18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / БЕСІНШІ БӨЛІМ (Бірінші тарау)

БЕСІНШІ БӨЛІМ (Бірінші тарау)

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығына дәлел болатын, бірақ қай кезде орын алғандығы аталмай хабар берілген мұғжизалары. Бұл бөлім екі тараудан тұрады.

 

БІРІНШІ ТАРАУ:

Уақытқа байланысты болмаған мұғжизалары.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзінің сұлулығы кемелде және мүбәрәк мүшелерінің өлшемдестігі орта қалыпта еді. Сөздері жағымды еді. Әрбір әрекеті мен тұрысы, қарым-қатынасы мен амалдары сондай әдемі болатын, одан әдемірегі ойға да келмейді. Бұл жайт көптеген хадис шәрифпен бекітілген. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бейнесі былай сипатталған: орта бойлы, өте салмақты және орта қалыпты еді. Қасына бойы ұзын біреу келсе, одан ұзын көрінетін. Сөйлеген кезде мүбәрәк тістерінің арасынан нұр шығатын еді. Мүбәрәк жүзі айдың он төртінен де жарқын еді. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) бір күні үйінде бір затын жоғалтып алып, қанша іздесе де қараңғыда таба алмады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйге келгенде мүбәрәк маңдайынан жарқыраған нұр бөлмені жарық қылады. Сөйтіп хазреті Айша жоғалтқан затын тауып алады.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк денесі өте таза болатын. Тері таза және иісі хош еді. Әнәс (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) иісіндей хош иіс ешқайда көрген емеспін. Мүбәрәк иісі мускусқа да, жұпарға да ұқсамайтын. Расулуллаһпен қол алысқан адамның сол күні қолынан хош иіс кетпейтін. Мүбәрәк қолымен қай баланың басын сипаса, ол бала өзгелерінен хош иісімен ерекшеленіп тұратын.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні хазреті Әнәстің (радиаллаһу анһ) үйінде ұйықтаған болатын. Дала ыстық болғандықтан терлеген еді. Хазреті Әнәстің анасы Расулуллаһтың інжудей тер тамшыларын бір ыдысқа жинады. Расулуллаһ «Мұны қайтесіз?» деп сұрағанда «Мұны әтірлерге қосамын. Ешбір әтір бұдан әдемі иіс шығармайды» деді.

• Имам Бұхари (рахметуллаһи алейһ) «Тарих-и Кәбир» атты еңбегінде былай жазған: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір жолдан өтсе, кейіннен ол жолмен жүргендер Расулуллаһтан сол жолдан өткенін хош иісінен білетін». Исхақ бин Рахауәйһ «Ол хош иіс Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзінің жеке иісі еді. Сырттан жағылған әтір емес еді» деген.

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзіне тиген орамал отта жанбайтын. Бір күні Әнәс бин Маликке (радиаллаһу анһ) бір топ адам қонақ болды. Бәрі асқа отырды. Астан соң күңіне «Ана орамалды әкел» деді. Күңі бір кір орамал әкелді. Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) ол орамалды отқа тастады. Біраздан соң орамалды оттан шығарды. Орамал отта жанбай, кірден тазаланып, сүттей аппақ болып шыққан еді. Қонақтар «Бұл қалай болғаны?» деп сұрағанда «Бұл орамал Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзін сүрткен орамалы. Кірленген кезде отқа тастаймыз, тазарып шығады, отта мүлде жанбайды» деді.

• Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Бір адам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, «Йа, Расулаллаһ, қызымды тұрмысқа беремін, маған көмектесіңіз» деді. Расулуллаһ «Дәл қазір ештеңем жоқ. Ертең таңертең аузы ашық ыдыс және шыбық әкел» деп бұйырды. Таңертең әлгі адам ыдыс пен шыбық әкелді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолдарының терін сол ыдысқа жинап берді. «Мынаны ал, қызың әтір сепкісі келгенде мына шыбықпен ыдысты араластырып, үстіне жақсын» деді. Ол қыздың солай істегені және хош иісі бүкіл Мәдинаға сезілгені айтылған. Қыздың үйі «Бәйт-ул мүтәйибин», яғни хош иісті үй деп аталып кеткен».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үлкен дәретке шығатын, бірақ ешқандай ізі байқалмайтын. Жер жарылып, ішіне түсетін. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) «Йа, Расулаллаһ, әжетханаға барасыз, бірақ ешқандай ізі көрінбейді ғой» деп сұрады. Сонда: «Йа, Айша, білмейсің бе, пайғамбарлардан шыққанды жер жұтады» деп жауаптады.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) денесінің күш-қуаты бәрінен көп еді. Сол заманның ең мықты палуаны Руғананы исламға шақырғанда онымен күресіп, женген болатын. Руғананың әкесі де сол дәуірдің палуаны еді. Жаһилия дәуірінде оны да женген еді. Руғананың әкесімен үш рет күресті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үшеуінде де оны жеңді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жаяу жүрген кезде ешкім Оған жете алмайтын. Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жылдам жүретіні сонша, жер мүбәрәк аяғының астынан өтіп жатқандай көрінетін. Біз қиналып жүрсек, Расулуллаһ қалыпты түрде жүретін, сонда да Оған жете алмайтынбыз».

