8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Біреудің мақтағаны нәпіс пен шайтанды қуантады

Біреудің мақтағаны нәпіс пен шайтанды қуантады

Көбіміз мақталғанды жақсы көреміз. Біреудің ұнатуы, мақтауы, дәріптеуі нәпістің ең жақсы көретін нәрсесі. Осы жолмен адамдар біздің барлық қалауымызды ынтамен орындайды, бізге қызмет етеді деп ойлаймыз. Адамдар бұл мәселеде төртке бөлінеді:

Біріншісі: Мақталғанды жақсы көреді, жамандағанда ренжиді. Мұны айқын көрсетеді. Мақтағанға алғыс айтып, оған жақсы қарайды. Жамандағанды жақтырмайтынын не іс-әрекетімен, не сөздерімен білдіреді. Адамдардың көбісі осы топта.

Екінші топ: Мақталғанды жақсы көреді, жамандағанда ренжиді, бірақ мұны білдірмеуге тырысады, жасырын қалғанын қалап, бұдан ұялады. Сырттай көрсетпесе де, мақтаған адамына дұға етеді, ал жамандағанды қарғамаса да оған дұға етпейді. Адам «Жасаған ісімді, айтқан сөздерімді жұрттар мақұлдай ма екен?» деп уайымдайды, мақтау алған кезде уайымы кетіп, бұл оған жағымды келеді.

Бұл жағдай адамға жағымды келсе де, оны қауіпті жағдайға түсіргенін өзі байқамайды. Бүкіл күш-жігерін адамдардың көңілін аулауға жұмсайды. Өзін өзгелерге жақсы көргізу, олардың дәріптегеніне қол жеткізу үшін өмірін рия жасаумен өткізеді. Сөзі мен іс-әрекеттерімен жұрттың алдында жақсы көріну үшін қолынан келгенше жағымпазданады.

Үшінші топ: Ол үшін мақтаған мен жамандаған тең. Адамдардың көзқарасына аса мән бермейді. Маңыздысы Раббымыздың алдында жақсы болу. Осыған қолжеткізуге тырысады.

Біреу қылмыспен айыпталса, соттың көзінде ол кісі кінәсіз болып, бірақ бүкіл қала халқы «Қылмысты осы адам істеді» деп айыптаса, не маңызы бар? Сот оны бәрібір айыпсыз деп тауып, босатып жібереді, емін-еркін үйіне қайтады. Енді терісін ойлап көрейік. Соттың алдында (зерттеулер мен тексерулердің нәтижесінде) айыпты екені дәлелденсе, бірақ бүкіл қала халқы «Жоқ, ол істемеді, оның істеуі мүмкін емес» десе, тағы да мұның маңызы жоқ. Сот айып тағып, кісендеп, қамауға алады. Бір соттың шешімі осыншалықты маңызды болса, онда бүкіл әлемді жоқтан бар қылған және қалаған сәтінде жоқ қылуға құдіреті жететін жаратушының шешімі қалайша маңызды болмайды?!

Төртінші топ: Мақталуды жақтырмайды, ал жамандалғанда қуанады. Өйткені, мақталу адамды тәкәппарлыққа жетелейді, екі үлкен дұшпаны нәпіс пен шайтанды қуантады. Ақылды адам дұшпандарын қуанта ма?

Нәпістерін тәрбиелеген, тәкәппарланып кетпейтін адамдарды мақтаудың зияны жоқ. Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) сахабаларын мақтаған көптеген хадис шәрифтері бар. Олар ең жоғары дәрежеде мақталған. Бірақ нәпістері Расулуллаһтың сұхбаттары арқылы сондай тәрбие алған, оларға мақтану, тәкәппарлану секілді ешқандай қауіп жоқ.