18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ХАЗРЕТІ ОМАР-УЛ ФАРУҚ (радиаллаһу анһ)

ХАЗРЕТІ ОМАР-УЛ ФАРУҚ (радиаллаһу анһ)

Әбу Хурайраның (радиаллаһу анһ) риуаят етуі бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Бұрынғы үмбеттерде әулиелер бар еді. Олар пайғамбар болмаса да, Аллаһу та'ала олармен сөйлесетін еді. Егер бұл үмбетте оларға ұқсаған біреу бар болса, ол Омар бин Хаттаб». Абдуллаһ ибн Омардың (радиаллаһу анһума) мына сөзі осы мағынаны растап тұр: сахабалар қандай да бір мәселеде сөз айтса, Аллаһу та'аланың үкімі хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) сөзіне сай болып түсетін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһу та'ала Омардың (радиаллаһу анһ) тілімен сөйлеуші» дейтін. Тағы Әбу Хурайраның жеткізуі бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Түсімде көрдім. Бір шелек су тартып жаттым. Аллаһу та'ала тілегендей тарттым. Кейін Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) шелекті алып, бір-екі шелек су тартты. Ол әлсіз тартқан еді. Аллаһу та'ала оған мейірім етсін. Кейін Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) шелекті алды. Ол сияқты күшпен су тартқанды көрген емеспін. Бүкіл хауыздарды суға толтырды және барлық адамдарды суға қандырды». Хазреті Әбу Бәкір екі жыл төрт ай немесе алты ай халифа болды. Өлім ауруы кезінде Осман бин Аффанға (радиаллаһу анһ) былай жаздырды:

«Бисмиллаһир Рахманир Рахим. Бұл Әбу Бәкірдің дүниеден шығатын күндерінің соңғы үндеуі және ахиретке кіретін күндерінің алғашқы үндеуі. Кәпір де, күнәһар да сенетін және өтірікші де растайтын шындық – мен Омар бин Хаттабты (радиаллаһу анһ) халифа ретінде таңдадым. Менің ойымша, күмәнсіз ол әділеттікпен билік құрады. Әркім өз ісіне жауапкер. Мен қайырым қаладым. Ғайыпты білмеймін. Зұлымдық етушілер жақында қайда қайтатындарын білетін болады». Кейін бұл жазба сахабалардың үлкендеріне көрсетілді. Олар жазылғандарды қабылдап, биат етті (әмірге бағынды). Риуаят бойынша, Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) ауруы артқанда ол терезеден адамдарға «Ей, адамдар, менің сендерге үндеуім, мен халифа таңдадым, оған разы боласыңдар ма?» деді. Бәрі «Иә, разы боламыз» деп жауаптады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) Омар бин Хаттабтың (радиаллаһу анһ) халифалығынан басқасына разы болмаймыз» деді. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Құтты болсын» деді.

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай айтып берді: «Аллаһу та'ала сахабаларға Мәдаин қаласының жаулап алынуын әмир-ул мүминин Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы дәуірінде нәсіп етті. Түскен олжа мүліктерді әкеліп, Расулуллаһтың мешітінде ашты. Алдымен Хасан бин Әли (радиаллаһу анһума) келді. «Йа, әмир-әл мүминин! Аллаһу та'ала мұсылмандарға жеңіс нәсіп етті. Олжа мүліктерінен менің хақымды бер» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) оған ілтипат пен сый көрсетіп, оған мың дирхам берілуін әмір етті. Мың дирхам берілді. Кейін хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) келді. Оған да ілтипат пен сый көрсетіп, мың дирхам берілуін әмір етті. Мың дирхам берілді. Одан кейін өз ұлы Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһума) келді де, «Ей, мүминдердің әмірі! Аллаһу та'ала мұсылмандарға жеңіс нәсіп етті. Олжа мүліктерінен менің де хақымды бер» деді. Хазреті Омар оған да ілтипат пен сый көрсетіп, бес жүз дирхам берілуін әмір етті. Сонда Абдуллаһ бин Омар «Ей, мүминдердің әмірі! Мен соғыстарға бар күшімді салып қатыстым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көз алдында шайқастым. Хасан мен Хусейн (радиаллаһу анһума) Мәдина көшелерінде балалармен ойнап жүретін. Оларға мың дирхамнан, ал маған бес жүз дирхам бердіңіз» деді.