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузының суымен ащы су тұщыға айналатын. Әнәс (радиаллаһу анһ) айтқан: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үйінде құдық бар болатын. Суы ащы еді. Ол мүбәрәк аузының суын сол құдықтың ішіне салды. Құдықтың суы тұщы болды. Мәдинадағы құдықтардың арасында сол құдықтың суынан тәтті су жоқ еді.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына Йәмамадан бір кісі келіп: «Йа, Расулаллаһ! Біздің ауылда мешіт жоқ» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) су сұрады. Сол сумен мүбәрәк бетін, аузын, қолдарын жуды да, ол суды келген адамға берді. «Ауылыңа бар, мешіт тұрғыз, мына суды басқа сумен араластырып, мешіттің алаңына шаш, көп берекет көресің» деді. Әлгі адам ауылына барып, Расулуллаһтың айтқанындай істеді. Өте әдемі және кең мешіт болды. Ол жерден өсіп шыққан шөптер қысы-жазы еш қурамады.

• Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір құдықтан бір шелек су әкелінді. Ол суды біраз ішіп, мүбәрәк аузының суын шелекке төкті. Сахабалар ол суды әлгі құдықтың ішіне құйды. Содан бастап құдықтан үнемі хош иіс шығып тұратын болды.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк көздері өте жақсы көретін. Алдын көргеніндей артын да көретін. Жарықта көргеніндей қараңғыда да көретін. Риуаят бойынша үркердегі, яғни торпақ шоқжұлдызындағы он бір жұлдызды көретін.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк азу тісін сындырған қауымның ұрпағында азу тіс мүлде өсіп шықпады.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолы қай затқа тисе, қайыр мен берекет пайда болатын. Мысалы, сүтсіз қойдың желінін ұстаса, қойдың желіні сүтке толатын. Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мен Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) көшемнен өтіп бара жатқан еді. Мен қой бағып жүрген едім. Маған «Ей, бала, сүтің бар ма?» деп сұрады. Мен «Бар, бірақ бұл қойлар маған аманат ретінде тапсырылған» деп жауап бердім. Арасынан қысыр ешкі әкелдім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк қолымен ешкінің желінін сипады да, көп сүт сауды. Өзі ішті, хазреті Әбу Бәкірге де берді. Кейін мен жақындап, «Маған дінді үйретіңіз» дедім. Мүбәрәк қолымен басымды сипап, «Сен әлі кішкентайсың, үйренесің» деді».

