«Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы – жұбайына ең жақсы, ең пайдалы болғаны. Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырлы, ең пайдалы болған менмін». (Нәсаи)

«Әйелін ұрған адамның қияметте қарсыласы мен боламын. Әйелін ұрған адам Аллаһ пен Расулына қас болады». (Р.Насихин)

«Әйелімен жақсы қатынаста болып, әзілдесіп жүретін адамды Аллаһу та'ала жақсы көреді, оның ризығын арттырады». (И.Лал)

Баз біреулер «Ниса» сүресінің отыз үшінші аятында әйелдерді ұру бұйырылған дейді. Алайда бұл аяти каримада: «Ерлер әйелдердің билеушісі. Өйткені Аллаһу та'ала кейбір құлдарын кейбірлерінен үстем жаратқан. Сондай-ақ ерлер өз мал-мүліктерін оларға жұмсайды. Әйелдердің жақсылары Аллаһу та'алаға бағынады және күйеулерінің хақыларына мән береді. Күйеулері жоқ кезде олардың намыстарын және мал-мүліктерін Аллаһу та'аланың жәрдемімен қорғайды. Қиянат етуінен қорыққан әйелдеріңе күйеу хақыларын үйретіңдер және жылы сөзбен насихат айтыңдар! Оларды төсектеріңнен алшақтатыңдар. Сонда да ақылға келмесе, жеңіл түрде ұрыңдар! Ақылға келсе, оларды ренжітетін ештеңе істемеңдер!» делінген.

Көрініп тұрғанындай, мал-мүлікке және намысқа қиянат етпейтін әйелдерді ұру былай тұрсын, оларды ешбір жолмен ренжіту рұқсат болмайды. Сатқын болғандарын жұдырықсыз алақанмен немесе түйінсіз ашық орамалмен жеңіл түрде ұрып, жолға түсіруге рұқсат берілген. Намысқа және мал-мүлікке қиянат еткендерге барлық мемлекет, барлық заң қатаң жаза қолданады. Ислам әйелдерді аса қадірлеп, оларға жанашыр болғандықтан, опасыз болғандарын заңның үкіміне тапсырудан бұрын жеңіл түрде ұру арқылы жолға түсіруге мүмкіндік беруді бұйырады.

Әйелдердің көңілі бос, нәзік, сезімтал болғандықтан, бір-бірін күндейтіндері, көре алмайтындары көп. Осы тұрғыдан әсіресе жаңадан үйленгендер сергек болғаны жөн, анасы, әпке-қарындастары және басқа әйел туыстары жұбайын өсектегеніне алданбау керек, ондай сөздерге мүмкіндік бермеу қажет. Ондай сөздерге сеніп, жұбайын ренжітуден аса сақтанғаны жөн.