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) ұлына былай жауап берді: «Иә, солай. Онда сен де олардың әкесіндей әке, анасындай ана, атасындай ата, әжесіндей әже, көкесіндей көке, нағашы көкесіндей нағашы көке, апасындай апа, нағашы апасындай апа әкел, саған да сонша берейін. Олардың әкесі Әли-ул Мұртаза, анасы Фатима-туз Зәхра, аталары Мұхаммед Мұстафа (алейһиссалам), әжелері Хадиша-тул Кубра, көкелері Жафәр бин Әби Талиб. Апалары Уммухани бинти Әбу Талиб, нағашы көкелері Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұлы хазреті Ибраһим. Нағашы апалары Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қыздары Руқайя мен Умму Гүлсүм (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин)» деді. Хазреті Әли хазреті Омардың (радиаллаһу анһума) бұл айтқанын естіп: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім, «Омар жәннаттағы адамдардың жарқыны және исламның нұры» деген еді» деді. Адамдар мұны хазреті Омарға хабарлады. Сонда хазреті Омар сахабалардан бір жамағат жинап, хазреті Әлидің үйіне барып, есікті қақты. Хазреті Әли шыққанда «Ей, Әбул Хасан, сен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузынан «Омар жәннаттағы адамдардың жарқыны және исламның нұры» дегенін естідің бе?» деп сұрады. «Иә, естідім» дегенінде «Мұны маған жазып бер» деді. Хазреті Әли: «Бисмиллаһир Рахманир Рахим. Бұл Әли бин Әбу Талибтың Омар бин Хаттабқа жазған құжаты. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім. Ол Жәбрейілден, ол болса Аллаһу та'аладан естіп хабарлады. «Күмәнсіз, Омар бин Хаттаб жәннаттағы адамдардың жарқыны және исламның нұры» деп жазып берді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бұл жазуды алып, балаларының біріне берді де: «Мен қайтыс болғанда осы жазуды кебінімнің ішіне сал, мұнымен Аллаһу та'алаға қауышайын» деп өсиет етті. Күмәнсіз сахабалардың ізгіліктері шексіз. Олардың ғажайыптарын айтуға тілдің шамасы жетпейді.

• Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бір жұма күні мінберде хұтба оқып жатқанда хұтбаны тоқтатып, екі немесе үш рет «Йа, Сария, әл-Жәбәл, әл-Жәбәл» деді. Кейін хұтбасын жалғастырып аяқтады. Жамағат «Омардың (радиаллаһу анһ) есі ауысыпты» десті. Намаздан кейін Абдуррахман бин Ауф (радиаллаһу анһ) хазреті Омарға келіп, «Йа, Омар (радиаллаһу анһ), саған не болды, хұтба арасында басқа сөздер айтып кеттің ғой? Халық сен туралы өсек айта бастады» деп сұрады. Хазреті Омар былай жауап берді: «Ол кезде Сария (радиаллаһу анһ) әскерімен бір таудың етегінде кәпірлермен шайқасып жатқан еді. Кәпірлер алдынан және артынан тоқтамай шабуылдады. Сол жағдайды көрдім де, шыдай алмай тауға артымен сүйеніп, кәпірлердің зиянынан құтылсын деп солай айттым». Мәдина мен соғыс болып жатқан жердің арасы бір айлық жол еді. Біраз уақыт өткен соң Сария (радиаллаһу анһ) Мәдинаға қайтты және сахабаларға былай айтып берді: «Бір жұма күні кәпірлермен шайқасып жаттық. Таңнан жұма уақытына дейін шайқастық. Түскі уақытта «Йа, Сария, әл-Жәбәл» деген дауыс естідік. Мұны естіген соң тауға артымызды сүйедік. Көп шайқасқанымыз сонша, кәпір әскерінің көбісін өлтірдік. Қалғандары қашып кетті». Хазреті Омарға есі ауысты дегендер мұны естігенде «Бұлар хазреті Омардың сөзін растау үшін әдейі айтып жатыр» десті. Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) жұма күні хұтбада айтқан сол сөзін хазреті Әлиге адамдар айтып берді. Хазреті Әли «Ол бос сөз сөйлемейді, бос іс жасамайды. Айтқандары мен істегендері аяти карималарға сай» деді. Имам Фахреддин Рази (рахметуллаһи алейһ) «Тәфсир-и кәбир» кітабында жазған: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әбу Бәкір Сыддық пен хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһума) туралы «Сен екеуің менің көзім мен құлағым секілдісіңдер» деген. Расымен де хазреті Омар (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) халифасы болғанда мінберде тұрып сондай алыс қашықтықтағы жағдайды көрген еді».

• Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) Ирак мемлекетіндегі біреуге жиһад үшін әскер жіберген болатын. Бір күні Мәдинада отырғанда кенеттен «Мен осындамын, осындамын!» деп айқайлады. Неліктен бұлай айқайлағанын ешкім түсіне алмады. Соңында әскер жеңіске жетіп оралды. Қолбасшы хазреті Омарға жеңістерін айта бастады. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) «Оларды қоя берші, қинап суға түсірген адамыңның жағдайы не болды?» деп сұрады. Қолбасшы «Йа, әмир-ул мүминин! Ол әрекетте менің жаман ниетім жоқ еді. Алдымыздан су шықты. Сол суды кешіп өтпек болып, тереңдігін білгіміз келді. Сол адамды шешіндіріп, суға түсірдік. Ауа суық еді. Ол «Йа, Омар, йа, Омар (радиаллаһу анһ)!» деп айқайлай бастады. Кейін қатты суық себебімен қайтыс болды» деді. Қолбасшының айтып бергенін тыңдап отырғандар оған дейін хазреті Омардың «Ләббәйк, ләббәйк» дегенінің суға түскен адамның «Ей, Омар (радиаллаһу анһ), қайдасың?» деп айқайлағанына жауап екенін түсінді. Хазреті Омар қолбасшыға «Егер менен кейін әдет болып қалмайтынын нақты білгенімде, қазір сенің басыңды шабатын едім» деді де, «Ал енді қазір барып, ол байғұстың жанұясына құнын өте. Ендігәрі олай істеуші болма!» деп ескертті. Кейін «Мен үшін бір мұсылманды өлтіру көп адамды өлтіруден де үлкен іс» деді.

• Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде Мысыр жаулап алынған болатын. Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) Мысырға әкім ретінде тағайындалды. Бір күні Мысыр халқы Амр бин Асқа келіп «Ніл өзенінің бір әдеті бар. Ол әдет орындалмаса, суы тартылады» деді. «Ол қандай әдет?» деп сұрағанында халық «Осы айдан он екі күн өткеннен кейін бір қыз табамыз. Әке-шешесін мал-мүлік пен ақша беріп разы қыламыз. Ол қызды әдемі киіндіріп, алтындармен безендіріп, Ніл өзеніне тастаймыз» деді. Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) мұны естігенде «Исламда бұлай істеуге болмайды. Ислам діні жаман әдеттерді алып тастады» деп қабылдамады. Үш айдан кейін Ніл өзенінің суы тоқтап қалды. Мысыр халқы тұрғылықты жерлерінен көше бастады. Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) бұл жағдайды көріп, хат арқылы жағдайды хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) хабар берді. Хазреті Омар хатты оқып, жауап жазып «Олардың салтын орындамай жақсы істедің. Хатымның ішіне бір парақ қағаз салдым. Ол қағазды Ніл өзеніне таста» деп жазып жіберді. Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) хатты алды. Хаттың ішіндегі қағазда былай жазылған еді: «Аллаһтың құлы Омар бин Хаттабтан Мысырдың Ніл өзеніне. Егер бұған дейін өзім ақтым деп санайтын болсаң, онда ақпай-ақ қой! Егер сені Уахид (жалғыз) және Қаһһар (құдіретті) Аллаһу та'ала ағызып жатқан болса, уахид және қаһһар Аллаһу та'аладан сені ағызуын тілеп дұға етемін». Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) қағазды Ніл өзеніне тастады. Ертеңіне таңертең Ніл өзенінің суы он алты аршын көтеріліп аға бастады. Одан кейін суы алдыңғыдай мүлде тоқтамады. Мысыр халқы дерттен құтылды.

Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) өзіне дейін жетіп келген риуаят шежіресімен жеткізіп былай деді: «Мұса алейһиссалам перғауынды қарғады және Аллаһу та'ала Ніл өзенінің суын тоқтатты. Халық тұрғылықты мекенін тастап кете бастады. Кейін жиналып, Мұса алейһиссаламға барып, «Бізге дұға ет, Нілдің суы ақсын» деп жалынды. Мұса алейһиссалам иманға келер деген оймен Нілдің суын қайтадан ағуын тілеп Аллаһу та'алаға дұға етті. Таңертең Ніл өзенінің суы он алты зра’ көтеріліп ағып жатқанын көрді. Аллаһу та'ала бұл кереметті Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінен хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) берді».