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілуге дейін де, одан кейін де айбындылығы мен айбаттылығы баршаның көзінде және көңілінде орын алған болатын. Құрайштық мүшриктер сахабаларға қорлық көрсететін еді. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрген кезде «Оған да қорлық көрсетейік» деп ішінен ойлайтын, бірақ Оны (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көргенде айбаттылығынан Оған құрмет көрсетіп, қызмет етіп кететін. Расулуллаһты кенеттен көрген адамды үрей басып, дірілдей бастайтын. Бір күні алдына келген бір адам дірілдей бастағанда «Дірілдеме, мен патша емеспін» деген еді.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі жауырыны арасында сол иығына жақын пайғамбарлық мөрі бар еді. Ол бір кесек ет болып, айқын көрініп тұратын. Үстінде көп қыл бар еді. Ибн Омар (радиаллаһу та'ала анһума) «Ол қылдармен Лә илаһа иллаллаһ деп жазылған еді» деп риуаят еткен. Басқа риуаятында «Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ деп жазылған» деді.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ақылы, парасаты, ой-өрісі мен білімі ешкімге нәсіп болмайтындай дәрежеде көп еді. Мұның ең айқын дәлелі – үмми болып (жазуды, оқуды білмей), ешкімнен ештеңе үйренбеген болса да, іс-әрекеті, ұстанымы, сөздері, мінезі және ізгілігі сондай биік дәрежеде еді, ешкімнің ақылы мен білімі оған жете алмайтын. Тәуратта, Інжілде және басқа илаһи кітаптарда, сухуфтарда жазылған сырларды, хабарларды білетін еді. Алайда Ол әһли кітаптың ғалымдарымен көріспеген, олармен сұхбаттаспаған, олардан ештеңе үйренбеген еді. Бұрынғы үмбеттердің жағдайларын, кәшф иелерінің хикметтерін өте жақсы білетін. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шыққан мысалдар және адамдарды өте жақсы басқаруы, діннің үкімдерін түсіндіруі, көркем әдептілігі, жақсы қасиеттері – ақылының кемелдігіне және білімінің көптігіне дәлел. Оның бұл қасиеттері адамзат шамасынан жоғары еді. Жұмсақ мінезділігі, ар-ұяты, жомарттығы, адамдарға жақсы қарауы, бәріне қамқор болуы, әлсіздерге жанашырлығы, мейірімділігі, әділеттігі, сенімділігі, шыншылдығы, кешірімділігі, адамгершілігі, жанкештігі, тақуалығы, қанағатшылдығы, қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, туыстармен араласуды жақсы көруі және басқа да үстем мінездері және қасиеттерімен кемелдіктің биік дәрежесінде еді. Одан артығын ойлау мүмкін емес еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үстемдіктері кітаптарда кеңінен баяндалған. Біз мұнда «аз көпке дәлел» және «тамшы теңіздің белгісі» демекші қысқаша жазып өттік.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ең үлкен мұғжизасы – Құран кәрім. Қияметке дейін ол мәңгі қалады. Адамдардың тілінде оқылып, кітаптарда жазулы қалады. Тіпті Құран кәрім бір емес, мыңдаған мұғжиза. Оның ең қысқа сүресінде, мысалы «Кәусар» сүресінде сансыз мұғжизалар бар. Барлық адамдар қосылса, арабтардың ақындары жиналып көмектессе, бір аяти каримасын айтуға шамалары жетпейді. Құран кәрімнің фәсахаты (қысқа мәтінмен көпті түсіндіруі) мен бәлағаты (ділмәрлығы) сондай жоғары еді, араб тайпаларының бүкіл ақындары, шешендері оның ұқсасын да айтуға шамалары жетпейді. Құран кәрімнің таңданыс тудыратын ұйқасы мен тізбегі арабтардың барлық ұйқасы мен тізбегінен ерекше. Ешқайсысы оған ұқсамайды. Арабтардың сөздері арасында оған ұқсайтын сөз ол түскенге дейін де, түскеннен кейін де мүлде қолданылмаған.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні Құран кәрім оқып отырған еді. Араб ақындарының бірі Уәлид бин Муғира естіп қалды да, көңілі жібіп әсерленді. Әбу Жәһл оның бұл жағдайын көріп оны жазғырды. Сонда Уәлид бин Муғира: «Уаллаһи сендердің ешбірің арабтардың сөздері мен өлеңдерін менен жақсы білмейсіңдер. Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оқығаны ешқайсысына ұқсамайды!» деді.

Арабтардың рәсімдерінің бірінде араб тайпалары жиналған болатын. Уәлид бин Муғира оларға «Мұхаммед (алейһиссалам) туралы айтатындарыңда бір сөзге келіңдер. Айтқандарың бір-бірін өтірікке шығармасын. Осылайша Оны араб тайпаларына суытып, сақтап қалайық» деді. Бір бөлігі Оны көріпкел дегісі келді. Уәлид бин Муғира: «Жоқ, уаллаһи Ол көріпкел емес. Өйткені Оның сөздерінде көріпкелдердегідей ұйқас сөздер жоқ» деді. «Есінен адасқан жынды деп атайық» деген ұсынысқа Уәлид бин Муғира: «Болмайды, өйткені Онда жындылық әрекеттері жоқ» деді. «Ақын дейік» деген ұсынысқа «Мен өлеңнің барлық түрін өте жақсы білемін. Оның сөздері өлеңге мүлде ұқсамайды» деді. «Сиқыршы дейік» дегенде Уәлид бин Муғира: «Жоқ, ол сиқыршы да емес. Өйткені Ол сиқыршылардай үрлеу, түйін жасау секілді әрекеттер жасамайды» деді. Сонда құрайштық мүшриктер «Бұлардың ешбірі болмайды дейсің, онда не істейміз?» десті. Уәлид бин Муғира: «Мұхаммед (алейһиссалам) ерлі-зайыптыларды ажырастыратын, бауырлар мен туыстардың арасын бұзатын сиқыршы дейік» деп ұсынды. Бәрі осы нұсқаға келісті. Жолдың басына отырып, халықты осы сөзбен Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) суытуға тырысты.

