15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ислам ғұламалары / Хазреті Әбу Бәкірдің мұсылман болуы

Хазреті Әбу Бәкірдің мұсылман болуы

Сұрақ: Хазреті Әбу Бәкірдің мұсылмандықты қабылдағаны қалай болған?

Жауап: Бұл оқиға «Мәнақиб-и Чихар Йар-и Гузин» кітабында былай хикаяланған:

Хазреті Әбу Бәкір саудагер еді. Шам қаласында сапарда жүргенде бір түні түсінде аспаннан ай түсіп, құшағына кіргенін көреді. Ол екі қолымен оны құшақтап, кеудесіне басады. Сол кезде оянып кетеді. Түсін жорып беруі үшін Ямлиха есімді дінбасына барады. Дінбасы «Қай елденсің?» деп сұрайды. «Хижазданмын» (Мекке мен Мәдина өңірі) деп жауап бергенде дінбасы:

«Ей, арабстандық, түсіңде саған үлкен сүйіншілер бар. Жорып беруім үшін ақысын төле» деді. Хазреті Әбу Бәкір он екі динар берген соң дінбасы былай деді:

«Аспаннан түскен ай – ақыр заман пайғамбары. Жақында шығады. Сен Оның өмірінде уәзірі, кейін халифасы боласың. Егер мен тірі кезімде Онымен кездессең, маған хабар бер, өлген болсам, сәлемімді жолда. Мен Оның дініне кірдім, үмбеті болдым, ахиретте шапағат етуді ұмытпасын». Одан бөлек он екі қатар хат жазып, хазреті Әбу Бәкірге берді. Ол хатта былай жазылған еді:

«Әссәләму алейка йа Мұхаммед бин Абдуллаһ. Ақиқатында сен ақыр заман пайғамбарысың! Бұл хатты Әбу Бәкір арқылы саған жолдадым. Мен саған иман келтірдім және үмбетің болдым. Әбу Бәкір түсін жорғызды. Егер тірі болсам, алдыңа келіп, көз алдыңда соғысқа қатысамын. Егер жете алмасам, ахиретте маған шапағат етуді ұмытпа». Хазреті Әбу Бәкір «Егер түсім жорып бергеніндей шықса, саған тағы жүз алтын беремін» деп уәде етті.

Осы оқиғадан он екі жыл өткен соң Аллаһу та'ала хазреті Мұхаммедке уахи түсірді. Бір түні пайғамбарымыз Әбу Қубәйс тауына шығып:

«Аллаһу та'алаға шақырушының шақыруын қабылдаңдар! Лә илаһа иллаллаһ деңдер!» деді.

Әбу Бәкір жатқан еді, айтылғандарды естіді. «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ. Уә әшһәду әннә Мухаммадән Расулуллаһ» деді. Бірнеше күннен кейін Расулуллаһпен кездесті. Пайғамбарымыз оған:

- Исламды қабылдап, мұсылман болсаңшы, - деді. Хазреті Әбу Бәкір:

- Бір мұғжиза көруді қалаймын, - дегенде Расулуллаһ:

- Он екі жыл бұрын көрген түсің саған жеткіліксіз бе? Ямлиха дінбасына жорғыздың, он екі динар бердің де, тағы жүз динар беруді уәде еттің. Ол дінбасы он екі қатарлық хат жазып, саған берді. Ол хатта мыналар жазылған, - деп айтып берді. Мұны естіген хазреті Әбу Бәкір:

- Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ. Уә әшһәду әннә Мухаммадән Расулуллаһ... Сіз Ямлиха хабар берген пайғамбарсыз, - деді.