• Бір күні Мәдинада зілзала болды. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) қолындағы қамшымен жерді ұрып, «Аллаһу та'аланың рұқсатымен тыныштал» деді. Зілзала тоқтады және одан кейін Мәдинада зілзала мүлде болмады.

• Бір күні Мәдинада өрт шықты. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бір қыш кесегіне «Ей, от, Аллаһу та'аланың рұқсатымен басыл» деп жазып отқа тастады. Өрт бірден сөніп қалды.

• Рум патшасы хазреті Омарға (радиаллаһу анһ) елші жіберген болатын. Елші келіп, жолда адамдардан халифаның үйін сұрады. Зәулім сарай көрсетіледі деп ойлаған еді. Адамдар оған «Далада кесек құйып жатыр» деді. Елші жазық далаға қарай барды. Сөйтсе, хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бір кесекті басының астына қойып топырақ үстінде ұйықтап жатқан екен. Елші бұл жағдайды көріп, «Шығыста да, батыста да бәрі осы кісіден қорқады. Ал мұның жағдайы болса мынау» деп қатты таңқалды. Кейін «Бұл айдалада оны өлтірсем ешкім одан қорықпайтын болады» деген ой келді де, қылышын шығарды. Сол мезетте Аллаһу та'ала жерден арыстан шығарды. Елші шошып кетіп, сасқанынан қылышын жерге тастай салды. Сол кезде хазреті Омар оянып кетті. Арыстанды байқамаған еді. Елшіден не болғанын сұрады. Ол мән-жайды түсіндіріп берді де, өзі мұсылман болды.

• Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) шәһид болған күні жер бетін сондай қараңғылық басты, балалар аналарынан «Қиямет басталды ма?» деп сұраған еді. Аналары балаларына «Жоқ, Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) шәһид болды» деп жауаптады. Хазреті Омар шәһид болған күні мына мағынадағы өлең шумақтары естілді, бірақ кім оқығаны көрінбеген еді:

Егер ислам үшін жыласа, жылағандар жылай берсін,

Құрып кете жаздады ғой, ей өткен заман.

Артта қалды енді дүние мен ондағы қайырлар,

Дүниеден бет бұрды антқа сенгендер.

Саған жынның әйелдері іштей жылап жатыр,

Динарлар секілді беттерін тырнап жатыр.

Оқиғалардан соң бәрі қара киініп жатыр.

 

Мына мағынадағы өлең шумақтарын шәһид болуынан үш күн өткен соң тағы жындар оқыды:

Аллаһ қайырларға кезіктірсін әмірдің құрметіне,

Оның құдіреті шексіз, жер жүзінің әр түйірінде.

Кімде-кім түйеқұс қанатына мінсе,

Сол кезде жете алар, жіберіп алған қайырына.

 

• Шәйхайнның, яғни хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың (радиаллаһу анһума) кереметтерінің бірі, оларға тіл тигізген, әдепсіз сөздер айтқан рафизилердің басына әртүрлі бәле-жала және жаза келуі.

