10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ораза ұстау арқылы періштелердей боламыз

Ораза ұстау арқылы періштелердей боламыз

Раббымыздың бізге берген ниғметтері санауға келмейтіндей көп. Берілген осыншама ниғметтерді біз сұрамадық, ондай талабымыз болмады. Біздің оларға мұқтаж болғанымыз, оларсыз өмір сүре алмайтынымыз белгілі болғандықтан бізге берілді. Біз білсек те, білмесек те, ақиқат осы. Иә, ниғметтердің ішінде жүзіп жүрміз. Ал осыншама ниғметтерге шүкір етеміз бе? Шүкір етпейтінімізді мойындайық. Раббымзы да «Шүкір ететін құлдарым аз» дейді.

Шүкір етпесек немесе аз шүкір етсек, мұның көптеген себебі бар. Біріншісі, тегін болып көрінген және ешқашан бітпейтін ниғметтерді ниғмет ретінде көрмейміз.

Ауа – үлкен ниғмет. Ол болмаса тірі қалуымыз мүмкін емес. Жер бетінде ауа жоғалса, көп дегенде он минутта бәріміз өлеміз. Ауаны жаратқан әр минутта өмірімізді құтқарып жатыр. Қанша шүкір етсек те, аз.

Оттегінің қаншалықты үлкен ниғмет екенін ауасыз қалған кезде түсінеміз. Біреу тамағымызды қысса немесе монша секілді ауасыз жерде ұзақ отырсақ, сол кезде ауаның қадірін түсінеміз.

Денсаулықтың, сау жүрудің рахатын таңға дейін ауырып, қиналып шыққандар біледі. Көздің қадірін соқыр түсінеді. Құлақтың қадірін керең адам біледі.

Бір кедей кісі ұстазына келіп, дертін айтып шағымданады, өте кедей екенін, ештеңесі жоқ екенін айтады. Сонда ұстазы одан сұрайды: «Егер саған біреу келіп, көзің үшін он мың дирхам беремін десе, беруге разы боласың ба?» Ол «Жоқ» деп жауаптайды. Ұстазы жалғастырып: «Егер керең болсаң, тағы он мың» дегенде бұған да «Жоқ» дейді. «Егер тілсіз қалсаң, сөйлей алмасаң, он мың дирхам» дегенінде тағы «Жоқ» дейді. «Аяқ-қолың істемей, сал болсаң он мың» дегенде бұған да разы болмайды. «Ақылыңнан айрылсаң тағы он мың дирхам берсе разы боласың ба?» деген сұраққа: «Ақылымды жоғалтсам, ақшаны қайтейін?!» дейді.

Сонда ұстазы: «Аллаһтан қорықпайсың ба? Үстіңдегі ниғметтердің бірнешеуі ғана елу мың дирхам құнынан артық, кедей екеніңе қалай шағымданасың?» деген екен.

Еркіндіктің қадірін қамаудағы біледі. Өмірдің қадірін өлі біледі. Өмірге бір күнге болсын қайтқысы келмейтін бірде-бір өлі жоқ. Бәрі келгісі келеді. Салих амал жасағандар көбірек сауап алу, дәрежелері тағы жоғарылау үшін. Ал азаптағылар тәубе ету үшін қайтып келуді қатты қалайды, бірақ мұндай мүмкіндік ешкімге берілген емес, берілмейді де.

Сусыз өмір сүре алмаймыз. Өміріміз судың арқасында жалғасып жатыр. Судың қаншалықты үлкен ниғмет екенін шөлдеген кезде түсінеміз. Шөл ораза кезде, әсіресе ұзақ және ыстық күндері ораза ұстағанда сезіледі.

Ораза ұстау арқылы біз періштелердей боламыз. Өйткені олар ештеңе жемейді және ішпейді. Раббымызға шүкірімізді толық жасауымыз мүмкін емес. Ниғметтерді Ол жібергенін білейік, соның өзі жетеді.