7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бала-шағам үш күн бойы ештеңе жемеді!

Бала-шағам үш күн бойы ештеңе жемеді!

Абдуллаһ бин Мубәрәк хазрет – тәбә-и табииннің ұлы ғұламаларының бірі. 736 (х.118) жылы Мәрв қаласында туылды. Түркі нәсілінен. Білім алуға Бағдатқа кетті. Имам Ағзам Әбу Ханифа және Имам Маликтың дәрістеріне үздіксіз қатысып, білімде жоғары дәрежеге жетті. 797 (х.181) жылы Бағдат маңындағы Хит деген жерде қайтыс болды.

Көп рет қажылыққа барды. Бір жылы қажылықтан кейін түсінде аспаннан түскен екі періштенің бірі екіншісінен «Бұл жылы қажылыққа қанша адам келді?» деп сұрағанын естіді. Періште «Алты жүз мың адам келді» деп жауаптады. «Ал қанша адамның қажылығы қабыл болды?» деп сұрағанда «Олардың ешбірінің қажылығы қабыл болмады. Бірақ Шам қаласында Әли бин Муваффақ есімді біреу бар. Ол қажылыққа баруға ниет еткен болатын, бірақ бара алмады. Дегенмен оның қажылығы қабыл болды. Алты жүз мың қажының қажылығы оның құрметіне қабыл болды» деді. Абдуллаһ бин Мубәрәк былай айтып берді:

Мұны естіген соң оянып, «Бұл адамды тауып сөйлесуім керек» деп шештім. Жолаушы достарымнан ажырап, Шам керуеніне қосылдым. Шамға жеткенде әлгі адамның үйін іздестіріп тауып алдым. Есікті қақтым. Біреу шықты, есімін сұрап едім, «Әли бин Муваффақ» деді. Ол да менің есімімді сұрады. «Абдуллаһ бин Мубәрәк» дегенімде айқайлап жіберді де, есінен танып қалды. Есін жиған соң оған көрген түсімді айтып бердім. Қажылығының қабыл болғанын және оның қажылығымен бірге алты жүз мың адамның ғибадаты қабыл болғанын да хабар беріп, «Маған қандай жақсы амал жасағаныңды айтып бер» деп өтіндім. Ол былай айтып берді:

«Мен етікшімін, аяқ киім жөндеумен айналысамын. Отыз жылдан бері қажылыққа баруды армандап келдім. Осы жұмысыммен отыз жылда үш жүз дирхам күміс жинадым. Осы жылы қажылыққа бармақшы болдым. Жұбайым жүкті еді. Көрші үйден тамақтың иісі келгенде маған көршіден тамақ сұрап келуімді өтінді. Көршіме барып тамақ сұрадым. Көршім жылап жіберді де:

- Ей, Әли бин Муваффақ, біздің бұл асымыз сендерге халал емес. Өйткені үш күннен бері бала-шағам ештеңе жемеді. Бүкіл Шам қаласында істейтін жұмыс таба алмадым. Ешкім маған жұмыс бермеді. Жолда өліп қалған мал көрдім. Зәру шамасында одан бір кесек ет кесіп үйге әкелдім. Сол еттен бала-шағама тамақ пісіріп жатырмын. Сондықтан сендерге халал болмайды, - деді.

Мұны естіген соң қатты қынжылдым. Қажылыққа жинаған күмістерімді оған бердім де, «Мына ақшаны бала-шағаңның напақасына жұмса, қажылығым осы болсын» дедім». Бұл оқиғаны естіген соң Абдуллаһ бин Мубәрәк «Аллаһу та'ала дұрыс түс көрсетті» деді.