Ходжа Мұхаммед Парса (қуддиса сиррух) «Фасл-ул Хитаб» атты кітабында былай жазған: Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) айтты: «Бір топ адам мені хазреті Әбу Бәкірден және хазреті Омардан (радиаллаһу анһума) жоғары, үстем санайды. Олардың жүректерінде екі жүзділік бар. Олар мұсылмандардың бөлінуін, келіспеушілікке түсуін қалайды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған оларды хабар берді және өлтіруге бұйрық берді. Олар сырттай мұсылман көрінеді. Бірақ іштей олар дін дұшпаны. Өтірік айту олардың ойынша жақсы амал. Көңілдері жамандыққа толы. Олар Құран кәрімді өзгертіп, өздерінің адастырушы ойлары бойынша оған түсінік береді. Фитна жасауға бір-бірімен келіседі. Ардақты сахабаларды (алейһимурридуан) балағаттайды. Аллаһу та'ала оларды кешірмейді. Бұл фитналарды кішілері үлкендерінен үйренеді. Осылай жалғасып, сүннетті жойып, бидғатты жаяды. Сол заманда сүннетті ұстанғандар шәһидтерден, абидтерден және ғазилерден абзал. Олар бақытқа кенеледі. Жер жүзінде рафизилерден артық жек көруге лайықты ешкім жоқ. Жер жүзі оларды жек көреді. Аспан оларға жиіркеніп көлеңке береді. Рафизилердің ғалымдары аспан күмбезінің астында адамдардың ең жаманы және ең зияндысы. Фитна олардан шығып, фитна оларда берік қалады. Рафизилердің ғалымдары аспандағы періштелер арасында «Ең лас, ең нәжіс адамдар» деп аталады. Сахабаларды (радиаллаһу анһум әжмаин) жамандаған кезде кеуделеріндегі хикмет шығып кетеді. Аллаһу та'ала рафизилердің және бидғатшылардың бейнелерін өзгертіп жібереді». Сахабалар хазреті Әлидің бұл сөздерін естігенде «Йа, әмир-әл мүминин! Біз ол заманға жетіп барсақ, не істейік?» деп сұрады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) былай жауап берді: «Иса алейһиссаламның хауарилері секілді болыңдар. Аллаһу та'ала сендерге не бұйырған болса, соны орындаңдар. Оның пайғамбарына бағыну, сахабаларын жақсы көру, рафизилерді жек көру және дұшпандық жасау тұрғысында хауарилер жасағандай жасап, сабыр етіңдер. Хақ пен сүннетті ұстанып жүру күнә мен бидғатты ұстанудан қайырлы».

Абдуллаһ бин Сәбә хазреті Әлиді хазреті Әбу Бәкірден (радиаллаһу анһум) жоғары, үстем санайтынын айтқан болатын. Хазреті Әли оның бұл өтірік және фитна сөзін естігенде ант етіп, «Оны өлтіремін» деді. «Сені жақсы көретін адамды неліктен өлтіресің?» деп сұралғанда «Мені олардан үстем санайтынды әлбетте өлтіремін. Менің қаламда тұрмасын» деді де, өз қаласынан қуып жіберді.

• Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) «Дәлаил-ун нубуввә» атты кітабында сенімді адамнан риуаят етіп былай жазған: «Біз үш адам болып Йеменге бара жатқан едік. Арамыздағы бір адам куфалық еді. Ол адам хазреті Әбу Бәкір Сыддық пен хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһума) жайлы жаман сөздер айтып, оларға тіл тигізіп келді. Оған қанша насихат айтсақ та көзқарасын өзгертпеді. Йеменге жақын бір жерде тұрақтап ұйықтадық. Кейін тұрып дәрет алдық. Әлгі адамды ояттық. Ол «Өкінішке орай мен мұнда сендерден айрыламын. Мені оятқан кездеріңде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасымда отырған еді. Маған: «Ей, пасық адам, Аллаһу та'ала пасықты қор қылды! Сен мұнда түріңді өзгертесің» деп айтты» деді. Біз «Қап, әттең-ай, тұр, дәрет ал» дедік. Ол орнынан тіктеліп отырды, аяғын жинады. Бір қарасақ, аяқ саусақтары маймылдың саусақтарына айналды. Кейін тізелеріне дейін екі аяғы маймылдың аяғындай болып кетті. Осылай кеудесі, денесі, басы мен түрі өзгеріп, толықтай маймылға айналды. Оны ұстап, түйенің ашамайына байлап отырғызып, жолымызды жалғастырдық. Күн батайын дегенде бір жерге жеттік. Ол жақта бірнеше маймыл жиналған еді. Оларды көрген кезде мазасы кетті. Жібін үзіп, сол маймылдарға барды. Маймылдармен бірге тұрғанда бізге бұрылды. Біз «Мынау адам кейпінде жүргенде бізді әбден мазалаған еді, енді оған маймылдар дос болды» дестік. Кейін бізге жақындап, құйрығына отырды. Жүзімізге қарап жылады. Біраздан кейін маймылдар кетті. Ол да олардың артынан кетті.

• Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) Әли бин Зәйдтің (радиаллаһу анһума) былай айтып бергенін риуаят еткен: «Саид бин Мусәйиб (радиаллаһу анһ) «Маған бір адам жібер, пәленшені көрсетейін» деді. «Ол туралы сен айтып бересің бе?» деп сұрап едім, «Жоқ, айта алмаймын» деді. Бір адам жібердім. Саид бин Мусәйиб (радиаллаһу анһ) көрсеткісі келген адам туралы ол былай айтып берді: Ол адам кейбір сахабалар туралы жаман сөз айтатын еді. Аллаһу та'ала оның бетіне сондай жара шығарды, ол жара бүкіл бетін қаптады. Беті қап-қара болып кетті».

