Өлім белгілеріСұрақ: Адамның өлгенін қалай білуге болады? Өлген соң не істеу керек? Жауап: Денесінің қатаюы, суып кетуі және иістенуі өлімінің белгісі болып табылады. Тынысының тоқтағанын аузына тақалған айнаның буланбағанынан, жүрек қағысының тоқтағанын тамыр соғуын тексеру арқылы аңғарылады. Өлімі расталған соң көздерін жабу және жағын байлау сүннет. Жағы жалпақ матамен басының үстіне қарай байланады. Көздерін жапқанда «Бисмиллаһи уә алә милләти Расулуллаһ. Аллаһумма яссир алейһи әмраһу уә сәһһәл алейһи мә баъдәһу уә усидһу биликаикә, уәж’ал мә харажәйһи хайран миммә харажә анһ» дұғасын оқу сүннет. Мағынасы: «Аллаһтың есімімен және Расулуллаһтың дінімен, йа, Раббым, мұның жағдайын жеңілдете көр! Соңын оңай қыла көр! Саған қауышу арқылы оны бақытты ет! Баратын жерін кеткен жерінен қайырлырақ ете көр!». Денесі суымай тұрып қол саусақтарын, шынтақтарын, тізелерін ашып-жауып, аяқ-қолдарын тіктеп қалдыру сүннет. Осылайша жуындыру және кебіндеу оңай болады. Денесі суымай тұрып киімін шешіп, үлкен, жеңіл матамен үстін жабу керек. Матаның бір ұшы басының астына, басқа ұшы аяқ астына тығылады. Қарнының үстіне, матаның үстінен немесе астынан темір секілді ауырлау зат қойып, ісінуінің алдын алған жөн.
Сұрақ: Өлім аузында жатқан адамда ең соңында көруі жоғала ма, естуі ме? Жауап: Бұл туралы Имам Ғазали хазрет «Дуррәтул фахира фи кәшфи улум-ил ахира» кітабында былай дейді: «Өлінің сезім мүшелерінен ең соңғы жоғалатыны – естуі. Өйткені рух жүректен айрылған кезде тек көруі ғана тоқтайды. Бірақ естуі рух қамалғанға дейін жоғалмайды. Сондықтан да пайғамбарымыз алейһиссалам «Өлім ауруында жатқан науқастың шаһадатәйн мен кәлиматәйн, яғни «Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадән Расулуллаһ» калималарына тілін келтіріңдер!» деген».
Өлім аузындағы адамның хәлі Сұрақ: Адам өлерде рухын тек бір періште ала ма, әлде көп періште келе ме? Өлім аузындағы адамның хәлі қандай болады? Жауап: Бұл туралы Имам Ғазали хазрет «Дуррәтул фахирә фи-кәшфи улум-ил ахира» кітабындай былай дейді: «Аллаһу та'ала адамды өмірі бойы дүниеде ұстайды. Белгіленген ажалы келгенге, ризығы таусылғанға және тағдырына жазылған амалдары біткенге дейін дүниеде өмір сүреді. Өлімі жақындағанда төрт періште келеді. Олардың бірі рухын оң аяғынан, бірі сол аяғынан, бір оң қолынан, бірі сол қолынан тартады. Көбінесе рухы алқымға келмей тұрып періштелерді, жасаған істерін олардың өз әлемдерінде тұрған күйінде көреді. Егер тілі сөйлей алса, оларды хабарлайды. Көбінесе көргендерін шайтанның ісі деп ойлайды. Тілі тұтылғанға дейін әрекетсіз қалады. Осы күйде періштелер рухын саусақ ұштарынан тартады. Тынысы торсықтан су аққандай қорылдап шығады. Күнәһардың рухы ылғалды жүнге жабысқан тікенді тартқандай шығарылады, мұны адамзаттың ең үстемі пайғамбарымыз хабар берді. Осы жағдайда жатқан адам қарны тікенге толы деп санайды. Ал рухы иненің тесігінен шыққандай, ал өзін жер мен көк бір-біріне жабысып, арасында қалғандай сезінеді. Хазреті Кабул Ахбар «Өлім қалай болады?» деген сұраққа жауап ретінде: «Тікен бұтағын адамның ішіне салып, күшті адам оны тартып жатқандай, тікен кескенін кесіп, қалғаны ішінде қалғандай көрдім» деген. Пайғамбарымыз да: «Әлбетте өлім азаптарының ауырлығы үш жүз қылыш ұрғаннан ауыр» деген. Осы кезде адамның денесі терлейді. Көздері жылдам екі жаққа қарайды. Мұрнының екі жағы тартылады. Кеуде сүйектері көтеріледі, тынысы тарылып, реңі сарғаяды».
Өлген адамның рухын көру Сұрақ: Адам қайтыс болған кезде оның рухын тірі адамдардың кейбірлері көре алады екен, ондай нәрсе мүмкін бе? Мұндай әңгімелер рас па? Жауап: Бұл жайында Имам Ғазали хазреттің «Дуррәтул фахира» кітабында былай жазылған: «Қайтыс болған адамның рухы денеге кері қайтарылған кезде ол өз денесінің жуындырып жатқанын көреді де, басы тұсында жуынуы біткенге дейін тұрады. Аллаһу та'ала жақсылық тілеген адамының көзінен пердені алып тастап, ол адам өлінің рухын өмірдегі адам кейіпінде көреді. Бір кісі өз баласын жуындырып жатқанда бас жағында тұрғанын көрді. Қорқып, көрген жағынан басқа жаққа өтті. Кебінделгенге дейін көріп тұрды. Кебіндеген соң адам кейіпіндегі рух кебінге кері қайтты. Жуындырып, кебіндеп, табытқа жатқызғанша өлгеннің рухын көргендер болған. Рәби бин Хәйсәм хазреттен риуаят етілгені бойынша, қайтыс болған бір адам жуындырып жатқан адамының қолында қимылдаған. Хазреті Әбу Бәкір дәуірінде бір мәйіттің табытта жатқанында сөйлегені байқалды, хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың ізгіліктерін айтқан еді. Қайтыс болған адамның осындай жағдайларын көргендер – періштелер әлемін көрген әулиелер. Аллаһу та'ала қалаған адамының көзінен және құлағынан пердені алып тастап, ол адам осы жағдайды көреді және біледі. Мәйіт кебінге оралған кезде рух сырттан кеудеге жақындайды. Бұл кезде ол айқайлап, ыңырсып, айтады: «Мені Раббымның рақымына тез апарыңдар. Егер маған сыйланған ниғметтерді білсеңдер, мені апаруға асығар едіңдер». Егер тозақ азабымен қорқытылған болса, айтады: «Маған азапталуға дейін біраз уақыт беріп, асықпай апарыңдар. Егер білсеңдер, әлбетте мені иықтарыңда көтермейтін едіңдер». Осы себепті Расулуллаһ жаназа көргенде дереу орнынан тұрып, қырық қадамдай мәйітпен берге жүретін еді». |