Құран кәрімнің мұғжизасының бірі – ұйқаспен өлең күйінде айтылған хабарлар. Бұрынғы ғасырларда және аймақтарда бұрынғы үмбеттердің оқиғаларын және діндеріндегі үкімдерін хабарлауы. Әһли кітаптың ғалымдары өмірлерін осыларды зерттеуге және білуге арнаған, сонда да толықтай біле алмаған. Әһли кітап ғалымдарының Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келіп көріскені, сөйлескені мәлім. Көбінесе әһли кітап ғалымдары Расулуллаһқа сұрақтарын қоятын және сұрақтарына жауап болатын аяти карималар түсетін. Бәрі оны растап, қарсы шыға алмайтын еді.

Құран кәрім ғайыпқа қатысты және келешекте болатын оқиғаларды хабарлауы тұрғысынан да мұғжиза. Олардың бір бөлігі орындалды. Бір бөлігі күмәнсіз орындалады.

Құран кәрімнің мұғжиза тұстарының бірі – қияметке дейін қорғалуы. Аллаһу та'ала [«Хижр» сүресінің 9-шы аятында] «Дұрысы – кітапты [Құран кәрімді] біз түсірдік, оның қорғаушысы әлбетте біз» деді. Құран кәрім бұрмаланбай және өзгертілмей келді. Неше түрлі адасқандар, дүмшелер, әсіресе қарамита сектасы оны өзгертуге тырысты. Алайда бір сөзін және бір әрпін де өзгерте алмады. Қияметке дейін ешкім өзгерте алмайды.

Құран кәрімнің мұғжизасының бірі – қарсыласының көп болуына қарамай ғасырлар бойы өзгертілуден қорғалуы адам күшінің тысында болуы. Ғайыптан хабар беруі, екі жүзділер және әһли кітап жасырған нәрселерді хабарлауы да Құран кәрімнің мұғжизасы.

Құран кәрімнің мұғжиза тұсының тағы бірі мынау: оны оқығандарды және тыңдағандарды сұс пен үрей басады. Риуаят бойынша, бір күні Утба бин Рәбиа Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, Мұхаммед (алейһиссалам)! Сенің дінің қауымыңның дініне қайшы» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Фуссиләт» сүресінің Ад және Сәмуд қауымдарының құрығанын баяндаған аяти карималарды соңына дейін оқыды. Утба бин Рәбианы үрей басып, қолын Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузына қарай созып, ант етіп «Оқуды тоқтат» деді. Басқа риуаят бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Фуссиләт» сүресін оқып жатқанда Утба басын екі қолының арасына қойып тыңдап отырған еді. Сәжде аяты келгенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сәждеге жығылды. Утба не істегенін түсінбей, үйіне кетіп қалды. Алайда мүшриктер Утбаны тыңдамақ болып күтіп отырған болатын. Ол келмеген соң үйіне барып, есік алдында жиналды. Утба олардан кешірім сұрап, «Уаллаһи, Мұхаммед (алейһиссалам) менімен сондай сөздермен сөйлесті, маған сондай бір нәрсе оқыды, ондай сөз естіген емеспін. Жауап бере алмай, не айтарымды білмей сасып қалдым» деді.