• Тағы Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) бір салих кісіден риуаят етіп былай деген: «Куфалық бір адам бар еді. Хазреті Әбу Бәкір Сыддыққа және хазреті Осман Зиннурәйнге (радиаллаһу анһума) тіл тигізіп, жаман сөздер айтатын еді. Күндердің бірінде сол адаммен бірге сапарға шықтық. Оған көп насихат айттық, бірақ тыңдамады. Біз «Олай болса, бізден ары жүр» дедік. Ол бөлініп кетті. Кейін ол адамның баласын көріп қалдық. «Әкеңе айт, бізбен бірге жүрсін» дедік. Баласы: «Әкемнің екі қолы шошқаның аяғындай болып қалды» деді. Тез қасына барып, «Бізбен бірге жүре бер» дедік. Ол «Маған бір нәрсе болып жатыр» деп қолдарын көрсетті. Қолдары шошқаның аяғындай болған еді. Кейін бізге қосылды. Жолда көп шошқа жайылып жүрген жерге жеттік. Әлгі адам бірден есегінен жерге секіріп, шошқаларға қосылып, араларына кіріп кетті. Оны басқа шошқалардан ажырата алмай қалдық. Мал-мүлкі мен құлын Куфаға алып келдік».

• Имам Мустағфиридың (рахметуллаһи алейһ) бір ғазиден риуаят етіп айтып берген оқиғасы мынадай: Ол ғази былай айтып берген: «Бір жамағатпен соғысқа бара жатқан едік. Арамызда Бәни Тәмим тайпасынан Әбу Хайян есімді біреу бар еді. Ол адам хазреті Әбу Бәкір Сыддық пен хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһума) туралы жаман сөздер айтты. Оған айтқан насихаттарымыздың еш пайдасы болмады. Жолда бір қазыға жолықтық. Әбу Хайянды көрсетіп, «Мынаны менімен қалдырыңдар-шы» деді. Біз оны қалдырып кеттік. Біраздан соң қарасақ, артымыздан келе жатқан екен. Қазы оған киім және ат беріпті. Бізге «Көрдіңдер ме, ей, Аллаһтың дұшпандары!» деп айқайлады. «Бізден аулақ жүр» дедік. Біз жолдың бір шетінде жүрдік, ол арғы шетінде жүрді. Бір кезде әжетке жолдан шығып, бір жерге отырды. Отырған кезінде оған аралар шабуылдады. Ол бізден көмек сұрады. Көмектеспекші болғанымызда аралар бізге шабуылдай бастады. Біз оны тастап артқа шегіндік. Аралар қайтадан оған шабуылдады. Сүйектері жылтырап көрініп қалғанша терісі мен етін жеді. Біз «Бәни Тәмимнен Әбу Хайянның мал-мүлкін кім алады?» деп айқайладық».

• Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) сәләфтан бір үлкен кісіден былай риуаят еткен: «Менің бір көршім бар еді. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық пен хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһума) туралы әрдайым жаман сөз айтып жүретін. Бір түні түсімде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Оң жағында хазреті Әбу Бәкір Сыддық, сол жағында хазреті Омар-ул Фаруқ бар еді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Менің көршім бар, мына екі кісі туралы лайықсыз сөздер айтады. Менің мазамды алып жатыр, әбден қинап бітті» дедім. Расулуллаһ біреуге «Бар, мынаның көршісін өлтір» деп бұйырды. Таңертең түсімді сол көршіме айтып берейін деп шықтым. Қарасам көршімнің есік алдына көп адам жиналып, шулап тұрған екен. «Не болды?» деп сұрап едім, «Түнде біреу келіп оны өлтіріп кетіпті» деген жауап алдым».

