10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сүннет - Бидғат / Өлінің қырқы

Өлінің қырқы

Сұрақ: Қайтыс болған адамның артынан дұға ету, садақа беру, ас беру үшін жетісі, қырқы секілді белгілі күнді күту дұрыс па?

Жауап: Өлінің қырқыншы күні мұрнының түсетіні, елу үшінші түні шіри бастайтыны және сол түндері оған көп сауап бағыштау керек дегендей сөздер дұрыс емес. Бұларды Ахмед есімді бір шырақшы түсінде көрдім деп ойдан шығарған. Мәйітке жасалатын әр қызмет ғибадатқа жатады. Ғибадаттар тек қана аяттар, хадис шәрифтер және мүжтәһид ғұламалардың сөздері арқылы белгілі болады. Әркімнің сөзімен, түспен ғибадаттарды өзгертуге болмайды. Ғибадаттарды өзгерткісі, бұзғысы келген адамның иманы кетеді. Өлілерге Құран кәрім оқу, садақа беру, дұға ету секілді көмек беру үшін қырқыншы күнін күтпеу керек, бірінші күннен бастап орындап, мәйітке бір сәтке болсын ертерек көмектесу керек. Бұл амалдарды жетісіне, қырқына қалдыру суда батып бара жатқан адамға «Біраз күте тұр, бірнеше күннен кейін көмектесуге келемін» дегенге ұқсайды. Мұхаммед Масум хазрет «Мәктубат» кітабында былай дейді:

«Әдет, рия, мақтану үшін емес, Аллаһ разылығы үшін кедейлерге ас, садақа беріп, сауабын мәйіттің рухына бағыштау жақсы амал және үлкен ғибадат болады. Бірақ мұны белгілі күні орындау керектігі жайында сенімді хабар жоқ, яғни негізі жоқ».

Христиандар өлілеріне қырқыншы күні қабір басында рәсім жасап, мұны өздерінің әдет-ғұрпы екенін айтады. Өлілері үшін садақа беру, ас беру секілді қайырымның белгілі күндерде атқарылуы мұсылмандарға христиандардан өткендігі аңғарылады.

 

Сұрақ: Жаназа намазы оқылғаннан кейін табыттың қасында дұға ету, сөз сөйлеу дұрыс па?

Жауап: Жаназа намазы оқылғаннан кейін табыттың қасында дұға ету рұқсат емес. «Зубдә-тул мақамат» кітабында жазылған:

«Имам Раббани хазреттің жаназа намазы оқылғаннан кейін тоқтап дұға жасалмады. Дереу молаға апарылды. Жаназа намазынан кейін түрегеп дұға етудің мәкрух екендігі фиқһ кітаптарында жазылған. Кейбір ғалымдар солай жасаған болса да, бұл сүннетке сай емес». Жаназа намазы оқылғаннан кейін дұға етудің, сөз сөйлеудің рұқсат емес екені «Бәззазия» фәтуа кітабында да жазылған.

 

Сұрақ: Баланы құшаққа алып намаз оқуға бола ма?

Жауап: Зәру себепсіз баланы құшаққа алып намазды бастау мәкрух. Зәрулік бар болса және баланың үсті таза болса, мәкрух болмайды.