Көптеген ақындар, әйгілі әдебиетшілер айтысуға Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келген еді. Оларды сұс басып, үрей қаптап, айтысудан, қарсы шығудан бастартқан. Сол заманның ақыны, әдебиетшісі Ибн Муқни Құран кәрімге қарсы келетіндей өлең шығарғысы келді. Енді бастаған кезінде бір ұл балаға жолықты. Ол бала Құран кәрімдегі [«Худ» сүресінің 44-ші аятындағы] «Жерге «суыңды тарт!» Аспанға «ей, аспан, сен де ұста» делінді...» деген аятты оқып отырған еді. Ибн Муқни бұл аяти кариманы естігенде аяттағы бәлағатқа [өте биік әдкби өнерге] қайран болды. Дереу қайтып, Құран кәрімге қарсы жазған сөздерін жыртып тастады. «Нақты түсінгенім, Құран кәрім адамның сөзі емес» деді. Риуаят бойынша, Әндалусияның әйгілі әдебиетшісі Яхия бин Ғазалә «Ихлас» сүресінің ұқсасын жазбақ болды. Оны сондай сұс басып, көңілі босады, дереу тәубе етіп, бұл ісінен бастартты.

Құран кәрімнің мұғжиза тараптарының бірі мынау: оны оқыған және тыңдаған адам оқудан және тыңдаудан мүлде жалықпайды. Қанша көп оқыса және тыңдаса да, оқыған және тыңдаған сайын махаббаты мен алған ләззаты арта береді. Алайда адамның сөздері қаншалықты әдеби, көркем және мәнерлі болғанымен, бірнеше рет оқығаннан немесе тыңдағаннан кейін ләззаты қалмай, бәрібір жалықтыра бастайды.

Құран кәрімнің тағы бір мұғжиза тарапы, ол қамтыған білім мен мағынаның өте терең болуы. Араб тілінің қағидаларына сай және араб тілінде түскен болса да, арабтардың өзі де, өзге қауымдар да толықтай түсіне алмайды. Ондағы білімдер мен марифеттерді Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілгеннен және Құран кәрім түскеннен кейін біліп түсінген. Аллаһу та'ала Құран кәрімге енгізген білімдер мен марифеттерді адамдардың таңдаулыларынан кейбірлеріне білуді нәсіп еткен. Құран кәрімнің ақиқаттарының соңы жоқ. Адам қандай үлкен дәрежеге көтерілсе де, Құран кәрімдегі марифеттерді қысқаша түсінуге де шамасы жетпейді. Егжей-тегжейімен түсінуі қайда қалды. Ондағы илаһи сырлар, білімдер және марифеттер соңсыз. Ол сондай дария, онда адамды таң қалдыратын білімдер, хикметтер және марифеттер шексіз. Ол айқын нұр және берік тірек, өткен шақта да, келешекте де оны қатеге шығаратын ешкім жоқ. Ол жалғыз билеуші және мақтауға лайықты Аллаһу та'ала дәргейінен түскен.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұғжизаларының бірі – Ислам діні. Үлкен ғалымдар және жоғары дәрежелерге жеткен әулиелер оның терең мағыналы сөздерінің түбіне және сырларының негізіне жете алмайтынын мойындаған.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жалғасып келе жатқан мұғжизаларының бірі – ауқымды мағыналарды қамтыған мүбәрәк сөздерінің, хадис шәрифтерінің сахих және айқын дәлелдермен жетіп келіп, мәшһүр болуы. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте: «Жәуами-ул кәлим, яғни аз сөзбен көп мағына түсіндіруші ретінде және қорқыныштарды жеңіп шығушы ретінде жіберілдім» деген. Имам Бұхари жеткізген сахих хадис шәрифте: «Дін мен үкімдер қияметке дейін бақи қалады (сақталады)» деген.

Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жалғасып келе жатқан мұғжизаларының бірі – мүбәрәк кесенесінен нұрдың тарауы. Рауда-и мунаууарасының үстінде найзағайдың жарқылдағанындай нұрды көрген қажылар салауат айтады. Қожа Мұхаммед Парса (қуддиса сиррух) «Фасл-ул-Хитаб» атты кітабында былай жазған: Расулуллаһтың қайтыс болғаннан кейін Рум өлкесінен бір жігіт Мәдинаға келді де, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Рауда-и муқаддасасына қарап, Інжілден оқығанын айтып, мына мағынадағы өлең шумағын жазып оқыды:

Мұстафаның келген едім қабіріне,

Қабірде емес, сөйлескендей болды менімен.

Пайғамбарлық нұры жарқырайды қабірінен,

Ол нұр фәйз береді, жетік ақыл иелеріне.

 

[Үлкен әулие Мәулана Халид Бағдади парсы тіліндегі өлеңдер жинағында жазған, қабри саадатты зиярат еткенде оқыған өлеңдерінің бірнешеуі «Пайдалы мағлұматтар» кітабының 437-ші бетінде жазылған. Сол жерден оқыңыз].