• Тағы Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) былай жазған: «Басра халқынан біреу Әхуаз қаласының алдыңғы қатарлы азаматтарының біріне зат сатқан болатын. Оған адамдар «Зат сатқан адамың рафизи. Ол хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар туралы жаман сөздер айтады» деді. Затты сатқан адам бұдан кейінгісін өзі былай айтып берген: Барып келуім ұзаққа созылатын еді. Бірақ зат сатқан адамыма бардым. Ол хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар туралы жаман сөздер айта бастады. Қатты қынжылдым, одан кетіп қалдым. Сол түні ренішімнен тамақ жей алмадым. Түсімде Расулуллаһты көрдім. «Йа, Расулаллаһ! Пәленшені көрдіңіз бе? Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар туралы не айтқанын естідіңіз бе?» дедім. Маған «Оның айтқандарына ренжідің бе?» деп сұрады. «Иә» дегенімде «Оны мұнда шақыр» деп бұйырды. Шақырып келдім, жерге жатқызуымды бұйырды. Оны жерге жатқызып едім, Расулуллаһ қолыма пышақ ұстатып, «Оны өлтір» деді. Үш рет «Өлтірейін бе, йа, Расулаллаһ?!» деп сұрадым. Өйткені маған адам өлтіру өте қиын еді. Үшінші сұрағанымда «Өлтір дедім саған» деді. Бұдан кейін оны өлтірдім. Таңертең бұл түсімді сол адамға айтып берейін деп бардым. Ауласына жақындағанымда үйінен айқайлаған дауыстар естідім. «Не болды екен?» деп сұрадым. «Пәленшені кеше түнде төсегінде өлтіріп кеткен екен» деді. Мен «Уаллаһи оны Расулуллаһтың бұйрығымен мен өлтірдім» дедім. Ол адамның ұлы жағдайдың мән-жайын білген соң маған «Затыңды ала бер, мен оны жерлеп келейін» деді. Мен сатқан затымды алып кеттім».

• Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берді: «Сәләфтан бір кісі айтып берген: Бала кезімде рафизи ұстазым бар еді. Маған рафизи ағымын үйрететін. Мен де хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар туралы жаман сөздер айтатынмын. Бір түні түсімде қиямет басталып кетіпті. Барлық адамдар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында жиналған екен. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында екі қарт кісі отырған еді. Бәрі кезекпен келіп сәлем беріп жатты. Мен сәлем берейін деп Расулуллаһтың алдына жақындадым. Қасында отырған екі кісінің бірі «Йа, Расулаллаһ, мына адам бізден не сұрап тұр» деп мені көрсетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені ұстамақшы болды, сол кезде ұйқыдан оянып кеттім. Сол мезетте шашым, сақалым, қасым, кірпіктерім төгілді. Төрт ай бойы солай жүрдім. Барлық емші-дәрігерлерге барып шықтым, еш емін таба алмадым. Бір күні бір досым келіп, «Саған не болған? Емшілер саған ем таба алмай жүр екен ғой» деп сұрады. Оның бұл сұрағынан «Біреуге ғашық болып қалып, сол ғашықтықтан осындай жағдайға түстің бе?» деп сұрағысы келгенін түсіндім. Досыма жағдайымды және түсімді айтып бердім. Ол «Субханаллаһ, неге тәубе етіп, кешірім сұрамадың? Демек сен білмейді екенсің. Расулуллаһқа дұға мен салауат оқып, мүбәрәк рухына бағышталғанда оған білдіріледі. Дереу тәубе ет» деді. Дәрет алдым да, екі рәкат намаз оқыдым. Кейін тәубе етіп, Аллаһу та'алаға дұға еттім. Хазреті Әбу Бәкір Сыддықты және хазреті Омар-ул Фаруқты (радиаллаһу анһума) қатты жақсы көріп, үстемдіктеріне сендім. Бір апта өтпей шашым, сақалым, қастарым мен кірпіктерім бұрынғыдай жаңадан өсіп шықты».

• Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) сәләф-и салихиннен бір кісінің былай айтып бергенін риуаят етеді: «Бір кездері Шамға бара жатқанда бір мешітте таң намазын оқыдым. Имам намаздан кейін хазреті Әбу Бәкірді және хазреті Омарды (радиаллаһу анһума) қарғады. Бір жыл өткен соң тағы Шам сапарында сол мешітте таң намазын оқыдым. Бұл жолы имам хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарға жақсы дұға етті. Жамағаттан «Өткен жылы оларды қарғаған едіңдер, қазір жақсы дұға еттіңдер, не себепті?» деп сұрадым. Олар маған «Өткен жылдағы имамды көргің келе ме?» деді. «Иә, көремін» деп едім, мені бір үйге апарды. Ол жақта көзінен жас ағып тұрған ит бар еді. Иттен «Сен өткен жылы хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарды (радиаллаһу анһума) қарғаған имамсың ба?» деп сұрадым. Басымен «Иә» дегендей ишара берді».

• Тағы Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берген: «Мәдаинде едім. Қай жақта ешкімі жоқ адамның қайтыс болғанын естісем, оған кебін алып беретінмін. Бір күні маған бір адам келді. «Бұл жерде Куфалық бір адам қайтыс болды. Кебіні жоқ» деді. Қызметшімді кебін алуға жібердім. Өзім қайтыс болған адамға бардым. Қарнына кірпіш басып қойған екен. Кенеттен кірпіш құлады да, өлі тіріліп, «Әттең-ай, обалым жоқ, құрыдым» деп айқайлай бастады. Мен «Лә илаһа иллаллаһ» дедім. Ол «Бұдан былай пайдасы жоқ. Менің қауымым хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар туралы жаман сөздер айтатын. Мен де олар туралы жаман сөз айтып балағаттайтынмын. Енді құрыдым. Маған тозақтағы орнымды көрсетті. Адамдарды қорқытуым үшін маған рухым қайтарылды» деді. Мен дереу сыртқа шығып, бұл жағдайды достарыма айтып бердім».

• Имам Қайрауани (рахметуллаһи алейһ) «Бостан» кітабында былай жазған: «Сәләфтан бір кісі былай айтып берді: Менің бір көршім бар еді. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық және хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһума) туралы жаман сөздер айтатын. Бір түні шектен шықты. Мен шыдай алмай онымен дауластым. Ренжіп, мұңайып үйге келдім. Құптан намазынан кейін ұйықтадым. Түсімде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. «Йа, Расулаллаһ! Пәленше сіздің сахабаларыңызға жаман сөздер айтты» дедім. «Кімге жаман сөздер айтты?» деп сұрады. Мен «Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарға (радиаллаһу анһума)» дедім. «Мына пышақты ал да, барып оны өлтір» деп бұйырды. Пышақты алып, әлгі адамды бауыздадым. Қолыма қан тигендей болды, қолымды жерге сүрттім. Сол кезде оянып кеттім. Әлгі адамның үйінен айқайлаған дауыстар естілді. Не болғанын сұрап едім, «Пәленше бұл түні кенеттен өліп қалыпты» деді. Таңертең үйіне бардым. Ол адамның мойнында пышақ ізі бар еді».

• Шәйх Әкбар Мухиддин Араби (қуддиса сиррух) «Футухат-и Меккия» кітабында былай жазған: «Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарынан бір топ бар, оларды «Ражаби» деп атайды. Олар қырық адам. Саны артпайды да, кемімейді де. Ражаб айында еш әрекет етпейді. Түрегеп тұра алмағанындай, отыра алмайды да. Аяқ-қолдарын, тіпті көздерін қимылдататын шамалары жоқ. Ражаб айының алғашқы күндерінде осындай күйде болады. Күн өткен сайын бұл жағдайлары жеңілдейді. Шабан айы келгенде бұл күйлері кетеді. Кейде олардың бір бөлігінде осы кәшф хәлдері қалып, бір жылға жалғасады. Ражабилердің бірін көрдім. Онда рафизилердің жағдайын кәшф етіп көру хәлі сақталған екен. Танымайтын бір рафизиді шошқа күйінде көріп, «Сен рафизисің, тәубеге кел» дейтін. Рафизи тәубе етсе, оны адам кейіпінде көріп, «Сен шынымен де тәубеңе келіпсің» дейтін. Егер ол адамды тағы шошқа кейіпінде көрсе, «Өтірік айтасың, сен тәубе етпедің» дейтін. Бір күні шафи мазһабын ұстанатын және жақсы адам ретінде танылған екі адам алдына келді. Сөйтсе, ол екеуі сырттай жақсы адам болып көрінгенімен, рафизи екен. Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Осман туралы қате және жаман ойлары бар екен. Ол кісі алдына келген осы екеуін сыртқа шығарып жіберді. Себебін сұрағанда: «Мен сендерді шошқа кейіпінде көріп тұрмын» деді. Ол екеуі сол мезетте шын жүректен тәубе етті. Сонда әлгі кісі «Қазір тәубе еттіңдер. Өйткені қазір сендерді адам кейіпінде көріп тұрмын» деді. Ол екеуі бұған қатты таңқалып, қате сенімдерінен толықтай бастартты».